Жұма, 15 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 92 1 пікір 15 Қараша, 2024 сағат 14:43

Қолды болған қор ақшасы: «Біз біргеміз» - ол жалғыз...

Коллаж qaz365.kz сайтынан алынды.

Қайырымдылықтың артында, қайырымсыз адамдар тұр ма?

Кеше еліміздің Қаржы мониторинг агенттігі: «Еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізілуде», - деп хабарлаған болатын.

ҚМА мәлімдеуінше, Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.

«Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды», - деп жазылған ресми мәлімдемеде.

ҚМА ақпаратынша, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

«Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

Бұл ақпарат жариялана салысымен, БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Перизат Қайратқызы туралы жазбаған адам қалмады. Бірі даттаса, бірі мақтап, ол қыздың артында танымал «адамдар» тұр деген пікірлер жазылды.

Десек те, Перизат Қайрат деген кім, ол басқарған қайырымдылық қоры елге қандай көмек көрсетті?

Ашық дерккөздерде келтірілген мәліметтерге келсек, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры 6 өңірде – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарында қарғын судан жапа шеккендерге жылу, көмек жинауды ұйымдастырған.

Бұл қор мемлекеттің қолдауымен, жалпыұлттық волонтерлік қозғалыс есебінде 2021 жылғы 3 маусымда қайта тіркеліпті. Қозғалыстың қатарында 15 мыңдай ерікті болған.

Қордың Instagram парақшасында айтылғандай, Президенттің тапсырмасымен және қор жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы 27 наурыздан бері оған түскен барлық қаражаттар Қаржы министрлігінің және Ұлттық банктің бақылауына алынған.
Алайда Қазақстанда топан судың ең ауыр кезеңі биылғы сәуірге тұспа-тұс келгенін ескерсек, қайырымдылық қаражаттары негізінен жұмсалып кетсе керек.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат – елде кейінгі жылдары мемлекеттің қолдауымен күш алған волонтерлік қозғалыстың белгілі белсендісі, қоғам қайраткері.

Instagram парақшасында өзі айтқандай, Перизат Ақтөбенің тумасы, Ақтауда мектеп бітірген. 2015 жылы Астанаға көшіп келді. University of Nottingham британдық университетін Business management мамандығы бойынша бітірді.
Ел Президенті 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялағаны мәлім. Осыған байланысты ел Үкіметі еріктілер қозғалысын дамытудың Жол картасын әзірледі, бюджеттен мол қаржы бөлді.

Тренд толқынын жүгендеп үлгерген Перизат 2020 жылғы мамырда атақты қоғамдық қордың негізін қалады. Қор халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына көмек көрсетті. Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды. Содан бері елді жайлаған түрлі төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге қолдау көрсетті.

Statsnet контрагенттерді тексеру сервисінің дерегінше, П.Қайрат құрған қоғамдық бірлестіктің ресми атауы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» деп аталады. Ол Астананың Есілдің оң жағалауындағы ескі орталығында, Алматы ауданында тіркелген. Қызметкерлерінің саны 10-ға да жетпейді. «Төлеген салығы» деген орында «0» деген сан тұр.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Перизат Қайрат бүкіл ғұмыры мен уақытын жалғыз қайырымдылық істерге арнамаған, оның басқа да қызығушылықтары көп. Бос уақытында кітап оқып, ән айтады. 10 жылдан бері қазақ тілінде өлең шығарып жүрген «ақын» көрінеді. Бұл дарыны туралы өзі Instagram парақшасында жариялады.

Перизат Қайраттың кінәлі-кінәсіздігін алдағы уақытта тек сот анықтайды. Бірақ осындай жаңалықтардан кейін қайырымдылықтың артында не тұрғаны алаңдатады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1277
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3018
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3788