Вице-президент пен Үкімет басшысы сайланды!
Бүгін Құрылтай Вице-президент пен Премьер-министрдің кандидатураларын мақұлдап, дауыс бердіі. Депутаттар жаңа Конституция арқылы алған өкілеттіктерін алғаш рет пайдаланды.
Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай: «Бүгін біз жаңа Конституция берген өкілеттіктерді алғаш рет пайдаланамыз. Құрметті әріптестер, Конституцияның 46-бабының екінші және төртінші тармақшаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Вице-президенті мен Премьер-министрін Құрылтайдың келісімімен, депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен қызметке тағайындайды. Соған байланысты бүгінгі күн тәртібіне екі мәселе енгізіліп отыр», – деген еді.
Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ – ЕРЛАН ҚАРИН
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ұсынуымен Қазақстанның Вице-президенті лауазымына ұсынылды. Осыған дейін саясаткер Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын.
Ерлан Карин туралы не белгілі?
Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша бітіріп, тарих және география мұғалімі біліктілігін алды. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын аяқтады. Саяси ғылымдар кандидаты.
Мемлекеттік қызметі: 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың шілдесіне дейін – Президент кеңесшісі, кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды. 2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, ал сонымен бірге 14 маусымда Мемлекеттік кеңесші болып тағайындалды. 2026 жылғы 30 маусымда Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне келді.
Вице-президент немен айналысады?
Вице-президент институты Қазақстанның жаңа Конституциясында қайта пайда болды. Оның басты міндеті – билік сабақтастығы мен мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Президенттің тапсырмасы бойынша Вице-президент оның атынан Құрылтаймен, Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды және халықаралық қатынастарда өкілдік етеді. Мемлекет басшысы оған басқа да функцияларды белгілей алады.
Вице-президент бір мезгілде депутат болуға, басқа ақы төленетін лауазымдарды иеленуге, кәсіпкерлікпен айналысуға немесе саяси партияда болуға құқылы емес. Негізгі өкілеттіктердің бірі билік сабақтастығымен байланысты. Егер Қазақстан Президентінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, Мемлекет басшысының міндетін атқару Вице-президентке өтеді. Осылайша, тағайындалған жағдайда Ерлан Карин араға 30 жылдай уақыт салып қайта жаңғырған институттың алғашқы Вице-президенті атанбақ.
Дүйсенбі күні Құрылтайдың 141 депутаты Ерлан Қаринді вице-президент лауазымына бекіту туралы Тоқаевтың ұсынысын мақұлдап дауыс берген.

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР – ОЛЖАС БЕКТЕНОВ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың қарауына Қазақстанның Премьер-министрі лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын енгізді.
Бұған дейін Құрылтайдың бірінші сессиясында Тоқаев алдымен жаңа парламенттің басшылық құрамы қалыптастырылуы тиіс екенін, содан кейін ғана депутаттарға Вице-президент пен Премьер-министрдің кандидатураларын ұсынатынын хабарлаған болатын.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Президент Құрылтайда өкілдік ететін саяси партиялардың фракцияларымен консультация өткізгеннен кейін Премьер-министр кандидатурасын депутаттардың қарауына енгізеді. Құрылтай тағайындауға келісім беруі тиіс. Шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Жаңа Құрылтайда 145 депутат бар. Соған байланысты келісім алу үшін кандидат кемінде 73 дауыс жинауы қажет.
Егер Құрылтай кандидатураны қолдаса, Президент бұл адамды өзінің Жарлығымен Премьер-министр етіп тағайындайды. Егер келісім берілмесе, тағайындау процедурасы аяқталмайды: Президент Конституцияда белгіленген тәртіпті ескере отырып, кандидатураны қайта енгізуі қажет болады. Премьер-министр тағайындалғаннан кейін Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау басталады.
Президент Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Үкіметтің құрылымын айқындайды. Үкімет мүшелерін Президент Құрылтаймен консультациялардан соң, Премьер-министрдің ұсынуы бойынша тағайындайды.
Бұл ретте Сыртқы істер, Корғаныс және Ішкі істер министрлерін Президент дербес өзі тағайындайды.
Бектенов Премьер-Министр қызметінде қалды!
Оның кандидатурасын Құрылтай депутаттарының басым бөлігі қолдап, дауыс берді. Палатадағы дауыс беру қорытындысы бойынша 137 депутат Бектеновтің кандидатурасын қолдаса, жеті депутат қалыс қалған. Осылайша, Олжас Бектенов жаңадан жасақталатын Үкіметті де ары қарай басқаратын болды.
Олжас Бектеновтің Үкіметі
Олжас Бектеновтің Үкіметі жаңа Құрылтай алдында өкілеттігін тапсырды. Кабинеттің жаңа құрамы қалыптасқанға дейін қолданыстағы Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Abai.kz