Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 4231 2 пікір 18 Қыркүйек, 2024 сағат 17:28

Қайнай-қайнай қазан көңіл қаңсып бітті жұқарып

Сурет: kazgazeta.kz

Қаз әні

Гүлге толған көйлегі,
Күреңітті қас-қағым.
Сыбырлаған сырғасын,
Үзіп тынды ақ қайың.
Сабырынан айрылған,
Сайғақ қуған салқын жел
Жыл құсымен жарысып,
Айтып жатты жоқтауын.

Қорғасындай ауыр ән,
Аспан астын толқытты.
Қобызына күй толған,
Оятардай қорқытты.
Маусым желі қуалап,
Қоңыр белге ел шықты.
Қоштасудың азабы,
Көздің жасын көлгітті.

Қаз дауысын әз ғалам,
Қабылдады, қош айтты.
Қабырғасы қайысып,
Қарт көңілін босатты.
Қайта оралар құстарым,
Ата берсін таң сәтті!
Әнге толы тізбегі,
Туған жерді аңсатты.

Қарбаластау дүние,
Естімеді құс әнін,
«Қоңыр қозым»,  – деп ана,
Кесті сәби тұсауын.
Екі дүние арасын,
Жалғайма екен бұл сарын,
Жылайма екен жатқандар,
Бауырында қырқаның...

Қаздай  болып тізілген,
Ақ боз үйдің базары.
Қайтқан қазға қарайлап,
Азайыпты бараны.
Төр жайлауда төл ойнақ,
Саяқсыды жаз әні.
Ат шалдырған аймақтан,
Дәурен көшіп барады.

Көш жолында ержеткен,
Көп жасаған шынармын.
Керуен көрсем көшердей,
Сарқылады шыдамым.
Құс қайтқанда біздің ел,
Түруші еді құлағын.
Құс тіліне үйіріліп,
Оралса деп тұрамын!..

Қыс қылауы

Аулада сықырлайды күртік арман,
Жаурайды сынарға шақ шырпы жалған.
Түлкі ғұмыр бұлаңдап жосып барады,
Өмір дейтін өлшемнің  кілтін алған...

Бұйыққан бөлтірік ой тасадағы,
Жұртын аңсап көзіне жас алады...
Қаша-қаша сілесі қатқан өрлік,
Аяз жеңіп қармайды босағаны.

Бейбіт күннің қылауы қалықтап жүр,
Қыядағы күнді аулап балық бауыр.
Қардай көңіл  құлпыртып  қарғалдағын,
Ақ сауыт дала дейтін ғарышта жүр.

Кірпік талға қонақтап қар қылауы
Қара көзге ілігіп қалжырайды.
Қарсақ тірлік калжасы қанжығаға,
Қамсау болмай шұлғиды арғымағы.

Көз алдымда

Шуылында матордың сүрінеді тұлпарым,
Бүлігінде атомның шырылдайды сұңқарым.
Сән әлемге тапсырып тұлымы мен бұрымын,
«Тор әлемнің» соңынан, дүркірейді ұрпағым.

Олжасында ғасырдың, көшім кетіп барады,
Таласында елшінің, жетім кетіп барады.
Қазыларды жаптырып, қазынаны саттырып,
Табасында уақыттың «бесін» кетіп барады.

Шеңберінде ағымның, бөркім кетіп барады,
Ермегінде «көршінің», төркін кетіп барады.
Қайыршының қиялы қияметке асылып,
Қасапшының шотында, еншім кетіп барады.

Арбасында үміттің, тілім кеуіп барады,
Арасында күдіктің, ғұмыр кеміп барады.
Тон-шалбарды шештіріп, жаға-жеңді кестіріп,
«Жаһандану» дей тұғын, құйын жеңіп барады...

Мендегі бақыт

Мендегі бақыт –
Сары далам.
Молаңа қарап қол жәйіп,
Обаңа басымды игенім.
Туыма қарап ойланып,
Топырағыңды сүйгенім.

Мендегі бақыт –
Әкешім.
Қаныңмен келген қасиет,
Қара өлең қуып жүргенім,
Анамнан жалғас ақ жаулық,
Садағаң бола білгенім.

Мендегі бақыт –
Отбасым.
Дәстүрі менен жерімнің,
Ата-ана болып үлгердім.
Ұрпағым үшін елімнің,
Ұлтаны болған күндерім.

Мендегі бақыт –
Туған ел.
Әлия, Мәншүк қызыңды,
Ардақтап, аңсап жүргенім.
Арыстан жүрек ұлыңды,
Алаулап оттай сүйгенім.

Мендегі бақыт –
Достарым,
Қуанышым мен қайғымды,
Шайыңа қатық қылғаным.
Төріме шықсаң қуанып,
Кетерде қимай тұрғаным.

Мендегі бақыт –
Ей, өмір!
Өзгелер айда жүрсе де,
Басқа бақытты білмеуім.
Жалған екеніңді білсем де,
Жағаласып жүргенім.

Арман

Арман дейтін арғымақтың жалында ойнап келеміз,
Биіктерді, жүйріктерді жанай өтіп жебеміз.
Мойын бұрсақ молаларға, обаларға, оттарға,
Өксіктерден бірде ысып, бір суыйды денеміз.

Көкірегі күнмен сырлас ақ селеулі төбелер,
Аңсадыңба,  қосын тігіп, қолын жайды саған ер.
Ғаламшардың «алтын кілтін» кеудесіне жасырған,
Ұрпағыңды тудырғансың, сөз майданда жебей көр.

Біздегі арман әрі батыл, әрі аңғал келеді,
Сонан шығар дауылдар мен жауынды көп көреді.
Шексіздікке шебін жайған қасиетті өлкем де,
Ақ тарыдай ақталатын ақиқатқа сенеді.

Сенеді арман, ақ орданың алтын өрнек бауына,
Қос ішекке үйіріліп, қонар аққу қазына.
Екі үйекті күзетумен сөз тұлпары кермеде,
Сақтан қалған тіл жақұты өлтірмейді жаңылма!

Жаңылмайды жігері от, кең даланың кербезі,
Пырақ мінген, күміс тұрман, қамшы үйірген өрмелі.
Төрт қара көз түгенделіп, ас беріліп арқада,
Көрден басын көтерер жұрт, бұл аңызды көргелі.
...Арман!

Бейбітшілігім бесігім

Тағалай жүріп тұлпарын, тарихын тасқа қашаған,
Қаратауына жетуге бабамыз ерлік жасаған.
Адалдығыммен арбасқан әбжыландар мен шайтан жүр,
Көк байрақ менің бақытым көпсіне көрме жасаған?!

Бағасы кеткен сан ғасыр, садағасы сен соғыстың,
Бар әлем күткен сарыла, бақытты шақпен тоғыстым.
Алтынға сатпа ордаңды, отанын сүйген адамзат,
Мейірге мұқтаж әр пенде, мекендеп жүрген жер үстін.

Көкбөрі елдің баласы, көгіне байрақ көтерген,
"Тек" тазалығын жоғалтпай, азаппен мұңға төселген.
Қара атаныңды шөгеріп, қара қосыңды арта кел,
Сарыарқа сайын даламды сағынған жұртым шетелден.

Ел үшін туған ерлер бар, намысын сертке жаныған,
Қапыда кеткен қақысын, алмай қайтпайтын жауынан.
Бейбітшіліктің кептері аспан мен жерді аралап,
Әлемді сүйген асыл сөз айырылмасын тағынан!

Көктем арман

Сыбыр-сыбыр көктеменің жаңбырынан ояндым,
Мөлдір-мөлдір тамшылардың жарлығынан ой алдым.
Жаһұттайын уақыттың ұйқасына айналған,
Мамық мінез маусымдардың мақамына боялдым。

Сылдыр-сылдыр су сыяқты сыңғырының сыры жоқ,
Ай қасқалар мандымай тұр, майдалардың күні кеп.
Күлдір-күлдір кісінеген күйгелек жыр шауып жүр,
Күз бораны қуалаған жапырақтай дірілдеп.

Жиі-жиі төгілгенде көктем қыздың моншағы,
Табиғатпен сырлас тағдыр аш бөрідей жортады.·
Асқар-асқар асулардан талмасын деп қанаты,
Қамшыл көңіл қайтқан құстың қатарынан қорқады...

Ауық-ауық ауған бұлттың қабағынан сыр тамып,
Қайнай-қайнай қазан көңіл қаңсып бітті жұқарып.
Қара ертістен қарғып өтіп, қанды жанар қасқыр ел,
Көктөбеде көз ілерме, көзі ашық бір ұл тауып...

Айнұр Оразбайқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2042