Жұма, 22 Қараша 2024
Өнер 1403 3 пікір 21 Қыркүйек, 2024 сағат 18:14

Ыршы Бек

Суреттер автордың мұрағатынан алынды.

Мен Бектің өзінен бұрын «ырымен» таныс болдым. Жалпы Қырғыз елінде таланттар жеткілікті. Әдебиет пен өнерде, кино мен балетте... Мен танитын-танымайтын Ұлы тұлғалар аз емес...

Шыңғыс Айтматов, Қасымалы Жантошев, Толомуш Океев, Болот Шамшиев, Сүйменкул Чокморов, Советбек Жұмадылов, Чолпанбек Базарбаев, Таттибуби Турсынбаева, Жамал Сейдахматова, Мелис Убукеев, Мар Байджиев, Ашир Чокыбаев, Гүлсара Ажибекова, Сұлтан Раев, Актан Арым Кубат, Мұратбек Бегалиев т.б.

Және қазіргі таңдағы елінің сүйікті композиторы, ыршысы Бек Борбиев!

Бектің әнінде қырғыз халқының әуезі, әуені, сазы, мұңы жатыр. Оның «ырын» тыңдасаң жүрегің жылып, есіңе қайдағы-жайдағы, сонау жылғадағы көктемнің мұзындай жылдар жадыңа оралады. Сол бір көктемде алма гүлдеп жатқанда, Алатаудың қол жетпес қыраттары қып-қызыл, шымқай қызыл түс - Қызғалдаққа оранғанда, одан қалса маңайдың бәрін сиреннің хош иісі аңқып тұрғанда...

...үстіндегі аппақ мектеп формасы тал бойына жарасқан аршын төс арудың ақ бантигі алыстан мен мұндалап шақырған сәтіндей... Талас өзені толықсып, арнасына сыймай еркелеп, жағаға жайған құлаш-құлаш толқындар саңқылдап келіп сарнағандай... Құлаққа тек Бектің аккардеоны естілген...

Көктемнің алғашқы жаңбыры құйып өткен сәтте екеуі де су болған. Ақ формалы әдемі қыз туфлиін қолына алып, алғашқы жауынға қарамай асфальтпен жалаң аяқ кетіп барады. Үсті-басы малмандай су. Аққу мойын, арша төс қыз осылай маңып барады. Қоңыр көйлектің үстіндегі аппақ форма қыз кеудесіне жабысып сұлу мүсінді одан ары айшықтаған. Дала Данаясы... Қыпша бел... Ақ форманың астындағы кей сәтте жарқ ететін жұмыр сан, сосын тығыршықтай балтыр көктемнің алғашқы жауынын елер емес... Арудың бота көздері жалт-жұлт етіп, қыр мұрынның ұшындағы тамшылар қыз күлкіге масайып төмен қарай сусып барады... Велосипед жетектеген жігіт сұлудан адасып қалардай ентігіп келеді. Екеуі де мына аппақ дүниеге дән риза. Екеуі де бірін-бірі қимайды. Неге екені белгісіз, қыз бен жігіт мәз-мейрам күле береді. Олар іштей мына жол, мынау даңғыл, мына көктен жауған нұр суы ешқашан, мәңгілікке тоқтамаса дегендей. Бұлар Адам Ата Хауа Анадан келе жатқан ұлы жол - махаббат соқпағына түскен ғашықтар еді. Бұлар жастықтың жалынына оранған Періштелер болатын. Әзірге күнәсіз, таза-тын... Иә, енді оларға ешкім де бөгет бола алмайтын шақ. Өйткені табиғат ана қыз бен жігітті осылай кездестірген. Осылай бір-біріне құмар еткен, ынтық қылған...

Бек Борбиев әнмен өрнек салған суретші. «Ұлым маған ұқсаған, Мен де оған ұқсағам». Әуеннің алғашқы ноталарында аккардеонның артқы жағынан тоқтаусыз барабан естіледі. Құдды сенің жүрегіңдей дүрс-дүрс. Әлде қуаныш, әлде қорқу секілді...

Дүрсілдеп соққан дауылпаздан буының босап, табаның тайқып, тізенің дірілдеген сәтіндей. Ал ақ көбікке оранған теңізден сонау тереңнен ышқына шыққан аккардеон арша еті арша, борбай еті борша боп балқыған. Бұл толғағы жеткен ананың жан ұшырған сәтіндей. Жарық дүние есігін ашатын Ұлы Өмірдің туған кезеңіндей. Сосын ән басталған. Ән - Өмір. Ән - Ғұмыр.

Жалпы осы аккордеон қырғыз еліне әбден сіңген ұлттық аспап болды. Қобызбен де ырлайды, оркестр де жарасқан. Қадыр Мырзалиев көкемнің домбыра жайлы айтқанындай «нағыз қырғыз қырғыз емес, нағыз қырғыз аккордеон» сияқты.

Арада жылдар өткен. Баяғы ару бүгінде баласын жетектеген әдемі келіншек. Мойнында гүлді жеңіл орамал. Қара костюм шалбар. Биік өкшелі туфли. Қолындағы кішкене қара сумкасы ғана оның сұлу, бекзат әйел екенін паш еткендей. Үстінде қара плащ. Көзінде көзілдірік, ұзын бойлы көрікті жігіт буыны дірілдеп шөге берген. Ол да, жаңағы сұлу әйел де біріне-бірі қарап қалған. Ұзақ тұра берген. Себебі 5-6 жастағы кішкентай сүйкімді бала балмұздағымен бірге жігіттің аяғына кеп сүрініп құлады. Жігіт сәбиді лезде көтерген. Көтерген де құшағына қысқан. Таныс иіс. Апыр-ай, мынау менің апамның иісі емес пе? Құлыншақ, қайдан келген періштесің? Әлде сен бе?  Шынымен сен... сен... менің... Неге өне бойым иіп, қорғасындай балқып барады? Неге мына сәби мені жатырқамай құшағыма тығыла түседі? Неге менің жүрегім жылап қоя берді? Апырма-ай, мынау тұрған сенбісің? Сонда қалай?

Жастық бағын арман қостаған

Тағдыр бізді калай қоспаған...

Еркелетіп ессіз сүйесің....

Ұлыңды сен маған ұқсаған.

Бақыт бағы күйіп қоспаған.

Тағдыр бізді сонда қоспаған,

Елжіреумен үнсіз жүресің

Ұлыңды сен маған ұқсаған.

Ұлың маған маған ұқсаған.

Мен де оған ұқсағам,

Қарай алмай көзіне.

Қарай алмай томсарам,

Әттең көзге жас алам.

Әттең қайтып кеше алам,

Өткен күндер қайтып оралса...

Қадырыңа жете алам...

Олар осылай бірнеше жылдан соң кездескен. Парктегі балмұздақ сатқан алаңда олар осылай ұшырасқан.

Өткен өмір, қайта келмес күндер... Қателік пе, тағдыр ма, оны өзгелер айта жатар... Ал, мына балақай дәл менен аумай қапты-ау...

Неге екенін білмеймін, осы әуенді естісем Толомуш Океевтің «Қызыл алма» фильмі еске түседі. Теңізшінің формасындағы жап-жас Суйменкул мен үлбіреген Таттибуби. Екеуі тек махаббаттың көркі емес, Қырғыз киносының символы іспетті! Қос шынары сияқты!

Бек осы бір кішкентай «ырымен» қандай өмір иірімін бере білген?..Мен «ыршының» бұл әнін «Қызыл орамалды шынарым менің шырайлым» спектакліеде қолдандым. Бұл ән қазір Қазақ елінің сүйікті әуені боп кетті. Эстрадада хит деген термин бар. Қазіргі таңда Қазақ театрындағы хит спектакль осы. «Қызыл орамал» десем асыра айтқандық болмас...

Борбиев осы «ырын» Шыңғыс Айтматовтың шығармасына арнағандай. Ұлы тұлғалардың кейде осылай өнер айдынында кездесетін сәттері болады. Бек Борбиев нағыз халықтың «ыршысы». Ол кешегі Асанкали Керимбаев, Қазақбай Түгелбаев салған елдің, халықтың сүрлеуіне түскен жігіт. Бека досым, іні досым... Мен сендей бауырым барына, Алатаудың ар жағында кешегі Шыңғыс Айтматов ағамдай, Толомуш Океев, Болот Шамшиев көкемдердей маған ыстық жанның бірісің. Сен қазір нағыз дер шағыңдасың. Сенің творчествалық Алатауың әлі алда. Өйткені Сен сол Алатауда өскен шынардай биіксің! Аман бол!

Талғат Теменов,

ҚР Халық артисі, режиссер

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282