Бәйті ғибадатханасы- тарих және жаһан саясаты
Екі-үш күн бұрын мен Үстірттің шыңынан Маңғыстаудың ойына қарап тұрған, сақ-ғұн заманының ғажайып ескерткіші Бәйті ғибадатханасы туралы жаздым.
Егер "Моңғолиядан көне түркі заманының ғибадатханасы табылды" десем оның манихей ме, несториан ба, мағынасына да бойламастан қазақ жұрты басындағы тымағын аспанға лақтырып, ФБ-да бір-бірінен сүйінші сұрап жатар еді;
Егер "Мысыр-Египетте мәмлүктердің бірдеңесі табылды" деген әңгіме болса Мәдениет және ақпарат министрлігі шұғыл түрде аттанып, қазіргі күні Шарм-эш- шейхта Қызыл теңізге түсіп жатар еді;
Егер "Жетісудан Шыңғыс хан мүрдесі табылыпты, моңғол дегенің өтірік екен, Қарақорым бізде" десем ол керемет сенсациядан біздің Бексұлтанның қуаныштан жүрегі жарылып, ал Өмірбек Байгелді тіріліп кетер ме еді?
Бәйті әулие туралы әңгімеге ФБ-та бірді-екілі адамдар пікір білдіргені болмаса қалған ел тым-тырыс. Осы тым-тырыстың себебі неде деп ойға баттық.
***
Мәселе біздің басымыздағы ойлау және тарихтану матрицасында болса керек. Біздің басымыз батыстық үлгіде орыстардың жасаған машинасы деуге келеді. Орыс машинасы дегеніміз не? Ол ертелі-кеш майы ағып жүретін, қыста қататын, жазда қызып кететін, әр жерін сыммен байлап, дәнекерлеп қойған машина. Бірақ негізгі үлгі Еуропадан алынған, оны еуропоцентризм деп атайды.
Бұл идеологияның мақсаты қазақтың, өзге де түрік елдерінің тарихын көне Тұран тарихына жақындатпау. Себебі ХV ғасырға дейін мыңдаған жылдар бойы адамзат баласы Тұран өркениетініің қол астында, немесе ықпалында болды. Тарих ғылымында әлем билігі Еуропаға («христан мәдениеті» деп те қояды) қараған ХV ғасырдан бергі уақытты «Жаңа заман тарихы» деп атайтыны да осы себептен.
Тұран өркениеті бір тұтас болатын, оны сіз «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш» деп басталатын кез келген шежіреден көре аласыз. Шығыстың ұлы тарихшысы Рашид ад-дин «Жами-ат тауарих» кітабында адамзат тарихын: «…түріктер Яфетті Алаша-хан (Абулджа-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Алаша-хан (Абулджа- хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды» деп бастайды.
Енді Еуразия өркенитеніің көш басында тұрған Алаша хан елі қай жерді жайлады, қай жерде қыстады деген әңгіме туады. Рашид ад дин «Алаша-хан (Абулджа-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортау мен Қазтауы, сол шамада Инандж атты қала болған. Алаша (Абулджа) ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Борсық, Какьян и Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан» дейді.
Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» жоғарыда айтылған әңгімені толықтыра түседі.
Қазақтың ұлы шежірешілері М.Ж.Көпейұлы, Қ.Халид т.б. Алаша хан заманына қатысты әңгімелерге ерекше көңіл бөлген. Құрбанғали Халид «Алаша хан жалпы хандардың бабасы, Татар мен моңғолдың атасы,
«Алаш, Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда.
Қазақ, қалмақ, ноғайлар,
Бәрі сонда бір болған.
Ынтымағы жарасып,
Жайқұн көлдей бай болған,
Еділ, Жайық, Оралға,
Ортан көлдей жайылған,- дейді. Біз өз басымыз толып жатқан деректерге, этимологиялық талдау нәтижелеріне сүйеніп Алаша хан заманы туралы сан рет жазып, оның бастауын энеолит дәуірімен, алғашқы жылқышылық мәдениетпен байланыстырдық, бірақ сонда да қазақ басындағы еуропоцентристік, орыстық матрицаны бұзу өте қиын. Қазақ тарихи санасы Түрік қағанаттарынан арғы дүниені көре алмайды, тарихи кеңістігі Моңғолиядан аспай қалады. Қазақ өзі туралы өзгенің не айтып жүргеніне де онша назар салмайды, салса да терең талдау жасамайды. Қызығушылығы көбінесе өзінің атасы, одан әрі руы, бүгінгі күні жеткен биігі «Шыңғыс хан қазақ» т.б. Бұрын тек біз ғана емес, Еуразияның өзге түріктері де Түрік қағанаттарына малданып жүретін, бірақ әзірбайжан мен армян арасындағы, өзбек пен тәжік/иран арасындағы тарихи даулар олардың санасын ашты.
Түріктер Моңғолиядан шықты, Алтайдан келді деген әңгіме қайдан шықты?
***
Алтай теориясы
Еуропоцентризм бірден пайда болған жоқ, әуел баста Еуропа Америка, Африка, Аустралияны отарлаумен әуре болды да, Азияға кейінірек кірісті. Міне, осы кезде ХІХ ғасырдың 80 жылдары Моңғолия жерінен Орхон жазулары табылды (Ядринцев жазбаларын қараңыз).
Бұл руна жазулары Скандинавия ескерткіштері арқылы бұрын да белгілі болатын, бірақ Орхон жазулары түрік тілінде болып шықты. Томсен оны өзінің германдық рунаны оқу тәжірибесіне сүйеніп және тастың екінші бетіндегі қытай иероглифтерімен салыстырып Орхонды оқыды. Өкінішке орай ешкім Орхон –Енесай жазуының сақ-ғұн таңбаларына қарай бастайтын генезисін зерттемеді. Расында да түрік жазуы дайын қалпында Моңғолияға қалай барып қалды?! Оның бірнеше жүз-мың жылдық жетілу жолы қайда? Осылайша Моңғолиядағы көне түрік жазу ескерткіштеріне түрік халықтарының этногенезі байланды, арғы тарихты көрсетпейтін биік дуал соғылды. «Бұлар қайдан шыққан халық?» – «Е, бұлар Алтайдан келгендер!». Байырғы Тұран өркениетінен түрік халықтарын ажыратып тастау осылай басталды. Осы еуропоцентристік диірменнің тасын біз енді өзіміз айналдырып жүрміз.
Қазақстан және өзге де түрік халықтарының орта ғасыры Түрік қағанаттарына қондырылды. Одан арғы тарих жадыдан біртіндеп өше бастады. Ғұн империялары, сақ-ішкі оғыз бірлестіктері, басқа да әлем тарихының күрделі кезеңдері ұмытылды. Қиян мен Нүкіс ұрпақтарының тау шатқалында қамалып қалған оқиғасы естеріңізде ме, олардың от жағып, қорғасын тауды ерітіп шығатыны. Бүгінгі күні де бізге еуропоцентризм, орыс тарихшыларының құрып қойған қақпандарынан басқаша шығу мүмкін емес.
Бәйті ғибадатханасы сол қорғасын тауды ерітетін ғажайып ескерткіштердің бірі. Әулиені айнала тұрған 70 -тен аса сынтас (балбал тас, тас құдай) Ұлы Тұранның 70 – тен аса ірі этностарының өкілдері, ал Бәйтіден табылған 350- ден аса таңба Орхон-Енесай жазуының атасы мен анасы деп біліңіз. Бәйті бізді Каспийдің батыс жағалауы, Кіші Азия мен Еуропа, Мысырға дейінгі жерді жайлаған түрік халықтармен, ескерткіштерімен, мәдениетімен жалғастыратын алтын көпір.
Қазақ этногенезі мен мәдениетінің өзегі Моңғолия жері емес, қазақ бір жағы Еділ-Жайық, бір жағы Ұлы Ертістің белдеуі, бір жағы Алты шаһар, бір жағы Жиделі-Байсын арасында қалыптасқан ел. Осы кеңістіктегі Топан суға дейінгі және одан кейінгі ескерткіштердің бәрі де біздікі. Энеолит дәуірінен бастап бұл тарихи кеңістіктің иесі Алаш аталатын қауымдар болды және әлемге иелік жасады. Әрине, Орхон-Енесай да ескерткіштері де жалпы түркілік ортақ тарихи қазына, бірақ ол біздің қазынамыздың шекаралық бөлігі. Сіз ол құлпытастардағы қытай иероглифтерімен жазылған мәтіндерге де назар аударыңыз.
Біз әлі күнге Ресей нарративтерімен тарих жасап келеміз. Міне, жақында ғана аузымыз аңқайып тұрғанын пайдаланып Алтын Орданы тыға салды. Бұл орысқа өте пайдалы тарих. Өкінішке орай өзін қазақ тарихшысы деп таныстыратын, бірақ қазақша дым сезбейтіндер бар, тура ХVІІІ ғасырдағыдай араға түсіп, орыс әділ деп насихат айтып жүрген «ноғай молдалары» бар. Бұл мұрындықты үзудің жалғыз жолы түрік тілді бауыр халықтардың бірлігі, ал бұл одақты құрудың алғашқы қадамы Тұран тарихын жаңғырту. Өз кезегінде бұл идея экономиканың еселеп өсуіне, әлеуметтік жасампаз белсенділікке, кемел дүниетанымның қалыптасуына оң әсер етеді.
Проф. Ж.О.Артықбаев
Abai.kz