Сейсенбі, 7 Қаңтар 2025
Алашорда 1915 1 пікір 6 Қаңтар, 2025 сағат 10:22

Жоғалып кеткен бір тайың, тарландап барып табылды

Коллаж: Abai.kz

2024 жылдың 27 желтоқсанда Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі ақын, жазушы-драматург Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты жарық көрген таңдамалы шығармаларының үш кітабының тұсауы кесілді. Қытай осы заман әдебиетінің негізін салушылардың бірі М.Разданұлының өмірі мен жасампаздығы туралы жиынға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов қаламгердің шығармашылық еңбегі жайлы жылы лебіз білдіріп, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мағаз Разданұлы өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгер. Ақынның «Алтайдың ақиықтары», «Сары бел», «Уақытқа жауап», «Ата заман сөйлейді»,  «Ертең», «Асулар толғауы» атты кітаптары жарық көрген.

Жазушы Жәди Шәкенұлының жүргізімен өткен жиынға жазушы, филология ғылымының доторы Нұрдәулет Ақыш, ақын, әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты Серікқазы Қорабай, белгілі қытайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы және зиялы қауым өкілдері мен ақынның жерлестері қатысты.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағы шетелдегі қазақ әдебиеті Кеңесінің төрағасы, әдебиеттанушы Армиябек Сағындықұлы ақын Мағаз Разданұлының жасампаздығы туралы баяндама жасады.

Жиын соңында қаламгердің көзкөргендері мен туыстары ақын туралы естеліктерімен бөлісті.

Осы орайда біз әдебиеттанушы ғалым, профессор Ахметбек Кіршібавтың ақын М.Разданұлының өмірі мен ертеректе жарық көрген шығармалары туралы жазған шағын мақаласын беруді жөн көрдік.

Жер емес жұлдыздарға аттанармын

Мағаз Разданұлы (1924-1998 ж.)

Қытай қазақ поэзиясының дамуына өз дарынымен үлес қосқан аға-буын ақын Мағаз Разданұлы оқымысты әкенің ырқында жүрген кезінде-ақ өлең өнеріне араласқан. Ол жігіттік табалдырығын аттамай жатып-ақ өз тұстастарына өлең арнап жүріп, ақындық талантын танытқан. Қазақ сахарасын жоқшылық пен надандық, қала берді отаршылық түнегі торлап, елге түскен үстіндегі ауыртпалық шегіне жеткен кезде еркіндік пен теңдікке, ғылым мен мәдениетке қоғамның жарық сәулесін аңсап, өлең жазуға талпынған. Ол 1946 жылдан бастап сол кездегі  «Ерікті алтай» газетіне өзінің алғашқы өлеңдерін жеңгесінің атымен жариялайды.

М.Разданұлының «Алжыған аюдың ақтық жыры» атты дастаны және әртүрлі тақырыпта жазған өлеңдері 1952 жылы «Бірлік» журналында жарық көреді. Кезінде оның бұл дастаны, жұртшылықтың сүйіп оқитын шығармаларының бірі болды. Одан кейін жазған бірсыпыра өлеңдері мен толғаулары және «Кесілген бас» атты дастаны 1957 жылы жинақ ретінде баспаға жолданған. Мағаз Разданұлының бұл өлеңдерін Қытай қазақ поэзиясының таңдаулы туындылары деуге болады. Ақынның ертедегі және соңғы кездегі өлеңдері «Асулар толғауы» атты бір жинақ болды. Осы жинақтың «Алғашқы адымда» атты бөліміне ақынның «Көктем», «Мұнан да қызық болашақ», «Алтай ана»,  «Тарих сөзі», «Үндерің жақсы», «Ерлердің өлімін естігенде» қатарлы бір топ өлеңдері кіргізілді. Оның бұл өлеңдерінде сол кездегі халықты ғылымға, өнер-білімге үндеген, қоғамдық әділетке шақырған ақылияшылдығы мен ағартушылық талабының айқын беталысын байқауға болады. Оның сол мезгілдегі өлеңдерінде әдебиеттін дамытуға үлес қоссам деген беталысы «мен мұндалайды». Мысалы, ақынның 1948 жылы жазған «Көктем» атты өлеңінде:

«Мінеки көктем нұры жерге ұласты,
Мейіріммен ана иіп төсін ашты.
Тілазар я сері мас болмай тентек,
Төсіне махаббатпен төсе басты» – деп, тек жалаң табиғат көктемін ғана емес, замана өзгерісін өзек еткен сезімталдықпен аңғарғанын байқайсың. Ақын «Еңбекшілер күні»,  «Жұмысшы»,  «Дауыл»,  «Болат желі» қатарлы алуан тақырыптағы өлеңдерімен де көзге түсті. Ол 1956 жылы жазған:

«Ұлы дауыл ұйтқып кекпен,
Қатты ышқынды көтерді.
Қарт еменді қасірет шеккен,
Сілкіп-сілкіп жіберді»  – деп басталатын «Ауыл» атты өлеңінде көне дүниені астан-кестең еткен жаңа қоғам бейнесін шабытты толғады. Кекпен ұйытқыған ұлы дауылдың кәрі еменді сілкіп-сілкіп жіберуі жаңа қоғамның ескіліктен арылуы ғой. «Қыран» атты табиғат лирикасы да оның поэтик тынысын тағы да толық танытты. Бұл өлең өз кезінде аймақтық поэзия жарысында екінші болып, бәйгеден келді. Сөйтіп шу дегенде-ақ оқырманын баураған майталман ақын қаламы қатайды-ау деген тұста әдебиет алаңынан көрінбей қалды. «Ер тағдыры елімен шешіледі» дегендей баса иектеген «Солақай саясаттың» құрығынан құтылған соң, қаламын қолына қайта алды. Мағаз Разданұлы келе сала әдебиет теңізіне сүңги кетіп:

«Сәлем саған Алтайым,
Тентегің сонша сағынды,
Жоғалып кеткен бір тайың,
Тарландап барып табылды.
Жылыта бер көктем шуағы,
Әжім басқан бетімді.
Жырлардың асыл шумағы,
Алдымда жатқан секілді» – дейді.

«Жылыта бер көктем шуағы» атты өлеңі ақынның жазықсыздан жазаланып, жиырма жылдан кейін көктем күнін қайта көргенде туған жер, өсірген еліне бағыштаған көңілкүй мұңы еді. М.Разданұлы кеудесін кернеген осы шабытпен «Қанас»,  «Кіндік шешеме», «Ұмытқам жоқ»,  «Күңшіл досқа»,  «Қаңтар» сынды қырықтан астам өлең, «Кебенек кигеннің тойы»,  «Қара ала бұзау» атты екі әңгіме жазып. Оқырмандармен мерейлене бет көріскен ол күрделі қайшылықтарға толы көне қоғамның бет-бейнесін әшкерелейтін көлемді дастан да жазды. Енді бір сәт Мағаз прозаға ауысты.  Оның жазған «Кебенек кигеннің тойы» атты әңгімесі ҚХР құрылғандығының отыз жылдық тойындағы шығармашылық бәйгеде үздік бағаланып, бірінші дәрежелі жүлдені жеңіп алды. Мағаз сөзге шебер, терең ойлы, жоғары талғамды қаламгер. Ол тілге аса бай ақын, өлеңдерінде өмірді, заман келбетін  дәлме-дәл суреттейді.  Төлтумалар формасы жағынан олқы да, орашолақ та емес, ырғағына лайық қалыптасып, бай мазмұндылығымен оқырманын сүйіндіріп отырады. Ол «Кіндік шешеме» өлеңінде кіндік қаны тамған туған жерге деген ыстық ықыласты көңіл күйін ақтарып, ұлы топырақты кіндік шеше ретінде қабылдайды.

«Үш мүшел іркілмей-ақ аттап-аттап,
Көп көріп келіп едім өлең жаттап.
Күн нұры түсіп тұрған тереземе,
Біреулер кете салды балшық шаптап».

Күн нұры құшқан елімнің, туған жерімнің ақыны едім, жабылған жала мен зұлым күштердің зорлауымен ана құшағынан амалсыз айрылдым дейді ақын, түрмеде болған жылдарын көз алдына елестетіп. Ол осы бір ана жер омырауын емірене емізіп, бауырына қайта басып, сергіте:

«Балшығын тереземнің қопардың сен,
Жырыңды ұмыт қылған жаттармын мен.
Өзіңсің махаббатым кіндік шеше,
Жер емес жұлдыздарға аттанармын».

Бұл поэтикалық тілмен салынған ғажайып сурет. Қаламы қолында ақын туған жері мен халқына өмір бойы тер төге еңбек ететінін серт етеді. Егер кетер болсам да, түрмеге емес, жұлдыздарға аттанармын дейді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ахметбек Кіршібай 

Автордың «ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір