Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 926 0 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 18:39

Мәжіліс спикері Бішкекте Қырғызстан Парламентінің төрағасымен кездесті

Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевпен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан парламенттері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық кеңестің екінші отырысына қатысты.

Жогорку Кенеш депутаттарымен кездесу барысында басты тақырып – парламентаралық ынтымақтастықты нығайту болды. Мәжіліс төрағасы екі мемлекет басшылары арасындағы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету Қазақстан мен Қырғызстан парламентшілерінің басты міндеті екенін атап өтті.

– Ағайынды Қырғызстан әрдайым еліміздің сенімді стратегиялық серіктесі және солай болып қала бермек. Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі кездесулердің қарқыны да, мазмұны да ынтымақтастығымыздың одақтастық сипатын айшықтайды. Президент Садыр Жапаровтың биылғы Қазақстанға жасаған ресми сапарының тарихи маңызы зор болды. Одақтастық қатынастарды тереңдету мен кеңейту туралы мемлекетаралық шарт және бірқатар маңызды салалық келісімге қол қойылды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері қырғыз әріптестеріне Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер туралы айтып берді. Ол сондай-ақ көппартиялы Мәжілістің VIII шақырылымдағы заңнамалық қызметі туралы хабардар етті. Әсіресе, Қазақстан қоғамы үшін маңызы зор «Ұлттық қор – балаларға», әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, құмар ойынға тәуелділік пен есірткі өндірісіне қарсы күрес туралы заңдарға кеңінен тоқталды.

Мәжіліс төрағасы екі ел депутаттары арасында ең өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін тұрақты және сындарлы диалог орнағанын атап өтті.

Ерлан Қошанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы, Түркі мемлекеттері ұйымының Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» парламенттері спикерлерінің кездесу форматтары аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың ерекшелігі ретінде халықаралық бастамаларды өзара қолдаудың тұрақтылығына назар аударды.

Кездесу соңында Мәжіліс спикері Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевке Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Достық» орденін табыстады. Жогорку Кенеш төрағасының орынбасары Нұрбек Сыдыгалиевке Құрмет грамотасы берілді.

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысында депутаттар экономика, инвестиция, су энергетикасы, көлік, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылады.

– Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты – су қауіпсіздігі. Бұл саладағы тиімді әріптестік су ресурстарын ұтымды әрі әділетті пайдалануға, тараптардың мүдделерін ескеруге және өзара міндеттемелерді орындауға негізделеді. Биыл бірлесе атқарған шаралардың арқасында суару маусымы еш шығынсыз өтті, – деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар энергетика саласындағы байланысты дамыту мәселесін де талқылады. Мәжіліс спикері биыл жазда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Камбар-Ата гидроэлектр станциясын салу туралы үшжақты келісімге қол қойылуы маңызды оқиға болғанын атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынас туралы айта келе, Парламент төрағалары мемлекет басшыларының тапсырмасымен мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, туризм салаларында бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Жастар мен студенттер белсенді түрде тәжірибе алмасып жатыр. Бүгінде Қырғызстанда Қазақстанның екі жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді.

Парламентаралық кеңестің екінші отырысы соңында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші мен Қазақстан Республикасы Парламенті арасындағы ынтымақтастық бойынша Парламентаралық кеңес туралы ережеге қол қойылды.

Сонымен қатар сапар барысында Мәжіліс төрағасы мен депутаттар 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың зираты мен мұражай-үйіне барды.

Ресми сапардың екінші күніне Ерлан Қошановтың Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровпен кездесуі жоспарланған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5673