Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1207 5 пікір 9 Қыркүйек, 2024 сағат 11:30

Мәжілісте уақытпен күрес басталды...

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: parlam.kz

Философияда Кеңістік және Уақыт атты екі категория бар. Бұл екеуі аса құдыретті категориялар санатына жатады, өйткені, бұл категориялар адамзат санасындағы Жаратушы және Жаратылыс түсінігімен тікелей ұштасады. Адам баласы өзінің бар болуын және ұзақ тарихын Кеңістік пен Уақыт категориялары арқылы  түсінеді әрі түсіндіреді. Ендеше, бұл категориялар адам баласының өмір сүру ареалы боп отырған тұтас табиғаттың да «өмір сүру шарты»: ол ‑ Космостағы бар әлемнің орналасуы мен қозғалысының ұлы заңдылығы мен реті!

Биылғы жылы өз үкіметінің асығыстау қабылдаған бір шешімінің арқасында (соның көмегімен) Қазақстан халқы Кеңістік пен Уақыттың шексіз әрі мәңгілік мәселелерімен төте жолықты, бетпе‑бет келді. Енді, міне, жазғы демалыстарында ел‑елді, жер‑жерді аралап, халықпен бетпе‑бет кездесіп қайтқан депутаттардың бір тобы (Мақсат Толықбай, Нұртай Сабильянов, Ринат Заитов, Самат Нұртаза және басқалары). 2 қыркүйекте ашылған Мәжіліс жұмысы қарқын алмастан жатып, осы туралы жалпақ жұртқа жария Мәлімдеме жасады. Онда Мақсат Толықбай былай деді:

- Мыңдаған халықтың арыз-шағымына, тілегіне байланысты арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. «Аманат» фракциясының арнайы жиынын өткіздік. Осы жазда өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Жетісу облыстарында ең көп қойылған сұрақ осы уақыт белдеуіне байланысты болды. Ел бұрынғы уақытты қайтаруды талап етіп жатыр. Мүмкін Қостанай, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар, бірақ шығыс үшін тиімсіз. Шығыс Қазақстанда қазір сағат түнгі 2:30-да таң атып қояды. Ауылда адамдар сиырдың мөңірегенінен оянады. Ал кешкі бес-алтыларда күн батып, тас қараңғы болып кетеді. Осыған байланысты халықтан шағым көп. Мысалы, екінші, үшінші ауысымда оқитын балалар мектептен қалай қайтады? Ал, көшелерде жарық жоқ... Біз, жеріміз үлкен болған соң уақыт белдеуі мәселесін алдын ала зерттеп, оның денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша артық энергия шығындап жатырмыз деген сұрақтарға жауап беру керек еді, - дейді депутат.

Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Абай облысының халқы да осы мәселені көп көтерген:

- Өйткені халыққа қолайсыз, денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан Үкіметтен уақытты қайтаруды талап етеміз, ‑ деді ол..

- Алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында тыңдау өткізілмек. Оған Үкімет мүшелері, ғалымдар, мамандар шақырылады.  Ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар, бірге ақылдасып, Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал ететін боламыз, - деді Мақсат Толықбай (malim.kz).

Сурет Abai.kz скрині.

Иә, бұл мәселені Abai.kz ақпараттық порталы да осы жазда көтерген болатын. (Қараңыз: «Уақыт белдеуін өзгерту» адам денсаулығына қолайсыз болып шықты! 24 шілде 2024 ж.). Ол мақаланы осыған дейін 6500‑ден астам адам қарап шығыпты. Яғни, біз көтерген мәселе енді бір топ депутаттардың да назарына ілігіп, оның өзектілігін көрсетеді. Ол кезде біз былай деп едік:

- Адамның биоритмі мыңдаған жылдар бойы өздері тұратын аумақтағы «күннің шығысы мен батысы» биоритміне үйреніп, соған бейімделеді. Оны күрт өзгерту – кез келген адамға «адаптациялануды» (бейімделуді) талап етеді. Осыдан келіп, еңбек етуде, оқуда, баланың биоритмін қайта құруда, зейнеткерлердің организмін бейімдеуге мәжбүрлік туындайды. Бұл адамдарға физикалық және психологиялық жайсыздықты тудырып, көп адамдар қан қысымына, гипертонияға ұшырып жатады. Ол аз десеңіз, ұйқы сапасы бұзылып, организм жәйлап иммундық әлсіреуге бет алады... – деп жазған екенбіз.

Біз жоғарыда Кеңістік пен Уақыт категориялары туралы айттық. Бұлар – Ұлы табиғаттың Ұлы заңдары. Оны тоқтата тұруға, не, өз қалауыңмен өзгертуге ешкімнің құдыреті жетпейді. Адамзат өзі пайда болған уақыттан бері тек осы екі заңдылыққа бағынумен келе жатыр. Сондықтан, біздің де Кеңістік (алып территория) бен Уақыт (уақыт белдеуі) үйлесімділігін бұзуға ешбір қақымыз жоқ. Халық та осы пікірді қолдап, депутаттарға ұсыныстарын жолдайды деп сенеміз.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991