Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3557 0 пікір 5 Ақпан, 2014 сағат 06:57

Cерік Әбікенұлы: «Басылымдардың қазіргі «дәрменсіздігі» қолдан егілген дерт»

Серік Әбікенұлы, "Парасат" журналының бас редакторы:

- Серік Әбікенұлы, біз сізді өз ұлтыңыздың жанашыры ретінде жақсы білеміз. БАҚ -та жасаған еңбектеріңіз соның бір дәлелі. Сіздің ойыңызша, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау жолында телеарна мен журналдың қайсысы кең ауқымда жұмыс істей алады?

Серік Әбікенұлы, "Парасат" журналының бас редакторы:

- Серік Әбікенұлы, біз сізді өз ұлтыңыздың жанашыры ретінде жақсы білеміз. БАҚ -та жасаған еңбектеріңіз соның бір дәлелі. Сіздің ойыңызша, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау жолында телеарна мен журналдың қайсысы кең ауқымда жұмыс істей алады?

Расын айту керек қазірде электронды БАҚ-ң аршындап тұрған заманы. Сондықтан телеарнаның аудиториясы кең екеніне шүбә болмауы керек. Газет алмайтын үйлер баршылық, ал, теледидары жоқ үйді көз алдыңа елестете алмайсың... Десе де бұл «баспасөз дәрменсіз» деген сөз емес. Басылымдардың қазіргі «дәрменсіздігі» қолдан егілген  дерт.   Егер билік құлқты болса кез келген журнал я газет ұлт қалқаны бола алады. Мәселен, Кеңес заманы кезінде «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат» ) журналының таралымы 250-300 мыңға дейін жеткен. Әр отбасыда 2-3 адамнан бар деп есептеп жоғарыдағы санға көбейтсек миллионға жетіп жығыламыз. Бұл осы күннің өзінде  кей телеарналар жете алмай отырған жетістік.  «Мәдениет және тұрмыс» осысымен қазақтың салт-дәстүрін,  болмысын сақтап қалуға зор үлес қосты. Қазірде ондай басылымдардың керегі болмай тұр Үкіметке?! Шындаса қазақ тілді әр журналдың таралымын  «Егемен Қазақстан» газеті ұқсатып 200 мыңнан асырып жіберер еді...  Сондықтан «кең ауқымда жұмыс істеудің» тағдыры пиғылға байланып тұрғанын мойындамасқа лаж жоқ. 

- Егемен еліміздің құрылымы туралы соның ішінде, ұлттық мемлекетке қарай ойысу деген пікір әр кез айтылып жүр, сіздің көзқарасыңыз?

- Қазақстанда мемлекет құраушы бір-ақ ұлт бар: ол –қазақ. Өзгелері сол қазақтың мемлекетіне тағдыр айдауымен қосылған өзге ұлттардың өкілдері ғана.  Бұндай жағдайда «Ұлттық мемлекет құрамыз ба, жоқ па?» деген сұрақтың туындауы – абсурд.  Оның үстіне қазақтың саны 70 пайыздан асқан қазіргі кезеңде моноұлтты мемлекет құруға кез келген халықаралық талап рұқсат береді. Егер шеттегі қандастарымызды елге оралту процессін үдетсек 90 пайызға жетуіміз де ғажап емес. Демек, «көпұлтты» дегенге кенеше жабысып отырған өзіміз.  Осыдан барып оралмандарға заңи тосқауыл қойылуының да астары  түсінікті болатындай.  Көпұлтты... көпвекторлы... толерантты...  Толерант сөзінің медициналық мағанасы: кірме затты   қабылдау үшін ағзаның біраз бөлігінің өлуі.  Яғни, көп айтылатын «қазақстандық ұлт» болу үшін қазақ болмысы өлуі керек. Осы идеяны ұрандатқандар Американы мысал етуден танбайды. «Жабайы батыстың»  тарихымен таныстар «американдық ұлт» пайда болуы үшін 100 миллионнан аса үндіс қырылғанын жақсы біледі. Өз бабасының жерінде мемлекет құрған қазаққа осындай сәтсіз мысалды үлгі еткендердің түпкі ойы не? Не ұтпақ?   Біреулер қаласын қаламасын Қазақстан түбі ұлттық мемлекет болады.  Саяси сасық ниет табиғи өсімнің аяғына тұсау бола алмайды.  

- Ұлтаралық қатынас біздің елімізде жақсы жолға қойылған. Көрші мемлекеттердегі ұлттық идеологияға қарағанда, біздегі "жақсы" қандай жақсы?

- Біздегі «жетістікке» тек қазақтың есебінен  қол жетіп жатыр ғой.  Тілің-үшеу, дінің-мың. Бұндай жағдайда ділден де адасатының анық. Ал ділінен адасқан ұлт-тамырсыз.  Мәселен өзіміз қолтығына сүңгіп бара жатқан Ресейді алайық. Олар да біз секілді «зайырлы-құқықтық» жолды таңдады. Бірақ өз дінін өгейсіткен жоқ: елтаңбаларында проваслав айқышы менмұндалап тұр, мектептерде 1-сыныптан бастап «Провославие негіздерін» оқытады, т.б.  Іргеміздегі Өзбекстан  өзге ұлттардың барлығын өзбекше сайратып қойды. Шала бүлініп, ер-тоқымын бауырына алып тулаған ешкімді байқамадық. Түркіменстан да солай. Тіпті, түбі бір қазақтың бет-жүзіне қарамай қазақ мектептерін жауып тастады.  Коммунистік Қытайдағы ахуалды мен айтпасам да білерсіңдер... Айналаңда «өзің үшін өзек жұлу» саясаты жүріп жатқанда ортада жайбарақат отырған Қазақ елі ғана.    Тіліміз «көпұлттының» көлеңкесінде қалғанына 22 жыл. Осыдан 22 жыл бұрын туған адам тілі шықпақ түгілі ұрпақ сүйіп үлгерді. Ал біз әлі мақаумыз. «Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» дейді, бірақ біздегі «жақсының»  қазаққа айтарлықтай  жақсылығы  болмай тұр.         

- БАҚ-тың тілдік айырмашылығы қалай? Мысалы, қазақ тілді журналистердің орташа жалақысы 100 мыңға әрең жетсе, орыс тілді журналистер бұдан 2-3 есе көп алады екен, себеп неде?

БАҚ-ы байғұс елден бақ таяды. Біздің «ағалар» өкінішке орай осыны түсене алмайды. Мәселен ауыл халқы тұтас ақпараттық блокадада. Олар Украинада  алай-түлей болып жатқанын білетініне шүбәм бар. Там-тұмдап жеткен ақпараттың өзі Ресейлік көзқарасқа бұрмаланған. Оның үстіне нарықты орыс тілді газет-журналдар басып алған, кабелдік желіні қоссаң да Ресейлік телеарналар. Осындай жағдайда отырып Қазақ Үкіметі «Дала мен қала», «Алаш айнасы» секілді біраз басылымды жауап тастамақ?! Демек қазақы ой-сананы өрбітіп отырған басылымдар саны кеміп, идеологиялық экспансия үдей түседі.  Жуырда  Ақпарат министрлігі «Электронды ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің үлес-салмағын тексереміз» деп аттан салды. Себебі кей телеарналардағы қазақша үлес 27 пайызға жетпейді екен.  Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болып қалған ел үшін бұдан өткен масқара болмас.  Орыс тіліне үстемдік берудің «жарнама көп түседі» деген желеуі бар. Егер жоғарыдан «Жарнама міндетті түрде қазақша берілсін» деген бір ауыз пәрмен болса жағдай күрт өзгеріп, желеу іздегендердің көмейіне құм құйылар еді.     

- Ал енді жалақы мәселесіне келсек. Игорь Мельцердің кезінде «Время» басылымы тілшілері алатын жалақы қазақ басылымдарындағы журналистер үшін қиял-ғажайып ертегі секілді көрінетін. Басты мәселе басылымның тасасында тұрған әлеуетті адамдардың өзара ақпараттық майданды ресми тілде жүргізетінінде еді. Сондықтан ол газетке көп ақша құйылды. «Караван» да солай. Тіпті, телеарналарда да орыс бөлімі тілшілері қазақ тілді әріптестерінен көп айлық алатын. Газеттердегі жағдайды жақсы білмеймін бірақ редакциясы қосарланған телеарналарда бұл қарама-қайшылық жойылды десе болар. Ендігі мәселе телеарналардағы ресейлік «данышпан-менеджерлерге» тіреліп тұрса керек. Өткенде қазақы исі аңқып тұр деген бір арнадағы Палей дегеннің 6 млн. теңгедей айлық алатыны  жарияланды.  Тіпті, Соловьев пен Познерді әкелсең де беруге болмайтын мол   ақшаны аты-жөні, істеген жұмысы  белгісіз біреуге қалай қиды телеарна басшылығы? Өткенде ғана қазақ жаңалықтарына қысым көрсетіп, шу шығарған «Еуразиядағы» ресейлік менеджерлердің де біздің елде тиын-тебен үшін жүрмегені белгілі. Сонда оларға жергілікті ұлтты қорлағаны үшін қыруар ақы төлеп отырмыз ба? «Өзгенің қаңсығы қазақтың таңсығы» болып тұр.   Танамыл тележурналист Иманбай Жұбаев сол Палей деген пәледен артық білмесе кем білмейді телевизия саласын.  Демек түп себеп: өзіңдікі-қор, өзгенікі-зор. Осы шалақай ұстанымнан басқа себеп байқап тұрған жоқпын.        

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің

 2 курс студенті - Жансая Сержанқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572