Ресейдегі аз ұлттар қалай жойылып жатыр?
Ұлттың өшуі - тілдің өшуінен басталады!
Талайдан бері Ресей Федерациясындағы ұлттар мен ұлыстардың, сонымен қатар, автономды республикалардың хал-жағдайларымен танысып, олардың тұрмыс-тіршілігін, қарым-қатынас тілін, әдеп-ғұрпын, діни наным-сенімін, мүмкіндігінше өзімше зерттеп, зерделеп келемін.
Осы Федеративті мемлекеттің құрамына кіретін көптеген республикалардың аты ғана бар. Әйтпесе, ұлттық тілінен, тарихи дәстүрінен, өзіндік ерекшеліктерінен айырылып қалған. Мысал ретінде айта кетейін: Коми, Мордва, Карелия, Шуваш, Қалмақ, Якут – Саха, Хакас, сол сияқты Таулы Алтай субъектілері, айтар ауызға ғана болмаса, тілінен, дәстүрінен, тарихи танымынан, түп-тамырынан, шынын айту керек, алпыс-жетпіс пайызға дейін жұрдай болған.
Сонымен қатар, татар мен башқұрттың өзі де ұлттық болмысын жоғалтқан. Қалт-құлт етіп, әрең отыр. Осы солтүстігіміздегі алып мемлекеттің ішіндегі Кавказдық республикалар ғана табиғи болмысын толықтай сақтаған. Әрине, бұл таулық ұлттардың өзін сақтай білген, ерік-күшіне байланысты ғой. Жоғарыда аты аталған, осы елдегі ұлттардың сандары да өспей, жылдан-жылға кеміп бара жатыр. Осыдан бір-екі жыл бұрынғы санақта, мысалы: татар халқы бес жүз мыңға кеміп кеткен. Өздерінің айтуы бойынша, орыс болып жазылып, сіңіп кеткен дейді. Бұл сұмдық қой. Осы арада, тағы да айта кетейік, Ресей империясындағы сонау 1897 жылғы санақ бойынша, Шуваштардың саны миллионға жақын адам болған екен. Өзбектер (мүмкін, ол кезде сарттар деп аталған болар) сол тұста, үш жүз мыңнан сәл ғана асып жығылыпты. Енді қараңыз, қазіргі күндері Өзбек халқының саны отыз жеті миллионан асса, Ресейдегі Шуваштар бір жарым миллиондай ғана. Көрдіңізбе, айырмашылық жер мен көктей. Сондай-ақ, ана тілінен, дәстүрінен ажырап қалған және қасындағы өзге ұлттар секілді жыл өткен сайын ассимиляцияға түсіп, орысқа сіңіп, жоғалып бара жатқан ұлт деуге болады. Ресейдегі мұндай ұлттардан енді қарсыласу, азаттыққа, еркіндікке ұмтылудан гөрі бодандыққа мойынсұнып, кері кете беретіндігі анық. Енді бір, он-он бес жылдан кейін, бұл ұлттардың болмауы да мүмкін. Сол сыйақты, Ресейдегі қазақтар да, ана тілден, ұлттық дәстүрден, өзіңдік мәдениеттен, ата-баба тарихынан айырылып, қара құлға айналған. Бұларды қазақ деп айтуға, кейде ауызың да бармайды. Әрине, кір жағып, жамандағың келмейді.
Сол секілді, іргеміздегі Ұлы Қорған иесінің қарамағындағы ұлттар да солай. Бұл елдің қазіргі жүргізіп жатқан ұлттық саясатына қарасаң, кейде шошыйсың. Егер осы үстемдік бағыт осылай тағы біраз жылдар тұратын болса, осы елдегі (Шыңжаңдағы) ұлттар мен ұлыстардың (ұйғырлардың) 2030 жылға дейін несі қаларына күдіктене қарайсың. Әрине, біз ешкімге де жамандық тілемейміз. Алайда, сондағы Хан ұлты мен оның тілі ғана, сондай-ақ, осы мемлекет иесі Хан ұлтының сыйынатын діні ғана қаларына санаң жетеді. Қандай үрейлі! Сондықтан, ұлтты сақтау, оның санын өсіру, тілі мен дәстүріне қамқорлық жасау, әрбір тәуелсіз ұлттық мемлекеттің негізгі шартына айналуы тиіс.
Сонымен қатар, мемлекет құрушы халықта, осы жолда күресуі қажет-ақ. Әрине, инвестиция тарту, әлеуметтік тұрмысты жақсарту, мемлекеттің экономикасын жан-жақты күшейту, бұл да күн тәртібінде қай кезде де болғаны жөн. Тағы бір айтарымыз, мынау ұлан-ғайыр республикамыздың аумағын ұстап тұру үшін де ұлттың санын үздіксіз өсірмесең, ана тіліне көңіл аудармасаң, алдағы болашақта өзінің атамекенінде жүріп-ақ, халықтың тозып, іріп-шіріп кету қаупы төніп тұрады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz