Эпика және эротика
Соңғы кезде кейбірлер айтушылық дәстүрдің асыл арқауы болып табылатын эпикалық туынды мен айдың дидарын көруі мүмкін емес қара түн секілді қарсы бағыттағы эротиканың, осы аралықта бірікпес керте жасап тұрған эпикалық репертуардың жайын ажырата алмай жүргенге ұқсайды. Мұны осылар бұрын да ажыратып па еді?
Жалпы, репертуары арқылы жыршының кім екенін, оның өмірлік ұстанымын, жағдаятын, бүкіл болмысын танып, білуге болады. Әйтпесе Мағжанның «Сүй, жан сәулем…» деген өлеңін мақамға салып жабайы эксперимент жасау арқылы масқарапаз болып, жыршылықтағы тәлім-тәрбие, өсиет-өнеге, елдік-ерлік секілді асыл өзекті аяқасты етпес еді ғой. Бірден анығын айту керек, бұл сопылық поэзиядағы «сәруар сарын», Жаратушыны құлай сүю сазы емес, кәдуілгі тән ләззаты, эротикалық хәлді суреттейтін туынды. Кейбіреулер мұның астарынан Құдайға махаббат іспетті бірдеңелер іздегісі де келеді екен. Ақиқатында «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! / Жылы, тәтті у тарады қаныма. / Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, / Патша тағы, бүкіл дүние малына» деген шумақтағы ынтызар жүрек лүпілін жастық жалын, от сезім құшағындағы екеудің күйтті күйінен іздеген жөн. Жалпы, түп пиғылды жасыру үшін жараға жуыспайтын нәрселердің басын шатудың түкке қажеті жоқ. Қош, Мағжан ақын одан әрі, «Құшақтатып нәзік талдай беліңнен, / Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен. / Бой шымырлап, талықсиды жүрегім, / Балқып денем, барам еріп деміңнен» дейді. Түсінікті ғой, Хақ дидарын аңсаған жан не айтса да «беліңнен құшақтат, тіліңнен сүйгіз» демесі анық, енді. Олай болса, бұл басы ашық әңгіме. Ал, жалпы Мағжанның сөзін айту міндет болса, «Батыр Баян» поэмасы бар.
Жақында бір үлбіреген термеші қыздың орындауында, оның ұлық ұстазының бипаздап хабарлауында, эпикалық дәстүрдің заңды иегерлері – Сыр сүлейлерінің ақыл, нақыл, өсиет айтып жүрген сәруар сазбен Мағжанның тән ләззатын аңсау арқылы Эрот құдайды ұлықтайтын купидондық ынтызар ниетті мақамдатқанын көріп, жағамды ұстадым: «Кір қойныма, қыпша белің бұралып, / Тарқат шашың, жатсын жібек оралып. / Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс, / Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып» дегенде кірерге тесік, қашып шығарға есік таппаған тыңдаушылар да суық терге шомып кеткен болу керек. Одан әрі әлгі он екіде бір гүлі ашылмаған балаң айтушы, «Шашың – қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай, / Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай. / Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда, / Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!» деп әуелеткенде құлағымды жаба қойдым. Обал-ай, мынау не сонда, мәтін танымастықтың салдары ма, әлде мұның астарында біз білмейтін басқа бір құпия сыр бар ма? Мүлдем түсіне алмадық. Шырағым-ау, бұл дегенің түп табиғатында мақамға салып жырлауға емес, бұйығы отырып үнсіз оқуға арналған мәтін ғой. Негізі, сахнада немесе белгілі бір топта, алқаға қаратылатын қай репертуардың болсын ер азаматтың (жігіттің, жасамыстың), сондай-ақ қыз баланың (қыз-келіншек, әйелдердің) айтуына қолайлысы мен қолайсызы болады. Мысалы, жолы жіңішке қауым өкілдері «Ей, қалқа, тіліңді әкел аузыңды ашып» деп қалай айтады? Осыны ажыратып, парқына жету үшін де үлкен ақыл мен білім керек болғаны ма?
Жалпы, кейінгі тәліптерге белгілі бір оқу орындарында осындай репертуар тәлімі үйретіліп жатқаны ғой. Рапертуарға қатысты сауатсыздықтың салқыны деген – осы. Әйтпесе, мұның жайын қалай басқаша түстеп, түсінуге болады? Сонда қазіргілер, соның ішінде өз тағдырын өнерге бәсіре етіп байлаған нәзік жанды қауым, сахнада мұндай ән мен жыр мәтінін айту әбес болатынынан да бейхабар болғаны ма? Жалпы, жыршылық жолды тұтынамын деген талапкерлер жыршының негізгі репертуары тек қана эпикалық туындылар қатарынан тұратынын ұмытқаны ма, әлде бұл «дәстүрлі» деп аталатын заманауи оқу жүйесінің әбден күйрегендігінің белгісі ме? Осы «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп үнемі күпініп жүретіндер қайда? «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! / Жылы, тәтті у тарады қаныма. / Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін, / Өтпесе түн, атпаса екен таңы да» деп тізгінсіз кеткендер аттың басын сәл тартыңқырамаса, соңғы кезде әбден сұйылдық, шәйіп кеттік. Сонда шәкірт тәрбиесіне жауапты «сұңғылалар» қайда қарап отыр? Бір заманда көмейінен от бүркіп, маржан төккен сүлейлердің сарқыты, сендерге не болған, бастарыңа мұнша не күн туды, әлде Сырдың суына қоса сөзі де сарқылып, сиырқұйымшақ болуға айналған ба? Адасқанның алды өзіне қанша «жөн» болғанымен соңындағы соқпағы талайды жолдан тайдыратынын ұмытпайық һәм эпика мен эротиканы шатастырмайық. Бұл да сол, Түркия мен Турцияның тілдік мағынасын ажырата алмай, ол аздай екеуін Түрікменстанмен шатыстырып жүрген менің әжуа кейіпкерімнің әумесер әрекетіндей бірдеңе ғой, басқа ештеңе де емес.
Берік Жүсіпов,
фольклортанушы
Abai.kz