Тіл тағаны берік болсын десек...
Толыққанды ұлттық тілсіз дербестіктің күні қараң,
тәуелсіздіктің мәні жоқ.
Әбдуәли Қайдар
Биыл елімізде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ тіл білімі ғылымының көрнекті өкілі, танымал қайраткер Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуы аталып өтуде. Ғалым мерейтойына арналған шаралар республика көлемінде өтіп жатыр және бұл шаралар ғалымның ғылыми- шығармашылық мұрасын зерделеудің жаңа кезеңі болатыны анық. Осы тұрғыдан біз ұстаз-ғалымның тура 30 жыл бұрын айтылған ой-пікірлеріне қатысты туындаған ойды ортаға салғанды жөн көрдік. Өйткені біртуар ғалымның ұлттық тіл мен ұлттық болмыс, ұлттық жазу, қазақ терминологиясы мен тіл мәдениеті туралы қалдырған еңбектері, айтқан әр ой-пікірі дәл қазіргі кезеңде қазақ қоғамы үшін аса маңызды да өзекті және қажет.
1993 жылы академик Ә.Қайдардың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты еңбегі жарық көргені белгілі. Бұл еңбегінде автор қазақ тілінің қордаланған өзекті мәселелеріне тоқталып, «егемендік алып, еңсесін көтере бастаған елдің ең алдымен әспеттейтін қастерлісі де, түгендейтін асыл дүниесі де ана тілінің» ертеңі үшін шешуші маңызға ие терминология мәселесін тығырықтан шығару жолдарын ұсынды. Осы еңбектің кіріспесінде автор еңбектің негізгі мақсатын туған тілді тұралата бастаған себептерді саралаудан бастаған екен.
«Мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ тілінің де төрт құбыласы тең емес екені белгілі. Ең алдымен, оның тірек болар үш тағаны – 1) жазу-сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі), 2) ономастикасы (жер бетіндегі ескерткіші), 3) терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін мойындаған жөн».
Ақиқатына келсек, тілдің осы үш тірек тағаны арада 30 жылдан астам уақыт өтсе де бүгін де мықты еместігі баршаға аян. Қазақ жазуының негізі мен ұлттық сипатын анықтайтын нақты да анық тұжырым мен ұстаным болмағандықтан жазу-сызу жүйемізде басталған реформалар сәтсіз болды, ономастика саласында басқаны айтпағанда ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін жазудың бір үлгідегі бірегей стандарты қабылданған жоқ, сол сияқты терминология саласында да жаңаша көзқарас толық қалыптаспағандықтан, ортақ қағида жоқтығынан топан судай қаптаған жат сөздер легі толастар емес.
Ұлттық жазу мен әліпби, терминология мәселесі, ономастика саласындағы атауларды жазу, қолдану, тіл мәдениеті, қазақ тілін оқыту мен әдістеме, этномәдени оқыту мен тәрбие, оқулық мәселелері. Бұлардың қай-қайсысы да ұлт үшін, оның болашағы үшін бүгінгі күні аса маңызды. Жоғарыда аталған мәселелерде біз «асыл сөздің асыл заңдары мен шарттарын» (А.Байтұрсынұлы) басшылыққа алсақ, тіл болашағына деген алаңдаушылық болмас та еді. Бірақ, өкінішке орай, олай болмай тұр. Осы мәселелердің қай-қайсында болса да біз қазақ тіліндегі «ғасырлық адасу» (Ә.Жүнісбек) зардабын әлі сезініп отырмыз, тіл заңына қайшы, қисынсыз жүйе қалыптастырып алғанымыз, бүгінде сол жүйеден шығар жол таппай қалғанымыз рас қой. Тәуелсіздік алғаннан кейін қанша мемлекеттік бағдарлама қабылдадық, бірақ біз қазақ тіліне осы өз заңымен даму мүмкіндігін бере алдық па? Жауап беру оңай емес. «Сонау 30-жылдардың орта шенінен бас алған тіл бұзар зиянкестік әлі күнге жалғасып келеді» (Ө.Айтбайұлы).
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін алғаш көтерген Ә.Қайдар осы шешілмей келе жатырған мәселелердің түйіні – ұлттық әліпби екенін жақсы түсінген еді. Ұлттық әліпби ұлттық тілдің бірден бір қорғаны бола алатынын айтқан Әбдуәли ағамыз термин мәселесінде ғана емес, жалпы қазақ тілінің келешегі үшін әлі күнге дейін жүрер жолымызды анықтап алуға кедергі болып отырған басты себепті, «қазақ тілінің қабырғасын күйретуге кірісіп» (Ә,Қайдар), тілдің төрт құбыласын тұралтқан дертті де дәл айтты.
Қазақ жазу жүйесі мен терминологиясында бүгінгі күні де қолданылып отырған «қазақ тіліне орыстық, кеңестік, интернационалдық терминдерді 30-жылдардан кейін тек орыс тілінің жазба әдеби тілі негізінде ғана қабылдау» қағидатына қатысты ғалым «дүниедегі бірде-бір тілде, оның ішінде орыс тілінің өзінде де, бұрын-соңды қолданылмаған, тіл табиғатына жат бұл «тәсілдің» терминология принципі ретінде заңдастырылуын қалай түсінуге болады?» деп заңды сұрақ қойды. Бұл сұрақ әлі күн тәртібінде тұр. Сонымен бірге бұл тәсілдің түпкі мән-мақсатын да анық айтып отыр. «Оның артында, ашық айтылмаса да, «орыстандыру» саясаты тұрды» немесе «Бұл тәсілдің күндердің күнінде «орыс тілінде таза сөйлеудің» емес, керісінше қазақтарды өз ана тілінде «орысша сөйлетуге» қажет алдын ала жасалған шара екендігін біз енді ғана түсіне бастадық».
«Біле білсек, тіліміздің мүшкіл халге жетуінің көп себептерінің бірі – орыс тілінің өктемдік әсері» деп нақты айтқан Ә.Қайдар қазіргі қазақ тілі кешегі ХХ ғасырдың 40-шы жылдарынан етекке жармасып, дендеп енген, «тіл болашағына зауал болып төнген» (Ә.Кекілбай), жат тілдік, «тіл бұзар ережелерден» толық тазарғанда ғана өз заңымен даму, өркендеу мүмкіндігіне ие болатынын жақсы түсінді. Ғалым «мәселені түбегейлі шешу үшін жалпы тіл емлесінің ережелерін қайтадан қарауға тура келеді» дегенде, ең алдымен, осы шеттілдік жат сөздерге қатысты емле ережелерін айтып отыр.
Жалпы тіл емлесі түзу болса, жазудың қай түрі болса да тілге қызмет ететіні анық. ХХ ғасыр басында араб жазуы негізінде қазақ ұлттық әліпбиін қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тәжірибесі бұған айқын мысал.
Яғни, басты мәселе әліпби мен емле ережелеріне байланысты. «Әдетте емле мәселесі (соның ішінде терминология емлесі де) алфавитке, жазудың ауысуына байланысты қаралады».
Латын әліпбиіне көшу жайлы алғашқы пікірді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ә.Қайдар 1993 жылдың 24 қазанында “Ана тілі” газетінде жарияланған “Латын әліпбиінің болашағы зор” атты мақаласында айтқан еді. Мақалада автор қазіргі қазақ тілі қолданып отырған кирилл жазуын латын жазуымен алмастырудың ғылыми негіздерін алғаш рет дәйектеп ұсынған болатын. Кейіннен бұл тақырып Ә. Қайдардың Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың атына жазылған «Кемел елге, кемел әліпби керек» атты ашық хат түріндегі мақаласына ұласып («Ана тілі» газеті, 1993 жылғы 30 желтоқсан), 27 әріптен тұратын қазақ-латын әліпбиінің бірінші жобасы да алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды.
Ұлттық әліпби жоқ жерде толық мағынасындағы ұлттық тіл де болмайтынын түсінген Ә.Қайдар ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарының өзінде қазақ әліпбиі мәселесін ұлттық мүдде тұрғысынан шешу және ұлттық әліпби арқылы тілді тұралата бастаған кеселден құтылу ойы мен жолын айтқан еді.
Белгілі фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек «қазақтың ұлттық әліпбиі үлгісін Ақаңнан кейін Ә.Қайдар өзі жалғыз жасады» деген ойын жиі айтатын, «ғылыми дәйекпен, қаламның ұшымен, жеке ғұлама ғана бітіре алатын іс болады, соның бірі – әліпби. А.Байтұрсынұлы қазақ ұлттық әліпбиін бір өзі құрастырды. Ә.Қайдари қазақ ұлттық латын әліпбиін бір өзі құрастырды» («Емле мен әліпби», «Ана тілі», 30.04.2020 ж).
Кейін өзі де сол ізді жалғастырып, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы қисыны негізінде латын жазуы негізіндегі ұлттық әліпби жобасын жасаған еді. Осылай қазақ ғалымдары қазақ жазу-сызуында ХХ ғасыр басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы қалыптастырған ақ жолды жалғастыруды ұсынған болатын. Алайда тоталитарлық жүйеден ұлттық санасы қатты зардап шеккен қазақ қоғамы үшін ұлттық әліпби мәселесін таза ұлттық мүдде тұрғысынан шешу оңай болып тұрған жоқ. Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады.
Академик Ә.Қайдар «өз тілінің мәңгі-бақилығын қалайтын әрбір халық оны таза, табиғи қалпында сақтау үшін, керек болатын болса, барлық шараларға баруы ықтимал» десе, тәуелсіз ел ретінде дүние жүзіне танылған қазақ елі басты рухани қазынасы ана тілінің мәңгі-бақилығын қалап отыр деп айта аламыз ба? Әрине, қалайтынымыз анық, бірақ ғалым айтқан қазақ тілінің таза, табиғи қалпын сақтау үшін, тілді тәуелсіз ету үшін тәуекел шараларға неге бара алмай отырмыз?
Қазақ тілінің дамуы туралы көп айтамыз. Тек іргетасы берік тіл ғана даму мүмкіндігіне ие. Ал айтылым, жазылым жүйесінде жат тілдік норма-ережелері бар тілде даму мүмкіндігі бар ма? Жартыкеш әліпби мен қосамжар емлеге көнген тілде даму емес, бара - бара жат тілдік ықпалдан табиғи болмысы бұзылып, жойылу мүмкіндігі пайда болады. Әлемде осы жаттілдік ықпалдан жойылып кеткен тілдер қаншама..
Осы қордаланып қалған мәселелерге қатысты қазақ ғалымдары айтпады десек, шындыққа қиянат болар. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ғалымдарының бір тобы тіл тәуелсіздігі мәселесін көтерді. Тіл абызы Ә.Қайдардың бұл іске бастамашы болғанына уақыт куә. Естір құлақ пен ұғар жүрек болса, қазақ тілін тұралатқан мәселелер туралы, тілді тығырықтан шығару жолдары туралы кешегі өткен тіл абыздары Ә.Қайдар мен Р.Сыздықова, Ө.Айтбайұлы мен Ә.Жүнісбектер айтты да, жазды да, бүгінде Е.Қажыбек, Ш.Құрманбайұлы, А.Салқынбай, Б.Қапалбек, М.Сабыр т.б. ғалымдар айтып та жүр, жазып та жүр. Ал ол пікірлер билік пен қоғамда қаншалықты ескерілді, қашан ескеріледі?
Бұл бір жағынан, біздің қоғамда шын ғылым мен ақиқат ілімге, ғалым сөзіне құлақ асу дағдысы әлі қалыптаспағанын білдіріп тұр. Екінші жағынан, сол зиялы қауым мен ғалымдар арасында да тіл қисынын қабылдау мен мойындау, ақиқат ілім төңірегінде топтаса білу, тіл мүддесін қорғауда ынтымақ пен бірлік жетіспей келгені де, әлі жетіспей отырғанын көрсетіп тұр.
Солай болса да, уақыт қалап отырған өзгерістерге ешкім кедергі бола алмайтыны да ақиқат. Тілші-ғалым А. Салқынбай көптің көкейіндегі ойды дәл білдірді деп ойлаймын. «Біз тәуелсіз елміз. Енді санамызды тәуелсіз ету үшін туған тілдің өзіндік төл заңдылығын қалпына келтіріп, тілдің ішкі заңдылықтарын қалпына келтіру қажет. Ия, қалыптасқан дағдыдан бірден бас тарту оңай болмайды. Үйреніп қалдық. Бірақ үйреніп қалдық деп құлдық санамен өмір сүре алмаймыз. Анық» (Abai.kz, 17 сәуір, 2020).
Иә, Ә.Қайдар ағамыз айтып кеткен «төрт құбыласы тең толыққанды ұлттық тілсіз» толық мағынасындағы тәуелсіз толыққанды ұлттық мемлекет те, ұлт та болуы мүмкін емес. Ендеше қазақ әліпбиі мен емлесінде бүгінде туындаған мәселелерді шешудің бірден – бір жолы – тіл табиғаты мен болмысын сақтап қана қоймай, оған қорған бола алатын ұлттық әліпби жасау, сол ұлттық әліпбиден туындайтын емле ережелерін қалыптастыру бағытында тәуекел қадам жасау. Кеше академик Әбдуәли Қайдар бастап айтқан, Әлімхан Жүнісбек негіздеген, тілші ғалымдар мен тіл жанашырлары қолдап отырған қазақ тіл біліміндегі «А.Байтұрсынұлы қисыны», «Ақаңның ақ жолы» дегеніміз – осы. Қазақ тілін өзінің ақ жолына, ұлағатты жолына түсіру – сіз бен біздің мойнымызда, ағайын!
Болат Жексенғалиев
Астана қаласы
Abai.kz