Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4512 0 пікір 27 Ақпан, 2014 сағат 08:09

Ермек Тұрсынов. Ол: әуелі экономика, содан кейін ғана саясат деп еді...

Суретте - жазушы, сценарист, кинорежиисер Ермек Тұрсынов. Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды.

 

 

Xаттар толассыз келуде. Өте көп. Біреу ұзақ жазады, біреу қысқа қайырады. Бәріне жауап жазып үлгеру мүмкін емес.

Қоңырау шалады. Мүлдем бейтаныс адамдар телефонымның нөмірін тауып алады, ғаламтор арқылы байланысады. Продюсерім «ел тағдырын шеше алатын адамдарға жазған Ашық хатыңды оқыған адамдар саны 100 мыңнан асып кетті» дейді. Екі-ақ аптаның ішінде. Ал қанша мәрте сілтеме жасалғанының, қайта жарияланғанының есебін білу мүмкін емес. Жанды жеп жүрген мәселені қозғаппын.

Расын айтайын, «ұрымтал сәтте ұпай жинаймын» деген жаман ойым болған жоқ. Оның маған қажеті жоқ. Ал енді халықтың қазандай қайнаған пікірлерін ескерусіз қалдыра алмаймын. Бәрінің көкейінде бір-ақ сұрақ: Қайтпек керек? Сондықтан бәріне бір хатпен  жауап қайырғанды жөн санадым…

Мемлекетіміздегі дәрменсіз,  қарапайым адамдарға 

 Ашық хат!      

Қымбатты, бауырларым!

Суретте - жазушы, сценарист, кинорежиисер Ермек Тұрсынов. Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды.

 

 

Xаттар толассыз келуде. Өте көп. Біреу ұзақ жазады, біреу қысқа қайырады. Бәріне жауап жазып үлгеру мүмкін емес.

Қоңырау шалады. Мүлдем бейтаныс адамдар телефонымның нөмірін тауып алады, ғаламтор арқылы байланысады. Продюсерім «ел тағдырын шеше алатын адамдарға жазған Ашық хатыңды оқыған адамдар саны 100 мыңнан асып кетті» дейді. Екі-ақ аптаның ішінде. Ал қанша мәрте сілтеме жасалғанының, қайта жарияланғанының есебін білу мүмкін емес. Жанды жеп жүрген мәселені қозғаппын.

Расын айтайын, «ұрымтал сәтте ұпай жинаймын» деген жаман ойым болған жоқ. Оның маған қажеті жоқ. Ал енді халықтың қазандай қайнаған пікірлерін ескерусіз қалдыра алмаймын. Бәрінің көкейінде бір-ақ сұрақ: Қайтпек керек? Сондықтан бәріне бір хатпен  жауап қайырғанды жөн санадым…

Мемлекетіміздегі дәрменсіз,  қарапайым адамдарға 

 Ашық хат!      

Қымбатты, бауырларым!

Мен де сіздермен тілеулеспін. Жақсы өмір сүрсек! – деп армандаймын. Бірақ ешкімді алдап, әсіре сөйлегім келмейді.  Біреудің көңілін қалдырып, өкпелетіп алғым да келмейді. Біреуді тілдеп, жазғырмақ пиғылым да жоқ. Қиын. Себебі біздің өміріміз жайлы құрғақ, бейтарап ой жазу өте ауыр.

Жұмыс тәртібін өзгертуге мәжбүрлеген поштамдағы хаттарды оқып отырып мынандай ой түйдім.

Хат жазып, пікір білдіретін ең белсенді азаматтардың жасы шамамен  30-40 арасында екен. Хаттарынан «Бұл елден кету керек, болашағы жоқ» деген леп еседі.

Бұған қатысты екі пікір бар. Біріншісі: «Сен қорқақ, сатқынсың! Отаныңның басына күн туғанда тастап кетуге хақың жоқ». Екіншісі «Дұрыс. Кет. Бала-шағаң бар. Солардың болашағын ойласаң  алды бұлыңғыр бұл елден кеткенің жөн. Тіпті, бір өзгеріс болса да қай жаққа қарай қисаярымыз белгісіз».

Зейнеткерлер, зейнет жасына келіп қалған егде адамдардың жазғандары тым қарапайым, мүлдем басқаша ойлайды. Шарасыздықтан шаршаған. Бір апа: «Ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін, аузы жарып ас ішпеген қызымның шашына ерте ақ түсті, өзім уылдырық дәмін өмірімде үш-ақ рет татып көріппін. Ал қызым бір-ақ мәрте ауыз тиді. Баспана алу үшін, өмір сүру үшін алған несиелерім бар. Асыраушымыздан айырылғанымыз үшін төленетін 12000 теңгені жинамақ болып жүр едім, үмітім ақталмады! Не істеймін, айтыңдаршы, адамдар?… Сырқатпын… Ең сорақысы ешкімге керек емеспін және мен секілділер өте көп. Кеше су алайын деп барып «баға неге көтерілген?» десем: «Су біздікі болғанымен қақпақтары шетелден. Солар қымбаттаған соң бағаны өсірдік» дейді.

Басқа хаттан үзінді: 1 қаңтардағы өзгерістерді ескере отырып сәуірде зейнетақыны 14 пайызға өсіреміз дегендерін мүлдем түсінбедім. Сонда 5-ақ пайыз ғой? Ал олар бізді 30 пайызға тонады ғой?» 

Кей қариялардың хаттарында арифметикалық дәлелдер де жүр: «Мынау нан алатын ақшам, мынау пәтерақы, мынаны дәріге жұмсаймын, сонда екі аптаға жетеді екен. Одан кейін ше?»

 Ал жас отбасылардың жағдайы былай: «Пәтер жалдап тұрамыз, қожайын жал құнын доллармен есептейді. Қазір доллар өсіп кетті, біз далада қаңғып қалуымыз керек пе? »

Ипотекалық несиесі барлардың жағдайы тіптен мүшкіл. Оларды қарттармен салыстырсақ болар.

Енді кредит алғандар жайлы. Қазақстан банктерінен алынған несиенің 50 % шетелдік валютамен рәсімделгені белгілі. Енді… жалғамасам да болар. Айтпасам да түсінікті. Олар тұтқынға түсті.

Жастар. Олар да аз емес, біразы шетелде жүріп хат жолдапты. Қайтып оралайық па, жоқ па? – деп сұрайды. Не айтарымды білмеймін.  Әрине, жақсы білімі бар жастардың елге оралып, қызмет еткенін қалаймын… бірақ… оларға қандай кепілдік бере аламын? Үміттендіру – өте қауіпті жауапкершілік.

Барлық хаттардың ортақ мазмұны – түсінбеушілік, қайрансыз күйіну, шарасыздықтан шырқырау. Өмірдегі дағдарыс оларды өлі балықтай ағызып бара жатыр.

Бұдан не түйеміз?

Ең басты, ең нашар қорытынды – ешкім өз мемлекетін сыйламайды. Оны асыраушы, қорғаушы есебінде қабылдай алмайды. Енді олардың мемлекеттің ең маңызды екі тірегі – Құрмет пен Сенімді қалай қайтаратындарына миым жетпейді. Қызған темірдей ұшқындаған қуатты қайда жұмсайды? Ойлаудың өзі қорқынышты. Одан кейін ше? Су шашатын көліктер? Автоматтар?  Жо, оған бара қоймайды. Көз жасын сүртіп тастап, жүре береді. Осы дұрыс та шығар, Майданның керегі не? Ондай біздің қолымыздан да келмейді. Бірақ, бұдан әрі бұғып жүре берудің де жөні жоқ. Сонда қайтпек керек?

Елдің есі шығып жүр. Банктер төңірегіндегі дүрбелең девальвацияны ойлап тапқандардың арамза тірлігі деп ойлаймын. Логикаларын ә дегеннен түсінбедім. Жалған СМС таратқан арантдатушыларды ұстапты. Онда бәлені бастаған Ұлттық банк қызметкерлері неге жазаланбайды? Олар бұзақылар секілді жасырын жолмен жалған ақпарат таратқан жоқ қой. Олар баспасөз бетінде ант-су ішіп отырып, «бәрі керемет» – деп алдады ғой. Осыдан кейін «осы банкте Ұлттық не бар?» деп ойға қалдым. Негізі – Антиұлттық-ау.

Девальвация дегенді қалай түсінемін? Қарапайым мысалмен айтайын.

Ең әуелі, азаттық ауасына мас болған 90-жылдары пальтомды шешіп бердім. Жарайды, ел қатарлы күртешемен жүре тұрармын деп ойладым.  Алайда, біраз уақыттан кейін күртешемді беруге тура келді. Одан кейін пиджак кетті. Ал жуырда рұқсат сұрамастан  көйлегімді сыпырып алды. Ішкөйлекпен қалдым. Суық қой, жаураймын, елден де ұят. Оның үстіне «ішкөйлегімді шешіп алса қайтемін?» деген қорқыныш та бар. Сондықтан теледидарда жүзі жылмиған біреу елді сабырға шақырып «Бәрі керемет болады» деп  жатса селт ете түсетін дәрежеге жеттім. Әлгі жылмиған мысқылдап, уәдені үйіп-төккен сайын менің күдігім ұлғая түседі.

Жарайды. Девальвацияны қоя тұрайық. «Шығасыға иесі басшы» демеуші ме едік. Оның үстіне бірінші рет емес. Іш удай ашиды, бірақ көнеміз. Менің айтпағым басқа. Бай мемлекетте кедей болып күнелтетін масқара күйге қалай жеттік? Қазақстанды бизнес-жоба деп қарап көрелікші. Отбасылық емес, жалпыұлттық бизнес есебінде қарастырамыз. Біздің Қазақстан өте тиімді жоба.

Қазір «Бізді жерде Менделеев кестесінің бәрі бар!» деу сәнге айналды. Ал, Одақ құлаған жылдары әскери өндіріс, өңдеуші индустрияны айтпағанда елімізде атомдық, ауыр және жеңіл өнеркәсіп дамып тұрғаны есіңізде ме? Жұмыс істеп тұрған зауыт, фабрикалар ше. Қанша милионер-кеңшарлар бар еді. Қанша астық оратынбыз! Миллиардттап өткізетінбіз. Осының бәрі болды, үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Тек дамыту керек еді. Бізде – База болды. Және ең басты капитал – Адам. Сауатты халық.

Қазір сол Адам қайда кетті? Совет кезінде білім алған қаңғыбастар қазіргі үздіктерден сауатты.

Советті сағынып отырған жоқпын. Тек, «Соның бәрі қайда құрыды?» деген сұрақ маза бермейді.

Миллионер көз жұмғаннан кейін ақымақ балалары әке байлығына ие бола алмай, дем арада жалаңаяқ болып шыға келетіні жиі кездесетін оқиға. Ал, біздің жағдайды ойланбастан Гиннес кітабына енгізуге болатын шығар. Тұтас мемлекетті тақырға отырғыздық! Бұл үшін өте «қабілетті» болу керек…

Жарайды, сыбамай, сабырмен сөйлейін.

Біз неден бастадық?

Біз өзімізге көсемдер таңдадық. Оның қалай болғанын бәрің білетіндіктен тоқталмаймын. Содан соң, біздің мәселемізді көсемдерге жеткізетіндерді таңдадық.  Міне, осы тұсқа сәл тоқталу керек.

Мына – сен. Өзіңе жауап берші. Сен қалай таңдау жасадың? Сол сайлауға бардың ба? Сен үшін телевизор таңдау жасады ғой. Жаңағы депутатты күніне жүз мәрте көрсететін: әуелі әскерде  қызмет етіп, қаруластарына қалай көмектескенін, содан кейін станок басында тұрып, шып-шып терін әзер сүрткенін, содан кейін кәрі кемпірдің сөмкесін алып, жолдан жетелеп өткенін… Есіңде ме?

Басқа депутатты алалық. Ән салады. Әнші болғанда да керемет. Бұлбұл! Қала біткенді аралап шықты. Шырқап жүр. Ел жапырыла құрмет көрсетіп, шапан жауып жатыр. Оған қалайша дауыс бермейсің? Біреу:  «Тоқтаңдар! Осының мұрнына саясаттың исі бара ма?» деп тоқтатпақ болып еді сен: «Иісшіл болудың қажеті қанша? Оны халық жақсы көреді!» дедің. Ақыры не болды? Әншіні жоғалтып алдық, ал жақсы саясаткерге қолымыз жетпеді. Ол болса отансүйгіштікпен ойнай бастады. Ол халық әндерін орындаушы еді ғой, дүниетанымы сол әндермен қалыптасты. Ал, ол әндердің 18 ғасырда туғаны… жарайды, бұл аса маңызды емес.

Бәленің бәрі «солар неге өзгеріп кетеді?» деген сұрақта жатыр.  Сол телевизор екі депутатыңды басқаша көрсетеді: жұмсақ орындықта қозғалмай отырып, ноқат қана басатын адамның семірмеуі мүмкін емес қой. Кім де болса жарылардай тырсиып шыға келеді.

Ендігі өкпең кімге керек? Өзің таңдадың ғой.

Сондықтан еш ашуланба. Оларда біз секілді, тек басқа, арғы  жағаға өтіп алған. Ал, көпір жоқ. Дұрысын айтқанда, кезінде болып еді, солар өз қолдарымен өртеп жіберді. Ашпайтын есікті қаға бергеннін пайда жоқ дегісі келеді. Екінің бірі: не қожайын үйде жоқ, не естімейді. Немесе, естігілері келмейді. Айырмасы шамалы. Бастысы – ол есікті қағып қолыңды ауыртпа. Терезесінің астына барып айғайлып, үйін өртеуге талпынудың да керегі жоқ.

Осы күні телевидение мен басылымдарды иеленіп алғандар стаканға бір жұтым су құйып берсе ішуге қорқақтаймын. Сондықтан журналистерге өкпелеудің де жөні жоқ. Олардың көбі жиреніп жүріп тапсырыс орындауда. Ал тапсырыс беруші кім? Дұрыс.

Менттарға да өкпелеме. Жұмыстары сондай. Былғанышқа шыланған ба? Енді, ол жұмысты да біреу атқаруы керек қой. Ал, оларға кім ақша төлейді? Дұрыс.

Жалпы ешкімге ренжудің қажеті жоқ. Бәріміз бір шыңырауға түстік. Енді шығатын жол іздеу керек. Бәріміз жұмыла. Мен айтқан журналистерде де, менттер де, сардарлар мен сарбаздар да, арам ойы іске аспай қалған шонжарлар да, емтиханға керек ақшасын тиындап жиып жүрген студент те, басты банкирлер, қаржыгерлер де, нағыз қазақтар мен жарты қазақтар да, ширегі ғана қазақтар да жол іздеуі керек… кемедегінің жаны бір, ал жаға көрінбейді. Әлі бағытты өзгертіп үлгеретін уақыт бар. Аз, бірақ, бар. Ал келесі жолы референдум, я болмаса, сайлауға шақырса қағазыңды жәшікке салмай тұрып жақсылап ойланып ал.

Қарашы: олардың бізге пайдасы шамалы, тек өте жаман дерт жұқтырды. Бізден басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде мешіт жанында өте қымбат көліктер сықап тұрғанын көрмеппін. Еш мемлекетте дәл біздегідей аста-төк салтанатты шаралар, несие алып жасаған тойлар жоқ. Еш жерде той жасасам адам қатарына қосыламын деген пиғыл жоқ. Еш жерде дәл біздегідей шлагбаумдар, торлы терезелер, қытай қамалындай қорғандар, күзетшілер, бейнебақылау, жеке тұрақшы  дегендер жоқ…

Олар сол зәулім қоршауды кімнен қорқып салдырады деп ойлайсың? Кімнен жасырынады? Бізден. Ал, біз қандаймыз? Мүмкін бізде бір кінәрат бар шығар? Аса ашушаңбыз ба? Мүмкін, ызақор, көреалмаушылық бунаған пендеміз? Аурумыз ба? Мүмкін аш шығармыз? Біз жылтыраған дүниеге ашқарақпыз. Мысалы  еліміздің атауын  Пәкістан, Ауғанстанмен шатастыратыны жүйкемізге ауыр тиеді. Былай айтқанда бізді қоршауға не жазамын, қандай түске бояймын деген көбірек толғандырады.  Ал сол қоршаудың ішінде не болып жатыр: тозған көйлегіміздің жағасынан сілкілесіп, балаларымызды шетелге сату-сатпау туралы дауласып, Алматының атауына қатысты дауды  шыр айналдырып, нағыз қазақтың ішіндегі нағызы кім десіп шулап жүрміз. Қызық: қайыршы мемлекетте қырық миллион туралы хабардың  рейтингі жоғары, театрлар бос тұр, ал біз хан сарайындай Астана-операны саламыз, қала ішін өзге бөтен  астаналардың символдарымен толтырып тастадық. Алаулатып-жалаулатып көп кешен, инфрақұрылым салынған Азиада-2011 қалай өткені есіңде ме?  Енді  »Экспо-2017″ мен  Универсиада-2017 келе жатыр… Ал қарияларымыз нан сататын сөренің жанында тиын санап әлі тұр. Балаларымыз ше… Балаларымыз осының бәрін көріп жүр ғой. Олар өте сезімтал, бәрін түсінеді. Суайт, екіжүзді, жұлып түсуді ойлайтын тағы бір буын өсіп келеді.

Сонда саған керегі не?

Осыған дейін көре тұра, қыбыр етпедің. Саған бәрібір еді.  Мемлекет деген сен екенін әлі түсінген жоқсың. Ал ондай мемлекетті басқару оңай. Бірақ сол мемлекеттің болашағы бар ма? Уақыт өтіп барады, ал ұлттың деградацияға ұшырағанын түсініп, тоқтатуға талпынған ешкім жоқ.  Сен – туннель ішіндесің. Бойлаған сайын түнек жұтады.

Ал түнек деген не? Логика бойынша түнек – жарықтың жоқтығы. Сол жарықты кім жағуы керек? Бас электрик пе? ПИК-ің мұртты бастығы ма? Мүмкін кассадағы ыржақай шығар? Жоқ. Күйіп кеткен шамды өзің барып ауыстырмасаң саған ешкім шам жағып бермейді. Сонда ғана көзің ашылады. Ол үшін не істеу керек?

Ең әуелі түкке керегі жоқ телевизорды өшіріп таста. Қалтафонның құлы болуды да доғар. Сен – оның, әлде, ол – сенің құлың ба? Басқа … гаджеттерден де құтыл. Аузыңа салғанның бәрін жұта бермеуге тырыс. Доңыз емессің ғой. Өзгенің қоқысын қылғытқаннан не ұтасың? Жақсы сайттарды тауып ал, ондайлар аз да болса бар. Олар оқытады. Ағарту жұмысымен айналысады. Оларда ащы запыран, арсыз сөздер жоқ. Содан кейін, аспанға көбірек қара. Басыңды көтер. Сенің бабаларың Көкпен тілдескен. Жанарыңмен жер шұқи берме. Айналаңа қара. Ең болмаса анаңа хабарлас. Балаңның көптен бері сұрап жүрген ойыншығын әпер.  Қар барда тауға апарып, сырғана. Бұл – соңғы қар. Жаныңды тазарт. Арыл. Жүйкені жүндей түтіп өмір сүруге болмайды. Бойлаған сайын батып барамын деп қаймықпа. Өмірден қорықпа. Ол да әртүрлі болады.

Түңілдірді ме? Түңіле берме. Одан да өзіңе және туыстарыңа не ұсына алатыныңды ойла.

Келісем. Жамандық көп. Оны өмірге әкелген өзің және сенің бейшара кейпіңді көрген сайын ол күшейіп келеді. Жиіркене берме, асқазаныңа ауыр тиеді. Амалын ізде. Және бір нәрсені түсін. Өмір жаныңнан өтіп барады. Ал сен әлі тосып тұрсың. Ертеңіңе, әлдекімге үмітпен қарайсың. Түсінші. Ертең – жоқ. Әрқашан тек – бүгін болған. Бүгіні бүтіндердің ғана есігін Ертең қағады. Сонда оны үреймен күткенді қоясың. Ол жадырап, сабырмен келеді. Онда жақсы, тік тұрып  өмір сүресің. Әйтпесе, жер иіскегеніне көп болған    тізең ұйып қалған шығар.

Тоналған, ұсқыны қашқан, алданған, кембағал кейпіне қарамай бұл мемлекет біз үшін қымбат. Денсаулық, білім, ғылым,  бәрі күйреген, жарты байлығы тоналып, қырық қырдан асыра жасырылған мемлекет пе жүйкеңе тиетін? Бірақ, сен оны өз жүрегіңнен жұлып тастай алмайсың. Сен осы елде өмір сүресің. Біл. Отан деген депутаттар мен үкімет емес. Тіпті, президент те емес. Отан – сен және балаларың. Ата-анаң, достарың. Тағы бір айтатыны, сен қандай болсаң отаның да сондай. Сондықтан өзіңнен баста.

Жолға түкірме, ешкім көріп тұрмаған сәтті пайдаланып темекі тұқылын жерге тастай салғанды қой. Қоқыс жәшігіне айналған елден шаршаған адам кірпияз болуы керек. Өз үйіңді  жиһазы темекі шоғымен күйген, қолжуары дәретханаға айналған, төріне дейін лас аяқкиімнің ізі жапқан арзан қонақүй дәрежесіне түсірме. Түркияға, Әмірліктерге қыдырып бара қалсаң сен олай істемейсің. Істетпейді де. Өйткені, түріктер мен арабтар өз үйін жақсы көреді.

Сен қазір айтуға оңай деп ойлап отырған шығарсың. Маған сен, мұндайды айту да оңай емес. Бұл тақырыпқа сөйлеу маған тым ауыр тиіп отыр. Өтірік айтқым келмейді, демек, бұдан ары қиындай бермек. Біздің сұрықсыз әлем биліктің арқасында емес, біздің бойымыздағы табиғи жалқаулық, бойкүйездік, қараңғылықтың арқасында аман тұр. Оның тірегі – өзгеріске ұмтылмауымыз.

Біздегі тұрақтылық еңбекорлықтың емес, мол шикізаттың жемісі.  Ұзақ жылдардың ішінде тез үйренгеніміз сату ғана болды.  Содан түскен ақшаға азық-түлік аламыз, тіпті, айран мен сүт те сырттан тасылады. Жақында жанармай қымбаттайды, демек, бәрі қымбаттайды. Мұнай өңдейтін зауыттарымыз аз, жабдықтары ескерген. Тапқан ақшамыздың бәрін олар Астанаға жұмсап үлгерген. Сондықтан девальвация инфляцияға жетелеп апарады. Зейнетақы жинағы сынды салымдардың барлығы құнсызданады. Биік мінбердегілер шетелдік инвесторларды тартатындарын айтуда.  Бірақ, олардың біздің ақшамызды бұрын да жоғалтқанын ешкім ұмытқан жоқ.  Ал, Ұлттық банктің мына арсыз әрекетінен кейін ел сенімі мүлдем саулғаны анық. Президент былтыр «бірнеше компанияның мүддесіне бола девальвация жасауға болмайды» деп еді. Бірақ, жасалды.

Дәл осы жағдайда менің қолымнан не келеді?

Шамам келетіні – жылы сөзбен қолдау көрсету. Аздап көңіліңді көтерермін. Турасын айтқанда менің еңбегім, барлық кітаптарым мен фильмдерім сені қолдау үшін жасалады, жазылады. Және мен саған «Ойлан!» деп өтініш айта аламын.

Мен «17-ақ миллион халықпыз, алауызбыз» дегенді жиі естимін. Бұл – шындық. Бірақ, бірігуімізге кім кедергі? Қан тазалығы жайлы сарнайтын көкезулер ме? Қанқұйлы мемлекет құруды көксейтін, фашистікке бой алдырған «батырлар» ма? Орманға барып ұлысын. Біз мына әлемде өзімізден басқа ешкімге керек емеспіз. Онда неге әлемге ұнамақ болып алқынамыз? Ең әуелі бір-бірімізге, өзімізге ұнап алайық. Бұның не қиындығы бар?

Ешкімнің жолын кеспе, дабыл басып, жұлқынба. Ақымақтың ағызып келе жатқанын көрсең өткізіп жібер. Ұзаққа бармас. ЖолПолға пара бергің келмесе – ереже бұзба. Және жымиып жүр. Аналар өз үйінде сөйтеді ғой. Жалған күлкі дейсің бе? Маған салса жаман ашудан жалған жымиыс артық. Сол сәтте өз үйіңде өзіңді жат санағанды қоясың. Және сол сәтте олар әскер мен полицияның санын  емес, халықтың сапасын арттыру керектігін түсінетін шығар. Білім мен мәдениетті көтерер. Ұлттық қауіпсіздік деген автомат, су шашатын көлік, сойыл сүйреткен полиция емес, көңілі тоқ, жұмыспен қамтылған халық. Бейбіт өмір қабаған иті бар жерде емес, көрші де, қожайын да мейірімді елде.

Есімде, Ол: әуелі экономика, содан кейін ғана саясат деп еді. Халқы сапасыз мемлекетте ешқандай саясат, ешқандай экономика өркендемейтініне сенімім кәміл.

Егер сен өз сапаңды арттыруға асықпасаң, сәлден кейін отанды құтқару туралы ойлар да мазалағанын қояды. Сұрақ «отанды мынандан қалай құтқарамын?» деп өзгереді. Бұндайды «жезтырнақ аулау» деуші еді.  Бірақ,  жуырда жезтырнақтар бізді аңша қыруы  мүмкін екенін сеземін.

Берілме. Жасыма. Тобырға айналма. Баррикада туралы да ойлама. Ол – жаман ой. Біреулер шалып құлатты деп есепте.  Осы құлауға өзіңнің үлес қосқаныңды да ұмытпа. Орныңнан тұрып, алға бас. Ақшаңнан айырылдың, ол тек ақша ғана. Есесіне опасыздықтың қай тұстан келетінін түсініп алдың. Және қай сәтте  тоқтау керектігін тек сен шешетініңді естен шығарма. Өмір жалғасып жатыр, оның қандай болатыны тек саған байланысты.

"Парасат" журналы (http://parasat.info)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543