Сәрсенбі, 8 Қаңтар 2025
Жаңалықтар 526 0 пікір 7 Қаңтар, 2025 сағат 16:26

Төлен Тілеубайдың төртінші кітабы шықты

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жақында елордадағы «Шаңырақ» мейрамханасында белгілі қаламгер Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Салтанатты жиынға абылайтанушы және мағжантанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жоғары мектебі ұлттық академиясының академигі Зарқын Тайшыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, ақын, журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, алаштанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Сақ, Қазақтың сары тентегі атанған айтыскер ақын, бард Қуаныш Мақсұтов, ақын, журналист Айбатыр Сейтақ, алаштанушы ғалым, медиа сарапшы, Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтының редакторы Мейрамхан Жәпек, автордың сыныптасы, талантты суретші Дәулет Ізбасаров, зиялы қауым өкілдері және оқырман қауым қатысты. Тұсаукесерді айтыскер ақын, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұл жүргізді. Жаңа кітаптың тұсауы кесілгеннен кейін азаматтар қаламгерге бір-бір ауыз жылы лебізін айтып, шығармашылығына табыс тіледі.

Қазақ журналистикасында ширек ғасырлық межеде өз қолтаңбасын қалыптастырған журналистің бұл туындысы – әдебиет әлеміне жасаған қадамы. Кітап авторды жазушылық қырынан ашып көрсетеді. Жинаққа «Түлкілітаудың аспаны» атты тұңғыш повесі мен әңгімелері енген. Шығармаларға ауыл баласының арман-мұраты, жастардың мөлдір сезімі, адамгершілік, адалдық, мейірім арқау болған. Кітап мектеп жасындағы балаларға және көпшілік қауымға арналған.

Жаңа кітап Қарағанды қаласындағы «Tengri» баспасынан 1000 данамен жарыққа шықты. Төлен Тілеубайға әдебиет әлеміне жасаған қадамың құтты болсын дейміз! Кітаптың оқырмандары көбейе берсін!

Шапағат Әбдір

Abai.kz

0 пікір