Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2427 0 пікір 2 Қазан, 2024 сағат 15:09

Қадамыма шабыт берген Сәли ақын

Сурет М.Шаймаранның мұрағатынан алынды.

Сәли Сәдуақасұлы хақында ұзақ әңгіме айтуға болар еді. Сексеннің сеңгіріне иек артқан көрнекті ақынның, жастарға қамқор жампоз ағаның  ұлт әдебиетінің өркендеуіне, кеңістігінің кеңейуіне қосқан үлесі, шынында, мол!

Біз Сәкеңнің көз алдында өстік. Өлеңге алғаш келгенде осы кісінің ақ батасын алдық. Сол бата дарыған шығар, бұл күнде қазақ өлеңінен өз дауысымызды таптық. Бұлай дейтінім, менің алғашқы өлеңдеріме сүйіншілеп ақжолтай тілегін айтып, газетке турылықтай мақала жазып, қадамыма шабыт берген де осы Сәли Сәдуақасұлы болатын!

Иә,Сәкең қанаттандырған жазарман мен ғана емеспін ғой. Біздің замандас, қатарлас, інілес буынның бір талайына Сәкеңнің назары ауып, әділ бағасын, кесікті сынын айтқаны ақиқат.

Мен кейде мүйізі қарағайдай «шоңдардың» қасында тұрып, өз топырағымдағы аяулы ағаларымды сағынамын. Екі ел, екі менталитет, екі жүйе. Түсінікті ғып айтқанда екі түрлі таным, ұғым, қалып, мінез. Маған жақыны да Сәли аға заманының адами болмысы. Себебі, оларда аса қуатты мейірім, адалдық тазалық, жауапкершілік бар болатын. Біз мұны сезінген сайын арқамызға артылар жүктің ауыр екенін де аңғарар едік. Біз нәр алып, мол сусындаған әдебиетті, ішінде Сәкең де бар, алдынғы толқын ағалар жасады. Біздің іргетасымыз осы тұлғалар екенін ешуақытта жасырған емеспін. Керісінше әр ортада, әр мінбеде мақтанышпен айтамын!

Кешегі даңықты Мағаз, Омарғазы, Әзілбек, Құмарбек, Задахан... Бұл тізім бүгінгі көзі тірілілермен жалғаса береді.

Атақты Бауыржан Момышұлының «Дарвин маймылдан тараса, Мен - қасқырдан тарадым» дейтін қияңқы сөзі бар -тұғын. Сол сияқты басқа замандастарым кімді оқып, кімнен тарағанын өздері айта жатар, өз басым осыларды оқып, осыларды ұстаз тұтып өстім. Соның ішінде Сәлидің орны ерекше! Ерекше болатыны, ол соңынан ерген бір қауым жастың шығармашылығына аса қамқорлықпен жылы қарады. Үміт күткен ақынынан алқауын аямады. Кәнігі сыншыдай жүйріктерді бөгенайынан тани білді. Кез келген талапты жастың асқар таудай көретін ағадан қолдау күтетіні, бір ауыз лебізіне марқайып, арқаланып қалатыны бар ғой... Сәкең кейде сан жүйрікті тайынан баптап, бәйгіге қосып, көмбеде тақымын қысып отыратын атбегіге ұқсайды. Содан болар біздің заманның жас жазармандарының Сәкеңе ықыласы бөлек еді. Бұл да Сәкеңнің әдебиеттегі адами болмысының бір қыры.

Сәли ағаның өлеңде шыққан биігін басқада қаламдас замандастары бағалай жатар, біздің сөзге өзек болғаны - сексен жастың табалдырығын аттаған айбоз ақынның ұлт әдебиетіне деген орасан махаббаты.

Ендеше, Сәли аға, сексеннің сеңгірі құтты болсын! Сіз бір дәуірдің әдебиетіне өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ол қолтаңба келер ұрпаққа сіздің бар болмысыңыз бен телегей талантыңызды әйгілеп тұрмақ!

Кезінде, Барлықтың баурайында өткен 60 жастық мерейтойыңызда сізге өлең арнағанымды білесіз. Міне, араға жиырма жыл салып тағы сіз туралы қолға қалам алып отырмын. Жиырма жыл! Білсеңіз мен сізге жиырма жыл сайын ода жазады екем.

Айтпағым, Жаратқан ғұмыр беріп, келесі арнауымды тағы бір жиырма жыл күтіңіз. Ол шақта айтар сөз де, той да өзгеше болмақ!

Бір ақын Сәли деген...

Бір ақын Майлы жақта Сәли деген,
Қылатын қартты қарық, сәбиді елең.
Өзі де Басбайдайын жомарт адам,
«Базарлық»  деп таратқан әр үйге өлең.

Бір ақын Майлы жақта Сәли деген,
Өр басын жалғандыққа ол имеген!
Айтады бұл ғұмырдың мұң-наласын,
«Домбыра – күйіндей» ғып зар илеген.

Бір ақын Майлы жақта Сәли деген,
Әр жыры беретұғын пәниге дем.
Тыңдасам асау, өршіл «Жүрек даусын»
Қанжардай жігерімді жани берем.

Бір ақын Майлы жақта Сәли деген,
Саз болып, сөз отына ериді әуен.
Шалғынды беткейде өскен «Саранадан»
Дуалы сағыныштар дариды ерен.

Бір ақын Майлы жақта Сәли деген,
(әзілдеп алам аздап, әрине, мен)
Бетховен секілді ол да естімейді,
Қызығы -  екеуін де таниды әлем!

Бір ақын Сәли деген Толы жақта,
Қимайды қымбатындай елі жатқа.
Бір дәуірдің Қағаны осы кісі,
Өлеңінің өшпейтін мөрі хатта.

Мұрат Шаймаран, ақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2064