Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2026
Абай мұрасы 294 0 пікір 30 Қыркүйек, 2026 сағат 14:19

Ахметбек Нұрсилаға жауап: Абайдың хакімдігі...

Суреттер: qamshy.kz, adebiportal.kz сайттарынан алынды.

1995 жылы Абайдың 150  жылдық мерейтойында ғылыми конференция,  көптеген жиындар өтіп, оларда «Абайтануға жаңа көзқарас керек» деген тұжырым бірауыздан қабылданғандай болды. «Жаңа көзқарас» дегеннің түпкі мәні, әрине, «Абайды бұрынғыдай ақын ғана емес, оның хакімдігіне көңіл бөлу керек» дегенді білдірсе керек.

Өкінішке қарай, «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, данышпанның рухани тұлғасына деген көзқарас әлі де көп өзгеріске түскен жоқ. Абай тұлғасы сол бұрынғы қалыппен ұлы ақын, әрі кетсе философ ретінде қабылданып, заңғар биігіне халықтың көзі жетпек түгілі, керісінше, құлдырап барады. Бұған мектеп қабырғасынан абайтану сабағы алынып, ал қоғамдағы Абайға қарсы жаңсақ ойлардың көбеюі жақсы дәлел.

Соңғы күндердегі бұл ойлардың жақсы көрінісі – Абай шығармаларын жатқа білетіндей абайсүйгіш, белгілі кәсіпкер, әрі блогер Ахметбек Нұрсиланың подкасты (17.08.2026 ж.). Мен Абай мұрасын ширек ғасырдан артық зерттеген теолог ғалым ретінде осы мәселе төңірегінде өз ойыммен бөліскім келді.

Бүгінгі таңдағы абайтанудың құлдырауының негізгі себебі – хакімнің кім екенін дұрыс түсіне алмаудан болып отыр. Бұған А. Нұрсиланың ойлары жақсы дәлел. Ол академик Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы  Тұрсын Жұртбайдың тұжырымдарын келтіріп, өз ойымен жалғастырып саралайды. Әрине, бұл авторлардың барлығы да өзім жақсы білетін, және сыйлайтын зиялы қауым өкілдері, абайтанушылар. Бірақ, мен үшін көне грек ойшылы Сократтың «Платон менің досым, бірақ ақиқат жоғары» дегеніндей, Абай мұрасын өз мәнінде дұрыс түсіндіру маңыздырақ болғандықтан, өз ойымды ортаға салуға ұйғардым.

Ахметбек Нұрсила былай деп бастайды: «Ғарифолла Есім ағамыздың Абайды «фиософ емес, хакім» деп оның дүниетанымын негізінен исламдық ойлау жүйесімен түсіндіруге ұмтылатынын түсінемін.

Әрине, абайтанушы философ Ғ.Есімнің бұл арада келтірілген Абайды «фиософ емес, хакім» деген сөзі дұрыс қабылданбаған, тек контекстен бөлініп алынған сөз болуы да мүмкін. Бірақ, біз үшін бұл сөзді кімнің айтқаны емес, ол сөздің мағынасы керек болып отыр. Бұл сөздің мағынасы хакімнің рухани тұлғасын түсінбегенді көрсетеді.

Хакім дегеніміз кім? Оның рухани деңгейі қандай?

Хакімдер адамзат ұстаздары. Хакім – рухани әлем ғалымы, ал философ – заттық әлем ғалымы. Айырмашылығы өте үлкен. Рухани әлем шексіз Абсолют болғандықтан, ол заттық әлемнен өлшеусіз үлкен. Рухани әлем энергия ғана емес, сонымен бірге, тумаған, туылмайтын мәңгілікті, қуанатын, жақсы көретін, және өзін сезіне білетін саналы Тұлға. Теология ілімі бойынша, Құдай дегеніміз осы. Хакім – Құдайды таныған адам. Рух бүкіл Болмысты қамтитын және Оның қайнар көзі. Ал заттық әлем керісінше, уақытша, надандыққа толы және шектеулі. Сондықтан, рухани әлемді зерттейтін хакімнің дәрежесі заттық әлемді зерттейтін ғалымнан өте жоғары тұр.  Абайдың өзі «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деп фәни әлемнің ықпалында жүрген ғалым мен бақи әлем деңгейіне көтерілген хакімнің арасын анықтап береді. Ғалым материалдық деңгейде болса, ал хакім рухани деңгейде, сондықтан хакім болған адам ғалым да болып табылады. Хакімге Болмыс сыры толық ашылғандықтан оны «философ емес, хакім» деуге болмайды, себебі философ хакімнің өтіп кеткен бір деңгейі ғана. Ол әрі философ, әрі хакім. Әрине, хакімдердің де түрлі деңгейлері бар. Жоғары деңгейде оған ашылмаған дүние сырлары қалмайды.

А.Нұрсила Абайды заттық ғылым аясында қалдырғысы келеді. Ол сөзін әрі қарай былай деп жалғастырады: «...бірақ оны тек ислам ойшылының шеңберінде қалдыру Абайдың интеллектуалдық ауқымын тарылтады. Тұрсын Жұртбайдың сөздері осы жағынан маған әлдеқайда дәл көрінеді: оның айтуынша, Абай Батысты да, Шығысты да жай оқып қоймаған, зерттеп, зерделеп, өзінің ойына сәйкес келген тұжырымдарды ғана қабылдаған ...Сондықтан 43-сөзді тек діни мәтін деп оқу  оның ең маңызды психологиялық және философиялық қабатын жоғалтады. Абайдың Батыс ойымен үндестігін Фрэнсис Бэконмен салыстырғанда да байқауға болады...».

Абай «өзінің ойына сәйкес келген тұжырымдарды ғана қабылдаған» тәрізді тұжырым «кәміл мұсылман» мен «хакім» деңгейін ажырата білмеуден шығып отыр. Хакімдерден төмен тұрған «кәміл мұсылмандар» рухани білім аясында қоршаған ортаның сырларына үңіліп, білімді сырттан алады. Иә, кәміл мұсылман деңгейінде Абай да өзінің қара сөздерін осылай жазған. Ол өзіне сұрақ қойып, өмір сырларын түсінуге ұмтылады. Бірақ ол кәміл мұсылман деңгейінде қалып қойған жоқ – ол келесі деңгейге, хакім деңгейіне көтерілді. Бұл деңгейде өзінің бұрынғы жазған барлық «сөздердің» нәтижесі болып табылатын «қорытынды сөзін», яғни, отыз сегізінші сөзді (тасдиқты) жазды. Бұлар бір жерден оқып, не болмаса көріп жазған сөздер емес, «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл тастай көрме» деп өзі айтқандай, аян арқылы оның ішкі дүниесінен алынған терең сырлы сөздер. Осылай рухани жетілудің жоғары деңгейлерінде жүректің көзі ашылып, хабар нәзік және рухани әлемдерден аян арқылы түседі.

Бұл деңгейге жету жолы қандай? Бұл жолды Абай былай деп береді:

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.

Құдай хикметтерiн бiлуге ұмтылған «Кәміл мұсылман» деңгейінде жүректің көзі ашылып,  Хақтықтың (Алланың) сәулесі түсіп, іштегі кірді қашырады. Осылай адамның  кеудесі хикметке толып, Болмыстың сырлары толығымен ашылып, кемелденген адам «Хакім» деңгейіне көтеріледі. Хакiмдер рухани білім аясында Құдайдың құдiреттiлiгiн түсінуге, әрбір істің Онымен байланысын көруге ұмтылады. Жанның тазару барысында олар өздерiнiң Құдай тағалаға деген сенiмiн арттырып, Жоғары Жаратушының қасиеттерiн, жарату сырларын сезiнiп-бiлуге тырысады. Сондықтан олар – рухани бiлiм адамдары. Ой-өрісі сана-сезімнің жоғары білім деңгейіне көтерілгендер. «Кәмiл мұсылмандар» білімге ұмтылған жетiлудiң бiрiншi деңгейінде болса, ал хакiмдер – ол білімді толық меңгеріп, бойына сіңірген жетiлудiң екiншi деңгейіне көтерiлгендер. Яғни, кәміл мұсылманның нәтижесі – хакім.

«Бұлар... адам баласының пайдасы үшiн, ойын-күлкi түгiл, дүниедегi бүкiл ләззат бұларға екiншi мәртебелi қалып, бiр ғана Хақты таппақ, әрбiр нәрсенiң себебiн таппақпенен ләззаттанады» – дейдi Абай хакiмдердiң рухани деңгейін көрсетіп.

Хакімдер рухани бiлiмдi игерiп қана қоймай, оны бойына толық сiңiре білгендіктен, олардың нәзiк болмысы жетіліп, ерекше қасиеттерге ие болады. Мәселен, жоғары нәзік әлемдермен байланысып, түрлі құбылыстарды көріп, оларды дұрыс бағытта өзгерте алады. Көру, болжау қабiлеттерi өте зор. Тылсым әлемдерге кіріп, олармен байланысу арқылы ерекше қасиеттерге ие болады. Ондай қасиеттерi бар хакiмдер өткен замандарда хан уәзiрi, көмекшiсi, ақылшысы болған. Нәзiк әлемдерге ену қабiлетi арқылы түрлі қасиеттерге ие болған осындай адамдарға сүйенген мемлекет басшылары, хан-патшалар халықты дұрыс басқара білген.

Хакімдер магнетизм, спиритизм, телепатия, қазақша айтқанда, көрiпкелдiк, диуаналық, бақсылық делiнетiн мистикалық қасиеттерге ие бола алады. Бірақ, ол қасиеттер кейде адамға туғаннан да, немесе ата-тегiн қуалап та берiледi. Қазiргi заманда оларды «экстрасенс» деп атап жүрмiз.

Сондықтан, данышпан сөздерін терең түсініп, бойына сіңіре білген адамда оның хакімдігіне, ол сөздерді оның өзі жазғанына ешбір күмән болмайды. Хакімдер Болмыс сырларын жүрек арқылы, ішкі дүниесімен қабылдағандыққан, олар сыртқы дүниеге тәуелді емес. Сонымен бірге,  «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас» деп данышпанның өзі жазғанындай, хакімдер діннің сыртқы көрінісіне көбірек көңіл бөлетін дәстүрлі діннің аясынан шығып, тек қана діннің ішкі мәнін қабылдайтын таза рухани деңгейге болғандықтан, олар барлық діни ағымдарды бірдей қабылдап, алаламайды.

Абай тәрізді данышпандар әлемнің жоғары қуат иелері. Сол қуаттан  нәр алып, дұрыс пайдалана білсек, үйлесімді өмірге жол ашылады. Керісінше, ол қуатты ескермей, не болмаса, оған қарсы қаруланатын болсақ, Болмыстың әділет заңдылығы бойынша, ондай жағдайда оның кері әсері болады.

Досым Омаров,

абайтанушы, философ, теолог-ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1605
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3220
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1208
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1118