Жұма, 7 Тамыз 2026
46 - сөз 1158 0 пікір 5 Тамыз, 2026 сағат 14:05

Қандастар құжаттана ма, жоқ кері қайта ма?!

Сурет: Автордың жеке парақшасынан алынды.

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Мен Сіздің атыңызға арнайы хат жазып, Атажұртына көшіп келіп, осы жылдың ақпан айынан бері қатаң атқарыла бастаған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың кесірінен Қазақстан азаматтығын ала алмай отырған 430 этникалық қазақ  отбасының тізімін жолдап отырмын.

Олардың құжаттана алмай қалуының себебі біреу-ақ!

Ол – аталған «Бірлескен бұйрықтың» шарттарының заңсыздығы мен ауырлығы!!!

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Өзіңіз жақсы білесіз, қазір «Заң мен Тәртіп!» қағидаты салтанат құрған заман!

«Бірлескен бұйрықты» қабылдатуға ықпал еткендер ойлап қалмасын, «Қандастар туралы Президентке жағымсыз ақпарат беріп, осылай пиоттық жоба қабылдап, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың құжаттану процессін барынша қиындатсақ, Ұлы көш тоқтайды...», - деп!

Естеріңізде болсын, Ұлы көш мәңгі тоқтамайды!

Салық Зиманов бастап, Нұрсұлтан Назарбаев қостап, Ұлы көшті сонау Тәуелсіздіктің бірінші күні мәңгілікке шегелеп кеткен болатын!

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) 7-бабында «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады», - деп жазылған!

Конституцияны, конституциялық заңдар мен заңдарды жылына, айына емес, аптасына, тіпті күніне өзгерте беруге болады.

Ал, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заң (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) ешқашан өзгермейді!

Ол – Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгі жасайтын Заң!

Керек болса, Конституцияның өзі осы «Егемендік туралы» декларация мен осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының негізінде жасалады!

Аталған Конституциялық Заңда тағы: «Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады. Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» және «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды» деген қасиетті нормалар бар!

Қазір бұл нормалардың біреуі орындалып жатқан жоқ!

Керісінше, «Бірлескен бұйрық» арқылы Сіздер «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 7- және 8-баптарын бұзып, Атажұртына оралған қандастарымыздың құқығын шектеп тастадыңыздар!

Сондықтан, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын құқығын шектеу – қылмыс!!!

Адам құқығын бұлай шектеу Тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған жағдай, тек Сталин заманында болған!

Сіздің осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына мүлде қайшы, адам құқығын шектейтін бірлескен бұйрыққа қалай, не үшін қол қойғаныңызды түсінбей отырмын!

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

430 отбасы – аз сан емес, мыңнан астам адам!

Бұл – менің қолыма түскендері ғана!

Ал, жалпы құжаттана алмай отырған ағайындарымыздың саны бұдан әлдеқайда көп, екі-үш есе артық болуы мүмкін.

Тізімдікке қарап отырсақ, олардың біразы көпбалалы отбасылар.

Өздерінің айтуларына қарағанда, «Қандас» мәртебесін алғандары да жетерлік екен. Бір бөлімі Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғандар болып шықты.

Соған қарамастан, ондай санаттағы отбасылар да құжаттана алмай отыр.

Көбінің визасының, «Қандас» мәртебесінің және өзге де құжаттарының мерзімі өтіп кеткен...

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Сізге өтініш, егер, аталған 430 отбасы секілді Атажұртына оралып, Сіздер шығарған бірлескен бұйрықтың кесірінен құжаттана алмай қалған этникалық қазақтар осы беті құжаттана алмаса, онда олардың бұл мәселесін қалай шешу керек деп ойлайсыз?!

Осы сұраққа байланысты, менің Сіздің ойыңыз бен пікіріңізді білгім келеді!

Бірінші, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына мүлде қайшы, адам құқығын шектейтін бірлескен бұйрыққа қалай, не үшін қол қойғаныңызды?!

Екінші, Өзіңіз қол қойған «Бірлескен бұйрықтың» күшін жойып, қандастарымызды бұрынғы тәртіппен құжаттандырсыз ба, әлде, сергелдеңге салмай, келген Елдеріне кері қайтасыз ба?!!

Қалай болса да, Сіздің тез шешім қабылдауыңызды талап етемін!

Сондай-ақ, қарамен боялып, асты сызылған ЕКІ СҰРАҚҚА, себебін түсіндіре отырып, Өз атыңыздан нақты жауап беруіңізді өтінемін!!

Сонымен бірге, осымен ТӨРТІНШІ МӘРТЕ сұранып жатырмын, мені Өзіңіздің жеке қабылдауыңызды сұраймын!!!

Ескерту: 430 отбасының тізімі қоса тіркелді.

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

Abai.kz

0 пікір