Романтик қазақтар һәм «движуха» туралы...

Романтизациялау - ностальгия ғой.
Ол қайта келмес заман бүгінгі қариялардың жастық шағы. Романтикалық дәуірі. Соған сай ностальгия бар. Ендеше, олардың сол кездегі өмірлерін романтизациялауы - табиғи құбылыс.
Егер, мәселе тарихи оқиғалар туралы болса, онда, әрине, оған объективті сараптама қажет.
Сол сияқты, өнердің дамуын да шынайы ғылыми негізде зерттеу керек.
Мәселен, қазақтың қол өнері ол кезде тек «прикладное искусство» деп аталды.
Ол, «тұрмыстық қолданыс деңгейінде қалған» деген мағынаны білдірді.
Сондықтан, ол кезде қол өнерімізді ұлттық дүниетаныммен байланыстыра қарауға мүмкіндік берілмеді.
Себебі, олай болса, «Алтын адам» дәуіріндегі қоғамды суреттеп, оның өзгеден қаншама озық тұрғаны мойындалушы еді.
Ол «орыс халқының төңірегіне біріккен» «Ұлы достық» идеологиясына күмән келтіріп, аз халықтардың ұлттық санасын оятар еді.
Сөйтіп, жаңа тарихи қауымдастық - Совет халқының пайда болуы мүмкін болмай қалар еді...
Бәрі жақсы келе жатыр еді...
Қазақтар бүлдірді...
1986-да Көтеріліске шығып, «Совет халқы» деген екіжүзді саясаттың шын бет пердесін ашып тастады.
Соңында Совет үкіметі құлады.
Әй, қазақтар ай, тыныш отыра алмайсың, әйтеуір!
Саған да үнемі бір «движуха» керек болады да тұрады...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz