Қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс артып келеді
Қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс артып келеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Айгүл Қапбарова шетелдік блокбастерлерді қазақ тіліне дубляждауға қатысты сұрақ қойды.
«Бюджеттен жыл сайын шетелдік 15 фильмді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау арқылы шамамен 443 млн теңге бөлінеді. Келер 2025-2027 жылдары дубляжға осы сомада қаражат ескерілген. Алайда 2023-2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, бюджетке қайтарылды. Яғни екі жылда шетелдік фильмдер дубляжданбаған. Бұл ретте көрерменнің әлемдік деңгейдегі туындыларды ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. Атап айтқанда, қаражаттың бюджетке қайтарылуы себебі неде?», - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде вице-министр Қанат Ысқақов былтыр шетелдік 15 фильмді аударуға қаражат бөлінгенін, бірақ аударма жұмыстары атқарылмағанын айтты.
«Басты себеп неде? Ең алдымен, голливудтық немесе анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару үшін бізде бірнеше қатаң шарт бар. Әрине, осы шарттар біздің салт-дәстүрімізге, заңнамамызға сәйкес келеді. Бірақ екі күрделі талап бар, яғни ірі дистрибьюторлық компаниялар оларды жүзеге асыра алмай отыр. Біріншіден, әрбір голливудтық немесе анимациялық туындыны қазақшаға аударардың алдында онлайн сауалнама болуы керек. Оған бірнеше ай керек. Екіншіден, тек қана жоғары рейтинг алуға қауқарлы фильмдер аударылуы қажет деген шарт бар. Осы екі талапты орындау үшін 3-4 ай уақыт өтеді. Бұл уақыт тым ұзақ болғандықтан, оған ешкім қызығушылық танытпайды. Сондықтан министрлік Парламент Мәжілісіне тиісті заң жобасын енгізіп, бұл екі норманы жеңілдету жұмысын атқарып жатыр», - деді Қ. Ысқақов.
Оның айтуынша, қазір фильмдерді толықтай қазақ тіліне аудару іс-шаралары атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда дистрибьюторлық компаниялар өз қаражатына осы жұмысқа кірісіп отыр. Өйткені қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс артып келеді.
«Жалпы, бұл мәселені бақылауға аламыз. Тиісті заңнамалық өзгерісті енгізіп, бөлінген қаражатты тиянақты әрі орынды игеруге ерекше мән береміз», - деді вице-министр.
Abai.kz