Ел ағасын еске алғанда
Эссе
2024 жылы қараша айының 22-күні, таңғы сағат Бейжің уақыты алтыдан енді ғана асқан шақ. Дағдылы уақытым бойынша орнымнан тұрып, жуынып-шайынып, жеңіл киініп болған соң, ең әуелі қолтелефонымды ашып қарадым. Ел іші-сыртында дүниенің жер-жерінде болып жатқан істер жайлы хабарларды бір шолып шығатын әдетім бар-ды. Бір досымның жолдамасы назарымды бұрды. Көз отым жарқ ете түсті.
«Қаралы хабар...» деп басталған келте хатқа көз жүгіртіп бола бере жүрегім зырқ ете түсті. Өзімді басып, бастан оқып шықтым: «Қаралы хабар: Автономиялы райондық (ШҰАР) парткомның бұрынғы орынбасар хатшысы, Автономиялы райондық Саяси масылихат кеңесі комитетінің екі кезекті торағасы, Шынжаңдағы әр ұлт халқының көрнекті көш басшысы, қадірменді ел ағасы Жәнәбіл Сымағұлұлы 11-айдың 22-күні таңғы сағат 2-ден 18 минут өткенде қайтыс болды, 11-айдың 23-күні (сенбі) сағат 12-де Хуаргу қабырлығына қойылады. Хабарлы болыңыздар!».
Өзіме өзім сенбегендей тағы да қайталап оқып шықтым, сенбеске шара не? Адам аты, уақыт, орын бәрі ап-анық тұр. Таяуда ғана Шынжаңнан Бейжіңге жұмыспен келген басшылардың аузынан «Жәкең қатты ауырып жатыр» дегенді естігенім бар. Сұм ажал ақыры алып кеткен екен-ау есіл ағаны!
Ажалға ел ағасы Жәнәбілді,
Қия алмай жас кернеді жанарымды.
Еліне ел ағасы медеу екен,
Осыны менің жаным жаңа білді...
О, қайран Жәкем!
***
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Шынжаң газеті қазақ редакциясында 14 жыл қызмет істедім. Бір жолы Тарбағатай аймағына тілшілік бабымен бара қалдым. Аймақтық үгіт бөлімінің жауаптысы шақыртты. Шынжаң газетінің Тарбағатайдағы тілшілер бөлімшесіндегі тілшілер мен Тарбағатай аймақтық телеарнаның тілшілері бар екен. Сол күні Тарбағатай аймақтық әуежайды кеңейтіп салу құрылысы аяқталу салты өткізілетіндігін, Автономиялы райондық парткомның орынбасар хатшысы Жәнәбіл Сымағұлұлы келіп лента қиятындығын айтып, осы маңызды хабары ойдағыдай жариялауды өтінді.
Тарбағатай аймағындағы әр ұлт халқы жөнінен өте зор қуаныш саналатын осынау қимыл ойдағыдай өтті. Жәкең келіп лента қиды. Аймақтың қатысты басшысы қимылдан соңғы сухбаттағы сөзінде Тарбағатай аймақтық әуежайдың кешегі кешірмесі мен бүгінгі барысы, маңызы-мәні жайында тоқтала келіп, жоғары орындар мен басшыларға аймақтағы әр ұлт халқы атынан алғыс айтты. Әсіресе, Жәнәбіл жолдас қатарлы Автономиялы райондық партком мен үкіметтегі басшы жолдастардың қолдап-қуаттағандығын, саясаттық және қаржы жақтардан орасан зор қолдау көрсеткендігіне ерекше алғыс айтты.
Қимыл аяқтаған соң, түске таяу, әке-шешемнің үйіне бардым, бүгінгі қимылды меннен естіген әкем жазушы Жұмабай Біләлұлы дереу асығыс-үсігіс киініп жабданып болды да маған өзінің Жәкеңе сәлем беруге баратындығын, бармаса болмайтындығын айтты. Әкем маған былай деді:
– Мен Жәкеңе сөзсіз сәлем бере баруым керек. Ол кісі Тарбағатайдағы әр ұлт халқына айрықша көңіл бөлген және әр қайсы жақтардан қолдау көрсеткен қамқор басшы. Мен Мәдениет төңкерісінде «оңшыл элеменет, түзетімпаз» деп қате соғылып, Үшінші жалпы мәжілістен кейін атақ-абыройым қалпына келіп, Тарбағатай аймақтық мәдениет басқармасына қызметке орналастырылдым. Сол кезде Тарбағатайдың мәдениет саласындағы бір бостықты байқадым. Алтай аймағында «Алтай аясы», Іле аймағында «Іле жастары», «Іле айдыны» қатарлы әдеби журналдар бар, ал, Тарбағатай аймағында мұндай журнал жоқ еді. Осы бостықты толтыру үшін, Жәкеңді бірнеше рет арнайы іздеп барып, осы ойымды айттым, Жәкең мұны қуана құптады. Аймақтың қатысты ұйымдар алып шыққан жобаға сай, мен апарған тілекхатқа бекіту жазып, штат және басқа қатысты жағдайлардың бәрі толық шешім етілді. Кеңсе де орналастырылды. Менің ізденіс жасауымда, Жәкеңнің барынша қолдауында және аймақтың күш шығаруында «Тарбағатай» журналы дүниеге келді. Мұны Жәкеңнің барынша күш шығарып қолдауынан бөле қарауға әсте болмайды. Ол кісі бүгін ауылымызға келген екен, мен сәлем бере бармасам болмайды.
Әкем арняы барып сәлем беріп, алғыстар көңілін білдіріп қайтты...
Асыл ағаның байсалды жүзі көз алдыма елестей береді, жағымды үні құлағымда қоңырлайды...
2004 жылы Іле қазақ автономиялы обылыстық 14-кезекті ақындар айтысы Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында өткізілді. Ақындар айтысына халқымыздың мәдениет мәйегі ретінде қарап, бастан-аяқ көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқан Жәкең бұл жолғы айтысқа өзі барып, айрықша көңіл бөлді, бірлескен мемлекет ұйымының оқу-ағарту, ғылым-техника, мәдениет ұйымына қазағымыздың бөлек бөгенайлы бейзаттық мәдени мұрасы ретінде көрсетілген осынау өскелең өнеріміз ақындар айтысының сапасын көтеруге нұсқау көрсетті. Әсіресе, Жәкеңнің ақындар айтысының 2-күні таңертеңгілік шайда Алтай аймағының ақындарын өзі жатқан үйге шақырып алып берген кеңестері маған ерекше әсер беріп, есімнен кетпестей орын алды.
Жәкең баяғы сол байсалды бейнеде қоңыр үнмен сөйлеп отыр:
– Ақындар айтысы қазақ мәдениетінің қара нары әрі қасқа жүйрігі. Ақындар осы өнерді жаратушылар, дамытушылар әрі жалғастырушылар. Өнерге өріс кеңіп, саясат сара жол салып беріп отырған осындай орайлы шақта сіздер бұрынғыға мұрагер, кейінгіге бұйдагер бола білулеріңіз керек...
– Сөйтеміз ғой, сөйтеміз...Ақындардың артжағын ала отырған әлдекім дауыстап қалды. Жәкең дауыс шыққан жаққа жалт қарады, кім екенін танып жеңіл ғана мырс етіп күліп жіберді де, дауысын соза түсіп былай деді:
– Се-е-н ғой, кеше айтыстың алғашқы күні-ақ ұшып түстің. Тарбағатайдың қыз ақыны өзін аққуға теңеңгенде, сен оны «Қап-қара екенсің, көмір кеннен шыққан аққусың ба?» деп әзілдедің, ол: «Мен Тарбағатайдың қара аққуымын» деді, сен сонда: «Онда мен Алтайдың ақ иығымын, сені қағып аламын» деп салдың, сонда қыз ақын: «Аққуға бүркіт салғанды қай атаңнан көрген едің?!» деп отырғызып кетті ғой, сен сол кезде-ақ жеңіліп болғансың!
Осыны айтып тағы да жеңіл ғана мырс етіп күліп алды да Жәкең баяғы байсалды бейнеге ауысты:
– Бұрынғыға мұрагер, кейінгіге бұйдагер болу деген сөз, бұрынғы өткен саңлақ ақындардың сара айтыстарынан үлгі алумен бірге, дәуірмен жарыса түрлендіріп кейінгілерге жаңа үлгі қалыптастыруды меңзейді. Айтайын деп отырғаным, сіздер бұрынғы ақындардың ұстап айтысу, нұсқап айтысу, шап берме айтыс, тап берме айтыс секілді айтыс шеберліктерін үйренулеріңіз, айтысып отырған әріптестеріңіздің нені нұсқап отырғанын, нені меңзеп отырғанын аңғара білулеріңіз, қандай қақпан құрып қандай шырға тастап отырғанын қырағылықпен көре білулеріңіз, ұрымтал жерден шап беріп ұстап, сөз балғасын шақ еткізіп дәл тигізуге, тап берме жерде талмау жерден тақ еткізіп тигізуге шебер болуларыңыз керек...
Бәлкім, аға сөзі әрі ақыл, әрі қамшы болған болса керек, сол күннен бастап Алтай аймағының ақындары серпіліп сергіп, айтыс майданында ақиық қырандай қанат қағып ерекше тебін байқатып, тұтас айтыста тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Жәкеңнің тікелей қатынасып, тікелей жебеуі мен демеуінде сол жолғы ақындар айтыста өте сапалы да салиқалы айтыс мәресіне жетті...
Тағы да сол Шынжаң газетінде қызмет істеп жүрген кезім.
Бір жолы Тияньшань кино студиясының фильм бағалауына шақыру бойынша бардым. «Сахарадағы Далеш» деген киноны экранға түсіру енді ғана аяқтап, бір топ мамандардан, қатысты басшылардан және ақпарат мәдениет саласындағылардан киноға пікір алынды.
Алдымен кино қойылды. көріп шыққан соң, сол майданда пікір бердік. Көпшілік оны айтып, мұны айтып жатты. Сірге жияр шақ жетті-ау деген кезде сол кездегі Автономиялы райондық парткомның орынбасар хатшысы Жәнәбіл Сымағұлұлы қортынды сипатты сөз сөйледі.
– Әдебиет көркемөнердегі өмір шындығы нақтылы өмірдегі шындықтың дәл өзі емес, алайда, ол өмір шындығынан ойып алып, типтендірілген, көркемделген, даралықтан ортақтыққа көтерілген көркем образ, көркем картина, көркем бейнелеу. Алайда, оның түп негізі тағы да айналып келгенде өмір шындығы, ол сонда ғана халықты иландыра, баурай, тебірендіре, тәрбиелей, әсер ете алады. Әдебиет көкемөнердегі болмыс пен қиялдың байланысын осындай мақсатта қабыстыра білу керек. Ал, мына кинода айтпақшы ой, бейнелемекші тақырып жақсы екен, бірақ, кейбір жерлері өмір шындығынан алшақтап кеткен немесе үйлеспей қалған. Айталық, бұл шығармада сол тұста кейіпкер жасаған жерде бастауыш мектеп жоқ деп айтылады, әмәлиятта ол жерде сол кездің өзінде Дөңбек қарағай деген мектеп болған, осы киноны көрген адамдар бұған не дейді? Екіншіден, бұл кинода сахарадағы бір қарапайым қазақ дәрігері бүйрек алмастыру операциясын жасайды екен, бұл қазіргі ғылым-техникада қолдан келмей отырған ең қиын техника ғой, қазір ең мықты болғанда бір бүйректің жанына тағы бір бүйрек байлап қана қояды, алмастыру деген әлі мүмкін емес, осындай қиын операцияны сахарадағы ауыруханада орындай салу шындыққа жанаса ма? Қиялдаудың қисыны болу керек қой. Үшіншіден, киноның соңында мектеп салынып, ауру емделіп қуанышты мерей той болғанда қара қой сойылады, бұл қалай болғаны? Қазақ халқы мұндай қуанышты сәттә-ақ сарбас қой атап қояды ғой. Кинодағы осындай жерлерді қайтадан ойластырып көру керек.
Жәкеңнің осы сөздерін естіп басқа маман-оқымыстылар да, бәріміз де ауыз аша алмай қалдық.
О, қайран Жәкем-ай!
***
Тағы да сол Шынжаң газетінде істеп жүрген кезім. Бір күні, Шынжаң газеті қазақ редакциясын тілші-редакторлар бөлімінің меңгерушісі танымал қаламгер Қайролла Баянбайұлы мені сол кездегі Шынжаң ұйғұр автономялы райондық Саяси масылихат кеңесінің төрағасы Жәнәбіл Сымағұлұлына бірнеше газетті жеткізіп беруге жұмсады. Қазір ойласам, бер жағында жұмсау сияқты көрінгенімен әр жағындағысы шақырту ұқсайды. Өйткені, Жәкеңнің кеңсесінен Шынжаң газеті қанша керек болса, сонша табылады ғой. Жәкеңнің ақпарат, баспасөз және мәдениет саласынан ежелден ерекше мән беретінінен хабарым бар. Шынжаң телевизиясына жүзге жуық штат бекітіліп, қазақ тіліндегі теле аударма және дыбыс беру орталығы, сондай-ақ, әдебиет-көркемөнер бөлімдері кеңейтіп құрылып, зор мөлшердегі теле аударма және дыбыс актерлер қосыны сомдалғанынан хабарым бар. Осы ойлардың жетегінде Жәкең не айтар екен деген оймен бардым.
Жәкең газет оқып отыр екен, төр жақтағы тағы бір аласа үстелде қабат-қабат газет жайылып жатыр, бәрі Шынжаң газеті. Өзім шығарып жатқан газетті өзім танып тұрмын, ашық жатқан беттер түгелдей ішкі беттер, яғни екінші бет пен үшінші беттер. Екінші бет кілең экономикалық мазмұн болып келеді де, үшінші бет негізінен оқу-ағарту, ғылым-техника және әдебиет, мәдениет арнаулы беттері болып келетін. Жәкеңнің кемінде жарым күн уақыт шығарып көріп шыққандығы білінеді.
– Жазу қуаты көрімдеу жас тілші деп таныстырды басшыларың, – деп сөзді төте бастады Жәкең, «Жапан түзде жанған шамдар» деген мына хабар очерігің көрім жазылыпты, «Шынжаң газетінің» очерк жанырын жандандырған Ғани Саржанов, Ожан Қызырқанұлы, Мағаз Сүлейменұлы бастаған қарымды қаламгерлердің соңынан еретін алымды шәкіттер бар екенін көріп қуанып қалдым, әйтсе де, менің айтайын дегенім, экономикалық құрылысты өзек етумен бірге, оқу-ағарту мәдениетті қамтыған рухани құрылысты да қағыс қалдырып қоюға болмайды, естуіме қарағанда, екінші бетте экономикалық жағдайы жақсы әрбір аудан немесе ауылдарға арнаулы бет беріп таныстыратын, бес-он мың юаньнан ақы алатын көрінесіңдер, ал, ақша бере алмайтын ауылдар бұдан қағыс қалатын сияқты.
Жәкең осы сөздерім распа дегендей маған аз-кем қадала қарай қалды, жүрегім зырқ ете түсті, мұндай жағдай расында бар болатын. Бұған мен жауап бере алмайтын едім, мен тек сол кезде екінші беттің жауапты реракторы ғанамын. Ыңғайсызданғанымды әрі жауап бере алмайтындығымды іштей біліп тұрған Жәкең сөзді тағы да өзі жалғап әкетті:
– Сіздер экономикалық жағдайы жақсы аудан-ауылдарды ғана айланып қалмаңыздар, шалғай шегара, кедей ауылдарға көбірек барыңыздар, экономикалық жетістіктерге ғана байланып қалмаңыздар, оқу-ағарту, мәдениет, ғылым-техника жағындағы алғабасарлықтарға көбірек зер салыңыздар.
Әңгіме аралығында Жәкең Шынжаң газетінің бет санын 6 бет немесе 8 бетке, әуелі, одан да көп бетке көбейту шығарса болады деген ойын айтып өтті.
Сол кезде заттық өркениетке қана баса мән беріліп, рухани өркениет расында қағыс қалып бара жатқан нысай бар-тын. Қайтып келген соң Жәкеңнің сөздерін басшыма қаз қалпына жеткіздім. Осыдан кейін Шынжаң газетінде заттық өркениет пен рухани өркениетті тең үгіттеуге мән берілді. Кейін Шынжаң газеті қорғасын әріп теруден лазер нұры техникасынық әріп теру және бет жасаудай жаңа баспа техникасына өзгеріп, сапалана түсті...
Сол жылы ұстазым Мұсайып Ахметжанұлы екеуіміз Тоқсұн ауданының Күржай деген қалашығына тілшілік істей бардық. Күржай қалашығы бер жағы Үрімжі ауданының Наншан, Толы мал фермаларымен, ар жағы Тоқсұн ауданымен шегараласатын, бүкілдей қазақ ұлтынан құралған қалашық , ол кезде Тоқсұн ауданында мұндай қазақ қалашығы барын білетіндер де кемде кем. Қалашықтағылар негізінен ешкі бағымшылығымен шұғылданады, қазақша бастауыш мектеп қана бар, орталауды Тоқсұн ауданынан, толық орта немесе педагогика кәсібін Тұрпаннан оқиды, бастапта орталау және орта мектепті Үрімжі қаласындағы No36-орта мектептен оқығанымен кейін келе район аттау деген кедергі себептен ол да тоқтап қалған.
Қалашықтағы бірден бір аурухана 1970 жылдардың соңында сол кездегі Ввтономиялы райондық төңкерістік комитет хатшысы Жәнәбіл Сымағұлұлы осы арада қызмет тексеруде болған кезде нұсқау беріп және қолдау көрсетіп салынған, содан бері жаңаланбаған, жазда жаңбыр арғып, қыста жел аңырайды...
Осы жағдайларды қаз қалпында ішкі материал ретінде жазып, тәртіп бойынша жоғары орындарға аңыс еттік, әрине, ең алдымен Жәкеңнің алдына барды.
Кейін мен Құмыл аймағының Дебелдірік ауылындағы оқу-ағарту шарт-жағдайының және оқыту өресінің азатықтың алғашқы тұсындағы өреден әлі шықпағандығы жөнінде тағы бір ішкі материал хабар жаздым, менің алдымда тағы бір тілшіміз Құмыл аймағында орталау мектеп бітірген оқушылардың орта мектеп оқу шарт жағдайы жоқтығын жөнінде бірнеше желілес ішкі материал хабар жазды, осының бәрі тәртіп бойынша қатысты орындарға, қатысты басшыларға жолданды, бәрі де шешім тапты, құмыл аймағында қазақша толық орта екі сынып ашылып, арнаулы мұғалімдер орналастырылды...
Бұл істер тек Жәкең көңіл бөлген-шешім еткен істердің шет жағасы ғана...
О, қайран Жәкем-ай!
***
Орталық халық радио станциясына жөткеліп келген кезім. Бір күні марқұм Зүпира апай телефон беріп, «Отбасыларыңмен келіп ағаларыңмен түскі аста бірге болыңдар» деп шақырды, бірер қызметтестеріңді ерте кел деген соң, бірнешеу болып қуана-қуана бардық.
Осының алдында, Зүпира апайдың «Өмір-өзен» эссесі менің редакциялауымда орталық халық радио стансиясында жарияланған. Бұл эссе Жәкең мен апайдың танысқаннан тұрмыс құрғанға, тұрмыс құрғаннан ұрпақ сүйіп қоғамдық қызметке араласқанға дейінгі жапаға толы сонау жылдардағы өмір кешірмелері және Жәкең Бейжіңде орталық партия мектебінде оқыған шақтарде Бейжіңде бірге өткізген күндері, Жәкеңнің Мау Зыдоң таңдамалы шығармаларының 5 томын аудару-баспадан шығару қызметыне жауапты болып, бүкіл Шыңжаңнан аудармашы-баспагерлерді Бейжіңге жинап, орталық ұлттар баспасындағы жолдастармен бірге, аудару-баспадан шығару жұмысын ұйымдастырып жүргізгендігі, осы барыста алғашқы ұрпақ қазақ аударма маман-баспагерлер қосыны сомдалғандығы байандалады. Осыдан бірер жыл бұрын Жәкең Бейжіңге жиынға келгенде арнайы радио сухбат өткізіп, желілес очерк жазып, орталық халық радио станциясында жаряланған болатын. Бұл очеркте мәдениет төңкерісінің соңғы кезінде Шыннжаңда басшыларды қамтыған жалпы қоғам екі топқа жіктеліп, ұлттар ынтымағына, қоғам орнықтылығына қауіп төнген кілтең сәтте, Жәкең бастаған бір бөлім басшылардың орталыққа арнайы келіп Дың Шияупиң жолдаспен кезігіп, Жынжаңның жағдайынан тікелей доклат жасағандығы; Дың Шияупиң жолдастың батыл шешім жасап, Шынжаңның орнықтылығы, ынтымақтылығын көздей, сол кезде шығыс солтүстыкте қызмет істеп жатқан, Шынжаңда қызмет істеген әрі бұрыннан Шынжаң жағдайына қанық Уаң Ынмау жолдастың қайтадан Шынжаңға жөткеліп барғандығы; Шынжаңның қоғамдық ынтымағы мен орнықтылығы онан ары бекемделіп, реформа-дамудың жүрдек жолына түскендігі жөнінде Жәкеңнің өз аузымен баяндалатын еді.
Жәкеңдер келіп кеткеннен кейін, Дың Шияупиң жолдастың Шынжаңға арнайы барып, Шынжаң жағдайын көзден кешіріп, Шынжаңның орнықтылық және даму істеріне ұзақ болашақтық бағдар және принцип белгілеп бергендігі жөніндегі әңгімені айта келе, Жәкең Дың Шияупиң ақсақалдың арнайы түрде Үрімжінің жайлауына шығып, қазақ малшылары арасында болып, қазақтың ұлттық спорт өнері қыз қуар спортын көріп тамашалағандығы жөніндегі әңгімесі әлі есімде.
– Сол кезде, – деп сөз бастады Жәкең, – Дың ақсақал қазақтың қыз қуар спортын ерекше ұнатты. Қазақтың бұл дәстүрінде әйелдердің есе теңдігі және жастардың еркін махаббаты құрметтеледі екен деп алқады ақсақал. Сонымен ол кісіге қыз қуардың қалай келіп шыққандығы, қандай қағидасы барлығы жөнінде түсіндірдім. Бір кезде ақсақал маған: «Онда осы идея дәріптелетін осы өнерді өзің бастап көрсет» дегені. Сонымен ақсақалдың көңілін жерде қалдырмайын деп қыз қуарға шықтым. Жасымыз егделеп қалса да, атқа мінер шама кете қоймаған, менімен қыз қуарға шыққан келіншекке де түсіндіріп, қиыла өтіндім. Таяп қалғанда екі көзім ақсақалда, ол кісі орнынан қайта-қайта көтерліп қойғанын көзім шалды.
Сөйлеп осы араға келгенде, Жәкең аз-кем тоқтап кеңкілдей күліп алды да, сөзін сабақтады:
– Кейін естісем, ақсақал, қазақтың әйелдерді ерекше құрметтейтін осынау дәстүрлі қимылына ерекше разы болғандығын, әуелі шаттанып кетіп, «соқ, соқ» деп дауыстағанын, қазақ халқының әйелдерді, қарттарды, жастар еркіндігін ерекше құрметтейтін осынау қыз қуар дәстүрін ерекше алқағандығын айтты...
Сонымен, айту бойынша Шынжаң іс басқармасында Жәкеңмен түскі аста бірге болдық. Тамақтан соңғы айрым өткен жай әңгімеде ол кісі меннен орталық халық радио станциясының өзі білетін өткенгі жағдайынан сырт, қазіргі жағдайын және болашақ даму жоспарын сұрады. Жарым сағат уақыттық бағдарлама бойынша 1971жылдан бастап Бейжіңнен сөйлеген орталық халық радио станциясының ұлттық бағдарламаларын 18 сағатқа ұзарту жөнінде жоспар жасалып жатқанын, осы жөнінде Бейжіңде арнаулы тақырыптық талқы жиынын өткізуді ойластырып жатқанымызды баяндап, ақсақалдың өзінің осы талқыған қатынасуын өтіндім. Жәкеңнің бұл істен хабары бар екен, кең маңдайын қолымен салалай сипап, сәл ойланып алды да былай деді:
– Менше, сендер бұл қимылды Бейжіңде өткізгеннен гөрі, тыңдармандардың ортасында, Шынжаңда өткізсеңдер, мағанасы терең, ықпалы күшті болмай ма?
– Мұның ыңғайы болар ма екен, - дедім мен кібіркітей сөйлеп.
– Ыңғайы болады, Қаба ауданында өткізіңдер деп кеңес беремін, – деді Жәкең.
Алтай аймақтық Уәли мекемесінің, Қаба ауданының, Қанас саяхат орнының зор күшпен қолдап-қуаттауында, түптеп келгенде Жәкенің қолдап демеуінде орталық халық радио станциясының Бейжіңңнен берілетін қазақ тіліндегі бағдарламасын 18 сағатқа ұзарту жөніндегі пікір алу сипатты ғылми талқы Қаба ауданында сәтті өткізілді. Талқыда Автономиялы райондық партия-үкімет орнындағы қатысты жауапты басшылардың құттықтау хаттары мен лебіздері оқылды. Жәкең арнайы Алтайға барып, осы талқыға қатынасты әрі негізгі мақсаттық сөз сөйледі, Жәкеңнің ұтымды да көкейге қонымды сөздері орталық халық радио станциясынан талқыға арнайы келген орынбасар станция бастығының назарын ерекше аударды әрі өте күшті әсер етті. Орынбасар станция бастығы Алтайдың кең сахарасын аралап көріп, радио үгітінің мал шаруашылық райондарындағы маңыздылығы мен зәрулігіне әбден көз жеткізді. Сонымен, орталық халық радио станциясының 5 ұлт тіліндегі радио бағдарламаларының ішінде заңзу, ұйғыр, қазақ тіліндегі бағдарламалар ең алдымен 18 сағатқа ұзарды...
Асыл ағаның байсалды жүзі көз алдыма елестей береді, жағымды үні құлағымда қоңырлайды...
Орталық халық радио станциясының қазақша бағдарламасын 18 сағатқа ұзарту жөніндегі пікір алу сипатты ғылыми талқы өткізілер алда осы қимылды өткізудің мүмкіндігі және қалай өткізу жөнінде Шынжаңдағы қатысты басшылардан ақыл көмек сұрай, сол кездегі қазақ редакция меңгерушісі болып істеп жатқан мен бастап, радиомыздың тұңғыш декторы Қабыкеш Салихұлы, жас декторы Рәділ Жаудатұлы үшеуіміз Шынжаңға бардық.
Бір күні марқұм Зүпира апай: «Жәкең ағаларың жүрген жұмыстарыңнан хабар тапты, ақыл сұраймын десеңдер, үйге келіңдер» деп сол кездегі Шынжаң газеті қазақ редакциясының меңгерушісі Есімбек Панарұлынан хабар айтыпты. Қуана-қуана бардық. Жәкең ат шаптырым үстелдің аяқ жағын ала газет оқып отыр екен. Бізді Қабыкеш аға бастатып, қоярда қоймай төрге шығарды. аман-сәлем аяқтасып, дайындап қойылған дастарқан ашылды. Шәй құюға оңтайлаған балаға:
«Шәйді мен өзім құяйын» деп қайтарып жіберіп, Зүпира апай шәйді өз қолымен құйды. Шәй ішіліп, әңгіме өрістеп, табақ тартылды. Ет турау Есімбектің жұмысы болды.
Бір кезде Зүпира апай:
– Алыстан ат терлетіп ағаларыңа арнайы келіп отырған азаматтар екенсіздер, менің шәйімді іштіңдер, енді ағаларыңнан өз қолынан татыңдар, – деп үстелге шарап әкеліп қойды. Біз бас тартып едік, Жәкең орнынан қозғалып түрегелді де:
– Тартынбаңдар, алыпыстағы ағаларың мен бастап берейін, менің қолымнан татып қалыңдар, – деді. Бәріміз көндік.
Жәкең шкаптің үстіңгі жағынан бөлек қойылған 3 румка және астыңғы жағынан 2 румка жиыны 5 румка алып шықты. Әуелі, жарқырған бір румкані қолына ұстап тұрып Қабыкеш ағаның алдына қойып жатып:
– Мынау мен саяхаттай барғанда Марокконың патшашы берген алтын румка, Қабыкеш інім сен орталық халық радио станциясының шаңырағын көтеріскен тұңғыш декторсың, саған деген құрметім болсын, осымен құйылсын, – деді.
Одан соң жарқыраған күміс румканы менің алдыма қойып жатып:
– Мынау сап күміс румка, пәктіктің символы, адалдықтың символы, партияға халыққа адал үгіт қызметкелері болыңдар деген тілегім болсын, – деді. Одан соң:
– Мынау сап жез румка, сыңғырлы дауысы алтын мен күмістен әдемі естіледі, жас дектор екенсің, сыңғырлаған дауысың халықтың құлағынан үзілмесін деген тілегім болсын, – деп Рәділдің алдына қойды.
Шарап құю Есімбектің міндеті болды.
Зүпира апай шәй құйып, жылы жұмсағынан жеуді қайта-қайта өтініп бәйек. дастарқан өте көңілді болды. Әрине, барған жұмысымыздың беті ашылды...
Сол дастарқан ел ағасы есіл Жәкеңмен соңғы кездесу екен ғой... Көзімді жұмсам болғаны, байсалды бейнеде газет оқып отырған Жәкең көз алдыма елестейді, қормалдыққа толы ақылгөй әуен құлағымда қоңырлайды.
О, қайран Жәкем-ай!
Ажалға ел ағасы Жәнәбілді,
Қия алмай жас кернеді, жанарымды.
Еліне ел ағасы медеу екен,
Жүрегім менің мұны жаңа білді...
О, қайран Жәкем-ай!
22 қараша, 2024-жылы, Бейжің.
***
Жәнәбіл Сымағұлұлының қысқаша өмірбаяны
Қытай коммунистік партиясының таңдаулы мүшесі, Қытай халық саяси масылихат кеңесі Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық 7-, 8-кезекті комитетінің төрағасы, Орталық комитеттің 10-, 11-, 12-, 13-, 14-кезекті кандидат мүшесі, партия 15-құрылтайының уәкілі, 8, 9-кезекті мемлекеттік Саяси кеңестің мүшесі Жәнәбіл Сымағұлұлы 1934 жылы Шынжаңның Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. 1951 жылы маусым айынан бастап қызметке қатынасқан, 1953 жылы тамыз айында Қытай коммунистік партиясына мүше болған. 1951 жылы маусымнан бастап Қаба аудандық одақ комитетінің қызметкері, ұйымдастыру бөлімніің бастығы, орынбасар хатшысы, хатшысы, Шіңгіл аудандық парткомның орынбасар хатшысы міндетін өтеген.
1965 жылы қыркүйектен бастап Алтай аймақтық социалистік тәрбие үйірмесінің орынбасар бастығы, Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің орынбасар уәлиі, орталық ұлттар баспасы «Мау Зыдоң таңдамалы шығармалары» қазақ тілі аударма тобының орынбасар бастығы, партия ячейка хатшысы, Бурылтоғай аудандық парткомның орынбасар хатшысы, төңкерістік комитеттің орынбасар меңгерушісі, Алтай аймақтық парткомның орынбасар хатшысы, төңкерістік комитеттің орынбасар меңгерушісі міндеттерін өтеген.
1974 жылы желтоқсан айынан бастап ілгерінді-кейінді Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық парткомның тұрақты мүшесі, орынбасар хатшысы, Автономиялы райондық төңкерістік комитеттің орынбасар меңгерушісі, қосымша Іле обылыстық парткомның бірінші хатшысы, төңкерістік комитеттің меңгерушісі, Алтай аймақтық төңкерістік комитеттің меңгерушісі міндеттерін өтеген.
1978 жылы желтоқсаннан бастап Автономиялы районның орынбасар төрағасы, Автономиялы райондық парткомның тұрақты мүшесі, орынбасар хатшысы, хатшысы міндеттерін өтеген.
1985 жылы қазан айында Автономиялы райондық парткомның орынбасар хатшысы болған, 1993 жылы қаңтар айында Автономиялы райондық саяси кеңестің төрағасы міндетін өтеген.
2004 жылы қарашада зейнетке шыққан. 2024 жылы 22 қарашада қайтыс болған.
Қытай қазақтарының Нalamhas әлеуметтік желісінен дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz