Түркияның білім саласындағы тәжірибесін үйренуіміз керек!
Түркия Республикасы, Анкара қаласындағы Башкент университеті мен Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалып, қол қойылып, бекітілді.
Ең алдымен айтайын дегеніміз, 2022 жылғы 10 мамырда Анкара қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім арада екі жыл уақыт өткен соң, 2024 жылғы 10 мамырда күшіне енді.
Осыған байланысты 2024 жылғы 23 желтоқсанда Түркия Республикасы, Анкара қаласындағы Башкент университеті мен Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалып, қол қойылып, бекітілді.
Бұл келісім – еліміздегі үкіметтік емес білім-ғылым ұйымдарының арасында Түркия университеттерімен тікелей қарым-қатынас орнатылған алғашқы қадамдардың бірі екенін атап өткіміз келеді.
Иә, біздің ғылым және жоғары білім жүйесінде еңбек етіп келе жатқанымызға отыз жылдан астам уақыт өтіпті, ал білім-ғылым саласында үкіметтік емес ұйым құрып, дербес түрде жеке-дара педагогтік оқыту-ағартушылық қызметін атқаруға кіріскенімізге жиырма жылға жуықтапты.
Бүгінде Түркиядағы Башкент университетімен ынтымақтастық байланыс жасап отырған «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі 2008 жылғы 23 желтоқсанда ресми түрде тіркеліп, жұмыс істей бастады.
Құрылған алғашқы күндерінен-ақ Орталығымыз мектептер мен колледждердің педагогтеріне, университеттердің магистранттары мен докторанттарына, профессор-оқытушыларына өздерінің біліктіліктерін арттырып, ғылыми еңбектерін жариялау бойынша кәсіптік бағдар мен кеңес беріп келеді. Кейінгі жиырма жылға жуық уақытта жүзеге асырылған іс-шараларымыздың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталсақ дейміз.
Орталығымыз мемлекет басшысының арнайы жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік грантын ұтып алып, «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбындағы әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.
Аталған әлеуметтік жоба бойынша Орталығымыздың сарапшы-мамандары «Білім беру ұйымдарына бармайтын балаларға, оның ішінде босқындар мен мигранттарға мониторинг» атты зерттеу жұмысын жүргізді:
- еліміздің барлық өңірлері бойынша мектептер мен колледждерге бармайтын балалар;
- оның ішінде босқындар мен мигранттардың балалары;
- білім беру ұйымдары жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдауды ұйымдастыру;
- демалыс уақытындағы балаларды сауықтырумен, демалыспен және жұмыспен қамту;
- балалардың жұмыспен қамтылуы және балалардың қосымша білім алуға қажеттілігін айқындау;
- өңір үшін балалардың девиантты мінез-құлқына ықпал ететін, сондай-ақ білім алуға балалардың құқықтарының бұзылу себептері туралы мәліметтер жинақталып, оған сараптамалық-талдау жасалды.
Орталығымыздың ұйымдастыруымен жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Семей және Павлодар қалаларындағы 15 университетте оқып жүрген, көп балалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 мыңға жуық студент-жастармен жүздесулер өткізілді.
Студент-жастарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлауға арналған бағыты жан-жақты таныстырылды.
Балаларды құқықтық ақпараттандыру мақсатында Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Асықата кентінде, Мақтаарал ауданының Мырзакент және Атакент кенттерінде «Мырзашөл» ақпараттық-білім беру орталығы, «Бала құқықтары» жазғы мектебі құрылып, жұмыс істеді.
«Мырзашөл» ақпараттық-білім беру орталығында жұмыс күші артық өңірлер санатындағы Мырзашөл өңірінің жастары мен олардың ата-аналары арасында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы туралы жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұған қоса:
- 2019 жылғы 13 қараша күні Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде;
- 2019 жылғы 14 қараша күні Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде;
- 2019 жылғы 15 қараша күні Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде және Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде;
- 2019 жылғы 16 қараша күні Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде;
- 2019 жылғы 18 қараша күні Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде;
- 2019 жылғы 19 қараша күні Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде;
- 2019 жылғы 25 қараша күні Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде;
- 2019 жылғы 26 қараша күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша оқып жатқан студенттермен кездесіп қайттық.
Орталығымыз жүзеге асырған әлеуметтік жоба аясында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы жөнінде 1 262 мектеп оқушысына, 388 ата-ана мен педагогқа, барлығы – 1 650 адамға ақпараттық кеңес бердік.
Ал Орталығымыз ұйымдастырған «Бала құқықтары» жазғы мектебіне 300 оқушы қатысты.
Мектептер мен колледждер оқушылары арасында «Балалар құқығы» тақырыбы бойынша эссе конкурсы өткізіліп, оған 120-ға жуық оқушы қатысты. Конкурсқа қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар және Сертификаттар берілді, 20 жүлдегер оқушы арнайы Дипломмен марапатталды.
Педагогтар арасында өткізілген «Балалар құқығы» білім беру бағдарламасын жасау конкурсына 112 педагог қатысты, олардың барлығына Алғыс хаттар және Сертификаттар берілді, 10 жүлдегер педагог арнайы Дипломмен марапатталды.
Әлеуметтік жоба аясында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастырудағы мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылды.
2019 жылғы 25 қыркүйекте әлеуметтік жоба аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізілді.
2019-2020 жылдары Орталығымыздың атынан осы әлеуметтік жоба бойынша жинақталған барлық ақпараттар бойынша сараптамалық-талдау сипатындағы есеп дайындалып, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен еліміздің Үкіметіне, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы ұсыныстарымызды жолдадық.
«Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің құрылтайшылығымен шығарылатын халықаралық «Zertteushі» ғылыми басылымының (scientific publication «Zertteushі») негізі 2006 жылдың мамыр айында қаланған.
2006-2018 жылдары Орталығымыздың құрылтайшылығымен «Зерттеуші», «Ғылыми зерттеулер әлемі», «Ғылым және білім ғасыры», «Зерттеулер әлемі», «Жас ғалымдар жаршысы», «Жас зерттеуші», «Елорда ғылыми хабаршысы» және «Оңтүстік өңірінің ғылыми хабаршысы» ғылыми журналдары жарық көріп тұрды.
2010-2012 жылдары «Зерттеуші» және «Оңтүстік өңірінің ғылыми хабаршысы» ғылыми журналдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Диссертациялардың негізгі нәтижелерін жариялауға арналған ғылыми басылымдардың тізбесіне» енгізілді.
Жоғарыда аталған ғылыми журналдар 2018 жылы біріктіріліп, «Zertteushі.kz» ғылыми желілік басылымы, ал 2024 жылы халықаралық «Zertteushі» ғылыми басылымы (scientific publication «Zertteushі») болып қайта құрылды.
Орталығымыздың халықаралық «Zertteushі» ғылыми басылымы (scientific publication «Zertteushі») Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінде есепке қойылып, мерзімді баспасөз басылымын, ақпарат агенттігін және желілік басылымды есепке қою, қайта есепке қою туралы 03.09.2024 ж. № KZ88VPY00100295 куәлігі берілген.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық Комиссия отырысының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №23-32-7.5 хаттамасына сәйкес Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры ретінде бізге Түркия Республикасы Башкент университетіне «Әлеуметтік ғылымдар саласындағы менеджмент» бағдарламасы бойынша 12 (он екі) ай ғылыми тағылымдамадан өтуге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды.
Біз қазіргі кезде «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Башкент университетінде (Türkiye Cumhuriyeti, Ankara, Başkent Üniversitesi) ғылыми тағылымдамадан өтіп жатырмыз.
Негізгі факультеттері мен ғылыми орталықтарын айтпағанда, жеті колледжі, 40-қа жуық өндірістік-тәжірибелік орталықтары бар Башкент университеті (Түркия) мен «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі (Қазақстан) арасында алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстарымыздың жоспарын құрдық.
Атап айтсақ, жоғарыдағы келісімге сәйкес 2025 жылдан бастап халықаралық «Zertteushі» ғылыми басылымын (scientific publication «Zertteushі») Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Башкент университетімен бірге шығару қолға алынып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 744 жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны белгілі. Жақында Үкіметіміз Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасының жобасы ұсынды.
Осыған орай «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасының аясындағы ғылыми тағылымдама барысында негізгі жоспарымызға қоса Башкент университетінің ғана емес, жалпы Түркия Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ерекшеліктерін де қоса зерттеп жүрміз.
Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауына байланысты 2024 жылғы 30 желтоқсан мен 2025 жылғы 05 қаңтар аралығында «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің Қазақстандағы мектептер мен колледждердің педагогтеріне арналған «Жастарға мамандық таңдау бойынша кәсіптік бағдар беру: Түркия Республикасы жоғары оқу орындарының халықаралық тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми онлайн-семинарын (вебинарын) өткіздік.
Осы онлайн-семинарға (вебинарға) Қазақстанның Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласындағы колледждер мен мектептердің 650-ден астам педагогі ерекше қызығушылық танытып, белсенді түрде қатысты.
Сонымен бірге 2025 жылғы 21-31 наурыз аралығында Башкент университетінде (Түркия) Қазақстандағы колледждердің педагогтеріне арналған халықаралық біліктілікті арттыру курсы мен тағылымдамасын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануына орай Оқу-ағарту министрлігіне Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасының жобасына байланысты халықаралық деңгейде жұмыс тәжірибесі қалыптасқан, Түркиядағы Башкент университетімен өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімі бар үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым ретінде «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің ұсыныстарын жолдадық.
Иә, еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына өз үлесімізді қосу мақсатында жүзеге асырған жұмыстарымыз жоқ емес, баршылық. Дегенмен осы жолда алғыс алудың орнына кейбір мемлекеттік мекемелердің тарапынан қолдан әдейі жасалған көптеген қиындықтарға тап болып, белсенді бастамаларымызға барынша кедергі келтірушілерді де жиі кездестірдік. Бірақ біз ондай жағдайды уақытша сәтсіздіктер деп қабылдап, мойымауға тырыстық.
Соның нәтижесінде, міне, бойымызға қажыр-қайратымызды қайта жинап, Орталығымыздың ғылыми-білім беру саласындағы қызметін халықаралық деңгейдегі соны серпінмен қайта ұйымдастырып, жаңаша жігермен алға ұмтылып отырмыз. Осынау ізденіс жолындағы тынымсыз істеріміз баршамыз үшін жемісті болсын!
Мырзантай Қожабайұлы Жақып,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, «Zertteushі» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.
Анкара қаласы, Түркия Республикасы.
Abai.kz