Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1303 0 пікір 5 Желтоқсан, 2024 сағат 14:42

Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Айтулы ақын, жауһар жазушы, публицист, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің, Сергей Есенин атындағы Алтын медалінің  иегері, Шымкент қаласының, Түркістан облысының және Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы, Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толған мерейтойы күншуақты өңірде кең көлемде зор салтанатпен атап өтілді.

АҚЫН ТОЙЫ ТҮРКІСТАННАН БАСТАУ АЛДЫ!

Түркілер төрі - тәбәрік Түркістандағы «Farav» ғылыми-әмбебап кітапханасында айтулы ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толуына арналған «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мұнда келушілер алдымен арнайы жасақталған тақырыптық кітап және фотокөрмемен танысты.

Салтанатты жиынды  ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов жүргізді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев құттықтау сөз сөйледі.  Сөйтіп, ол өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының атынан мерейтой иесіне құттықтау хат тапсырып,  айрықша сый-құрмет көрсетті.

«Конгресс-холл» көпсалалы кешенінің «Жаңа леп» ұжымы көрермендер назарына «Өмірге ғашық жүрекпен» деп аталатын сазды-поэтикалық қойылымын  ұсынды. Мерейтой иесі өзінің бірнеше өлеңін оқып, жиналған жұртшылыққа  ризашылық сезімін білдірді.

Кеш барысында бірқатар ақын-жазушылар мен аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері өздерінің жүрекжарды тілектерін жарыса жеткізді. Әнші, сазгер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Құралай Сәтмұхамбетова, әнші, «Құрмет» орденінің иегері Хадиша Шалабаева, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Қалыбекова ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, көрермендердің  ыстық ықыласына бөленді.

«ХАНБИБІНІҢ БИІГІ»

Шырайлы Шымкент шаһарында мерейтойлық салтанат екі күнге созылды. 28 қараша күні Шымкенттегі «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде ақын, Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толған мерейтойына арналған  «Ханбибінің биігі» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Аталмыш жыр жарысы үш ай бұрын жарияланып, өлеңдер онлайн  жүйесінде қабылданған болатын. Оған егемен еліміздің түкпір-түкпірінен елуге жуық ақын қатысты. Осылайша Қаратау жайлауы жақұт жырға бөленіп, оның шыңы «Ханбибінің биігіне» айналды.

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен  өткен республикалық мүшәйраға ақындар – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Ғалым Жайлыбай (төраға), Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты  Бауыржан Жақып, филология ғылымының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақытжан Алдияр қазылық жасады.

Нәтижесінде, Бас жүлде (1 000 000 теңге) алматылық  Иранбек Оразбаевқа (Иран Ғайып) бұйырды. Түркістан облысының өкілі Ақан Сабыржан бірінші орынды (700 000 теңге) иеленді. Астаналық Айжан Тәбаракқызы, Алматы облысының өкілі Мағиза Құнапияқызы  екінші орынды (әрқайсысы 500 000 теңгелік) еншіледі. Атыраулық Маржан Ершу, қызылордалық Достық Тілеубергенов, шымкенттік Балауса Төлбасының (әрқайсысы 300  000 теңгелік) үлесіне тиді. Алматы облысының өкілі Жаңылхан Асылбекова, семейлік Әсем Жұмағазина, шымкенттік Дәурен Айманбетовке  арнайы жүлде (әрқайсысы 150 000 теңгелік) нәсіп етті.

«СЕНДЕГІ МЕНІ ӨШІРМЕ»

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 28-29 қараша күндері ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толуына арналған шайыр өлеңдерінің желісімен қойылған «Сендегі мені өшірме» атты поэтикалық толғауының премьерасы болып өтті. «Отан отбасынан басталады» деген даналықты ұстана отырып, қазіргі жаһандану заманындағы ұлттық құндылықтарымыз бен отбасы институтының өзектілігін талқыға салатын айрықша қойылым жұртшылық назарына ұсынылды. Спектакль басталардан алдын бұқаралық  ақпарат құралдарына арналған баспасөз брифингі ұйымдастырылды.Онда спектакльдің қоюшы режиссері, талантты актриса,  Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Мөлдір Айдарқызы мен ақын Ханбибі Есенқарақызы көпшіліктің сұрақтарына жауап қайырды. Көрермендер атынан құттықтау сөз сөйлеген Ақжарқын Нұртазина  пьеса авторы мен режиссеріне шығармашылық сәттілік тіледі.

«Отан - отбасынан құралады» десек, жаһандану жағадан алған сәттегі Отанның күйі қандай?!. Табалдырығын бекітетін қос қазығы - Еркек пен Әйел  десек, бүгінгі жастар  шаңыраққа қандай дәрежеде уық болып қадалуда?!. Әлде, қадалып үлгерместен опырылып құлап жатыр ма?!.  Қаншама қасіретті кезеңен аман-есен  өткен   қазақ ұлты әрдайым Отбасы кодексіне адал, берік  болған. Ендеше, бұл қойылым «Мамыражжай уақытта жастар арасында не себептен ажырасу  күрт көбейіп отыр?»  - деген сауалға  жауап іздеп табады.

Спектакльдің көркемдік жетекшісі - Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Қоющы суретшісі - Жомарт Дүйсебеков.  Қойылымдағы рөлдерді  орындаған - Ақерке Дәуренбекова, Бауыржан Сегізбаев (бірінші жұп), Ақмарал Амангелді, Мейірхан Әжібаев (екінші жұп), Ақмарал Әділбекова, Ержан Тұрымбеков (үшінші жұп), Дамира Құмарбек, Самат Әзімқұлов (төртінші жұп), Лазиза Кеңесбай, Шәкәрім Сағымбай (бесінші жұп), Ақбота Смаилова, Азамт  Жайынбай (алтыншы жұп), Мукарама Ибатуллина, Әлішер Құрманбай (жетінші жұп) көзіқарақты көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.  Бұл өнер туындысы көзіқарақты көрерменнің, әсіресе жастардың көңілінен шықты.

«ҰЛТ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН «АҚ ЖОЛ» ЖӘНЕ ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ»

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық  университетінде «Ұлт  аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ақынның  мерейтойына орайластырыла ұйымдастырылған  бұл басқосуға Қазақстанмен қоса-қабат Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей (телекөпір арқылы) келген қаламгерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Басқосу барысында күн тәртібіне байланысты салиқалы әңгімелер айтылды.

Конференция мынадай төрт секция бойынша жұмыс істеді:

1.Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық әлемі.

2.Ханбибі Есенқарақызы және қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының тағдыры.

3.«Ақ жол» газеті және Ханбибі Есенқарақызы.

4.Ұлттық таным және тарих.

Конференцияны аталмыш жоғары оқу орнының басқарма төрайымы –ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева қысқаша құттықтау сөзбен ашып, одан әрі жүргізіп отырды. Жұртшылық назарына ақын өмірінен бейнебаян ұсынылды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек құттықтау сөз сөйледі.

Төрткүл әлемнің 65 елін аралаған  ғалым, Өкілетті кеңестің төрағасы  Оразалы Сәбденов көне  Римге ІХ  ғасыр болса, ал Түрік империясының ғұмыр кешіп келе жатқанына ХІІІ ғасыр болғанын тілге тиек етті. Бүгінде жер жүзінде 220 миллион түркі халқы  жасайтынын айта келе түркі бірлігін нығайтуға күш салу қажеттігіне тоқталды. Қазақстанның Батысында  Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Оңтүстігінде Ханбибі Есенқарақызы секілді ақын қыздарымыз шыққанын мақтаныш еткен ғибратты ғалым жерлес ақынға «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Құрметті профессоры» атағы берілгенін хабарлап, оған арнайы  куәлікті  салтанатты жағдайда табыстады. Сөз орайы келгенде ол бұған дейін 2019 жылы Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университеттің Құрметті профессоры атанғанын тілге тиек ете кетейік.

Түркиядағы 90 жылдық тарихы бар Гази университетінің профессоры Муса Йылдыз құттықтау сөз сөйледі. Ол ОҚПУ-да Гази университетінің филиалы ашылғанын айта келе қос елдің ғалымдары мен студенттері алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс  жасайтынын мәлімдеді.

Ақын, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі  Бауыржжан Жақып өзінің құттықтау  сөзінің  соңында мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқыды.

Бұдан кейін ақын жайлы арнау өлеңдер мен естеліктер топтастырылған «Көктеммен қоштаспаған жаз» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Хангелді Әбжанов сөз сөйледі. Қазақтың тұңғыш астанасы - Алаш (қазіргі Семей) қаласы екенін айтты. Онда «Сарыарқа» деген газет шыққан екен. Грузияның астанасы - Тифлистегі (қазіргі Тбилиси) «Вольный горец» басылымында қазақ жастарының Жапонияға саяхаттап барғаны жайлы хабар жарияланғанын тілге тиек етті. Шетелдерден келген ғалымдар мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің проректоры Баршагүл Исабекова  баяндама жасады.

«ХАН ҚЫЗЫНДАЙ ХАНБИБІ»

Кешкілік Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайында «Хан қызындай Ханбибі» атты мерейтойлық әдеби-сазды шығармашылық кеш өтті. Мұнда келушілер алдымен ақын өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық кітап және фотокөрмемен танысты. Кешке  ақын, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының коррепондент-мүшесі  Бауыржан Жақып модераторлық жасады. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақынға айрықша сый-құрмет көрсетті. Ол қазақтың Батыр қыздары – Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жолын сеніммен жалғап жүрген ақын апасының еңбегін кезінде    қазақтың қабырғалы  қаламгерлері жоғары бағалағанын тілге тиек етті.  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, ғибратты ғалым Оразалы Сәбден, қалалық мәслихаттың депутаты Дулат Қуашбаев құттықтады. Оразалы Сәбден Ханбибіні Абайдың толық адамы мен Шәкәрімнің қадірлі адамына балады. Әр 15  минут сайын бір сәби дүниеге келетін Шымкентте әлі талай Ханбибілер туылатынын тілге тиек етті. «Ақ жол» партиясының өкілдері ақынды «Алаш» медалімен марапаттады. Әнші, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова ақынның сөзіне жазылған «Алтынай» әнін шырқады. Мүшәйрада Бас жүлде, бірінші және екінші жүлделерін алған ақындар – Иранбек Оразбаев (Иран Ғайып), Ақан Сабыржан, айжан Тәбаракқызы, мағиза Құнапияқызы, Бауыржан Жақып өз өлеңдерін оқыды. Қаламгерлер атынан сөзге шыққан Ғалым Жайлыбай, Оңайгүл Тұржан, Бауыржан Бабажанұлы, Қатира Жәленова, Батырхан Сәрсенхан шайырға шығармашылық табыс тіледі.  Дәстүрлі әнші, термаші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Татьяна Бурмистрова ақынның сөзіне жазылған «Жарығым» әнін шырқады. Режиссер Сергей Әзімов, Бекболат Байсағатов , Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің басқарма төрайымы - ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Шыршық қаласындағы филиалының директоры Дария Қожамжарова, ғалым Салтанат Төлегенқызы Айбергенова құттықтау сөз сөйлеп, ақынға  сый-сияпат көрсетті. Ханбибі Есенқарақызына Сәкен Сейфуллин медалі табыс етілді. «Қазына» би ансамблі өнер көрсетті. Әнші Гүлмира Қалыбекова сазгер Төлеген Мұхамеджановтың «Ханекеме арнауын» орындап, ақынға қазақтың ұлттық музыкалық аспабы - домбыра тарту етті. Салтанат Жұмаділдаева мен Нұржан Жүсіпбеков «Махаббат - өмір», Хадиша Шалабаева «Дос іздедім», Құрманғазы Ибрагимов Лесбек Амановтың «Қайтейін?» әндерін шырқады.

Шымкент қаласының  әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков пен   Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің Басқарма төрайымы – ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаеваның атынан мерейтой иесіне Ықылас гүлдері ұсынылды.

Мерейтойлық салтанат «Ұлытау» мейрамханасында өз жалғасын тапты. Онда да кеш кейіпкеріне арнап жүрекжарды тілек айтушылардың қатары көп болды.

ХАЛҚЫ СҮЙГЕН ХАНБИБІ

Ханбибі Есенқарақызы - Сарыағаш ауданының тумасы. 1949 жылы 30 маусымда педагогтар отбасында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Ханбөбек тұғын. Қағылез қыз  жастайынан өлеңді өзіне етене серік еткен. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінде өзінің өлеңдерін аудандық «Қызыл ту» - «Красное знамя» газеттерінің редакциясына апарған қыздың болашағын бағдарлаған ақиық ақын Төлеген Айбергенов оған  ақ батасын берген екен.  Сөйтіп, оқушы дәптерінің бір шетіне:

«Сен шыққан биік жоқ әлі,
Сен шықпақ биік жоғары.
Қайралмай жатқан жас талант
Қиып түссем деп соғады.

Ұшуға қанат қомдаған,
Аққудай көкке самғаған.
Құралай көзді ақын қыз
Ақұштап ізін жалғаған.

Ашылған гүлді аптаса,
Тұтанған отты ақпаса.
Болғанмен шыңдар не пайда,
Сылдырап бұлақ ақпаса», - деп қолтаңбасын қалдырып: «Түбі сен бала бір қараға жетіп жығыласың», - деп үлкен үміт артқан екен. Осылайша Хан апа алпыс жылдан бері парасатты позияны өзіне етене серік етіп келеді.

1972 жылы Шымкент педагогикалық институтының (қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) филология факультетін сырттай оқып бітірген. Антон Семёнович Макаренко атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқврған. 1968-1972 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» - «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер болып істеген.

Шымкентке келгеннен кейін 1973-1977 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман, 1975-1980 жылдары облыстық радиохабарларын тарату бөлімінің редакторы қызметін атқарған. 1989-1992  жылдары облыстық «Қазақ тілі»  қоғамын басқарған. «Тіл туралы» Заңның жобасын жасауға қатысқан. 1992-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасын басқарған. 1994-2003  жылдары облыстық филармонияның директоры лауазымын атқарған. 1996 жылы аталмыш өнер ордасына Шәмші Қалдаяқовтың есімін беруге ықпал еткен. 1998 жылы филармонияның алдына ұлы сазгердің кеудемүсіндік ескерткішін орнатуға мұрындық болған.  2003-2017  жылдары облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің  директоры қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан.

«Қанат қақты» (1972), «Бұлтсыз аспан» (1978), «Жұлдызым» (1982), «Жангүлім» (1989), «Жан айқайы» (1993), «Махаббатым - мәңгілік» жыр жинақтары (1997), «Шындыққа қарай жүздім мен»   естеліктер, деректі хикаят; қостомдық таңдамалы шығармалар жинағы (1997), «Жыр кітабы»; «Сыр кітабы» прозалық жинақ  (1999), «Жан шуағын тосасың»  жыр жинағы; «Хан қызындай Ханбибі» прозалық жинақ (құрастырған ақын  Нармахан Бегалыұлы, 2003), «Ай туады бозарып» жыр жинағы; «Кұн шығады қызарып»  прозалық жинақ(2004), «Алаш арыстары»  прозалық жинақ; «Қан жүректі қайғылым...» прозалық жинақ (2006), «Шыдам бер, сабыр қылайын» прозалық жинақ  (2007),  алты томдық шығармалар жинағы (2009), «Шолпан» журналы (2010), 25 томдық «Ақ жол» газеті (2011-2020), «Диалог» сұхбаттар, эсселер, мақалалар; «Егіз - лебіз»  лебіздер, арнау өлеңдер, жаңа өлеңдер, әңгіме, ой-толғамдар (2014), он томдық шығармалар жинағы;  «Жібек» прозалық жинақ; «Мен дағы табиғаттың бөпесімін» жыр жинағы (2018), «Эсселер» жинағы (2020),  «Еске алсаң көңіл жадырар», өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың қазақ қаламгерлері жайлы  туындыларының аудармасы  (2024) кітаптары жарық көрген.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбділда Тәжібаев: «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін:

«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді
Нөсер алып келе жатты көктемді.
Ару аспан асығыстау көктейді
Алтын жіппен жыртық қара шекпенді»,  - деп бастапты. Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу - табиғат құдіретінің, табиғаты қуатты ақынның ғана қолына келеді...», - деп одан үлкен үміт күткен екен.

Біздің кейіпкеріміз өлеңмен қоса-қабат әңгіме, новелла, хикаят, эссе жазумен де танымал. Бұған оның Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбайұлы, Сафуан Шаймерденов, Фариза Оңғарсынова, Ресейдің Кемер облысын басқарған Аман Төлеев, өзбектің сатирик жазушысы Саид Ахмад, халық ақыны Әселхан Қалыбекова жайлы жазған естелік, эсселері мысал бола алады.

Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналы мен «Ақ жол» газетін төте араб жазуынан кириллицаға көшірген. Сөйтіп, қазақтың таутұлғаларының туындыларын туған халқымен қайта қауыштырған.

Ханбибі Есенқарақызының ақындық тұлғасы, шығармашылығы жайлы қаншама қаламгерер мен әдебиеттанушы ғалымдар өздерінің жүрекжарды ойларын білдірген. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Қырғызстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Шыңғыс Төреқұұлы Айтматовтың: «...Алғашқы өлеңдеріңіздің өзі-ақ шынайылығымен, жанға жылу дарытатын өрелі поэзияға тиесілі санасымен, ерекше нәзіктігімен, әйелге тән биязылығымен оқырманды баурап алады. Олардың көпшілігі жастар сүйіп шырқайтын  әнге айналса, тегіннен тегін емес. Әлі де жас, әдемі қалпыңыздасыз. Ештеңемен де бағалауға келмейтін осы асыл қасиетіңіз сиқыры поэзияңызға серік болсын», - деп жазғаны бар.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбайұлы: «Ханбибі Есенқарақызы күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебіренеді. Сергелдең сезім мен сапырылыстағы сана ғана сөз өнерін құнарландыра алады. Ханбибіде соның екеуі е молынан байқалады. Оның шабыты - әлі арыны қайта қоймаған албырт шабыт. Өлең өлкесіне аяқ басқаны күні кеше болмаса да әу бастағы екпінін еселей түспесе, тежей қоймаған. Ақтүтек шабыт. Біздің поэзия жақсы ақындар мен жақсы өлеңдерге ешқашан кенде болып көрген жоқ. Қазір де солай. Жігіттерімізді былай қойғанда балауса қарындастарымыз - Гүлнәр Салықбаева, Ханбибі Есенқарақызының лирикасы мені қатты тебірентеді...

Елдік пен кісілік қатар сынға түсіп тұрған тарихи кезеңде  бұғып қалмай, көлденең көк атты өкпе-бопсаның шылауында кетпей, тәуелсіздіміздің нығаюына, келешегіміздің кемелденуіне қаяусыз жырларымен, қалтқысыз еңбегімен сүбелі үлес қоса беретініне сенімдімін. Шын айдыны  мен айбынын жан-жақты танытқан Ханбибі Есенқарақызының  ақындық жұлдызының  барған сайын жарқырай  түсеріне күмәнім жоқ», - деп оның шығармаларына жоғары баға берген.

Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова: «Жақсылы-жаманды ақын атаулының бәрі Алматыда тұрып қана үлкен суреткер болады» деген  жаңсақ пікірлер бар. Таланттар Астанада тұрмай-ақ, кірпіштей кітапптарын жыл аралатып шығара алмай жүрсе де қазақ жырының бабалар көтерген ала туын түсірмей келеді. Бұл ойымның бір дәлелі – ақын Ханбибі Есенқарақызының жүректен туған жырлары. Тағы бір қайталап айтамын, орыстың  ұлы жазушысы Михаил Александрович Шолохов - Мәскеуде немесе орталық қалаларде емес, өзінің деревнясында жатып-ақ орыс әдебиетін әлемдік дәрежеге көтеріп тастаған жан. Сондай-ақ Ханбибі де   - өзінің Шымкентінде Сарыағашының саумал суына қанып жүріп-ақ үлкен ақын болып қалыптасып, биік деңгейге жеткен адам.

Қазақ жырының кіріспесі Бұқар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақындық шығармашылығы осы алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден лайық», - деп әріптес сіңлісіне үлкен сенім жүгін артқан тұғын.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби свйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың: «Кемеңгер суреткер,  данышпан ойшыл Мұхтар Омарханұлы Әуезов құрдас-достың, құрбы-достың барынша қымбат болатұғынын, бірақ іні-достың, аға-достың айрықшылығы алабөтен екенін ерекшелей жазған еді. Ханбибі Есенқарақызы ханымды мен дос-қарындас сезінемін. Дос-қарындастың, яки қарындас-достың жөні жүдә басқаша. Іні-дос секілді. Бәлкім, одан да өзгелеу.  Дос-қарындасыммен құрдастардан бетер қалжыңдасамыз. Кейде ауызша, кейде жазбаша айтысатынымыз тағы бар. Екеуміз туралы түрлі-түрлі әңгіме қозғалатынын білеміз. Білеміз де күлеміз. Әзілге берілсек те әзәзілге берілгеніміз жоқ. Өлеңі - өзгеше өре өрісті өрнек. Өрімі бөлек, өркені ерек дүние. Он томдығының сегізінші томы - қара сөз. Қарындастың қара сөзі. Қайран қалар ғажайыптар бұл жанрда да жетерлік. Кезінде «Баукең бата берген. Ханбибінің хикаялары хақында» деген дүниемізде дос-қарындас қаламгердің «Талант тағдыры» дейтін деректі хикаятына біраз-біраз тоқталып, талдаңқырағанбыз. Ол пікірімізді қайталағымыз жоқ. Одан бергі оншақты жылдың ішінде жауһар жырларымен, өткір өлеңдерімен қатар қара сөзді де өкпелете қойған жоқ. Талай-талай тамаша туынды жаратты», - деп жазғаны да жадымызда.

Ақын, драматург, аудармашы, сазгер Исраил Сапарбай:

«Ол - ақын ғой, періште ғой ендеше,
Сенбегендер өзі білсін сенбесе.
Адамға да, Аллаға да аян ғой,
Өмір сүре алмайтыны пендеше...», - деп тебірене толғанады.

Ханбибінің азан шақырып қойған Ханбөбек есімін оның өжет мінезіне байланысты қаламдастастары сан мәрте құбылтқан. Атап айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы «Ақтүтек», Серік Тұрғынбеков «Хан қызындай Ханбибі», «Ақыннан шыққан ақ тұйғын»,  Темірхан Медетбек «Тарпаң мінез, сой ақын», Төлеген Қажыбаев «Ән-бибі», «Мархабат Байғұт «Жалғыз жолбарыс», Мылтықбай Ерімбет «Оңтүстіктің от шайнаған ақыны», Сәрсенбек Сахабат «Халқы сүйген Ханбибі», Қаныбек Сарыбаев «Қанқұйлы», Шымкент шаһарының жастары «Хан апа» деп дәріптейді.

Бұған қоса-қабат Ханбибі Есенқарақызы журналист ретінде баспасөз бетінде сан алуан тақырып пен жанрда қалам тербеп жүрген жан. Бұқаралық ақпарат құралдарында ол туралы да аз жазылған жоқ. Соның бірі - осы жолдар авторының  2012 жылы 21 қыркүйектегі қалалық «Шымкент келбеті» газетінің №39 санында  жарияланған «Сіз бұл жиыннан не күтесіз?» деген сұхбатын  оқып, танысуларыңызға болады. Онда Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XIV Құрылтайына қатысу үшін сапарға шыққан  Мархабат Байғұт, Әбілда Аймақ, Ханбибі Есенқарақызы, Кендебай Ахаттың пікірлері берілген. Аталмыш Құрылтай өткеннен кейін Шымкентте шығатын «Шұғыла» газетінің қазан айындағы №18-19  сандарында «Құрылтайдан күтеріміз көп» деген кезекті сұхбаты жарық көрген.

Қорыта айтқанда, Хан қызындай Ханбибі Есенқарақызы бүгінде нағыз бабында, өндірте жазатын шағында. Біз мерейтой иесіне ұзақ та бақытты ғұмыр, шығармашылық толағай табыс тілеп қаламыз. Жазар әдеби дүниеңіз  көбейсін, ақын  әпке!

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1672