Абай деп соққан жүрегі...
Қазақтың ғана емес, адамзаттың мақтанышы – дана Абайдың жұмбағы көп, сыры терең, мәні мәңгілік мұраларын зерттеуде ғұлама Мұхтар Әуезов көшін бастаған абайтанушылардың күні бүгінге дейін белді де, беделдісі, дәстүр жалғастығы мен көш тізгінін бастап келе жатқан жан – біздің ұстазымыз, әрі әріптесіміз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлықтарының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуі қабырғамызды қайыстырды, ауыр мұңға батырды...
Абай атындағы мектепті, Абай атындағы Қазақтың педагогика институтын бітіріп, осы институтта шәкірттерінің талабы мен талантын жазбай танитын, ғалым-бапкерлердің бірі академик Қажым Жұмалиевтің ғылыми жетекшілігімен аспирантурада оқыды, жетекшісі ұсынған «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Аспирантурада оқыған кезінде біртуар қазақтың қайсар ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының үйінде жатып, батырдың ағалық ақылынан береген тәрбиесінен ұлтжандылық, ұлттық құндылықтар туралы пайымы арта түсті.
1965-1969 жылдар аралығында Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындарында аға оқытушы, доцент, профессор және кафедра меңгерушісі, декан, проректор, ректор міндетін атқарушы қызметінде істеді. 1969 жылы Қ.Жұмалиев дүниеден өткесін, Абай атындағы ҚазПИ-ге қайта оралып, шәкіртіне ұстазының лекциясын жалғастыру тапсырылды.
«Абайтану тарихы» атты құнды еңбегінде ғалым абайтанудың тұтас картинасын жасайды. Абай мұралары туралы еңбектерді жалаң тізбелемейді, жетістіктері мен кемшіліктерін жан-жақты көрсетеді, ғылыми тұжырым жасайды. «Инемен құдық қазғандай» тынымсыз еңбектенеді, әрі тоқталып қалмай, үнемі түзетулер, толықтырулар жасап отырады.
1975-1991 жылдар арасында Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.О.Әуезовтің мұражайында жетекші ғылыми қызметкер бола жүріп, «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» моногорафиясын жазып шықты.
Қазақ әдебиетіндегі Абай және Шығыс мәселесінде М.Мырзахметұлы тыңға түрен салды: Абайдың ақындық кітапханасы, Абай және Шығыс классиктері, Әл-Фараби мен Абайдың пікір сабақтастығы, «Құдатғу білік», «Кабуснаме». Осының өзінен жаңаша тақырыптар, батпан салмақты ойлар бірден байқалады.
Халық жадынан алыстап кеткен Абай шығармаларындағы аталым: 1.Аллатағаланың ғылымы. 2.Ғалами ғылым. 3.Заһири ғылым. 4.Адамның ғылымы. 5.Адамның білімі. 6.Өзіндік ғылым. 7.Дүниелік ғылымы. 8.Мүттәкәлимин. 9.Мәнтикин. 10.Жәуанмәрттілік немесе мораль философиясы. Үш сүю (иманигүл) толық адам. Осы атауларды жүйелеп жеткізу үшін, бүкіл күш-қайратын жұмсап, көз майын тауыса отырып Абайдың «Толық адам» ілімін алғаш рет ғылыми айналымға түсірді.
Қазақ ұлтының өткен тарихын бүге-шігесіне дейін білмей ұлттың болашағын болжау мүмкін еместігін ерте, тереңінен түсінген азамат-ғалым, күш-қайратын, білімін еліне арнауға өнеге үлгі көрсетті. Алғашқылардың бірі болып патшалық Ресейдің қазақ халқын отарлау мақсатында жүргізілген орыстандыру саясатының түпкі мәнін ашып көрсетіп «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жариялады. Кітап көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып, қоғамдық серпіліс туғызды.
Абайтану мен мұхтартануды қабат алып жүріп сыннан өткен, шыңға жеткен «Абайтану – менің өмірлік тақырыбым» деп өзі айтқандай, бүкіл түркі әлемінің мақтанышына айналған Мекемтас Мырзахметұлы да мәңгілік өмірге аттанды.
Өшпейтін артына із қалдырған абыз ақсақал, ғұлама ғалым Абайтану, Мұхтартану, Қайымтану деген ұлы көшке Мекемтастану да қосылды! Қазақстан ғалымдар одағының атынан Мекемтас Мырзахметовтың отбасына, ағайын туысына көңіл айтамыз. Алла тағала асыл аға, асыл ұстаздың жанын Жұмақтан етсін деп тілейміз!
Оразалы Сәбден,
Қазақстан ғалымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Академик.
Жабал Шойынбетов,
Шәкірті, абайтанушы.
Abai.kz