Сейсенбі, 25 Қараша 2025
Мәдениет 126 0 пікір 25 Қараша, 2025 сағат 14:39

Ұлттық өнер ордасы Мәскеуде

Сурет: Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан алынды.

Заманауи театр кеңістігі мәдениеттер тоғысында жаңа формалар мен әдістерді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Ресейдің Театр өнері институты - ГИТИС ұйымдастыратын «ГИТИС - мастер-класс» халықаралық театр фестивалі кәсіби тәжірибе алмасудың маңызды зертханасына айналғаны байқалады.

2018 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль COVID-19 локдауны кезінде де жұмысын тоқтатпаған ерекше жоба. Оның басты мақсаты ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, жас актерлер мен режиссерлерді кәсіби ортада шыңдау, сондай-ақ театр педагогикасындағы жаңа әдістермен таныстыру. Фестивальдің бастамасы ортақ педагогикалық дәстүрді сақтай отырып, жаңа әдіснамалық бағыттарды дамыту мақсатына негізделгенін байқаймыз.

ГИТИС - Ресейдегі ең көне әрі беделді жоғары оқу орны ретінде ондаған жылдар бойы посткеңестік елдер үшін кәсіби зертхана рөлін атқарып келеді. Бүгінде фестиваль жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін ашатын, олардың қозғалысына кәсіби импульс беретін маңызды платформа десек қателеспейміз.

2025 жылы өткен VIII ГИТИС - мастер-класс халықаралық театр фестиваліне ТМД-ның тоғыз өнер ордасы қатысты. Атап айтар болсақ: Армения - Ереван мемлекеттік театр және кино институты; Беларусь - Беларусь мемлекеттік өнер академиясы; Қазақстан - Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті; Қазақстан - Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы; Қазақстан - Жүсіпбек Елебеков атындағы Қазақ республикалық эстрада-цирк колледжі; Қырғызстан - Бүбүсара Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университеті; Қырғызстан - Тоқтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры жанындағы театр училищесі; Өзбекстан - Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институты; Тәжікстан - Мирзо Турсунзаде атындағы Тәжік мемлекеттік мәдениет және өнер институты.

Әр ел өздерінің ұлттық театр дәстүрін бейнелейтін спектакльдер әкелді. Бұл мәдени әртүрлілікті ғана емес, сонымен қатар театр өнерінің ортақ тарихи тамырын көрсетті. Фестиваль сахнасында шығыстық поэтикадан бастап әлемдік драматургия, заманауи, ұлттық эпикалық қойылымдарға дейінгі кең ауқымды бағыттар көрсетілді. Мұндағы мақсат түрлі мектептердің эстетикалық көзқарасын салыстыру ғана емес, сонымен қатар олардың арасында мәдени диалог орнату.

Қазақстаннан фестивальге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театры және кино әртісі» мамандығының екінші курс студенттері қатысты. Олар академияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Ерлан Әбділдаұлы Біләлдің шеберханасында дайындалды. Бұл фестиваль Қазақстандық театр мектептері үшін халықаралық деңгейде кәсіби бәсекеге қабілеттілігімізді бағамдауға, ұлттық мектебіміздің ерекшелігін танытуға және режиссерлік ізденістің жаңа бағыттарын көрсетуге жол ашты.

Фестиваль ГИТИС-тің оқу театрында салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ресми өкілдер, мәдениет қызметкерлері, театр педагогтары мен студенттер қатысты. Ашылу сөзінде ұйымдастырушылар фестивальдің басты мақсатын театр арқылы халықтарды жақындастыру, жас өнер иелерін ортақ алаңда табыстыру, бір-бірінен үйренуге мүмкіндік беру екенін атап өтті. ГИТИС ректоры Григорий Заславский құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді. Ол өз сөзінде Орталық Азия елдерімен байланысын үзбей келе жатқанын атап өтті: «Прежде всего, мне приятно, что я не расстаюсь со странами Центральной Азии. Я только что был в Казахстане, в городе Уральске, и буквально несколько дней назад вернулся из Ташкента, где участвовал в фестивале «Сердца четырёх» Поэтому встреча здесь, в Москве, с коллегами из Узбекистана создаёт ощущение, будто я и не уезжал из Ташкента. Очень рад этой возможности. Мы благодарим всех студентов, многие из которых, возможно, впервые увидят Москву. Для нас большая честь принимать здесь наших друзей из стран Содружества. Добро пожаловать!».

Ресми ашылудан кейін фестиваль бағдарламасынан тыс қойылыммен жалғасты. Анна Ардова шеберханасының студенттері көрермендерге А. С. Пушкиннің атақты «Барышня-крестьянка» повесі бойынша сахналанған спектакльді ұсынды. Жас актерлердің орындауындағы бұл қойылым фестивальдің алғашқы күніндегі ерекше мәдени акцент болды.

Фестиваль сапары барысында Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, өнертану ғылымдарының магистрі Сарыбай Мадияр Ерғалиұлы делегацияның ресми жетекшісі ретінде маңызды миссия атқарды. Мадияр Ерғалиұлы академия атынан театрлық білім берудің заманауи талаптарына сай кәсіби диалог жүргізіп, актерлік өнер және режиссура факультетінің оқу-әдістемелік жұмыстарының қыр-сырын зерделеді. ГИТИС педагогтарымен және ұйымдастырушыларымен арнайы кездесулер өткізіп, оқу бағдарламаларын салыстыру, педагогикалық әдістерді талқылау, бірлескен жобаларды дамыту бағытында мазмұнды кәсіби пікір алмасу жүргізді. Григорий Заславский Қазақстандық делегацияға ерекше ықылас танытып, мәдени және білім беру байланыстарының тереңдеп келе жатқанын атап өтті. Ол өзінің сөзінде Қазақстанға деген жылы қарым-қатынасын білдіре отырып, бұл тәжірибені кеңейту жөнінде маңызды ұсыныс жасады. Григорий Заславскийдің пікірінше, «ГИТИС-мастер-класс» фестивалі жас актерлерді шыңдаудың, театр педагогикасын дамыту мен тәжірибе алмасудың ең сәтті форматтарының бірі болып отыр. Осы орайда ол алдағы уақытта дәл осы фестиваль үлгісін Қазақстанда да ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті. Ректордың айтуынша, Қазақстанның шығармашылық әлеуеті, ұлттық театр өнерінің тарихы және кәсіби мектептердің сапасы мұндай халықаралық жобаны қабылдауға толықтай лайық. Заславскийдің бұл ұсынысы Қазақстан мен Ресей арасындағы театр өнері саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуінің айғағы. Сонымен қатар, бұл бастама қазақстандық жас актерлерге әлемдік театр кеңістігіне енуге, халықаралық педагогтармен тұрақты байланыс орнатуға, заманауи әдістемелерді өз елінде меңгеруге үлкен мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Фестиваль бағдарламасы екі бағытқа бөлінді: экскурсиялық және практикалық. Бұл құрылым студенттерге орыс театрының бай тарихын терең сезінуге, сондай-ақ театр өнерінің кәсіби әдістерін тәжірибеде меңгеруге ерекше мүмкіндік берді. Экскурсиялық бағыт бойынша Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері МХАТ мұражайына және К. С. Станиславскийдің өзі тұрған үй-мұражайына барды. МХАТ мұражайында олар театрдың қалыптасу және даму жолын көзбе-көз тамашалап, түрлі тарихи кезеңдерге жататын түпнұсқа афишаларды, костюмдерді, сирек кездесетін фотоматериалдарды және сахналық реквизиттерді көрді. Айрықша әсер қалдырған жәдігерлердің бірі - Константин Станиславский аса дәлдікпен, ұқыптылықпен жасаған сахналық макеттері. Бұл макеттер студенттерге ұлы режиссердің театр кеңістігін қалай ойлап, қалай құрастырғанын жақыннан сезінуге ықпал етті.

Станиславскийдің мұражайындағы экскурсия студенттерді тұлғаның шығармашылық әлеміне одан әрі терең жетеледі. Леонтьевский қиылысындағы №6 үйде Константин Сергеевич Станиславский 1921 жылдан 1938 жылға дейін дәл осы ғимаратта өмір сүрді. Мұражай экспозициясында ұлы режиссердің өмірі мен шығармашылығына арналған оның репетициялар өткізген бөлмелері, танымал қойылымдардың сахналық макеттері, күнделіктері мен жеке заттары сақталған. Студенттер бұл жерден Станиславскийдің шығармашылық процесін, театр кеңістігін ұйымдастыру әдістерін, сондай-ақ оның театр саласындағы еңбек жолын тікелей көзбен көрді.

Фестивальдің ең маңызды бөлігі - халықаралық деңгейдегі педагогтар өткізген интенсивті мастер-класстар болды. «Актерлік шеберлік» факультеттінің оқытушысы Марина Орёл арнайы сабақ жүргізіп, студенттерді сахналық сенімділікті дамытуға үйретті. «Для меня фестиваль «ГИТИС - мастер-класс»  это прежде всего удовольствие от горящих глаз ребят, от их энергетики. Слияние ярких темпераментов в один хор во время коллективных тренингов всегда дарит положительные эмоции. К концу занятия участники превратились в мощный, единый сгусток энергии. Думаю, они не будут прежними после этого фестиваля студенты начали больше доверять друг другу это очень важно», - деді Марина Орёл.

Сахналық қозғалысқа арналған мастер-классты ГИТИС-тің  «Сахна пластикасы» кафедрасының аға оқытушысы Руслан Насибулин жүргізіп, әр түрлі топтармен жұмыс ерекшеліктерін атап өтті: «Были разные группы. Хочется отметить, что в каждой школе видны свои особенности. Это не плохо и не хорошо, они просто есть и проявляются в теле. Это и ментальные, и физические нюансы, с которыми мне как педагогу интересно работать. С одними группами мы успели больше позаниматься пластическим тренингом, с другими - сделали упор на упражнения для координации. Это связано с тем, что часть групп уже знакома со школой ГИТИСа, а часть - нет, поэтому с ними приходится всё начинать с азов простые упражнения на координацию, распределение в пространстве, работу с партнёром. В целом ребята все очень отзывчивые, интересные, быстро схватывают информацию».

Сонымен қатар, «Актерлік шеберлік» факультетінің профессоры, өнертану кандидаты Ирина Анатольевна Автушенко топтық және жеке сабақтар жүргізді. Тренинг дауысты еркін шығаруға және дамытуға бағытталды.

Мастер-класстар студенттерге кәсіби өсу мен шығармашылық еркіндікке жетуге, сахналық сенімділікті қалыптастыруға және халықаралық тәжірибе алмасуға ерекше жағдай жасады. Осындай сабақтар әр жас әртіске өз қабілетін толық ашуға, сахналық әрекетті терең түсінуге және театр мәдениетін жан-жақты сезінуге мүмкіндік береді. Бұл сабақтар бірнеше бағытты қамтып, жас әртістердің кәсіби шеберлігін жүйелі түрде дамытуға бағытталған актерлік шеберлік сабақтарында студенттер рөлдің психологиялық және эмоционалды құрылымын зерттеді, дауыс пен сөз техникасы бойынша артикуляция мен интонацияны жетілдірді, сахналық қозғалыс және психофизикалық тренинг арқылы дене тілінің пластикасы мен сахналық сенімділік қалыптастырылды. Сонымен қатар, сахналық әрекетті талдау сабақтары көркемдік жағдайларды оқып-үйренуге, рөлдік қарым-қатынасты терең түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай мастер-класстар әр студент үшін тек тәжірибелік машықты дамытуға ғана емес, сонымен қатар театр мәдениетін жан-жақты сезіну, халықаралық тәжірибе алмасу және кәсіби диалогқа ену мүмкіндігін беретін ерекше білім алаңы болды. Бұл сабақтардың айрықша мәні әр елдің педагогикалық тәжірибесінің тоғысуында. Студенттер үшін мұндай шеберлік сабақтары кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жаңа әдіснамаларды меңгеруге жағдай жасайды, актерлік құралдарын дамытады, сахналық сенімділікті арттырады және шығыс пен батыс мектептерінің айырмашылығын іс жүзінде сезінуге үлкен мүмкіндік береді. Педагогтар студенттерге тек техникалық дайындықты үйретіп қана қоймай, ең алдымен ойлау мәдениетін, психологиялық тереңдікті және сахналық әрекеттің логикасын түсіндірді. Мастер-класқа қатысқан студенттер мұндай тәжірибенің олардың кәсіби өсуіне айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Бұл процесс актердің өзін тануы, ішкі еркіндігін ашуы және шығармашылық жауапкершілігін сезінуі үшін аса маңызды әрі қажетті кезең болып табылады.

Мастер-класс жөнінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті Алдияр Жүзбайұлы өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша: «Маған әсіресе сахна қозғалысы қатты ұнады. Онда өмірімізде көрмеген, ойламаған жаттығулар жасадық. Актердің физикасы сахнадағы ең маңызды заттардың бірі, ал қол актердің екінші көзі деп түсіндірілді. Жаттығулар партнермен қарым-қатынасқа арналған, себебі сахнада бір-біріңді сезе білу өте маңызды. Актерлік шеберліктен ұнағаны бізді мейлінше еркіндікке үйретті. Денеміздегі «зажимді» қалай алу жолдары кеңінен айтылды. Сахнада өзімізді жеңіл сезінуімізге және ешкімнен ұялмауға көп жұмыс жасалды», - деді.

Сонымен қатар, осы мастер-класқа қатысқан студент Арайлым Исабек те өз пікірін білдірді: «Мы создаем образы, создаем новые истории, но мы забываем, что без маленьких деталей мы не сможем сами верить, а в последствии в нас не поверят и наши зрители. Как мы можем это исправить? У нас есть несколько тренингов от мастера из России Маруси Орел, которая является действующей актрисой театра и кино. Ее тренинги помогли актерам раскрыться, убрать все зажимы, фантазировать и оказали чудесные результаты, такие как коммуникация между разными странами и культурами без знания языка»

Қазақстандық Өнер академиясының жас сахнагерлері бұл халықаралық театр фестиваліне қазақ даласының рухын, ұлттың жан айқайын, ғасырлар бойы жиналған мәдениеттің терең үнін ала келді. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жай ғана жыр емес, ол әр буынның жүрегіне із қалдырған, уақыт сынынан өткен рухани феномен. Оның интеллектуалды қуаты мен ұлттық нақышы - қазақ болмысының айнасы. Бұл жыр туралы орыс әдебиетінің ұлы классиктерінің бірі, ақын Александр Пушкиннің де ерекше ықылас білдіргені тарихтан мәлім. Еуропалық астанадан аттанып, Еділ-Жайық бойын толқытқан Емельян Пугачев көтерілісі туралы материал жинау мақсатында жолға шыққан сапарында Пушкин қазақ даласының кеңдігі мен рухани болмысына арнайы тоқталып өткен. Сол сапардың бір тұсында ол «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырымен танысып, оның мазмұндық тереңдігіне, көркемдік қуатына таңдана сүйсінген. Асыл эпосты ақын өз күнделігінде «шынайы махаббаттың символы» деп бағалап, қазақтың ғашықтық әлемін ерекше тәнтілікпен атап өткені тегін емес. Қазақ даласының поэтикалық ойлау жүйесінен бастау алған бұл асыл мұра тек бір халықтың ғана емес, түбі бір түркінің ортақ рухани қазынасы. Махаббаттың тазалығы, адамның ішкі еркіндігі, қоғамдағы әділетсіздікпен күрес мұның бәрі бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған мәңгілік тақырыптар. «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» жырының композициясы, кейіпкерлер драматургиясы, көркемдік құрылымы жалпы адамзаттық психологияның терең қатпарларын ашып беретін жауһарымыз.

Олар ұлттық поэманың жүрек лүпілін, ғашықтықтың, адалдықтың асқақ үнін көрерменге жеткізе білді. Әсіресе, ұлттық мәтінмен жұмыс істеудегі жауапкершілігі, баяғы жыраулардан жеткен үлкен аманатқа деген құрметі ерекше байқалды. Айтпасқа болмайды «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын қою екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл туындының кілтін табу, тарихпен тілдесу, оның құлыбын ашу режиссерлік көрегендік, актерлік жүрек, шынайы сүйіспеншілік талап ететін дүние. Ал мұндай ауыр жүкті қаршадай екінші курс студенттерінің кәсіби деңгейде көтеруі шын мәніндегі үлкен еңбек, қайсарлық деп білеміз. Бүгінгі сөз осы еңбектің нәтижесі, Ерлан Біләл шеберханасы дайындаған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі туралы болмақ.

Залға кірген сәттен көрерменді ең алдымен актер емес, декорацияның өзі қарсы алады. Сахнадағы алғашқы бейне көзге бірден оғаш та, жұмбақ та әсер қалдыратын тағдыр картасына ұқсас кеңістік. Екі жаққа қақ айырылған мата, ортасындағы ойық, жылқы үйірін, аңшылықтың көне суреттерін еске салатын шартты бейнелері көрерменді бірден басқа ғасырдың өрісіне енгізеді. Бұл декорацияны көргенде алғашқы сәтте-ақ қазақ эпосының негізгі драмасы табиғат, тағдыр және адамның еркіндігі арасындағы мәңгілік тартыс бірден байқалады. Суреттері көбінесе аңдар мен адамдарды табиғаттың бір бөлігі ретінде бейнелейді. Бұл спектакльде де адамдардың аңға ұқсауы яғни олардың,  тағдырдың алдындағы, тіршілік үшін күресін бейнелейді. Аңшылықтың метафорасы, екіге жарылған әлем, біріге алмай қалған кеңістік болашақ трагедияның үнсіз хабаршысы іспетті. Аң қашқанымен, оның соңы көбіне өлімге әкеледі. Дәл сол сияқты, біз де спектакльге кірген сәттен Қозы мен Баянның тағдыры қайғымен аяқталатынын білеміз. Сахналық кеңістіктегі аңшылық эстетикасы тағдырдан қашып құтылу мүмкін емес екенінің көркем ишарасы. Бұл эпостағы ғашықтар табиғаттың жазылмаған заңына бағынған аңдар секілді, ал олардың махаббатын күйретуге ұмтылған күштер Қодар мен Жантық аңшының рөлінде көрінеді. Аң аулау сюжетінде үнемі қуғын мен қашу, жауыздық пен құрбандық, өмір мен өлімнің үздіксіз қозғалысы. Актерлердің қозғалысы да осы заңдылықтарға тікелей бағынады.  Ал екіге бөлінген мата екі жастың мәңгі біріге алмауының метафоралық көрінісі. Ортасындағы ойық қазақтың шаңырағы, немесе екі ғашықтың мазары тәрізді шешім сахнаның философиялық өзегін толықтырып отырғандай.

Спектакль Қарабайдың түсінен басталады. Сахнада оның мыңғырған үйір жылқысы мен байлығынан айырылуға шақ қалған сәті көрерменге пластикалық шешім арқылы жеткізіледі. Көпшілік сахнамен би, дене пластикасы арқылы Қарабайдың ішкі күйі мен сезімі көрініс табады. Режиссер Қарабайдың дүниеқоңыздық сипатын тас арқылы бейнелейді қоржындағы тастар байлықтың символы, бірақ олар құнсыз, өткінші зат екенін меңзейді. Бұл ұтымды шешім арқылы билік пен байлық уақытша, мәңгілік ешкімдікі болмайды, адамның шынайы құндылықтары ғана өмір бойы қалатынын сахналық тілмен шебер жеткізе білді.

Қозы мен Баянның қимылдары мен пластикасы сахнадағы декорацияның метафоралық элементтерімен тікелей үндеседі. Әбужәкіл Адият бейнелеген Қозы адалдық пен батылдықтың символы, рухани тазалыққа құрылған кейіпкер. Оның басты күші шынайы сезімі мен сертке беріктігі. Қозының Баянға деген махаббаты жер мен көкті жалғағандай әсер беруі тиіс, және бұл эмоцияны Әбужәкіл Адият нәзік, баяу, кідірмелі қимылдар арқылы жеткізе білді. Актердің бұл тәсілі кейіпкердің ішкі сезімін, адалдығы мен аңғалдығын көрерменге терең әрі сенімді түрде жеткізуге мүмкіндік береді деп айта аламыз. Мұндай актерлік ізденіс спектакльдің басты жетістіктерінің бірі. Дегенмен, кейде Қозының қозғалыстарының баяулығы сахна темпімен толық үндеспей, көрермен назарын сәл сейілтіп жіберіп отырды. Кейбір сәттерде эмоцияны толық қабылдау үшін ішкі пауза мен пластикалық шешімдер бір-бірімен толық үндеспей жатты. Бұл спектакльдің жалпы әсеріне елеусіз болса да, кейіпкердің эмоциялық динамикасын, серіктесінің мінезін толығымен ашуға кедергі келтіретіні анық байқадық.

Мұсабек Эльзат сомдаған Баян қайсар, ішкі еркіндігі жоғары, сүйгенінен бас тартпайтын қазақ қызының жиынтық бейнесі. Актердің пластикалық шешімдері арқылы Баянның ішкі драмасы, махаббат пен тағдыр алдындағы күресі көрерменге нақты әрі әсерлі жеткізеді. Әрбір кідіріс, қимыл мен қозғалыс тек сыртқы эффект емес, кейіпкердің ішкі әлемінің көрінісі. Режиссер Баянның айтылмай қалған ойлары мен сезімін пластика арқылы көрсетуге ұмтылған. Баянның пластикалық қозғалыстары көркемдік мақсатқа толы болса да, эмоцияның қарқынын толық жеткізу үшін динамиканы арттыру қажет көрінеді. Бұл жас актердің тәжірибелік шектеулілігінен туындады деп білеміз. Дегенмен, оның сахналық бейнесінің күрделілігі мен шынайылығы жалпы әсерді әлсіретпейді, керісінше, кейіпкердің трагедиялық тереңдігін одан әрі айқындай түсті.

Қодарды Жүзбайұлы Алдияр күрделі, көпқырлы антагонист кейіпкер ретінде суреттеді . Ол тек қатыгездік пен қызғаныштың белгісі ғана емес, ішкі сезімге, махаббатқа ие болған адам ретінде көрінді. Жүзбайұлы Алдиярдың актерлік ойыны сахналық тілінің тазалығы мен пластикасының үйлесімі арқылы кейіпкердің психологиялық тереңдігін ашып білді. Оның сахнадағы қозғалысы тек сыртқы әрекет емес, Қодардың ішкі күйі мен эмоционалды шиеленісінің көрінісі ретінде сипат тауып жатты. Мысалы, сахнадағы қимылдарының бағыты, қол қимылдары мен қадамның жылдамдығы көрерменге оның қызғанышын, билік пен бақылауды қалай ұстайтынын нақты көрсете білді.  Осы арқылы актер спектакльдің драмалық шиеленісін тиімді басқарумен қатар, Қодардың адамдық күрделі табиғатын айқындады, оны «жауыз» деп қарастыруға мүлдем мүмкіндік қалдырмады.

Ибадулла Дидар сомдайтын Жантық жырдағы ең жағымсыз әрі маңызды кейіпкер. Ол сахнадағы трагедияның негізгі қозғаушысы, оқиғаның драмасын тереңдететін сатқын бейне болып табылады. Бір қарағанда Жантық қосалқы кейіпкер секілді көрінсе де, оның әр әрекеті Қозы мен Баянның тағдырын шешуші рөл атқарады. Шындығында, Қозының өлімі мен Баянның трагедиясына бірден-бір себепкер Қодар емес, Жантықтың арам ойлары. Ол екі батыр арасындағы ашық қақтығысты жасанды түрде ұйымдастырады, егер Жантық арандатпаса, Қодардың Баянға деген сезімі трагедияға ұласпауы да мүмкін еді. Сахнада Ибадулла Дидар Жантықты манипулятор ретінде бейнелейді, сөзі майда болса да, оның ішкі әрекеттері арамдыққа толы. Актердің әр қимылы, кідірісі, дене пластикасы көрерменге оның ішкі пиғылын нақты жеткізе білді. Жантық қазақ фольклорындағы іштен шыққан жаудың бейнесі, яғни сыртқы бейнесі тыныш, сөзі нәзік, бірақ ойы арам адам типі. Ол қоғамдағы өсекшілерді, екіжүзділерді, пайдасы үшін бәрін сатуға дайындарды бейнелейді. Дидардың актерлік шеберлігі Жантықты көрерменге манипулятор ретінде нақты жеткізе білуі спектакльдің үлкен жетістігі деп білеміз. Әр қозғалыс, әр мимика көрерменге оның астарлы ойларын сездіріп, сахнадағы трагедияның алдын ала белгіленген заңдылықтарын ашып отырды. Осының арқасында Жантықтың бейнесі халықтың «жамандық көбіне сырттан емес, іштен шығады» деген өмірлік тәжірибесінің әдеби көрінісін толық ашып көрсетті деп айта аламыз. Ибадулла Дидардың Жантық бейнесіндегі актерлік шеберлігі спектакльдің негізгі драмалық қозғаушы күшін, табиғатын толық ашып береді.

Актерлердің жеке-жеке ашылған бейнелерінен бөлек, спектакльдің ең үлкен табыстарының бірі оның ансамбльдік тұтастығы. Әр актердің дауыс ырғағы, қимылы мен эмоциялық толқыны ортақ ырғаққа бағынып, біртұтас сахналық тыныс қалыптастырады. Бұл үйлесім спектакльдің драмалық желісін бір арнаға тоғыстырып, көрерменге бір деммен қабылданатын тұтас әлем сыйлады. Әсіресе көпшілік сахналарындағы темпоритмнің дәлдігі мен қимылдардың синхронды өрілуі қойылымның энергетикалық қуатын күшейтіп, қазақ даласының кеңдігін сезіндіре түсті.

Дегенмен, спектакльдің көркемдік қуатын тереңдете түсетін бір ұсыныс бар. Қойылымда көпшілік сахнадағы актерлердің әлеуеті әлдеқайда мол екенін байқадық. Сол мүмкіндікті толығырақ қолдану үшін, мысалы Қарабайдың үйір-үйір жылқысын тек музыка немесе дыбыстық эффектілер арқылы емес, көпшілік сахнадағы актерлердің пластикалық қимылы, дене әрекеті арқылы бейнелесе, көрініс әлде қайда әсерлі, қуатты болар еді. Көпшілік сахнадағы актерлар арқылы даланың тынысын, үйірдің дүбірін сахнада тірілту эпостық кеңдікті терең сезіндіруге үлкен мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар сахнаның бір қапталына жанды дауыспен табиғи дыбыс беретін актерлерді орналастырып, даланың, желдің, жануарлардың үнін жанды түрде орындау спектакльдің көркемдік тұтастығын еселейтін еді деп ойлаймыз. Бұл тәсіл көрерменді оқиға кеңістігіне жақындатып, спектакль атмосферасын жаңа деңгейге көтере түсері анық. Көпшілік сахнадағы актерлерді тек би элементтерімен шектемей, олардың вокалдық, пластикалық және импровизациялық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған қосымша міндеттер жүктеу қойылымның көркемдік құрылымын байытып, ансамбльдік тұтастықты одан әрі тереңдете түсер еді.

Жалпы, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі жас сахнагерлердің шынайы таланты, ұлттық мәдениетке деген құрметі мен сахналық ізденісінің айқын көрінісі. Бұл қойылым қазақ эпосының мәңгілік құндылықтарын, махаббат пен еркіндік идеяларын жаңа ұрпаққа жеткізетін маңызды мәдени оқиға болып отыр. Актерлік шеберлік, режиссерлік шешім және декорацияның үйлесімі арқылы спектакль көрерменге терең эмоциялық әсер қалдырып, ұлттық рухты ұлықтай білді. Спектакль тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ұлттық мәдениет пен қазақ эпосының рухы жас буынның таланты арқылы жаңа өмірге ие болып, көрерменнің жүрегінде қалды. Ұлттық өнеріміздің бұл дауысы шет елдерге таралып, жаңа ұрпақ арқылы өміршең бола берсін деп тілейміз.

Бұл сапар тек фестивальдік бағдарлама аясындағы кәсіби тәжірибе емес, рухани-ақпараттық кеңістікті кеңейткен құнды мектеп болды. ГИТИС қабырғасындағы әр сабақ, әр әңгіме, әр диалог олардың ішкі сезімталдығын оятып, өнерге деген көзқарасын тереңдеткені сөзсіз. Мәскеудің тарихи театрлары, атақты педагогтардың шеберлік сабақтары, түрлі елдің жастары арасындағы шығармашылық байланыс мұның бәрі студенттердің болашаққа деген сенімін арттырды. Ең бастысы, бұл сапар олардың бойына өз мәдениетін мақтанышпен алып жүру, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға деген жігер мен батылдықты дарытты. Осындай шығармашылық кездесулерден туған шабыт пен тәжірибе ертеңгі күні қазақ театрының жаңа тынысына айналатынына күмән жоқ.

Диас Ахметнәбиев,

Театртанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының І курс магистранты.

Мәскеу, 2025.

Abai.kz

0 пікір