Курскіде Солтүстік Корей әскері қырылып жатыр...
Батыстық басылымдарда, қарулы қақтығыстарды зерттеу институттарында Курск облысындағы ұрыстарға қатысты видео, фото дәлелдемелер өте көп. Соларды күнделікті кім не жазды, не салды деп қарап отырамын.
Курск облысындағы шайқастарда КХДР әскері шайқасып жатыр ғой. Видеолардан КХДР әскері жайлы түсінгенім мынау:
1. Сарбаздары рухсыз емес. Бұйрықты қарсылықсыз орындайтын сияқты.Мотивация бар. Мүмкін ол тірі қайтуға жанталас, мүмкін ақша, мүмкін Солтүстік Кореяда қалған отбасының жағдайын ойлау.
2. Тұтқынға түспеуге тырысады. Бір-екі жағдайда ғана тұтқын алынды. Оның өзі ауыр жаралылар, ақпарат бере алмай өліп кетті. Ал ресейліктердің өздері Курскте тұтқынға көп беріледі.
3. Заманауи қаруды қолданудан қиындықтары бар. Өздері шығарған ескі 1970-80 жылғы пулемет, автоматтарды қолданып жүр.
4. Дрондардан қорғану инстинкті әлі толық қалыптаса қоймаған. Ресейліктер дронның дыбысы естілсе болды, қашып, тығылу жолын іздейді. Қай бағыттан ұшып келе жатқанын біледі. Қорғану бойынша да бірқатар тәжірибе бар, мысалы бір адам бірнеше қорғаныс жилетін жамылып жата қалады немесе бетонның астына жасырынуға тырысады дегендей. Ал КХДР сарбаздары көп жағдайда дрон келіп соғылғанша қақиып тұра береді. Қорғануды білмейді, құр жата қалады. Бір видеода дрон келіп соғылғанға дейін 100-ге жуық сарбаз сапта тұрғанын көрдім.
5. Тиісті форма берілмеген сияқты немесе тым аз берілген. Ақ қарлы алқапта, қар басқан ашық далада жаздық жасыл әскери формамен жүгіріп жүр. Қыстық камуфляж неге берілмегенін түсінбедім.
6. Бронды техникамен КХДР әскерінің шабуылын қолдау жағы әлсіз. Көбіне бір-екі бронды техникамен немесе мүлде техника қолдауынсыз шабуылға шығады. Әрине ондай сәтте шығын көп болады.
7. Тілді түсіну және аударма жағынан қиындық бар сияқты. Географияны меңгеру де қиынға соғып жатыр. Бір шабуылда қате бағытта жүгіріп кеткен, оны ресейлік сарапшылар да айтты.
Шайқастарда КХДР әскері қырылып жатыр. Жаралылары көп. Бірақ бәрінде РФ әскерінің құжаты бар.
Асхат Қасенғалидың желідегі жазбасы
Abai.kz