Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 1535 8 пікір 15 Қазан, 2024 сағат 13:42

Сенат мойындады: Дүйсенованың «Ата жолы» картасы аты бар, заты жоқ жоба!

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: primeminister.kz сайтынан алынды.

Тамара Дүйсенованың бастамасымен «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» енген «Ата жолы» картасының аты бар, заты жоқ жоба екені туралы айтып, жазып келе жатқанымызға біраз уақыт болды.

Иә, «Ата жолы» картасы – кілең сауатсыздар жасаған аты бар, заты жоқ, шикі жоба!

Аталған картаны алған этникалық қазақтардың заңды ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ жоқ! Ешбір Заңмен бекітілмеген!

Құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмеген этникалық қазақтар ол картаны алғанымен, айтыңызшы, не істей алады?!

Соған қарамастан, «Отандастар қоры» өткізген шетелдегі қазақтардың екі реткі «Кіші құрылтайына» және Астанада өткен «Отандастар форумына»  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Кеңесшісі Мәлік Отарбаев арқылы үш мәрте «Құттықтау хатын» жолдап, үш мәрте: «Қазақстан азаматтығы мен қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді...», - деді.

Президентке мүлде жалған мәлімет беріп, шылғи өтірік айтқызып отыр!

Бірінші, «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы аты шулы 20-баптың 5) тармағы арқылы Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін берілмейтін етіп тастады;

Екінші, бұрын бес жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесін отыз бес күнде берілетін етіп, жаңа тәртіп енгізді.

Сөйтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Президент Әкімшілігі, Парламенттің қос палатасы дәл бүгінге дейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты алдап, шеттегі қандастарымызға өтірікші етіп көрсетіп келді.

Соған қарсы, міне, екі жыл болды, біз тынбай аяусыз күрес жүргізіп келеміз!

Тығыларға тесіктері қалмаған болса керек, бүгін Сенат Тоқаевты «Ата жолы» картасы бойынша алдап келгенін ақыры мойындады.

«Айтыңдаршы, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері қай заңның нешінші бабымен бекітілген?!», - деп сұрау салып, мүмкін, бесінші, әлде оныншы мәрте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына жазған хатымызға Сенат депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сатвалдиев Алишер Гапиржанович жауап беріп: «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», - депті.

Осыған дейін біздің жоғарыда айтқан «Айтыңдаршы, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері қай заңның нешінші бабымен бекітілген?!», - деген сұрағымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасов пен вице-министрі Асқарбек Ертаев «Ата жолы» картасын беру тетігі енгізілген сәттен бастап (2023 жылғы шілдеден бастап) және бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар 55 өтінімді (124 адам) мақұлдағанын; оның ішінде 26 өтінім (70 адам) «Ата жолы» картасын бизнес-иммигранттар ретінде алғанын, 31 өтінім (59 адам) сұранысқа ие мамандар екенін айтып: «Ата жолы» картасының иегері көшіп келуші болғандықтан, бар құқықтары мен міндеттері «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабы және 23-бабы 1-тармағында жазылған және бөлек жазудың қажеттілігі жоқ...», - деп бет бақтырмай келген болатын!

Сурет primeminister.kz сайтынан алынды.

Сенат депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Алишер Сатвалдиевтың мына жауабы Ахмади Сарбасов пен Асқарбек Ертаевтың,  жоба авторы Тамара Дүйсенованың аузына ҚҰМ құйды! Үшеуі де масқара болды!

Суреттер primeminister.kz және sputnik.kz сайттарынан алынды.

Әрине, «Ата жолы» картасымен Қасым-Жомарт Кемелұлын алдап, өтірікші етіп келген жалғыз Сенат емес!

Бірінші алдамкөс – Заң жобасын жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

Сосын, аталған Министрлік жасаған Заң жобасын күзеп-түзеп, Мәжіліске қарауға жіберген Президент Әкімшілігі;

Сосын, Президент Әкімшілігі күзеп-түзеген Заң жобасын ноториус ретінде бекітіп бере салған Мәжіліс;

Сосын, үлкен ноториус – Сенат!

Көрдіңіз бе, Заң шығару жүйесі әлі өзгерген жоқ, сол баяғы қалпында тұр.

Атақты Ринат Заитовыңыз да, Мақсат Толықбайыңыз да, кәсіби заңгерлер Абзал Құспан мен Бақытжан Базарбек те, тіпті Ұлы көшке мүдделі қауымның құрсағын жарып шыққан Үнзила Шапақ та, Нұргүл Тау да, тамада Жарқынбек Амантайұлы да бұл Заң жобасының бетін ашпаған, келген беті бірден қолдап бере салған.

Ал, Сенаттың өңкей «токарьлары мен слесарьларына», «бұрғышылары мен  механиктеріне», «ветеринарлық дәрігерлері мен инженерлеріне», «зоотехниктері мен санитарларына» бәрібір, олар «Заң» деген нәрсеңізді қақпайды!

Өткенде көрдік қой, Сенат олар үшін Заң шығарушы орган емес, әкімдік секілді...

Қалай десек те, бұл – Сенаттың мойындаған бірінші қателігі!

Біліп қойыңыздар, бұл – сенатор Алишер  Сатвалдиевтың өзі бере салған жауап емес! Әбден тексеріп, көздері жеткен соң, Сенат төрағасының пәрменімен берілген жауап.

Сол үшін Мәулен Сағатханұлына рахмет айтуымыз керек! Өте дұрыс шешім жасады.

Енді екіншісі бар.

Ол сенатор  Алдашев Сүйіндік Тасеменұлының қолында жатыр.

Баяғы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының аты шулы 5) тармағын не мақсатпен және қандай қажеттілік үшін қабылдағаны туралы сұрақ!

Міне, біздің ықпалды депутаттардың сиқы – осы, ағайын!

Сол баяғы ескі дәстүр...

Қатысты министрлік Заң жобасын жасайды, Президент Әкімшілігі оны күзеп-түзейді, Мәжіліс пен Сенат ноториус ретінде бекітіп бере салады...

Құрметпен, Ауыт Мұқибек

«Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері    

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048