Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 2327 25 пікір 18 Қазан, 2024 сағат 13:08

Келіссөздің сұлбасы: Ресей «жеңілді». Украина жеңе ме?

Коллаж: Reuters

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина қақтығысына қатысты пікір білдірді.

Президент Тоқаев: «Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт.

Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі», – деді Президент.

«Кез келген соғыс – келіссөз үстелінде аяқталады» қағидаттың барын ескерсек, Ресей мен Украина арасындағы үшінші жылға созылған бұл соғыстың да түбі үстел үстінде аяқталатынын болжау қиын емес. Гәп – сол келіссөзге қай тарап қандай позициямен, портфельмен келеді дегенде!

Украинаның «жеңіс жоспарын» әлем жұртына жедел таныстырып жатуының да астары осы. Алда болатын ұзын да, ырқыс-қырқыс келіссөздер майданына мықты позиция даярлау.

Ресей бұл соғыста сөзсіз жеңілді. Экономикалық санкциядан көш бастады. Саяси оқшауланды, әлемдік жиындардан қағылды. Путин үшін есті жұрт есігін жапты. Халық тұрмысы нашарлап, кедейлер көбейді. Ірі компаниялар Ресейден кетті. Бұл бір жеңіліс деңіз.

Кремль стратегиялық жағынан көп жеңіліске жол берді. «Әлемнің екінші әскері» дейтін дәудей аты әлем алдында аймандай болды. Әскери рейтингтің ең басындағы елмен үш жыл табан-тіресіп күресуге болатынын әлем көрді. Орыстың мақтаулы әскері мен оқтаулы қаруы өзінен әлденеше есе кіші мемлекетті тізерлете алған жоқ. Бұл екі жеңіліс!

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірде-бір мемлекет қару асынып кірмеген Ресей жерден айырылды. Соғыс Ресей жеріне ойысты. Украинаның Курскідегі қос ауданда атой салуы, Ресей тылына ойнап жүріп, оңай соққы жасай алуы, соққылаушы дрондардың Ресей аспанында кедергісіз ұшып, Мәскеудің төбесінен төнуі, әскери қоймалардың кезек-кезек жарылуы, Ресейдің Иран мен КХДР-дан қару сұрап, алақан жаюы жеңіліс емей не?

Ресей едәуір әскерінін айрылды. Кезек-кезек мобилизация жариялап, түрмедегілер мен мигранттардан әскер жасақтауға мәжбүр болды. Ресей Украинаға қарсы соғыста 200 мыңнан 600 мыңға дейін әскерін жоғалтты. КСРО Ауғаныстанда 9 жыл соғысып, мұнша әскерден айырылмаған еді.

Ресей желке жалын күдірейтіп, Украинаға соғыс ашқанда – «НАТО-ны шекарамызға жолатпаймыз» деген еді. Керісінше, Финдер мен Шведтер НАТО мүшесі атанып, Ресейдің дәл шекарасына келді.

Осылай тізе берсек көп және бұл жүгіртпедегі жазулар ғана.

Украина да бұл соғыстың жеңімпазы емес. Рас, Украина бұрынғыдан гөрі еуроинтеграция жолына нық түсті. НАТО-мен алыс-беріс, барыс-келіс күшейді. Стратегиялық әріптестер көбейтті. Әскер күшейді. Қару-жарақ жаңарды.

Бірақ, Украина жерінен айырылды. Көп әскері опат болды. Қалалар қирады. Экономика тұралады. Кәсіп тоқтады. Бюджет әскери демеушілікке тәуелді болды. Оған Украинадан босып кеткен 6-7 млн адамды қосыңыз. Қаншама еңбек күші сыртқа кетті.

Және соңғы айларда майдандағы ахуал да Украина үшін жағымды емес. Украина әскері Донбасста шегінуде. Донецкі мен Запорождың түйісінде орналасқан Угледардан айырылды.

Қазір Батыс басшыларының біразының жағдайы мәз емес. Неміс, француздар Украинаға қайта-қайта көмек беруді айыптауда. Мұндай жағдайда Шольцтің де, Макронның да қолдары қысқа. Олар қазір Ресейді бейбіт келісімге шақыру туралы айта бастады.

Сондықтан, президент Тоқаевтың: «Тараптар келіссөз үстеліне отыруы керек», - деген сөзін қызыл эмоциясыз қабылдаған жөн. Өйткені, келіссөз сөзсіз болады. Мәселе: қашан және қайда?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052