Алматыдағы ең үлкен мешіт қашан ашылады?
Ораза айтта бір күнге ашылып, 40 мыңға жуық адамды жинаған Алматыдағы ең үлкен мешіт неге әлі өз жұмысын бастамады? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Алматының әділет департаменті оның нақты себебін түсіндірді.
Ғимарат Алматының Алатау ауданы Ғажайып шағын ауданы, 6 мекенжайында орналасқан. Мешітке 20 000 адам сыяды, сондай-ақ 1 100 көлікке арналған автотұрақ пен кітапхана, 400 адамға арналған іс-шаралар залы мен неке қиюға арналған арнайы аймақ та бар.
Биыл құлшылық ордасында Ораза айт мерекесіне орай Айт намазы оқылып, мешіт бір күнге ашылған еді. Сол кезде Айт намазына 40 мыңға жуық адам жиналғаны хабарланған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, «Алатау» мешітінің құрылысы 2019 жылы басталып, 2025 жылы аяқталды. Оны Almaty building projects құрылыс компаниясы салған.
– Құрылысы аяқталғанымен, оның ішіндегі кабинеттердегі жиhаздар мен жамағатқа ыңғайлы болуы үшін өзге талаптар әлі де дайын емес. Бүгінде бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген ресми жауапта.
Мешіт орналасқан жер телімінің құжаттарын заңдастыру 2025 жылғы қараша айының басында аяқталған.
– Қазіргі таңда мешіт ғимаратының құжаттары ешқандай кедергісіз дайындалып жатыр, - делінген жауапта.
Сондай-ақ басқарма мешіт ғимаратының құжаттары толық аяқталып, мешіт ҚМДБ-ның филиалы болып жергілікті Әділет департаментінен ресми тіркеуден өткен соң ашылатынын хабарлады.
Агенттік тілшісі Алматы әділет департаментінің баспасөз қызметімен де байланысып көрді.
Ведомство мешітті ресми тіркеу туралы өтініш әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеліп, содан кейін ғана Әділет департаменті базасына түсетінін мәлімдеді. Ал 25 қарашаға дейін ведомствоға бұл мешітке қатысты тиісті өтініш түспегені белгілі болды.
Айта кетейік, Қазақстанда бүгінде 2 850 мешіт жұмыс істейді, олардың барлығы еліміздің мұсылмандарының діни басқармасының қарамағында.
Abai.kz