Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 2583 19 пікір 15 Тамыз, 2024 сағат 21:35

Ресей-Украина соғысы: Курскі операциясының үш мақсаты

Коллаж: Abai.kz

Путин мен Зеленскийдің стратегиялары туралы...

Украинаның Курскідегі әскери операциялары туралы бірнеше актуалды ақпаратты талқыға сала отырайын...

ГЕНЕРАЛ СЫРСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Әуелі Украинаның әскербасы Сырский президент Зеленскийге былай деп баяндады:

"Курскі облысындағы аумағы 1150 шаршы шақырым болатын 82 елдімекен Украина бақылауына өтті. Украина Курскідегі бағындырған аумақтарда әскери командатура құрды. Оны генерал Москалев басқарады", - деді.

СЫРСКИЙ КІМ?

Әуелі осы генерал Сырский туралы екі ауыз сөз: Алпысына аяқ басқан Сырский биыл ақпанда, генерал Залужныйдың орнына Украина әскерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалған.

Ресей басқыншылығы кезінде Киев қорғанысына осы Сырский жауапты болды. Кейін Харьков облысын азат ету операциясын басқарып, жауды әжептәуір тықсырды. Харьковті азат етті. 2022-2023 жылдары Бахмут қорғанысын да осы Сырский тізгіндеген еді.

Әрине, Сырскийдің мойнында күллі майдан шебінің жауапкершілігі жатыр. Соның ішінде Курскі операциясының мақтауы да осы Сырский мен оның командасына тиесілі.

КУРСКІ ШАЙҚАСЫ УКРАИНАҒА НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Курскі операциясы - Украина үшін бірнеше мақсатты біріктіретін стратегиялық операция екені түсінікті. Ол қандай мақсаттар:

Бірінші - бұл Украинаның болашақтағы болжалды келіссөздерге өз позициясын нығайтуы. Яғни, "кез келген соғыс келіссөз үстелінде аяқталады" деген принципті ұстанар болсақ, Украина "жерге - жер, адамға - адам" деген позицияны даярлауда. Жаулап алынған территорияның да ауқымы аз емес...

Екінші - Ресейді Украина жеріндегі әскерін шығаруға мәжбүрлеу. Украина бұл мақсатқа ішінара қол жеткізді десек дұрыс шығар. Себебі, Ресей армиясында адам жетіспеушілігі байқалады. Ресей әскери басшылығы қыркүйекке қарай жаңа мобилизация жариялайтынын БАҚ жазуда. Оның үстіне, Курскіні қорғау үшін оккупацияланған Запорож бен Херсоннан әскердің бірнеше бөлімін аттандыру туралы шешім қабылданған. Курскіні қорғауға Мурманскіден де әскери бөлімше тартылғаны белгілі болып отыр. Ал қазір Курскіні әскери борышын өтеп жатқан жас сарбаздар да қорғауда. Олардың топырлап тұтқынға түсіп жатқандары да аз емес. Ұлдарын әскерге жіберген ата-аналар ұлардай шулап жатыр.

Үшінші - рух. 2,5 жылдан аса, 3 жылға таяу үздіксіз соғысып, Отанын жаудан қорғап жатқан украин халқының жауынгерлік рухын саптау. Рас, кез келген соғыс мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, ондағы халықты да қажытады. Олардың жігерін көтеріп, рухын қамшылау үшін осындай операциялар керек. Украин халқы өз әскерінің майдан даласындағы жетістіктерін көруі керек. Басқыншы әскерін Киевтен шегіндіргенде де, Харьковтен қуалағанда да украин халқы жігерленді. "Әлемнің екінші әскері" деп әспеттелетін әскермен қорықпай соғысуға, соғысып жетістікке жетуге болатынын көрген. Енді Курскі операциясы, онда алынған терриориялар Украина жұртын қамшылайтыны айдан анық!

"Медалдің екінші беті" дегендей, бұл операцияның жау халқына тигізетін кері эффектісі бар. Украинаның мақсаты да сол: Ресей халқының жігерін құм қылу. 2,5 жыл бойы көршілер көріп келе жатқан аяусыз соғыстың дәмін татыру. Үй-жай, мал-мүліктен, ең бастысы жер мен адамнан айырылудың қандай екенін көрсету. Әрине, оны көрген Ресей халқы: "Құдай берген Путиннің құсуы да, тышуы да дұрыс", - деген ұран сөздерін: "Путин помоги, не бросай нас!", - деген ойбайлы айқайға ауыстыруда. Әлгі, шекаралық аймақтардан көшіріліп жатқан 180 мың халық, Кремльдегі басшы-қосшыларға риза болып бара жатыр деймісіз? Әрине, жоқ! Ақырып, ашық айтпаса да, іштей қарғап-сілеп кетіп барады. Бұл іштей қарғап-сілеу ертең-ақ, сыртқа айтылатын болады. Себебі, Путин билігі жарылқап берген 10 мың рубль қай жыртықтарына жамау болады?

Өзге түгілі өз ата-аналарын өз босағаларына сыйдырмай, тағдыр тәлкегіне салып кете беретін орыс менталитеті босқындарға пана бола ма? Тағы жоқ! Ал босқындар лагерлерінде қанша уақыт тұрақтауы мүмкін? Ертең-ақ, "Путин біздің үйімізді қайтар!" деген айқайлар естіле бастайды. Ел бюджетін әскери салаға негіздеген Кремль билігінен сұрау көбейеді. "Біз аш-жалаңаш жүріп асыраған әскердің сиқы осы ма", деген Ресей халқының көңіл-тоймаушылығы күшейеді.

Путин дейтін стратег армияны 14 жыл үздіксіз басқарған Шойгуды алып, орнына әскер көрмеген есепшіні "әскербасы" етіп тағайындауы, оның келе-сала Ресей армиясында тазарту жүргізе бастауы Путиннің екі-үш қадам бұрын ойлағаны болса керек. Шойгудың өзі мен Герасимовты түртпегенімен, Шойгу командасының 5-6, бәлкім оншақты генералын "жемқорлық" бабымен қамау - Путиннің ертеңгі ақталуға жасап қойған қадамы болмаса, кәне? Әйтпесе, Ресей армиясындағы пілдің көлеңкесіндей болған жемқорлықты КГБ қызметкері Путин 14 жыл бойы естімеді, көрмеді дейсіз бе? Жә, бұл басқа сөз...

Украина әскері Суджаны алғаны туралы кешегі жазбамызда жаздық. Курскі АЭС-ін бетке алатыны туралы да сөз еттік. Суретте, сол бағыттар көрсетілген. Украина діттеген мақсатына, яғни, Курскі АЭС-іне жете ала ма, жоқ па, тіпті осы жаулап алынған аумақтардан шегіне ме, ол жағын ешкім кесіп айта алмайды. Бірақ, қазіргі сәттегі көрсеткен эффектісі ауыз толтырып айтуға жарап тұр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052