Бейсенбі, 4 Маусым 2026
Жаңалықтар 114 0 пікір 4 Маусым, 2026 сағат 16:48

Сотталған аналар мен әкелерге жеңілдік жасалады

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Сенат депутаттары қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіруге бағытталған заңды екінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта сондай-ақ сайлау саласына, прокуратура қызметіне және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі ізгілендіруге қатысты өзгерістер көзделген.

Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – сотталғандарға заңда белгіленген талаптар орындалған жағдайда бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқарту тетігінің енгізілуі. Сонымен қатар бұл шара қолданылмайтын адамдар санаты да нақты айқындалған.

Түзетулер арқылы жедел-іздестіру қызметі мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалайтын прокуратура лауазымды тұлғаларының тізімі нақтыланады. Оған Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы енгізілген.

Өзгерістердің жеке бір бөлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі әйелдердің ұсталуы жағдайларына қатысты. Заң олардың азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып алу құқықтарын кеңейтеді, сәлемдеме алу және кездесу мүмкіндіктерін арттырады, сондай-ақ ұстау жағдайларын жақсартуды көздейді.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған сотталған әйелдер мен балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар телефон арқылы баласымен ешқандай шектеусіз байланыс жасай алады. Жүкті әйелдер үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен тыс медициналық ұйымдарда босану мүмкіндігі қарастырылған.

Сондай-ақ жүкті және бала емізетін аналардың денсаулығы мен баланың жағдайы үшін қажет болған жағдайда азық-түлік сатып алуға қойылған шектеулер алынып тасталады.

Сайлау саласында онлайн-платформаларда кандидаттар мен саяси партияларға негізсіз артықшылық бергені үшін, сондай-ақ ақпаратты тең жағдайда орналастырудан бас тартқаны үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұған қоса, сайлау қорларына қатысы жоқ көздерден сайлауалды қызметті қаржыландырғаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.

Тағы бір түзету шағын көлемді су көліктерін бақылау және қадағалау функцияларын Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне беруді көздейді. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тиісті әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарау және жаза қолдану өкілеттігі беріледі.

Abai.kz

0 пікір