Мәжіліс ЕАЭО аясындағы келісімді ратификациялады
Бүгін Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы мен өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялады.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев хабарлады.
«Құжат Еуразиялық экономикалық одақ аймағында қоймалық куәліктерді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын дамытуға бағытталған.
Заң жобасын қабылдау қоймалық куәлік ұстаушылардың қосымша қаражат тартуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде фермерлердің жұмысын оңтайландырады. Сондай-ақ электронды сауданы дамытып, қазақстандық астық қолхатын ілгерілету мен пайдалануға ықпал етеді», - дейді Депутат.
Айта кетейік, Қазақстан тарабы 2023 жылы 31 шілдеде 5 мемлекет қол қойған Келісімді ратификациялап отыр.
«Бұл еліміз үшін ауыл шаруашылығындағы цифрландыру деңгейін одан әрі арттыруға, елдің экономикалық дамуын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.
Қоймалық куәліктер шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері ЕАЭО елдерінің заңнамасымен айқындалады. ЕАЭО елдерінде шығарылған (берілген) қоймалық куәліктер тізілімдеріне енгізілген және шарт талаптарына сәйкес келетін қоймалық куәліктерді осы мемлекеттер өзара мойындайды», - дейді Серік Егізбаев.
Abai.kz