Сенбі, 12 Қазан 2024
Билік 1708 20 пікір 12 Қыркүйек, 2024 сағат 12:29

Түркі әлемінің ортақ әліпбиі: Ол қандай әліпби?

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: Ақорда, Анадолы сайттарынан алынды.

Түркі елдерінің өкілдері жуырда Бакуде бас қосып, түркі елдерінің латыншадағы ортақ әліпбиін келісіп, бекітіпті. Әліпби 34 әріптен тұрады.

Түркі академиясы таратқан ақпараттарға назар салсақ, «Түркі әлемінің ортақ әліпби» жөніндегі комиссия 9-11 қыркүйекте Бакуде үшінші рет бас қосқан. Бұл комиссия Түркі мемдекеттер ұйымы шеңберінде құрылған.

Басқосудың басты мақсаты – арнайы құрылған комиссияның екі жылдық тәжірибесін пайдалана отырып, «Түркі әлемінің ортақ әліпбиі» жобасы бойынша жұмысты аяқтау.

Шараға қатысушылар ғалымдар алғаш рет 1991 жылы ұсынған латын әліпбиіне негізделген біртұтас түркі әліпбиінің жобасын қарастырды.

«Комиссия егжей-тегжейлі талқы жасап, осы әліпби жобасында жетілдіруді қажет ететін тұстарды анықтады. Осы тынымсыз жұмыстың нәтижесінде 34 әріптен тұратын біртұтас түркі әліпбиі туралы ұсыныс келісілді», - делінген хабарламада.

Түркі елдерінің ортақ әліпбиін жасау идеясын Түркия президенті Ердоған ұсынған еді. ҚР Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовтың айтуынша, ұсынылып отырған әліпби латын графикасына көшуді жоспарлап отырған түркітілдес халықтарға үлгі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, биылғы қыста Қазақстан да осы әліпбиге екі қазақ әрпін енгізуді ұсынды.

Түркі академиясы түркі мемлекеттері ұйымының жанынан құрылған, түркі елдері мен аймақтары арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетін халықаралық ұйым. Академия құрамына төрт мемлекет – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия, сондай-ақ екі бақылаушы – Венгрия мен Өзбекстан кіреді. Оның бас кеңсесі Астана қаласында орналасқан.

Abai.kz

20 пікір