Қазақ спортында ілгерілеу жоқ. Министр не дейді?
Өздеріңіз білесіздер, 16 күнге созылған Париж Олимпиадасында 205 елдің өкілдері жүздеген жүлдені сарапқа салды. Осыншама елдің тек 93-і ғана медаль ала алды. Қазақстан олимпияшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы командалық есепте 43-орынға табан тіреді.
Бұл көрсеткіш осының алдындағы Токио Олимпиадасында алған 84-орынмен (0 алтын, 0 күміс, 4 қола) салыстырғанда сәл имантаразылау. Ал Рио-2016 Ойындарындағы 30-орын (2 алтын, 5 күміс, 10 қола) бұл күнде арман болып қалғаны рас (оның алдындағы жетістіктерді еске алмағанның өзінде).
ҚАЗАҚ СПОРТЫНДА ІЛГЕРІЛЕУ ЖОҚ!
Демек, қазақ спортында ілгерілеудің, дамудың жоқ екенін мойындаған жөн, бұл жайт осы сала жетекшілерін ойландыруы, батыл шешімдер қабылдауға жетелеуі қажет. Бокс, күрес, дзюдо секілді жүлдеден үмітті спорт түрлерімен қоса спорттық гимнастика, көркем гимнастика, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, су спорты түрлері, жеңіл атлетика түрлері секілді салаларға көп көңіл бөлу қажет. Командалық спорт түрлеріндегі жағдай тіпті сын көтермейді. Шеттен оралған өз қандастарымыз ел азаматтығын дер кезінде ала алмай, зарығып жүргенде біздің шенеуніктер Кениядан алып келіп, лезде Қазақстан азаматтығын бере қойған «легионер желаяқтарымыз» 17-орыннан аса алмай жүр, солардың орнына өз ұл-қыздарымызды тәрбиелесек, әйтеуір көз қуаныш болмас па еді. Пәлендей жетістікке жетпесе де Олимпиаданың Париж төріндегі жабылу салтанатында ел туын тік ұстап шыққан Батырхан Төлеуғали мен Эльжана Таниеваны көріп, көңіл шалқыған жоқ па?.. Жалпы спорт саласына реформа керек, ұлттық ұстаным, отаншылдық көзқарас қажет.
МИНИСТРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: НЕ АЙТЫЛДЫ?
Бүгін ҚР Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысын өткізді. Бұл туралы министрліктің телеграм арнасы жазды.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, депутаттық корпустың өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, құрметті бапкерлер, өңірлік басқармалардың, федерациялардың, ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, сонымен бірге БАҚ өкілдері қатысқан.
Біз аталған жиында министр Маржықпаевтың не дегенін Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік...
Министр баяндамасын Олимпиадада жүлде алған спортшылар туралы сөзбен бастады. Онан соң министр Маржықпаев: «Өздеріңіз білесіздер, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездесті. Спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», - деді.
Министр Олимпиададағы БОКСШЫЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ туралы бүйдеді:
«Бокстан ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Міндеттемелер бойынша олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алуға уәде берген. Команда тек 1 күміс жеңіп алды. Екінші ойын қатарынан спортшылар бірде-бір алтынға қол жеткізе алмады. Қазақстандық бокс мектебі өзінің жетекші позицияларымен әлемдік спорт аренасында әрқашан даңқты болды. Біздің боксшылар 1996 жылдан бері жарыстарға қатысып, барлығы 22 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 7 күміс және 8 қола. Бұл Олимпиадада бокстан ұлттық құрама үздік нәтиже көрсете алмады!», - деді.
Онан соң ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА НӘТИЖЕЛЕРІ бойынша сөйледі:
«Жеңіл атлетика командасының 8 лицензиясы болды. Алған міндеттемелері бойынша команда 1 күміс медальді уәде еткен еді, шын мәнінде, спортшылардың ең жақсы нәтижесі 9-орын ғана болды.
2000 жылдан бері, Токио ойындарын қоспағанда, спортшылар тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болды. Барлығы 87 спортшы жарыстарға қатысып, 5 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 1 күміс және 2 қола. Осы медальдің 3-еуі бір спортшыға ғана – Ольга Рыпаковаға тиесілі.
Надежда Дубовицкаяның бұл маусымдағы ең жақсы көрсеткіші – 1,92 м. Еді. Парижде өткен іріктеу кезеңінде ол небәрі 1,83 м. биіктікті бағындырды. Ал Матвеева Елизавета жақсырақ нәтиже көрсете алар еді, себебі бұрын ол 1,92 м. көрсеткішті бағындырған болатын. Бұл ойындарда ол 1,88 м. ғана секірді. Жеңіл атлетикадан жақсы нәтиже күткен едік, үмітіміз ақталмады!», - деді.
Министр ЕРКІН КҮРЕС НӘТИЖЕЛЕРІ туралы:
Ермек Маржықпаев еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болған еді.
«Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған», - деді министр.
Әрі қарай министр Ермек Маржықпаев өңірлердің жағдайына тоқталды.
«Ұлттық құрамаға 17 өңірдің спортшылары кірді. Алматы (17), Астана (14) және Шымкент (12) өкілдері көп жолдамаға ие болды. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия алған жоқ. Жүлдегер спортшылар келесі облыстардан шықты: Жамбыл облысы (алтын – Сметов Е.), Алматы қаласы (күміс – Н. Құрбанов, 3 қола: Ғ. Қырғызбаев, Н. Қызайбай, И. Сәтпаев және А. Ле), Астана қаласы (күміс –Н.Оралбай), Алматы облысы (күміс – Д. Жадыраев)», - деп атап өтті министр.
Ермек Маржықпаев жергілікті атқарушы органдар олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, саланы дамыту саясатын қайта қарауы қажет екенін айтты.
«Қазірден бастап мүдделі тараптармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. 6 айдан кейін Харбинде 9-шы Қысқы Азия ойындары өтеді. Милан мен Кортина-дАмпеццо қалаларында өтетін 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына да аз уақыт қалды. Ұлттық құраманың дайындығын күшейту қажет», - деді министр.
Министр Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысындағы баяндамасын аяқтай келе жоғарыда атаған шаралар алдағы уақытта жемісін беретініне сенім білдірді.
«Спортты басқаруға, спортшылардың дайындығына жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Біз жаңа Олимпиадалық циклді қазірден бастадық. Алда Лос-Анджелес Олимпиадасы күтіп тұр. Маңызды додаға қазірден дайындалу керек. Министрлік, федерациялар, бапкерлер, әкімдіктер, Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ шығарып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет. Бұл – бәрімізге ортақ міндет», - деп қорытындылады алқа отырысын.
Abai.kz