Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3480 0 пікір 16 Қыркүйек, 2024 сағат 13:42

Алтайдың тарихы. Ірі істердің іздері

Коллаж: Abai.kz

Сарсүмбе қалашығы (қазіргі Алтай қаласы) ұзақ тарихтан бері, Алтай аймағының саяси, мәдени, экономика орталығы болып келгені көпке аян.

Біз тарихтың күнгейі-теріскейлі беттеріне көз жібергенімізде, Алтайда болған ұлылы-кішілі уақиғалардың Сарсүмбені соқпай кеткені болмаса керек. Осы тұрғыдан қарағанда, Алтай аймағы мен Алтай қаласының кешесі де, бүгіні де бір-бірімен сабақтасып жатады. Сондықтан бұл мақаланың көтеретін тақырыбы да осындай үндестікті негіз етеді.

Біз Алтай жайлы сөз қозғағанымызда, Қытайдың таяу заман тарихынан орын алған мына бір деректі ауызға ала кетуге қақылымыз. 1790 жылы Алтай қазақтарының төресі Көгедай Бейжіңмен төте байланыс орнатып, Чиянлұң ханға кездескен. Осы жолы Чиянлұң хан Көгедайға "жың гұңдық" мәнсап беріп, Алтайдың орталыққа (Чиң патшалығына) төте қарайтын Аймақ етіп бекіткен. Сол күннен бастап 1919 жылға дейін 129 жыл Алтай халқы орталықтың жарлықтарын төте қабылдап, шекара районды қорғап, көркейтіп-гүлденткен. Ол заманда Алтай ерекше районын басқаратын ұлықтарда Бейжіңнен тікелей жібертіліп отырған. Чиңхай төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін, 1913 жылы Бейжіңде бірінші кезекті Дазұңтұң (президент) сайлау құрылтайы ашылғанда орталықтан Алтай ерекше районына арнайы уәкілдік сан беріліп оған Закария бейісі мен Баймолла Қарекеұлының уәкіл болып Бейжіңге барғандығы, Алтай әкімшілік құрылымының зол заманнан бастап орталық пен тамырлас-тағдырлас екендігін сипаттайды.

Минго үкіметі осы жолы Алтай еліне бір уаң, екі бейісі, бір фугұңдық лауазымына ие үш дәрежелі мәнсап берген. Гуаңшүй жылнамасының 29-жылы 12-айда (1904 жылы 2-ай) бұрынғы Іле генералы Шаң Гын Алтай халқының жалғасты Бейжіңге төте қарау талабы бойынша (сол кезде Алтай бір мезет Тарбағатай Санзаны қарастылығында болып, Іле Чияңжұны арқылы Бейжіңге қарап келген) Чиң үкіметіне: "Қобда баңбан уәзірлігін құрып, Чиңхуашы да (Сарсүмбе) тұрғызуды өтініш етеді. Көп өтпей өтініш бекітіледі де, Гуаңшүй жылнамасының 30-жылы 4-ай (1905 жылы 5-ай) Чиң үкіметі Ши Хыңды Қобда баңбан уәзірі болуға тағайындап оны Сарсүмбеде тұрғызып, Алтай істерін басқаратады. Бұл Чиң патшалығы үкіметінің Алтай Қобда районындағы халықтарға билік жүргізетін ең алғашқы әкімшілік органы еді. Сол жылы Чиң Шыңсай даңқы жер жарған үлкен мәнсапқа отырған соң Алтай, Қобда қазақтарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау үшін, алдымен ел басыларын шақыртып Сарсүмбеде салтанатты жиын ашты. Жиында ол өзінің әкімшілік басқаруына қолайлы болу үшін, Чиң үкіметінің қалқа моңғолдарына бұрыннан қолданып келген "ғар" (қанат) ға бөліп басқару түзімін атқаратындығын айтып, төмендегідей әкімшілік құрылымдарға бөлген қарарын жариялады.

Онда Қобда өңіріндегі қазақтар мен Көктоғай, Шіңгілді мекендеген қазақтарды "оң қанат" (баруын қар) деп атап оған Сүгірбай Жылқышыұлын, Алтай өңірінде қалған қазақтарды "сол қанат" (зоурын ғар) деп оған Мәми Жұртбайұлын басшылыққа тағайындағанын ұқтырды. Бірақ бұл билік түзіміне қара Оспан бастаған билер қарсы шыққандықтан, ақыры іске аспай бұрынғы дәстүрлі билік қалпын сақтап қалды. 1905 жылы, бұрынғы Алтайды басқарған жеті адамдық билік жүйесінің (бір гұң, төрт би (үкірдай), екі әмбі) үстіне Керейдің қара көк тасты 10 зәңгі белгіледі.

Кейін Чиң патшалығының Алтайдағы бұл билік органы, ел басқарудың қат-хабат билік құрылымдарын тіпті де молайтып жіберді.

1911 жылдан бастап бұрынғы Манчың әкімшілік билігінің сыртында уаң, тәйжі (кейін әмбі депте аталған) үкірдай, залың, зәңгі қатарлы 5 сатылы рулық билік жүйелері қалыптасқан.

Бұдан сыр, елу басы (елу үйге), жүз басы (жүз үйге) қатарлылар барлыққа келген. Уаң бүкіл Абақ Керейді билеген. Мың түтінге толған руларға тәйжілік, 500 түтінге толған руларға үкірдайылық , 200 түтінге толған руларға зәңгілік лауазым берілген.

Ал залың лауазымы түтін басысына емес, үкірдай мен зәңгі арасындағы байланысшы болған. Залың қытай тілінде "золың" – көмекші басшы дегенге мәндес келеді. Мұндай сатылы рулық билік түзімдері еліміз азат болғанға дейін жалғасып келді. Сол жолы Чиң үкіметі 50 мың сәрі күміс босатып, Алтайдан іс басқару уәзірлік әкімшілік орнын құру дайындығына кіріседі. Гуаңшүй жылнамасының 32-жылының 2-айында (1906 жылы 3-ай) Иқың уәзір 9 тармақты басқару ережесін белгіледі. Олар төмендегідей:

(1) Қара Төңке қаласын салу, (2) Әскер санын тұрақтандыру. (3). Құрал-сайман, оқ-дәрілерді толықтау. (4) Құрылымдарды тұрақтандыру. (5) Егістік жер ашу. (6) Пошта ережесіне өзгеріс енгізу. (7) Қатынас көліктерін шешім ету. (8) Қазақ елі басшыларына насихат айту, қарсыласқандарын жазалау. (9) Қазақ - моңғолдардың Жу бандарын кеңесіп тұрақтандыру.

Алтай қаласының әкімшілік қаритасы. Сурет «Алтай қаласының тарихи материалдары» №1-кітабына басылған.

Гуаңшүй жылнамасының 12-жылы (1907 ж.) 1-айда Чиң үкіметі Алтайдан арнаулы іс басқару уәзірлігін құруды бекітті. Басқару көлеміне Қобдадағы батыс үш рудың 10 қошынын, жаңа торғауыттан 2 қошұн, жаңа қошыттан бір қошұн, Алтай ұраңқайынан 7 қошұн және Санжының Стай қатарлы жерлері мен Бурылтоғайды Алтай әкімшілігінің басқаруына береді. Гуаңшүй жылнамасының 33-жылы 6-айда (1907 ж.) Чиң үкіметі Үрімжіден Алтайға (Сарсүмбе) тікелей қатынайтын пошта пунктін құрады. Бұған жиыны 16 жерден пошта бекеті салынды.

1910 жылға жеткенде Үрімжіден Сарсүмбеге сымсыз телеграф жолы ашылды. 1911 жылы 7-айда Чиң үкіметі Қаратөңке қалашығын салуды күшінен қалдырып Чиңхуашы (Сарсүмбе) әкімшілік қалашығын кеңейтіп құрумен бірге бекемдеуді қарар етіп, шекара қарауыл бекінісіне 8 орынды кеңейтіп құрды. Сол жылы 11-айда Сарсүмбеде патшалық Ресейдің елшіханасы құрылды.

Шуанту жылнамасының 12-айының 4-күні (1911 ж.) Чиң үкіметі көне торғауыт Доло уалаятының Палтаны "Қобда іс басқару уәзірлігінің" уәзіріне тағайындайды. Ол осыдан соң Сарсүмбеде тұрып Алтай мен Қобданың әкімшілік істерін басқарды. Мингоның 1-жылы (1912 ж.) көктемде патшалық Ресейдің желіктіруімен Моңғолияның Кегені Жыпсыфданба Күреде "тәуелсіздік" жариялап Қобдаға шабуыл жасап, 8-айдың 20-күні Қобданы басып алады.

Минго жылнамасының 2-жылы (1913 ж.) сыртқы Моңғолия әскер шығарып Алтайға шабуыл жасады. Сөйтіп, Қобда - Алтай соғысы бұрқ ете түсті. Осы кезде Шынжаң өлкелік үкімет пен Іле Жияңжүні ілгерінді-кейінді 10 баталион атты-жаяу әскери қосын шығарып, Алтайға көмек береді. 8-айға келгенде сыртқы Моңғолияның шапқыншы әскерлері арт-артынан төрт рет зор көлемді соғыс қозғаса, Шынжаң қарулы күштері жағынан жеңіліске ұшырап тойтарылды.

1913 жылы 11-айда Бейжің үкіметі мен Бейжіңде тұратын Ресей елшісі "Қытай - Ресей мәлімдемесіне қосымшаны" жасасқаннан кейін Қобда жері Моңғолияға тәуелді болды. 1914 жылы 4-айда Қобда - Алтай соғысы ресіми ақырласты. Мингоның екінші жылы (1913 ж.) 12-айда патшалық Ресейдің Сарсүмбеде тұратын Консулы Қытай әскерлерін беталды ұрып жәбірлегендіктен ызаға булыққан Қытай әскерлері қару жұмсап олардың бірнешеуін жаралады.

Одан дер кезінде хабар тапқан патшалық Ресей үкіметі Консулхананы қорғау дегенді сылтауратып 1300 ден астам офицер-жауынгерлерді Сарсүмбе және Буыршын қатарлы қалашықтарға орналастырып басымдылық жасады.

Буданда сорақысы Ертіс өзенінде параход қатынату ұқығы болу, Алтайда бажы тапсырмай сауда істеу ұқығы болу, Буыршын қалашығынан параход портын құру, Алтайдан жер сатып алу немесе майға (жалға) алу, ресейліктердің мал-мүлкіне тиіспеуді кепілдендіру, Алтайға ресейліктер келіп отырықтану, аң аулау, балық аулау, егін салу, зауыт құру ұқықтары болу қатарлы заңсыз тармақты көтеріп шығып бұны атқару жөнінде Алтайдың ұлығы Жаң Чиңтұңға қысым түсірді.

Мингоның 4-жылы (1915 ж.) 7-айда Алтай іс басқару уәзірлігінің басшысы Лиушаңбиң Ресейдің еліміз территориясына үздіксіз баса көктеп шабуыл жасауына байланысты Алтай жағдайының күрделі болып тұрғандығын көзде ұстап, орталық үкіметке Алтайды Шынжаң өлкесінің басқаруына қаратып беруді өтініш етті.

Орталық үкімет Шынжаң өлкесінің басшысы Яң Зыңшинды Лиушаңбиңмен бірлікте, бұл істі ақылдасып біржақтылы етуді бұйырды.

Мингоның 8-жылы (1919 ж.) 6-айдың 13-күні орталық үкімет Алтайды Шынжаң өлкесінің басқаруына өтуді бекітті.

Бұрынғы "Іс басқару уәзірлігі" деген атты өзгертіп "Алтай даутайы" деп атады. Жоушөе тұңғыш реткі даутайлық міндетке қойылып, дауиың болды.

1920 жылы 6-айда Алтай егіншілік мекемесі құрылды. Гансуден 600 ден артық отбасы көшіп келіп әр жерге қоныстандырылды. Бұрын ресейліктер зорлықпен иелеп алған 17600 мудан (1 гектар жер қытай есебімен 15 му) артық егістік жерді қайтарып алып үкімет қарастылығына айналдырады.

Мингоның 10-жылы (1921 ж.) 6-айда Кеңес Одағының қызыл армиясы жағынан жеңіліске ұшыраған Беларус әскери қолбасшы Бакич 7000 нан астам әскерін бастап Тарбағатай шекарасы арқылы Шынжаңға өткеннен кейін Алтайға тікелей шеру тартты. Оның дүмпуінен қорыққан Алтайдың дауиыңы Жоушөе мемлекет пен халықтың амандығын қорғауға амалсыз қалғандықтан, өзін-өзі өлтірді.

Бұдан соң өлке басшысы Яң Зыңшин Жаң Минюанды ақ әскерлерін қоршап жоюға жібереді. Осындай сын сағатта Кеңес қызыл армиясының белсенділікпен сәйкесуінде 9-айдың 6-күні Сарсүмбе қайтарылып алынды да, Бакич қалдық әскерлерін бастап, Моңғолияның Қобда аймағына өтіп кетті. 21-жылы 7-айда Лушияузу (Буыршын ауданынының бұрынғы әкімі) Алтайдың уәлилік қызметін уәкілатан өтеп, 8-айдың 27-күні қызметінен алынып тасталды.

Мингоның 10-жылы (1921 ж.) 9-айдың 30-күні Шынжаң өлкесі қаруланған 8 баталион атты әскер, бір баталион жаяу әскерді Уи Жиңгоның қол астына беріп оны Сарсүмбеге аттандырды. Сонымен бір дивизия әскер Алтайға келіп, Сарсүмбе бұтханасына опналасты.

Мингоның 10-жылы (1921 ж.) 11-айдың 11-күні Сарсүмбе ауданы ресіми құралды. Тұңғыш реткі аудан басшысы міндетіне Шұй Шияуиү тағайындалды. Осыдан бастап Сарсүмбе қалашығы бұрыннан жалғасқан аймақ орталығы үстіне аудан орталығы сынды тарихи жаңа міндетке жүкті болды.

Мингоның 14-жылы (1925 ж.) Яң Зыңшин бүкіл Шынжаң көлемінде халық жасағынан ұйымдасқан жаңа әскери қосын құрды. Бұған Алтайдан Жеменей шекарасын қорғауға Әлен уаңды тұңлұңдыққа, Сарсүмбе ауданынан Алтай - Моңғолия шекарасын сақтауға Қанапия бейсіні тұңлұңдық мәнсапқа бекітті. Бұларға қарасты бір баталионнан астам атты әскер шекара қарауылында тұрып отанымыздың территориясын қорғайды. Мингоның 17-жылы (1928 ж.) Алтайдың даутайы, Жаң Минюанды Алтайды дербестендіру саяси өзгерісімен шұғылданды деп қарап, Яң Зыңшин оны Үрімжіге алдырып, оның орнына әскери басшы Уи Жыңгоны Алтай аймағының даутайлығына тағайындайды.

Жаң Миңюанның даутайылық міндетінен қалдырылуының шын сыры мынадай еді: Алтай бұрын (1919 жылдан ілгері) Бейжіңге төте қарап кеткен дербес аймақ болатын. Кейін Яң Зыңшиннің қанды шеңгелініндегі Шынжаңға қарасты болғаннан тартып Алтай халқы ауыр езгі мен жаныштаудан бас көтере алмады. Осы кездегі Шәріпқан Көгедаевтің мақсаты Алтайды қайтадан Бейжіңге төте қаратып халықтың мұңы мұқтажын азда болса жеңілдету болатын. Бұл тілегіне Алтайдың жаңа дауиыңы да мақұл болып, орталыққа төте қарасам өзін өре, тең тұсауға айналып, өзімді қақпайлауға ұшыратып кеткен Жин Шурынмен үзеңгі соғыстырам деп ойлаған.

«Алтай қаласының тарихи материалдары» №1-кітабының мұқабасы.

Сондықтан бұлардың Алтайдағы Жин Шурын билігін аударып тастап, Бейжіңге төте қараудың құпия жұмысы жүргізіле бастаған болатын-ды. Шәріпқан мен Жаң Дауиыңның алдымен қараған ісі: Жұңхуа мингоның орталық үкіметіне Алтайдағы әр ұлт халқы атынан жазылатын арыз. Екінші қаралған іс: құралды күштің нақтылы санын тұрақтандырып молайту, және аудандардан Шәріпқанның ұйымдастыруымен қазақ жасақтарын құру қатарлылар еді. Бұл құпиялықты жиынға қатынасқан Қанапия тұңлұңның ақылшысы Чың Пыншу деркезінде Үрімжідегі жанкүйерлеріне мәлімдеп қойғандықтан, бұдан хабар тапқан Жин Шурын от алып қопаға түсіп Алтайдағы билікті иелеп тұрған Жаң Дауиың мен әскери қолбасшы Люиыңжаңды Үрімжіге қысым арқылы қайтарып алып қамаққа алады да, орнына Уи Жыңгоны дауиыңға тағайындайды.

Шәріпқанды тарпа бас салудан қорқып оның үкіметіне қарсы әрекеті мұнымен тоқтап қалмасын сезген Жин Шурын Шәріпқанды шырғалап қасынан лайықты мәнсап беріп, қызметіме көмекші деп Үрімжіге әкеліп алады. Бармасам тіпті күмәнданып іс насырға шауып халық қырғыншылыққа ұшырар деп ойлаған Шәріпқан Үрімжіге екі етпей барады. Сонымен Алтайды үш рет орталыққа қарайтын "дербес аймақ" етіп құру жоспары іске аспай қалды.

Келесі жылы даутай лауазымы қалып әкімшілік жақтан "Шиң Жың Жаң" (әкімшілік істер мен әскери істердің бір тұлғалануы) деп өзгертілді. Мингоның 21-жылы (1932 ж.) Гансудың милитарисы Мажұң Иыңның "Мұсылман республикасын құру" жоспары бойынша, Алтайға Махиң бастаған төрт дүңген келіп дүрбелең тудырады. Жергілікті халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, дін тонын жамылған бұл бұзақыларды Алтай жерінен қуып шығарады. Халық Махиң бастаған төрт дүңген уақиғасын қарапайым тілмен "Дүңген төңкерісі жылы" деп атап кетті.

Сол кезде туған балалардың "Кәсілік", "Қисылың" деп атта қойды. 1933 жылы 4-айдың 12-күні өлке астанасы Дихуада (Үрімжінің бұрынғы аты) саяси өзгеріс туылып, Жин Шурын Манасқа қашып келіп, Алтай аймағының Шиң Жың Жаңы Уй Жыңгоға Манасқа келіп өзін құтқару жөнінде телеграмма береді. Осыдан кейін қожайынын құтқаруға жан-тәнімен кіріскен Уи Жиңго қара ниет қаскүнемдікке басып, халықтың мүддесімен есептеспей склат, көпір қатарлыларды талқандап Сарсүмбеден бір түнде жоғалады. 1933 жылы 11-айда жаңа таққа шыққан Шың Шысай Шәріпқанның беделінен пайдаланып қызмет ету үшін оны Алтай аймағының Шиң Жың Жаңдығына бекітті.

Шәріпқан осы орайдан пайдаланып, Алтай халқы үшін мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық, халық шаруашылығы жақтарында бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар жаратып өшпес еңбек қалдырды. 1934 жылы 6-айда Шың Шысай Кеңес Одағынан келген әскери ақылшы Маликовты Сарсүмбеге жіберіп қазақ, моңғол атты әскерін ұйымдастырып шекара қорғаныс үлкен атретін құрады.

1935 жылы 5-айда Жауюешан Сарсүмбе ауданының әкімдігіне тағайындалады. Сол жылы жазда, Сарсүмбе қалашығының ішінде жаңа район құрылады (қазіргі 10-көше маңы). Жалғасты жаңа районда әскери аэродром құрлысы салынып, әскери істер сылиңбуы аэродромды тікелей басқарады.

1935 жылы Сарсүмбеде Шынжаң жиянгерлікке қарсы тұру қоғамының (5-бөлімше қоғамы) немесе Алтай бөлімше қоғамы құрылды. Бұл қоғам сол кездегі отаншылдықты тұлға еткен Жапонға қарсы бірліксап ұйымы еді.

Мингоның 25 жылы (1936 ж.) Сарсүмбе аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі құрылды. Одан кейін Тұлты сақшы бөлімшесі толықтанып құрылды.

1936 жылдың 1-айында Жауюешан аудан басшысы Үрімжіге ауысып, орнына Сұн Жышау уақыттық аудан басшысы міндетін үстіне алды. 1936 жылы Шынжаң өлкелік банкісінің Алтай аймақтық бөліше банкісі құрылды. Мингоның 26-жылы (1937 ж.) 1-айда Сарсүмбе ауданының әкімі Сұн Жышау міндетінен қалдырылып, оның орнына өлкелік үкімет Лю Шыжынды Сарсүмбенің әкімдігіне белгіледі. 1937 жылы Сарсүмбе ауданында жиянгерлікке қарсы тұру қоғамының мектебі құрылады. Мингоның 27-жылы (1938 ж.) 2-айда Шың Шысай үкіметі арнаулы адам жіберіп, "отан сатқыны" дейтін қылмысты ат тағып, Алтай аймағы Оқу-ағарту мекемесінің басшысы қосымша Газетхана басшысы Жушыңхұйды (тағы бір аты – Жу Дың жау) және Алтай аймақтық Алтын кен мекемесінің орынбасар басшысы Фаң Жыңюанды, әкімшілік мекемесінің бөлім басшысы Сәлімді, белгілі қайраткер Темірғали, Шабдан, Жеңков қатарлы адамдарды тұтқындады.

1938 жылы 6-айда Шың Шысай әкімшілік мекемесінің бас хатшысы Мәнкей Мәмиұлы қатарлы бірнеше адамдарды қолға алды.

Осының салдарынан үкімет мәнсаптылары мен халық ішінде үрейлену туылып, бейбіт өмір, бейғам тұрмыс кешіре алмады.

1939 жылдың 8-айында Лючижін әкімшілік мекемесінің бас хатшылығына көтеріліп, Ли Гошу Сарсүмбе ауданының әкімдігіне тағайындалды. Көне өлке ақшасы "Лияңб" жаңа өлке ақшасы "Юан фияу" ға өзгертілді. 1939 жылы 9-айда Шың Шысай Үрімжіде "Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайын" ашты. Әмәлиятта (іс-жүзінде) бұл құрылтайға қатынасқан уәкілдер Шың Шысайдың сол орындардағы тыңшылары жағынан әлде қашан тізімге алынып "қауіпті адамдар" деп қаралған кісілер еді. Шәріпқан Көгедаев осылардың ішіндегі "ең қауіптісі" делінген. Ал құрылтайға келсек, ол шын мәніндегі құрылтай емес, халық қолындағы мылтықтарды жинап алудың жалған бет-бейнесі еді. Ақыры осы құрылтайға қатынасқан ел иелерінің бір бөлімі "мылтық жыюға қарсыласты" деген сылтаумен түрмеге қамалып Шың Шысайдың зиянкестігіне ұшырап жазым болды. Осының салдарынан, мингоның 29-жылы (1940 ж.) 2-айда Көктоғай, Шіңгіл аудандарында Шың Шысай үкіметіне қарсы халықтық көтеріліс бұрқ ете түсті. Көтерілістің алғашқы нысанасы болып, мылтық жыюға шығып, Зағобыдағы Оқан зәңгінің үйіне қонып жатқан Көктоғай әкімі Шүйырлин және Үрімжіден келген Жудұйжаңдардың басы алынды. Осыдан кейін Көтерілістің алауы бүкіл Алтай аймағын шарпыды. Бұған Алтайдағы Гоминдаң әскери күштерінің шамасы жетпегендіктен, өлкелік әскери істер сылиңбуы бірнеше рет әскери қосынды Алтайға көмекке жіберіп, халықтық көтеріліске басықтырулар жүргізді. Ақыры бірнеше реткі сұрапыл шайқастан жүрегі шайлыққан Шың Шысай жалған бейнеге еніп, көтерілісшілердің талабы бойынша 8-айдың ақырында келісімге келіп, сол жылы 9-айдың 9-күні қамақта жатқан бірбөлім ру басыларын қоя береді. Әрі Бұқатты Алтай әкімшілік мекемесінің басшылығына, Жанымқанды, Тәбінді орынбасар басшылығына тағайындап, Көктоғай,  Шіңгілдегі қозғалысты тыныштандыруға жібереді.

«Алтай қаласының тарихи материалдары» №1-кітабының ішкі мұқабасы. Саяси кеңес Алтай қалалық комитетінің тарихи материалдар кеңсесі. 1998 жыл, Алтай қаласы.

1940 жылы 12-айда Лин Уанфың Ли Гошудың орнына Сарсүмбеге әкім болады. Төңкерістің қысымынан қорыққан Шың Шысай Дәлелқан Сүгірбаевты орынбасар әкімдікке тағайындайды.

1941 жылы 7-айдың 13-күні Ай Шиңюанды Сарсүмбеге әкімдікке орналастырады. Сол жылы 10-айдың 16-күні Дәлелқан Сүгірбаев өзіне төнген қауіпті сезіп, астыртын Кеңес Одағының Сарсүмбедегі елшіханасы арқылы Кеңес одағына  өтіп кетті.

1941 жылы 11-айда Алтайдың әкімшілік мекемесінің басшысы Бұқатты көтерісшілермен тіл біріктіріп қозғалыс жасамақшы болады деген күмәнмен қолға алып Үрімжігеге жөткеді. Алтай әкімшілік мекемесінің басшысы міндетін Фың Жиежүн уақыттық үстіне алды.

Мингоның 30-жылы (1942 ж.) 5-айда Сарсүмбе ауданының әкімдігіне Шаң Чиңкүң тағайындалды.

Сол жылдың қысында, Кеңес Одағы мен Шың Шысай үкіметі арасындағы байланыс ушығып, бүкіл Шынжаңдағы Кеңес Одағының мамандары еліне қайтты.

Бұл іс екі беткей милитарис Шың Шысайдың Кеңес Одағымен жасасқан 6 саясатқа опасыздық жасағандығынан туылған еді. Мингоның 32-жылы (1943 ж.) 7-айда Гоминдаң Сарсүмбе ауданында партия ұйымын құрды. Фың Жиежүн қосымша шужилік (хатшылық) міндетін өтеді. Көп өтпей Уаң Иін тұңғыш реткі шужи болды. Сол жылы әкімшілік мекемесі деген лауазым Уәли мекемесі деп аталды.

1943 жылы "Ұлттық гүлдендіру комитеті" Сарсүмбеде құрылды. Мингоның 33-жылы (1944 ж.) 2-айда Баужия жиыны 2 қала жыңы, 15 бау (ауылдық қорғау) 139 жияға бөлінді. 1944 жылы 5-айда Дәлелқан Сүгірбаев Кеңес одағы арқылы Моңғолия Халық Республикасына өтіп қайтып Алтайға оралады. Ол алдымен Шіңгілдегі Бұлғын өзені өңіріне барып, Оспан бастаған көтерілісшілер қосынына қосылды. Бұл жолы Кеңес Одағынан Темірқан, Қасен, Әріпбай қатарлы 13 әскери істер ақылшыларын ала келді. Осындан бастап, партизаннан ұйымдасқан әскери істер қосыны реттеліп қайта құрылды.

1944 жылы 8-айда төңкерістің қажеті бойынша, Алтайдағы Гоминдаң үкіметін жетім қалдыру үшін, Сарсүмбе ауданына қарасты халықты әскери тәсілмен Моңғолия арқылы айландырып әскери база Шіңгіл, Көктоғайға апарады да Жеменей халқын Қазақстанға өткізді. 9-айдың 1-күнінен бастап ұлттық партизандар Тұлты (Қызылтас), Әбитан, Шеміршек, Қандығаты, Ертіс өзені қатарлы жерлерде Гоминдаң әскерлерімен соғысып, тиімсіз жағдайға қарай отырып, Көктоғай, Шіңгіл өңірлеріне шегініс жасады.

Партизандар осы жолы 9-айда Гоминдаң ара түсіп, Алтайда қалған бір бөлім малшы ауылдарын қайталай өр Алтайға көшіреді.

1945 жылы 1-айда Шынжаң өлкелік үкіметі Әлен жүн уаңды Алтайға жіберіп оған көтеріліс жасаған малшыларға үгіт-насихат айтып, тыныштандыру міндетті жүктеді.

Мұқаш Жәкеұлын Сарсүмбе ауданының әкімдігіне тағайындады.

Сол жылдың 7-айының орта шенінде Дәлелқан Сүгірбаев бастаған ұлттық партизандар Сарсүмбені қоршауға алып, 8-айдың басына дейін қалаға жақын маңдағы Гоминдаңның тосқауыл күштерін жояды.

1945 жылы 9-айдың 5-күні Іледен жөткелген Үш аймақ ұлттық әскерлері мен Алтайдағы ұлттық партизандар қосыны Шеміршек, Әбитан өңірлерінде шаттық бейнеде бір-бірімен ұшырасты.

1945 жылдың 9-айының 6-күні ұлттық армия Сарсүмбені қоршауға алып, Гоминдаң Сарсүмбені тастай қашты.

9-айдың 7-күні Сарсүмбені қорғап тұрған дивизия басшысы Уаң Биңиүн мен уәли Гаубо-иүй қатарлы адамдар қарулы әскерлермен бірбөлім қала тұрғындарын айдап, сыртқы Моңғолияға өту мақсатымен Сарсүмбеден Өрмегейті асуына қарай қашты.

9-айдың 8-күні ұлттық армия оларды өкшелей қуып шекара маңында қорғауға алғандықтан қашқын армия тізе бүгіп құрал тапсырды.

Сол жолы Гоминдаңның офицер-жауынгерлерінен болып 1836 адам піленге түсіп, қару-жарақ жақтан 1486 дана бесатар, жеңіл тұрпатты автоматтан 52, кіші тұрпатты зеңбіректен 3, көп сандағы оқ-дәрі және 800 ден астам ат-көлік олжаланды.

Сөйтіп, Гоминдаң үкіметінің Алтайда жүргізген ұзақ уақыттық қара билігі біржола тас-талқан етіп, аймақтың орталығы болған Сарсүмбе түбегейлі азат етілді.

Алтайда жасаған әр ұлт халқының арман-тілегі жүзеге асты.

Осыдан соң 1945 жылы 10-айдың 23-күні Үш аймақтан ұйымдасқан төңкерістік уақыттық үкіметтің төрағасы Әлиқан, үкімет жорасы Ахыметжан Қасыми қатарлы басшылар Сарсүмбеге келіп, Алтай әкімшілік мекемесін құрды. Кеңесу арқылы Оспанды уәлилікке, Әріпбай, Шәмсиді орынбасар уәлилікке тағайындады. Молласыламды Сарсүмбе ауданының әкімдігіне белгіледі.

1945 жылы 10-айдың 30-күнгі Алтай аймақтық әкімшілік басқармасының 18-нөмірлі қаулысында, Сарсүмбе ауданынының ру басшылары төмендегідей белгіленген: Ежен

Бұқатұлы Сарсүмбе, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы тәйжілердің үстінен қарайды.

Ежен тәйжіге қарастылар: Тұрысбек залың, Өгізшыбай залың, Қойшыбай залың, Тұрдықан зәңгі, Шәкен зәңгі, Талай зәңгі, тәйжі Дәлелқан Жанымқанұлы.

Оған қарастылар: Ырысбек залың, Кәрім залың, Кәкебоз зәңгі, Ақылбай зәңгі, Қасен зәңгі. Тәйжі Қабдешанға қарайтындар: Қажынаби үкірдай (кейін Жүнісбек атқарды), Мұқаман залың, Қожа зәңгі, Қабылахат зәңгі, Қабылмәжит зәңгі. Тәйжі Патықанға қарайтындар: Зәйни үкірдай, Зейнелқан үкірдай, Рақым залың, Сәм зәңгі, Айтолла зәңгі, Ғаббас зәңгі, Ырымқан зәңгі.

1945 жылы 11-айдың 17-күні Алтай арнаулы районның әкімшілік мекемесі "Ханзу бұқарасының мүддесін қорғау" жөніндегі 23-нөмірлі қарарды құжат етіп түсіріп, кейбір адамдардың қытайлармен өшесуі оларға қысым жасап жекелік жұмысын істету және өз білгенінше ханзу бұқаралардың мал-мүлкін мұсадыралау қатарлы зорлықты қимылдарына тиым салынды.

Автор Бәйтік Дүйсебаевтың мақаласы «Алтайдың тарихи ірі істер іздері» басылған алғашқы беті. "Алтай қаласының тарихи материалдары" (Алтайдың тарихи ірі оқиғалары" (26-беттен 48-бетке дейін) No1-кітабы. 1998 ж.

Бұл құжатты орынбасар уәли Әріптай қол қойып бекітті. 1945 жылы 12-айда Гоминдаң үкіметі залықаралық уәкілдер үйірмесін Алтайға жіберіп тексеру жүргізуге, Үш аймақ үкіметіне талап қойғандықтан, Алтайда тұратын Кеңес Олағы мен Моңғолиядан келген саяси, әскери ақылшылар өз отанына қайтты.

Мингоның 35-жылы (1946 ж.) 1-айдың 2-күні Гоминдаң орталық үкімет уәкілі Жыжұң Іле, Тарбағатай, Алтай үш аймақтың уәкілдері Ахыметжан Қасыми бастаған адамдармен бірлікте Үрімжі қаласында "Орталық үкімет уәкілдері мен Шынжаң көтеріліс жасаған район уәкілдері арасындағы қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешім ету келісіміне" қол қойысты.

1946 жылы 4-айдың 16-күні Оспан үш аймақ төңкерісінен бет бұру мақсатымен "жайлауға шығып демаламын" деген сылтаумен Сарсүмбеден Көктоғайға көшіп кетті.

1946 жылы 1-айдың 2-күнгі Гоминдаң орталық үкіметінің уәкілі Жаң Жыжұң мен Үш аймақ үкіметінің "қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешім ету келісімі" нен кейін 1946 жылы 7-айдың 1-күні Оспан мен Дәлелқан Шынжаң бірлеспе үкіметінің жоралығына тағайындалды Оспан әуелгісіндей Алтайдың уәлиі, Дәлелқан орынбасар уәли және Шынжаң өлкелік Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына белгіленді (іс жүзінде істемеген).

Ал Оспан Үш аймақтан бет бұрғандықтан уәлилік пен жоралықты қабыл алмады.

1946 жылы 5-айда Қажынаби Уәлиұлы Сарсүмбе ауданына әкім болып тағайындалады.

1947 жылы 2-айда Оспан Гоминдаңның Шыңжаңдағы әскери сылиңюанымен жасырын байланыс орнатып, Үш аймақ уақыттық үкіметімен ресіми жауласты. Бұдан соң жағдайға қадағылай назар аударып отырған Үш аймақ уақыттық үкіметі Оспанды уәлилік міндеттен қалдырып, Дәлелқан Сүгірбаевты Алтайдың уәлиі етіп тағайындады.

Сол жылдың 3-айынан 4-айына дейін Оспан бандының әскерлері мен Үш аймақтың Алтайда тұратын әскери қосыны бірнеше рет соғысты. Осындай қысылтаяң мезгілде, Алтайдың аумалы-төкпелі саяси жағдай мен халықтың бастандығынан алаңдаған Үш аймақ үкіметінің басшысы Ахыметжан Қасыми Алтай халқына: "Алтай халқы 7 жылдан бері өз еркіндігі үшін алысып, көрмеген қиыншылықтарды басынан кешірді. Қазіргі күндерде Алтай халқының ахуалы барлық аймақ халықтарының ахуалынан ауыр екендігі бізге мәлім. Бірақ халқымыз әрқандай қиыншылықтарды жеңіп, жолындағы тосалқы болмақшы болған кертартпа елементтерді сыпырып тастап, өз ықтиярынша еркін, бақытты тұрмыс құрады, деп сенеміз" - деп үндеу хат жазып Алтайдағы ержүрек, еңбекші халықты жігерлендіре түсті. 1947 жылы 9-айдың 18-күні Оспан бандылары Сарсүмбеге тұтқиял шабуыл жасағандықтан, Дәлелқан Сүгірбаев әскери тактика арқылы уақыттық шегініп Жеменей арқылы кеңестік Қазақстанға өтіп, одан айналып қайта Тарбағатай аймағына оралды 1947 дылы 10-айда Дәлелқан ұлттық атты әскерлер полкін бастап, және Іледен шыққан Үш аймақ полкінің сәйкесуінде Сарсүмбеге қайталай шабуыл жасады. 10-айдың 17-күні Оспан әскерлері табан тіреп тұра алмай, Сарсүмбеден қашып шығып Көктоғай, Шіңгіл өңірлеріне қарай бет алды.

Сарсүмбе 2-рет бандылар қолынан азат етілді.

1948 жылы 9-айдың 9-күні бейбітшілікті  демократиялық қорғау одағының "Алтай бөлімше қоғамы" қүрылып әрқайсы ауданның әкімдері сол орында құрылған қоғамға жауапты болып тағайындалды.

Жаңа одақтың үгіт программасында:

"Қытай коммунистік партиясының басшылығын қорғау" және "бүкіл мемлекеттің азаттығын қарсы алу" қатарлы мазмұнлар қамтылды.

1948 жылы 9-айдың орта шенінде Шынжаң өлкелік үкіметтің төрағасы және "Бейбітшілікті демократияны қорғау одағының" төрағасы Ахыметжан Қасыми Сарсүмбеге келіп, қызметті көзден кешірген кезде былай деді.

"Қытай коммунистік партиясы басшылық еткен Халық азаттық армиясы көп өтпей Шынжаңға кіреді. Шынжаң бүкіл еліміз халқымен бірлікте азат болды. Ол кезде, ұлттық армиямыз Халық азаттық армиясының қосынына қосылды".

1945 жылы 1-айдың 15-күні Қажынаби Уәлиұлы Сарсүмбе ауданының әкімі болып қайталай тағайындалды. Ғопұр шаңия орынбасар әкім болды. Осы жылдың көктемінде, Алтай әкімшілік мекемесі мен Сарсүмбе аудандық үкіметі ауыл шаруашылық істерін басқару комитетін құрды. 1949 жылы 8-айдың 22-күні Ахыметжан Қасыми,  Ысқақбек Мононов, Дәлелқан Сүгірбаев, Әбдікәрім Аббас, Ложы қатарлылар Үш аймақ басшылары мемлекеттік 1-кезекті саяси мәслихат кеңесі жиынына қатынаспақшы болып, Бейжіңге бара жатқан жолында 1949 жылы 8-айлың 29-күні Байқал көлінің маңында аэроплан шырғалаңынан құрбан болды.

Осындай ауыр, қайғылы хабарды естіген төраға Мау Зыдұң: "1949 жылы 10-айдың 22-күні "Ахыметжан жолдас, Ысқақбек жоллас, Әбдікәрім жолдас, Дәлелқан жолдас және Ложы жолдастар мәңгі жасайды" деп арнау сөз жазды.

1950 жылы 1-айда Шынжаң әскери районның дербес туанжаңы Шияуфию, саяси комиссар Яң Лиегуаң жолдастар бұйрық бойынша Үрімжіден Алтайға Халық азаттық армиясын бастап келді. 3-айдың 3-күні дербес туан (полк) мен Үш аймақтың Алтайда тұратын ұлттық атты полкі Сарсүмбеде шат мереймен бас қосты. Мыңдаған қала тұрғындары мен егінші-малшы уәкілдері бес жұлдызды қызыл туды көтеріп көше-көшеге шығып Халық азаттық армиясын қызғын мереймен қарсы алып, ақ күндікті аналар ақ шашуын шашты. .

1950 жылы 7-айда ЖКП (Қытай Коммунистік Партиясы) батыс терістік мекемесінің Шынжаң бөлімше мекемесі ЖКП Сарсүмбе аудандық партия комитетін құруды қарар қылды.

1950 жылы 11-айдың 28-күні Сарсүмбе қалашығында "Алтай аймақтық жерлік комитеті мен Сарсүмбе аудандық комитетінің құрылуын" құттықтау зор жиыны салтанатпен ашылды.

Дуан Хың Сарсүмбе аудандық партия комитетінің орынбасар шужиы болып тағайындалды.

1951 жылы 1-айда демократиялық кеңесу жолымен бұрынғы Үш аймақ үкіметі ұйымдастырған көне аудандық үкімет "Сарсүмбе аудандық халық үкіметі" болып өзгертіліп құрылды. Қажынаби 1-кезекті халық үкіметінің әкімі болып сайланды. Үкімет қармағында хатшылар бөлімі, халықістер бөлімі, құрылыс бөлімі, мәдениет, оқу-ағарту бөлімі, қазына бөлімі қатарлы құрылымдар құрылды.

1951 жылы көктемде бүкіл Сарсүмбе ауданы бір қалашық, төрт районға бөлініп негізгі қаттам акымиятын жүргізді. Мал шаруашылық районындағы бұрыннан келе жатқан уаң, гұң, бейсі, залың, зәңгі қатарлы феодалдық мәнсаптар түбегейлі күшінен қалдырылды.

Сонымен Алтайдағы әр ұлт халқының ғасырлар бойы аңсаған шын мәніндегі еркіндік пен бостандыққа бір жолата қолы жетті.

Бәйтік Дүйсебаев,

Автордың қызмет орны: Саяси кеңес Алтай қалалық комитеті.

Мақала 1998 жылы «Алтай қаласы тарихи материалдары» №1-кітабында жарияланған.

Төте жазудан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061