Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот: алғашқы нәтижелер
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот: алғашқы нәтижелер және практиканың бағыттары
Әкімшілік істер жөніндегі жеке кассациялық соттың құрылуы – ауқымды сот реформасының заңды әрі шешуші кезеңі. Оның негізі 2021 жылы жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) қабылдануымен қаланған болатын.
Егер ӘРПК мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастардың жаңа, заманауи «ережелерін» бекітіп, құқық үстемдігі, салыстырмалылық және адалдық презумпциясы қағидаттарын нығайтқан болса, 2025 жылғы 1 шілдеде арнайы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы — осы қағидаттардың ел аумағында бірыңғай әрі шынайы іске асырылуын қамтамасыз ететін тетікке айналды. Сондықтан кассациялық сот — төрт жыл бұрын басталған әкімшілік әділ сотты нығайтуға бағытталған стратегиялық бағыттың қисынды әрі көптен күткен жалғасы.
Оған дейін кассациялық функциялар Жоғарғы Сотқа жүктелген еді, бұл үлкен жүктеме туғызып, процестердің жеделдігіне әсер ететін. Кассацияны сот жүйесінің жеке деңгейіне бөлу — төмен тұрған соттар шешімдерінің заңдылығын неғұрлым мұқият тексеруге және әкімшілік құқық қатынастары сияқты күрделі әрі әлеуметтік маңызы бар саладағы бірыңғай тәжірибені мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот жұмысын бастағанына небәрі бес ай өтті. Бұл — орныққан тәжірибе қалыптастыру үшін қысқа мерзім, бірақ алғашқы оң үрдістерді атап өтуге жеткілікті уақыт. Шағымдану рәсімінің жеделдеуі және бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру үдерісінің басталуы — соның дәлелі. Сандар да осыны көрсетеді: 2025 жылдың үшінші тоқсанында сот 1559 кассациялық шағымды қарады. Бұл статистика жаңа институттың өзіне жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындай алатынын айғақтайды.
Практика көрсеткендей, жаңа сот азаматтар мен бизнес құқықтарын қорғауға нақты ықпал етіп, әкімшілік органдар үшін бағдар болатын құқықтық ұстанымдар қалыптастыруда.
Мысалы, мектепте тамақтандыру қызметі саласындағы мемлекеттік сатып алу – мемлекет жұмысының аса сезімтал бағыттарының бірі. Мұнда қателесуге де, жүйені айналып өтуге де жол жоқ.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтірді. Себебі конкурс өткізу барысында елеулі құқық бұзушылықтар анықталды. Шағым уәждерін тексеру кезінде кассациялық сот жеңімпаздың өтініміндегі жұмысшылар — аспаздар, технологтар, диетологтар туралы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Көрсетілген мамандар іс жүзінде басқа ұйымдарда жұмыс істеген немесе қойылатын біліктілік талаптарына сай болмаған. Бір қызметкер екі түрлі конкурста екі түрлі маман ретінде көрсетіліп, (мысалы, бір конкурста технолог, екіншісінде аспаз) бір мезгілде екі жерде «қатысушы» ретінде тіркелген.
Диетологтардың біліктілігін растайтын құжаттар да талаптарға сәйкес болмады: бір анықтама медицина саласы бойынша білім беру қызметіне аккредиттелмеген ұйымнан берілген, ал екіншісі «диетолог» лауазымын растамаған.
Соған қарамастан, мұндай мамандарға конкурс ережелеріне қайшы түрде балл берілген. Кейбірінің еңбек өтілі дәлелденбеген, басқалары кейін тіркелген. Бір жұмысшы әртүрлі позиция бойынша есепке алынып, жеңімпазға заңсыз артықшылық берген.
Бұл бұзушылықтар комиссия тарапынан жалған ақпарат ұсынылғанын және жеңімпаздың өтінімі жарамсыз екенін көрсетті. Соған байланысты конкурс нәтижелерін қайта қарау қажет болды.
Келесі мысал — ҚҚС бойынша камералдық бақылау.
Салық органы компанияға ҚҚС бойынша бұзушылықтар туралы хабарлама жіберді. Бір қарағанда — қалыпты процедура: камералдық бақылау, сәйкессіздіктерді табу, қосымша есептеу. Бірақ хабарлама бір ғана негізге - компания контрагентін ҚҚС есептен шығару туралы шешімге сүйенді. Алайда бұл шешім сотпен заңсыз деп танылып, күшін жойған болатын. Шешім әлі заңды күшіне енбегеніне қарамастан, оның орындалуы заң бойынша тоқтатылған еді. Бірақ салық органы бұл фактіні елемегендей әрекет етті.
Бірінші саты компания талабын қанағаттандырды, ал апелляция шешімді жойып, компанияның контрагентті ҚҚС- есептен шығару рәсіміне қатыспағанын алға тартты.
Кассациялық сот апелляцияның позициясымен келіспеді. Ол әкімшілік актінің құқықтық салдары тек тікелей адресатқа ғана емес, ол актіден туындайтын барлық үшінші тұлғаларға әсер ететінін атап өтті.
Контрагентті ҚҚС-есептен шығару — онымен жұмыс істеген барлық субъектілерге әсер етті, оның ішінде хабарлама алған талап қоюшыға да.
Орындалуы тоқтатылған актіні қолдану — мүмкін емес. Бұл құқықты қорғау кепілдігі. Дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін заң орындалуды тоқтата тұру институтын енгізеді.
Сондықтан кассациялық сот:
— даулы шешім сотқа жүгінген сәттен бастап орындалмауы тиіс;
— шешімді жою оның барлық салдарын жоққа шығарады;
— компания өзінің құқықтарын қорғай алады, тіпті бастапқы акт оған қатысты болмаған жағдайда да;
— салық органы қолданатын негіздің заңды күшінде екеніне көз жеткізуге міндетті деген қорытындыға келді.
Осыған байланысты бірінші саты шешімі қалпына келтіріліп, хабарлама заңсыз деп танылды. Мемлекеттік орган заңдық тұрғыдан жоқ актіні қолдана алмайды. Ол шешім заңды күшіне енді ме, жоқ па — маңызды емес, егер орындалуы тоқтатылған болса, оны қолдануға жол жоқ.
Бұл қорытынды енді тәжірибе қалыптастырушы маңызға ие.
Тағы бір мысал — әлеуметтік қорғау саласындағы өтемақы.
Жасы ұлғайған талап қоюшы заң бойынша өзіне тиесілі біржолғы төлемді алу үшін жүгінген. Алайда әлеуметтік қорғау департаменті өтемақыны оның көп жыл бұрын қайтыс болған ата-анасы туралы реабилитациялық анықтаманың жоқтығын алға тарта отырып, формалды түрде қайтарған. Мұндай анықтамаларды алу физикалық жағынан мүмкін емес еді.
Сонымен бірге талап қоюшының қолында екі бұлтартпас дәлел болды:
— 1998 жылғы сот шешімі,
— 2008 жылғы прокуратура анықтамасы.
Екі құжат та оның ата-анасымен бірге арнайы қоныстандыруда болғанын нақты дәлелдейтін.
Бірінші саты талапты қанағаттандырды. Апелляциялық инстанция формалды позиция ұстанып, шешімді жойды. Кассациялық сот бұл қателікті түзетті. Ол күшіне енген сот шешімі — өтемақы алуға жеткілікті негіз екенін атап өтті. Қайтыс болған ата-анасына қатысты құжатты ұсынудың мүмкін еместігі — азаматты заңмен кепілдендірілген құқығынан айыруға себеп болмауы тиіс.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың алғашқы айлардағы жұмысы сот реформасының сабақтастығын және жүйелі ілгерілеуін айқын көрсетті. 2021 жылғы ӘРПК бізге заманауи құқықтық құрал берсе, 2025 жылғы кассация оның нақты әрі дұрыс қолданылуын қамтамасыз ететін сенімді механизм құрылды.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құқықтың мәнін оның формасынан жоғары қояды. Ол тек сот қателіктерін түзетіп қана қоймай, заң тірі әділет құралы ретінде жұмыс істейтін құқықтық орта қалыптастырады.
Осылайша, әкімшілік әділ сот реформасы өзінің логикалық аяқталуына жақындап, жаңа сот органы заң мен азаматтардың құқықтарын қорғау ісінде берік орнықты.
Гульзия Мурзаханқызы Едрисова,
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы
Abai.kz