Сенбі, 12 Қазан 2024
Анық-қанығы 2924 5 пікір 5 Қыркүйек, 2024 сағат 15:27

Мұнайға не болып жатыр? Қазаққа қайтпек керек?

Коллаж: dknews.kz

Сарапшылар соңғы уақытта әлемдік мұнай нарығында қалыптасқан тұрақсыз жағдайды ауызға ала бастады. Өткен аптаның басынан бері Ливиядағы БҰҰ қамқорлығындағы ұлттық келісім үкіметі мен фельдмаршал Хафтар қолдаған бүлікші үкімет арасындағы қақтығыс салдарынан қара алтын бағасы көтеріле бастады.

Триполидегі үкіметтің Орталық банк басшысын ауыстыруына наразылық білдіре отырып, Хафтар үкіметі елдің шығысында мұнай өндіруді тоқтатып, оны тәулігіне 500 мыңнан астам баррелге қысқартты. Нәтижесінде сапасы жағынан ливиялық мұнайға жақын әзербайжандық «Azeri Light» баррелі 4 долларға қымбаттады.

Қазақ елінде орта есеппен алғанда тәулігіне 250.000 тоннадан астам мұнай өндіріледі. Бұл жағдай ел экономикасына оңды ықпал етуі де ықтимал деген жорамал жоққа шықты.

Бірақ аптаның соңына қарай нарықтағы жағдай қайтадан өзгеріп, АҚШ пен Қытайдың жаңалықтарының, сондай-ақ ОПЕК+ елдері жоспарланған мерзімнен бұрын өндіру көлемін ұлғайтуы мүмкін деген хабарламалардың әсерінен сұраныс төмендей бастады.

Өткен жұма күні «Brent» маркалы мұнай бағасы 2,2 пайыздан астам арзандады.  «Brent» сортының бағасы барреліне 77 долларға жақындады.

Алдымен АҚШ пен Қытайдан келген жаңалықтар туралы оқырмандарымызды таныс ете кетейік:

Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, Қытай экономикасының өсуі болжанғаннан төмен болуы мүмкін, бұл мұнайға сұраныстың төмендеуін білдіреді. Маусым айынан бастап мұнайға деген сұраныс соңғы бірнеше жылдағы ең төменгі маусымдық көрсеткіштерге жеткен.

Бірақ нарыққа едәуір ықпалын ОПЕК + елдері қазан айының басынан бастап, бұрын келісілгендей, мұнай өндіруді арттыра бастайды деген хабар желдей есуде.

«Bloomberg» агенттігі келіссөздерге қатысатын делегацияларға сілтеме жасай отырып, қазан айында ОПЕК+ форматына кіретін сегіз ел өндірісті тәулігіне 180 мың баррелге ұлғайтатынын хабарлады. Бұл ретте ОПЕК+ елдері нарықтағы жағдайды ескере отырып, мұндай қадамнан бас тарта алатынын бірнеше рет атап өткен болатын.

Естеріңізге сала кетер болсақ, көптеген талдаушылар мен трейдерлер оқиғаның дәл осындай дамуын бұдан бұрын болжаған еді.

Осыған байланысты «Reuters» агенттігі ОПЕК+ елдерінің алдында екі проблема және екі ықтимал шешім тұрғанын атап өтті. Бірақ ОПЕК+ елдері бұрын келісілгендей, қазан айының басынан бастап мұнай өндіруді арттыра бастайды деген хабар нарыққа айтарлықтай әсер етті десек артық айтқандығымыз емес.

Бірінші проблема – мұнайды экспорттаушы елдер ұйымын (ОПЕК) және Ресейді қоса алғанда, басқа өндірушілерді біріктіретін топ мүшелерінің көпшілігі үшін шикі мұнайдың бағасы тым төмен болуында.

Екінші мәселенің мәнісі – аталмыш ресурсқа сұраныс ОПЕК-тің 2024 жылы мұнай өндірудің өсуіне қатысты оптимистік болжамдарын әлі ақтай алмауынан келіп туындайды.

Бірінші шешім - нарықты таң қалдыру және төртінші тоқсанда өндірісті ұлғайтудан бас тартудан келіп шығады.

Екіншісі - жоспарланған өндіріс көлемін ұлғайту, бағаның одан әрі төмендеуіне жол беру және уақыт өте келе әлемдік экономиканы қолдайтын негізгі тауардың құнының неғұрлым төмен болуы анағұрлым серпінді өсуге және сұраныстың артуына алып келетініне сенушліктен туындауда.

Әзірге барлығы бірінші шешімнің күн тәртібінде тұрмағанын көрсетіп отыр. Өткен аптада «Reuters» агенттігіне ОПЕК+ дереккөздері хабарлағандай, үмітті топ бұрынғысынша өндіріске шектеулерді жеңілдетуді жалғастыруға ниетті.

Ал Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде экономиканың өсу қарқынының баяулауына байланысты іскер топтар арасында алаңдаушылық арта түсті.

Айта кетейік, шілдеде Қытайдың шикі мұнай импорты тәулігіне 9,97 миллион баррелге дейін қысқарды. Бұл дегеніңіз 2022 жылғы қыркүйектен бергі ең төменгі күндік көрсеткіш және маусымдағы көрсеткіштен тәулігіне 11,3 миллион баррель төмен болғандығын көрсетеді.

2024 жылдың алғашқы жеті айында ҚХР-ның шикі мұнай импорты тәулігіне 10,90 миллион баррельді құрады. Дәл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға аз болып отырған жайы бар. Ал бұл 2024 жылдың алғашқы жеті айында Қытайдың мұнай импорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тәулігіне шамамен 320 мың баррелге төмендегенін білдіреді.

Осы орайда Бенгази үкіметінің бақылауындағы Ливиядағы мұнай кен орындарында өндіруді ішінара қалпына келтіру туралы хабарлар келіп түсуде.

«Reuters-тегі» ақпараттандырылған дереккөздер бойынша, Ливияның үш ірі мұнай кен орны – «Сарир», «Месла» және «Нафура» - жұмысын қайта жандандыратыны туралы хабарлайды. Аталған кен орындарының операторы «Arabian Gulf Oil Company» компаниясы болып табылады да, ал олардағы күнделікті өндіру көлемі 120 мың баррельді құрайды.

Егер жақын арада Бенгазиде үкімет мұнай өндіруді қалыпты көлемде қалпына келтірмесе, онда ОПЕК+ елдері өндірісінің ұлғаюы ливиялық мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің қысқаруының орнын толтырады. Қазіргі уақытта экспорт тоқтатылғандықтан, мұнай Ливияның ішкі қажеттіліктеріне кететіні анықталып отыр.

Жақын арада Бенгазиде үкімет мұнай өндіруді қалыпты көлемде қалпына келтірмесе, онда ОПЕК+ елдері өндірісінің ұлғаюы ливиялық мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің қысқаруын өтейді. Бұл бағаның тұрақтануына бастап алып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, дәл қазіргі жағдай ұзақ уақытқа созылатын болса, онда мұнай бағасы барреліне тағы да 80 доллардан асады. Бұл басы байлаулы баспақтай мұнайға экономикасы байланған қазақ елі үшін пайдалы. Ал, осы алшыдай оңынан түскен түсімді ел үкіметі экономикамыздың басқа саласын жандандыруға жұмсай ала ма, алмай ма бар мәселе сонда?..

Abai.kz

5 пікір