Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Әдебиет 543 3 пікір 3 Желтоқсан, 2024 сағат 16:25

Бекет Қарашин: «Махамбеттің өлім жазасы»

Сурет: Бекет Қарашиннің мұрағатынан алынды.

Айбоз сыйлығы – Қазақстанда әдебиет пен өнер саласындағы шығармашылықты қолдауға және насихаттауға бағытталған ұлттық байқау. Бұл сыйлық қазақстандық авторлар мен таланттарды ынталандыруды мақсат етеді. 2 желтоқсан  күні Алматы қаласында Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева Айбоз сыйлығы номинациялары бойынша жеңімпаздарды марапаттау іс‑шарасын өткізді. Онда  тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды.

Бүгін «Айбоз» жеңімпазы, белгілі философ‑жазушы, ақын Бекет Мұқанәліұлы Қарашинмен тілшіміз Ә. Бәкірұлының жүргізген экспресс‑сұқбаттын назарларыңызға ұсынамыз:

Ә.Б.: ‑ Бекет Мұқанәлі ұлы, бүкіл қазақ жұрты сізді «Мен қазақпын ‑ көк түрікпін» атты поэмаңыз арқылы таныды. Ол шығармаңыз туралы біршама дау‑дамайлар болғаны жасырын емес. Біреулердің, тіптен, «А.Байтұрсыновтың НКВД түрмесінен жазған бұрын белгісіз жаңа өлеңі табылды» деп сүйінші сұрағанын да білеміз. Әрине, кейін сіздің авторлығыңыз дәлелденді. Бұл жұрттың Сізді танымай жатуынан емес пе? Сондықтан өзіңізді біздің оқырмандарымызға таныстыра кетсеңіз дұрыс болар еді.

Б.Қ.: ‑  Қысқаша айтсам, мен 1953 жылы Атырау облысы, Индер ауданында Аққала ауылында туылдым. Әкем Мұқанәлі соғыс ардагері. Алғаш рет мектепке Орал қаласында бардым. Ал, мектепті орыс тілінде сол облыстың Тайпақ ауданында бітіріп, екі жыл әскер қатарында болдым. Әскерден соң Алматыға келіп, АДК құрылыс комбинатында бір жарым жыл жұмыс істей жүріп, Алматы политехникалық институтының Құрылыс факультетінде кешкі бөлімнде оқыдым. Жұмыста жүргенде Алматыда тұратын әкемнің інісі Өтеш Қарашиннің үйіне жиі барып тұрдым. Кейде, ағамның үйіне оның достары келетін.  Олар ағамның достары ‑ сол кездері ғылыми ортада танымал бола бастаған қазақ философтары Ғалихан Ақпанбетов, Ағын Қасымжанов, Марат Сужиков сынды тұлғалар еді. Сол пікірталастар кездері олардан шығатын түйдек‑түйдек ой толқындары мені таң қалдыратын...

Міне, сол тұлғалардың ықалымен мен де біртіндеп философияның шексіз әлеміне қызығып, оның иірімдеріне ене бастадым. Кейін мен ағама политехтағы оқуымды тастап, атақты ҚазГУ‑дің философия факульетіне барғым келетінін айтқанымда, ағам ол  шешімімді құптады, қуана қабылдады. Міне, осылайша мен 1974 жылы КазГУдың студенті атандым. Университет қабырғасында А.Қасымжанов, Ғ.Ақпанбетов, М.Сужиков, Ж.Абдильдин және басқа да ұстаздадың дәрістерін тыңдадық. Ол бізге үлкен өмірлік сабақ болды. Ең бастысы, біз әлемдік философия тарихын игеру барысында дүниетанымдық методологияны меңгердік, сыни ойлау тетіктеріне қол жеткіздік.

Ә.Б. – Одан кейінгі өміріңіз қалай жалғасты?

Б.Қ. – Университетті бітірген соң мен Қарағанды Жоғарғы милиция мектебінде философия пәнінен сабақ бердім. Арасында арнайы жолдамамен Қазақстан Ғылым Академиясы Философия институтында аспирантураны бітірдім. Жоғарғы мектепте қызметімді доғарған соң, туған жеріме, Атырауға көшіп келдім. Менің әдеби шығармашылығым осы кезеңнен басталады...

Ол кездері қатты дағдарыс болғанын білесіздер. Көп адамдар жұмыссыз қалды, саудаға кетті. Сол кездері менде «бос уақыт» пайда болды да, мен әдеби сюжеттерімді қағаз бетіне түсіре бастадым. Бейбарыс сұлтан туралы кітабымды жаздым. Олжас ағамыздың шығармашылығы туралы жаздым... Онымен қоса, «философиялық афоризмдерімді» поэтикалық формада жаза бастадым. Міне, осылай мен біртіндеп поэзияға бет бұрдым десем болады...

Ә.Б. – Иә, 2003 жылы Атырауда ЮНЕСКО аясында Махамбеттің 200‑ жылдығына оның өлеңдерінің шет тілдерге аудармысы бойынша сіз бас бәйгені еншіледіңіз. Ол жырыңызды қазақ қауымы жоғары бағалады. Мәселен, ол туралы Мұрат Әуезов ағамыз: «Махамбеттің жырын өзге тілге аударғанда, аудармашыда Махамбетке тән мінез, оған тең айбын болуы керек және аударма тіліне жетік болуы керек. Мен білетін Бекетте осының бәрі бар» деп еді. Сонымен бірге, Г.Бельгер ағамыз да сіз туралы оңды пікірлерін білдірген еді.

Б.Қ. ‑ Иә, Махамбеттің жырларын өзге тілдерге аудару өте қиын. Мұрат ағаның айтқаны дұрыс, өзге тілде «жырлағанда» Махамбеттің образы, оның сөз саптауы, екпіні, шалт қимылы, ойлау масштабы, әлеуметтік құндылығы еш жойылмауы керек. Және де ол тек Махамбетке тән ерекше поэзиялық формасын сақтап қалуы керек. Міне, мен осы туралы көп ойландым. Өзімді осыған іштей дайындадым. Нәтижесі белгілі. Махамбет жырлары мені келесі – «Қазақ жырауларының ер‑серілік (рыцарлық) поэзиясы» атты сериялық аудармалар жасауға алып келді. Онда Асанқайғы, Доспамбет, Қазтуған, Жиенбет, Ақтамберді, Есет би және т.т. жырлары орыс тіліне аударылды.

Ә.Б. ‑ Бізге ол аудармалар қаншалықты қажет?

Б.Қ. – Өзіңіз білесіз, Кеңес одағы кезінде қазақта бірқатар «орыс тілді қауым»  қалыптасты. Олар, қаншама оқыса да, Маханбетті және оның поэзиясын, оның ұлттық болмысы мен мінезін өзіне толыққанды сіңіре алмаушы еді. Ол үшін оларды кінәлай алмаймыз. Ендеше, біздің міндет Маханбетттің «өзін» сол ортаға қаз‑қалпында, еш бүкпесіз жеткізу болмақ. Ол, жалпы алғанда, ұлттық Рухты сақтаудың бір жолы. Егер, халық өзінің ұлттық рухын жоғалта бастаса, одан жақсылық күтуге болмайды... Сол  себепті де бұл аудармалар қажет. Өз тілін білмеген қазақ осы жырлар ақылы өз халқының рухын бойына сіңіруге мүмкіндік алады... Мен осы мінетімді абыроймен атқарып шықтым деп ойлаймын...

Ә.Б. – Дұрыс айтасыз, бұрын ондай аударма «Қазақ жырауларын сыртқа таныту» деген мақсатты алға қойып келді. Енді сіз оны жаңа мағынамен толықтырдыңыз, ол – Ұлттық Рух мәселесі. Ол дұрыс та, себебі, тәуелсіздіктен кейін «ұлт рухы» мәселесі біздің халық үшін «тағдырмәнді» сұраққа айналуы заңды. Ендеше, сіз Маханбет жырларынан бастап, қазақ жырауларына ден қойдыңыз. Одан өзге бірнеше кітаптар жаздыңыз. Соның ішінде, өткен жыраулардың ізін қуып, солардың сарынымен, сол стилде «Мен қазақпын, көк түрікпін» деген жырды да өмірге әкелдіңіз. Ол, сіздің ұлт алдындағы перзентік борышыңыз ғана емес, ұлтыңызға, халқыңызға деген сүйіспеншілік сезімнен туындаған дер едім. Міне, соның бір шоқтығы ретінде бүгін сіздің «Махамбеттің өлім жазасы» атты романыңыз халықтың таңдауына ие болып, қошаметке бөленуде. Біз сізге болашақта да халқыңызға береріңіз мол бола берсін деп тілек айтамыз.

Б.Қ. – Сіздерге де табыс тілеймін. Абай кз. сайты қазақ руханиятының сақшысы ретінде еліміздің мәдени дүниесіндегі қызметі жемісті бола берсін.

Сұқбатты жүгізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1000