«Үлкеннің жүзіне бергенше...» (Соңы)
Балалар әдебиетінің тағдыры – ел болашағының тағдыры!
2007-2017 жылдары «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған дәстүрлі «Дарабоз» атты балаларға арналған туындылар бәйгесі болды. Жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп тұрды. Ол кітапты өз басым асыға күтетінмін. «Дарабоз» бәйгесі қаншама жазушының бағын ашты, балалар әдебиетіне жаңа есімдер келді. Ақыры тоқтап қалды. Өте өкінішті!
Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби дәстүрлі бәйгелер ауадай қажет. Бұл конкурстар, балалар әдебиетіне жаңа есім әкеледі. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас таланттар танылады. Балалар әдебиетінің бағы жанады! Гүлдейді! Көркейеді. Қанатын кеңге жаяды!
Балаларға арналған жалғыз әдеби журнал - «Балдырған», жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» журналы өз деңгейінде жақсы шығып жатыр. Жоғарыдағы үш басылымға менеджерлік жетіспейді. Тиражын көбейту үшін, баспасөзге жазылу науқаны кезінде үгіт-насихатпен көп жұмыс істеу керек.
Былтырдан бері семейлік талантты әдебиетанушы, білімді сыншы Әбіл-Серік Әліакбар мен жас ғалым, ақын Ерік Омарғалиев «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы қоғамдық қоры» аясында біраз игі-ізгі жұмыстар атқарып келеді. «ТАТО» деп аталатын балаларға арналған түрлі-түсті интернет онлайн журналының бірінші санын шығарды. «ТАТО» журналы алғашқы санынан бастап жас оқырмандардың қызығушылығын арттыра түсті. Жақында ғана Абай облысына қарасты Көкпекті ауданында «Нұржан Қуантайұлының әдеби мектебін» ашса, енді бұл жұмысты Аякөз ауданында, осы жолдардың атындағы әдеби мектепті ашуды жоспарлап отыр. Бұл іс--шараны жаңашыл, іскер Аякөз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев қолдап отыр.
Жуықта туған елге барғанымда Аякөз қаласындағы № 6, өзім түлеп ұшқан Дулат Бабатайұлы атындағы, туған ауылым Қарағаштағы Жамбыл Жабаев атындағы мектеп оқушыларымен болған кездесу кеші қызықты өтті.
Мектеп оқушыларымен кездесу кешіне жиі барамын. Балалар көп нәрсені білгісі келеді, оқығысы келеді. «Балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптар неге аз, безендірілуі неге нашар, неге қызықты емес?» - деген сұрақты көп қойып жатады.
Шағын мақалада, жалпы әдебиет, оның ішінде балалар әдебиметіне қатысты қордаланған мәселелерді жан-жақты қамтып, толғап айту мүмкін емес. Біз «осы крек-ау» деген жәйтті ғана қағазға түсірдік...
Қазақ даласы – кең байтақ. Күмбір-күмбір көне күйіміз бен толғауы тоқсан жырларымызда – «ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік» деп толғаймыз.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс.
Балаларға арналған шығармалардың алтын арқауы, діттеген нысанасы осы төңіректе өрбігені ләзім.
Дана халқымыз, «үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер» дейді. Ендеше, тәуелсіз еліміздің болашағы - балаларға арналған мәнді-мағыналы, мазмұнды,жас оқырманның рухын көтеретін тілі шұрайлы, жақсы кітаптарымыз көп болсын, ағайын!
Толымбек Әбдірайым,
балалар жазушысы, мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Abai.kz