Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 1523 1 пікір 3 Қыркүйек, 2024 сағат 14:30

Абайдың жылы белгісіз соңғы екі өлеңі

Суреттер автордың мұрағатынан алынды.

(ұлы ақынның жазылған жылы мәлімсіз өлеңдерін зерттеп-зерделеудің соңы)

Аңдатпа

Өздеріңіз де куәсіздер, осыған дейін Абайдың он бес өлеңінің жазылған жылын тексеріп, нақтылап өттік. Енді анықтауды қажетсінетін екі өлеңі қалып отыр. Оларға кірісуден бұрын 1894-1898 жылдар аралығында Абай Семей қаласына көп қатынағаны жайлы шолу жасағанды жөн санадым.

«Абай жолы» эпопеясының соңғы бөлігінде Абайдың Семейдегі өмірі, көп мәжіліс құрған кездері кеңінен суреттелген. 1898 жылы Синод өкілі Сергий поппен мәжіліске Абай шығады. Ол қазағы басым «Заречная слободка» (қазіргі Жаңа-Семей) аумағына тұңғыш миссионерлік шіркеуді ашу салтанатына келген-ді. Қала мұсылмандары арасында ойшылдың ерекше беделді, аса танымал болуы көп жайды аңғартады. Айтпағым, аталған жылдарда күз айларын түгел Семей қаласында өткізу – Абай машығы болған. Неге? Оның басты себебі, банк қызметкері болған Әнияр Молдабайұлы (1856-1934) деген азаматқа Абай, Мағауия, Ақылбай қосылып, екіқабатты үй сатып әпереді (бұл үй қазір Абай музейінің бір бөлімі). Осы еңселі үйден Абайға бөлек бөлме бөлінген. Оны жиһазбен жабдықтап, ойшылдың жазу жазуына, кітап оқуына қолайлы жағдай жасаған. «Абай атам, – деп жазады Сапарғали Әниярұлы (1890-1974) өзінің естелігінде, – үлкен бөлмеде, ортасына кілем, сырмақ, көрпе салғызып қойып, дөңгелек үстелдің үсті кітапқа толып тұрады, қолтығына 2-3 жастық қойып, кітап оқып, жазу жазып отырушы еді. Менің шешем Абайдың ішетін тамағын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап, таза ұстап отыратын. Абайды арнайы басқа жақтан іздеп келушілерді осы үйде қабылдап отыратын» («Абай» журналы, 2016 жыл, №3).

Сөйтіп, Семей шаһары да Абайдың шығармашылық мекені дегенге көз жеткіземіз. Қаладанмын деп белгі беретін қарасөздер баршылық, мәселен, қазақты көрші халықтармен салыстырған (автордың өзі қойған рет саны 2-ші емес, 27-ші сөз), қазақ жаманшылыққа үйір «егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» деген (өзі қойған рет саны 42 емес, 37-ші сөз), сол сияқты орыс кітабына сілтеп, жан қуаты үш элементін жазған және т. б.

Осы 1894 жылы Абай Ақылбайға «Дағыстан», «Зұлыс» дастандары тақырыбын, Мағауияға «Қасым» деген поэма желісін, Шәкәрімге «Еңлік-Кебек» салт-дәстүр жырын, Көкбайға Абылай хан туралы әңгімелі өлеңді ұсынған ғой. Оларға үлгі болу қамында өзі де «ең жақсы поэмасы» (Әуезов) «Ескендірді» жазуды қолға алады (оның дәлелі бар, ол бөлек әңгіме). Міне, Абай «Ескендірін», Ақылбай «Дағыстанын» бір мезгілде жаңағы Әниярдың үйінде жата-жастанып жазған еді. Бір жарым жылдай бұрын қатты торыққанда «Сүйкімі жоқ құр масыл би, сүйретіліп өтер сол», «Жігері жоқ ақылы кенде, жамбасыңнан жат сұлап» деп жазасын берген Ақылбайды енді жанына жақын тартқан. Әкелі-балалы екеуі жүрекпен табысып, қалтқысыз ұғысқан. «Дағыстан» - Ақылбайдың тұңғыш шығармасы.  Тырнақалды туындының мінсіз, кемел болуы таңқаларлық жәйт. Бұл оны көркемдеп, деңгейін көтерген тәжірибелі қалам болған деген сөз. Қисынымен қызықты болуы, Абай өлеңдерінен алынған теңеулері, ғажайып суреттері Ақылбайға әкесі көмегі тигенінің айдай анық, күндей жарық айғақтары екені хақ.

Әрине, Абай Семейдегі уақытын көбіне ой еңбегіне жұмсаған. Десек те, ұлы ақын қалада болыстық қызмет есебі, ел жұмысы, жәрмеңке (тұрмыс жабдықтарын алу) мен сауда-саттық сияқты істерді де атқарған. Оның бір куәсі – Абайдың 1896 жылдың күзінде қырдағы Мағауияға жазған хаты. Хаттағы жазба: «...Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шәкәрімге сатарлық малы (бұл сөздер сызылып қалған) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін».

«Малды айдату» дегеннен шығады, малдары өрде, Шыңғыстау іші мен төңірегінде Оспан, Тәңірберді, Жиренше, Оразбай, Абыралы сияқты байлар жылқыларын көбіне Қоянды жәрмеңкесіне айдатып отырған.  Абай балалары (Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл) малдарын қашанда Семей базарына айдап әкеліп, төгіп отырған. Өйткені, олардың қоныстары еңісте, Тобықты елінің Семей жақ шетітұғын (қалаға небары 70 шақырым). Абай балаларының қалаға жиі келіп-кетіп жүргенінің тағы бір куәсі – 1896 жылы Абай, Ақылбай, Тұрағұл үшеуі бірге түскен фотосурет. Үш адамның да киімінен суретке түскен мезгілдің күз айы екені анық аңдалады.

Хакім Абай Семей шаһарында сүрген төрт-бес күз мезгілі туралы сөзіміз осымен тәмам. Енді жылы белгісіз соңғы екі өлең жайына ауысайық.

«Түбінде баянды еңбек егін салған»

Абай өзінен ақыл-кеңес сұраған кісіге айтқан бір ауыз өлең мынау:

Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

Өлең алғаш рет 1945 жылғы жинақта басылып, ондағы түсінікте былай делінген: «Өлеңді Қайым Мұхамедханов Семейде тұратын Ташмұхамбет деген қарияның аузынан жазып алған. Ол кісі өз елі Тобықтыдан кетіп, Ертістің оң жағалауы – Белағаш деген жерге барып, егін салып кәсіп еткен екен. Бір жолы Абайға кездесіп, жағдайын айтқанда, Абай осы өлеңді айтыпты». Барлық жинақтарда өлеңнің «жазылған жылы белгісіз» делінген.

Көріп отырмыз, Абай жас жігіт Ташмұхамбетке не егін салуды үйреніп, оны кәсіп қыл, немесе жас шағыңда оқу оқып, білім ал деп кеңес берген. Ол Әнияр Молдабайұлының үйіне Абайды іздеп келген кісінің бірі сияқты.

Сонымен, «Түбінде баянды еңбек егін салған» өлеңін Абай 1894 жылдың күзінде айтқан деп жоруға болатын сияқты. Өйткені, «Степной край» газеті (1894 жыл, 19 шілде, №48) жариялаған материалда Батыс Сібір генерал-губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі К. Вернер деген шенеунігі Абаймен кездесіп, ақынмен бірге жазда Шыңғыс өңірінің Бақанас, Балқыбек, Байқошқар деген жерлерін аралағаны айтылған. Аты аталған шенеунік билікке жолдаған ресми хатында: «Семей уезінің Бұғылы, Шаған, Мұқыр, Шыңғыс болыстарының жерлері ел қоныстануға қолайсыз», – дей келе: «Мен келерден біраз бұрын Ибрагим Құнанбаев деген қазақ Шыңғыс болысының 45 шаңырағына Бақанас, Байқошқар, Жәнібек өзендері бойын сұрап, Семей әскери губернаторына арызданыпты, жаңағы жұртты отырықшы қылуға рұқсат сұрапты», – деп дерек береді («Абай» энциклопедиясы. – Алматы, 1995. –180-бет).

Тыңшы-шенеуніктің «ел» дегені – қарашекпенділер. Оған міндет тек соларға қолайлы жер іздеу, табу.  Сондықтан Абай болыс болған кезінде (1893-1896) сулы Бақанас өлкесін игере алмады. Яғни жаңағы 45 шаңырақ (кедейленген жігітек, бөкенші аталары)  егіншіліктен тыс қалды. Ғажабы, сол Бақанаста тура 30 жыл өткенде, 1923-24 жылдары Шыңғыс өңірінде алғашқы артель (әуелде «мойынсерік», кейін «колхоз» аталды) құрылды. Бұл жолы жас жазушы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов тікелей араласты.

Алыс-жақын қазаққа «данышпан» атағы ауадай жайылған Абайға Есенбай Шоқбайұлы деген замандасы былай деп өлеңмен сәлем беріпті:

Ассалаумағалейкум, Абай аға, арыстаным,
Ойда ұлық, қырда қыңыр алысқаның,
Қайда жүрсең аман жүр, данышпаным.
Сатқындар ұлықтармен жанасады,
Жанасып ақыл-ойдан адасады,
Құдай дана жаратқан, Абай аға,
Сізбенен қандай сұмырай таласады (жазып алған С.Қарамендин).

Сенсеңіз, Семейде дана Абайдан Ташекең сияқты ақыл-кеңес сұраған, Есенбай сияқты сәлем беруге асыққан кісілер қарасы қалың болған. Соның бірі – Әлпейім деген шәкірт: «Абай аға, қазір наху (араб тілінің грамматикасы) оқып жүрмін, келешекте фиқһты (шариғат үкімдері) оқуға кірісемін» депті. Сонда Абай: «Сен дінді қоя тұр, дәл қазір егін салуды үйрен, қыр-сырын меңгер, баянды еңбек сол, шырағым!» деген екен. Десе дегендей, бұл жігіт кәсіби егінші болып, 1931-ші жылғы ашаршылықта көп адамды ажал аузынан аман алып қалған кісінің бірі көрінеді.

Осы айтылған дерек-дәйектер негізінде «Түбінде баянды еңбек егін салған» Абайдың 1894 жылғы өлеңдері қатарынан орын алуы керек деген байламға келеміз.

«Ғалымнан надан артпас ұққанменен»

Абайдың келіні Кәмәлия Жидебайда ақынның өмірі қалай өткені жайында: «Атама сәлем берем, амандасам, ақыл сұраймын деп те, не болмаса ел арасының басқа бір жұмысымен де келушілер өте көп болатын. Ал басқа ел адамдарымен қабат, өзіміздің елдің адамдары да көп келетін» дейді.

Өз елінің дауласқан екі адамына Абайдың айтқан төрелігі мынау:

Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.

Абай білімдіге жақ болған осы шумақ алғаш рет 1945 жылғы жинаққа енген. Ондағы түсінікте былай делінген: «Өлеңнің айтылу себебі: тобықты ішінде жуантаяқ Балғожа Бақанұлы дейтін кісі Ғабитхан дейтін молдамен «Мұқтасардың» бір сөзіне таласып, Абайдың алдына келіпті. Сонда айтқан екен». Балғожа мен Ғабитхан молда екеуі де Жидебай қыстауының тұрғындары. «Мұқтасар» деген – сенім және ғибадат туралы әр мұсылман білуі керек мағлұматтарды қамтыған шағын кітап.

Бір ауыз өлеңнен бірден-ақ ұғылатыны – ұлы ақын Ғабитханды жақтап, Балғожаны оған жығып беріп отыр. Абай молданы «ғалымға» балаған. Неге? Себебі, Ғабитхан Ғабдыназарұлы (1835-1932) кітапты көп оқыған ізденгіш, сол заманның естісі, білімдар адамы болған. «Мұқтасар» оның балаларға ондаған жылдар бойы жаттатып, ұқтырып келе жатқан пәні. Ондағы бір сөзге бола Балғожаның молдамен таласқа түсер білімі, жөні де жоқ. Абайдың оны көп наданның бірі деп меңзегені сол.

Біздің міндет – өлеңнің датасын анықтау. 1896 жылы Абай алғаш рет барлық шығармаларын жинастырып көшіруге ұйғарған. Сол кезден ақынның өлеңдерін көп көшіріп, таратқан кімдер екенін Мұхтар Әуезов атап көрсетеді: «Абайға туысқан дос болып кеткен татар молдалары: Ғабитхан, Кішкене молда (Мұхамедкәрім), оның баласы Махмут және қазақтан шыққан Мүрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай сияқты бала оқытушылар» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. – 18 бет).

Тізім басындағы Ғабитхан – Абайдың сауатын ашқан алғашқы ұстазы. Жиырма жасында солдаттан қашып Тобықты еліне сіңген ол татарша-қазақшаны араластырып сөйлеген. Мәселен, жас Абайдың зеректігіне қатты таңырқап, Құнекеңе: «Мына Абай бек зирек, дана йігіт, оны шаһарға оқуға бермекке керек» деп айта беріпті жарықтық. Оның өле-өлгенше тек қана Жидебайды мекендегені (Зере мен Ұлжан зиратына жерленгені сол) және өзін «ырғызбаймын» дегені, Абайды інісі санағаны және бар. Міне, жасы елуге тақағанда Абай алғашқы ұстазымен Жидебайда қайта қауышады.

Абайдың «Ғалымнан надан артпас ұққанменен» деуі –  жалықпай ұстаздық қылған, кімі ғалым, кімі надан екенін айырған адамның сөзі. Ғалым адамға, әлбетте, бойына сіңіп, болмысына айналған ақиқат қымбат, соны қорғап бағады. Ал надан кісі білгішсіп, шамырқанып қанша жерден бұлқынса да бәрібір тереңге бойлай алмай, хақиқат үстінде көбіктей қалқиды.  «Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен» – өзін өзгерте алмаған адамның тағдыры да өзгермек емес. Қайта жауқазын құсап ерте көктеп, тез солады.

Сөйтіп, өлеңдегі төрелік пен қатаң үкім «мен хакімнің сөзімін» деп тұр. Демек, бір ауыз ғибрат өлең 1897 жылға кірпіш болып қаланса несі айып.  Бұл Абай «Ғақлия» (оған 40 қарасөзі кірген) атты қолжазба кітабын тәмамдаған, оны «балаларды оқыт деп молдаға әкеп берген» (Уәсиләнің сөзі), яғни көңілі жай тапқан уақыт болғанын айта отырайық.

Түйін:

Құрметті оқырман, бүгінгі таңда Абайдың төл өлеңдерінің саны 195-ке жетті. Оны баяғыша «175» деп кем санау енді жарамас (кеңестік дәуірдің талабы, шарты келмеске кетті). Төрт мақалада негізгі мазмұнға кірмей келген ақынның 17 өлеңі сарапқа салынып, құдая тәубе, олардың датасы анықталды. Өздеріңіз де куәсіздер, болса архивке, ол болмағанда көңілге қонымды қисынға жүгіндік. Яғни Мұхтар Әуезовтің: «Сөзіміз документке, шын ғылымдық жағдайға, тым құрыса көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін» дегені басшылыққа алынды. Келер ұрпақ керегін алар, «керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» (Абай) деп ізденген ісімнің бірі осымен тәмам.

Асан Омаров,

абайтанушы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053