Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Аймақ 2777 27 пікір 5 Қазан, 2024 сағат 14:18

Қандасыңның ақысын жеме, Түркістан!

Суреттер Түркістан облысы және қаласы әкімдіктерінің сайттарынан және А.Мұқибектен алынды.

Редакциядан:  Редакциямызға тұрақты авторымыз Ауыт Мұқибектен келген Түркістан облысындағы қандас кәсіпкерлердің жанайқайын портал оқырмандарының талқысына ұсынып отырмыз.

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада аты аталған жекелеген тұлғалар жауап беремін десе, портал бетінде жариялайтын боламыз!


Түркістан облысының әкімі
Дархан Сатыбалды мырзаға!

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!

Биыл көктемде «Zhibek Zholy show technica» ЖШС және ИП «JAC MEDIA», ИП «ЕРХАН», ИП «Кулпаш Нұрмұқан» сынды төрт заңды тұлға Түркістан қаласы Мәдениет үйінің жариялаған тендерді ұтып алып, тапсырысты өз уағында орындаған.

Бірақ, Мәдениет үйі сол Ербосын Нұрмұханұлы бастаған төрт кәсіпкердің қомақты ақшасын алты айдан бері бермей, сергелдеңге салған.

Биылғы 16 қыркүйекте дәл осы «ҚАНДАСЫҢНЫҢ ХАҚЫСЫН ЖЕМЕ, ТҮРКІСТАН!» деген тақырыппен Сіздің атыңызға арнайы хат (ЖТ-2024-05328634) жазып, осы мәселеге байланысты, Сізден көмек сұрап едік.

Өкінішке орай, ол хат Сізге жеткен жоқ!

Орынбасарыңыз бен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы ол хатымызды ары-бері лақтырды да, соңында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары M.Қырықбаев бір бет жауап бере салды.

Аталған жауапта Түркістан қаласы әкімінің орынбасары M.Қырықбаев: «Түркістан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Н.Аманкуловтың 2024 жылғы 5 шілдедегі №361477 хатына сайкес, басқарма тарапынан облыс көлемінде өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алуларға талдау жұмыстары жүргізілген болатын. Талдау жүргізу барысында Түркістан қалалық Мәдениет үйі МКҚК тарапынан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бір көзден тікелей сатып алу тәсілін негізсіз қолданып бірнеше келісімшарт түзілгендігі анықталған. Осыған орай, Түркістан қалалық Мәдениет үйі МКҚК-ның мемлекеттік сатып алу порталындағы жасалған келісімшарттардың қаржысын төлеу уақытша тоқтатылып тұрғанын хабарлаймыз», - депті.

Неге екені белгісіз, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары M.Қырықбаев мырза өзінің бұл жауабында «облыс көлемінде өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алуларға талдау жұмыстарын» қандай құзырлы органның жүргізгенін және сол «мемлекеттік сатып алу порталындағы жасалған келісімшарттардың қаржысын төлеуді уақытша тоқтата тұру» туралы қайсы құзырлы органның қандай шешім шығарғанын мүлде айтпапты. Бұл – бір.

Екіншіден, менің бірінші хатым Сізге жолданған соң, Түркістан қаласы Мәдениет бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев маған телефон шалып, осы келісімшартты бұзып, касіпкерлердің ақшасын басқа келісімшарт жасау арқылы аударып берсем деп өтінді.

Қадырболат Мұсағалиевтың бұл сөзіне мен таң қалдым және оған «Түркістан облысында тендер өткізу – құдалық өткізу, тендердің ақшасы құдаға беретін қыздың қалыңмалы емес шығар...», - деп, әзілдеп күлдім. Оның бұл ұсынысынан бас тарттым.

Сол сөйлесуде Қадырболат Мұсағалиев менің арнайы сұрағыма жауап беріп, «мемлекеттік сатып алу порталындағы жасалған келісімшарттардың қаржысын төлеуді уақытша тоқтата тұру» туралы ешбір құзырлы органның шығарған шешімінің жоқ екенін айтты...

Үшіншіден, кәсіпкерлердің қолында осыған дейін берілген Түркістан қалалық Мәдениет үйі басшыларының «...жеткізілген тауарлардың қаржаысын 30 күнтізбелік күн ішінде төлеп беруге кепілдік берілгендігін жазып хабарлаймын.»-деген екі бірдей «КЕПІЛДЕМЕ ХАТ» тұр.

Егер, «Мәдениет үйі МКҚК мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бір көзден тікелей сатып алу тәсілін негізсіз қолданған» болса, онда осыған дейін Түркістан қалалық Мәдениет үйі басшылары не үшін бір емес, екі мәрте «КЕПІЛДЕМЕ ХАТ» берген?!

Оның үстіне, бұл – аз ақша емес, төрт кәсіпкердің екі жүз миллионға жуық теңгесі екен.

Түркістан қалалық Мәдениет үйі МКҚК мемлекеттік сатып алу жұмысын бүгін ғана жүргізіп отырған жоқ.

Жұрт жақсы біледі, шеттен оралған біз секілді АҢҚАУ, МОНМЫН емес, Түркістан мен Шымкенттің жігіттері – шетінен «ТӘШКЕН КӨРГЕНДЕР» емес пе!

Олардың сол кезде осы бір көзден тікелей сатып алу тәсілімен өткен тендерден хабары жоқ болуы мүмкін бе?!

Олар «...тікелей сатып алу тәсілін негізсіз қолданды» дегенге кім сенеді?!

Әкімдік басшыларының М.Қырықбаев айтқан «мемлекеттік сатып алу порталындағы жасалған келісімшарттардың қаржысын төлеуді уақытша тоқтата тұру» туралы тікелей құзыреті бар ма?!

Болса, ол қай заңның нешінші бабында жазылған?!.

Сұрақ көп!

«Лиза Шәмет Қадырболат Мұсағалиевке сілтейді. Қадырболат Мұсағалиев: «Жоғарыдан тапсырма бар, қазірше бермей тұрыңдар деген, күте тұр, жазам десең жаз, айтам десең айт!»,- деп шалқаяды...»,- деп, кәсіпкерлер зар жылап отыр.

Олар енді барлық жұмысшыларын алып барып, «ҚАНДАСЫҢНЫҢ ХАҚЫСЫН ЖЕМЕ, ТҮРКІСТАН!» деген керме туды көтеріп, Түркістан облысы әкімдігінің алдында айғайлап тұрмақшы.

Мен елден, Сізден ұят болады деп, оларды жібермей отырмын...

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары M.Қырықбаев пен Түркістан қалалық Мәдениет бөлімінің басшы Қадырболат Мұсағалиев төрт кәсіпкердің шеттен келген қазақтар екенін білген соң, әдейі осындай келеңсіз әрекеттер жасап, олардан бірдеме дәметіп отырған жоқ па өзі?!!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауында айтқан: «Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым  белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс.» деген сөзін еске алсақ, ешбір құзырлы органның шешімінсіз, Сіздің жігіттеріңіздің қандас кәсіпкерлерді қан қақсатып, ақшасын бермей отыруы – мемлекетке қарсы қылмыс емес пе!?!

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!

Сізден жігіттеріңізді жөнге салуыңызды өтінемін.

Сондай-ақ, осы мәселені Өз назарыңызға алып, аталған төрт кәсіпкердің қомақты ақшасын тездетіп өндіріп беруге ықпал етуіңізді сұраймын.

Ескерту: екі парақ қоса тіркелді, сондай-ақ бұл хат БАҚ-та жарияланды...

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальіның,
«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961