Тоқаев Сыртқы саясат концепциясын өзгертті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат концепциясын өзгертті.
Құжаттан елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы тұстар алынып тасталды. Бұған "Ақжайық" сайты назар аударған.
Концепцияның бұрынғы нұсқасында «ел дамуының жаңа кезеңіндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығы» елдің сыртқы саясатындағы негізгі қағидаттың бірі болған еді. Ал жаңа нұсқада "ел дамуының жаңа кезеңінде сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы" деп жазылған.
Бұған қоса, Назарбаевтың сыртқы саясат бойынша халыққа мәлімдеме жасау құқығы да алынып тасталған. Бұрынғы құжатта "Бірінші президент – Елбасы" Конституциялық заңына сай, Қазақстанның бірінші президенті – Елбасы сыртқы саясат бойынша маңызды сұрақтарда халыққа, мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға қайырылып, бастама көтеруге өмір бойына құқылы" деп жазылған еді.
238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев пен оның айналасындағылардың ықпалы әлсіреді. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойына басқару өкілетінен айырылды. "Бірінші президент – Елбасы" заңы күшін жойды.
Дереккөзі: Азаттық радиосы
Abai.kz