Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2025
Ақмылтық 1018 8 пікір 27 Қаңтар, 2025 сағат 15:45

Жаңа соғыс алаңы – Жасанды Зерде: Қытай қайтпек?

Сурет: zvezdaweekly.ru сайтынан алынды.

ТРАМПТЫҢ ЕУРОПАНЫ ҰЙҚЫДАН ОЯНУҒА ШАҚЫРУЫ

АҚШ-та жаңадан сайланған президент Трамптың қатысуымен Вашингтонның жасанды интеллект саласында біріншілігін қамтамасыз етуге арналған жарты триллион долларлық бағдарлама іске қосылды.

Жасанды интеллект әлі күнге дүниеге шыр етіп, енді келген сәби сияқты. ЖЗ туралы көп айтылғанымен, түрлі деңгейдегі дау-дамайға өзек болғанымен оны қалай өрістету мен қарыштату жайында түсіндіріп берушілер жоққа тән десек те болады. Әзірге бір нәрсе ғана анық - бұл оның болашағы. Дональд Трамп мемлекет басшылары арасында бірінші болып ЖЗ әзірлеудегі көшбасшылық үшін жарысты бастап кетті. Бұл арада Трамптың көздегені ЖЗ тек АҚШ стандарты бойынша дамуға тиіс. Өйткені, оның сайлауын осы саладағы компаниялар қаржыландырған болатын.

Америка президентінің билікке келуін қаржыландырған big-tech компаниялары өкілдерінің ойы бойынша нейрожелілерді құру мен олардың жұмыс істеуіндегі америкалық стандарттар негізгі және жалғыз болуы тиіс деп әлемді өз құшағына сыйдыратын жоспарын алға тартып отыр.

Осы жағынан алғанда Дональд Трамптың Еуропадағы бастамасы төмендегідей бағаланды: «Бұл жау кеп қалды деп байбалам салған дабыл қоңырауы емес, үлкен ағаның інісін «жау жағадан алуда» деп шапалақпен бетке бір тартуы». Демократия деп көкуден басқаны білмейтін Еуропа болмайтын нәрсені сөз етіп, әділеттіліктің әлемдік стандартына үндеп  жүргенде, оған пысықырып қарамайтын Қытай мен мұсылман әлемі ЖЗ бойынша өз стандарттарын өмірге әкелуге батыл қадам жасай бастады. Бұның өзі үшін қауіпті екенін тек АҚШ қана ұғынды да, кіші інісін жақтан бір тартып, тәубесіне келуге шақыра бастады.

Ал кім бірінші болып, өз стандартын жасап, барынша мүмкін кеңістікте құшағына тарата алатын болса, ол болашақта да осы жаһандық нарықты бақылайтын болады. Әлеуетті бәсекелестерді «мәңгі қуып жетуге» бағдар ұстану тек бейшаралардың пешесіне жазылған позиция екенін АҚШ елден бұрын аңғарған ел.

Әлеуетті бәсекелестерін «мәңгі қуып жетуге» бағдар ұстанту үшін АҚШ тарапынан Stargate мегакорпорациясы құрылуда, оның құрамына: OpenAI - жасанды интеллект саласындағы американдық зерттеу ұйымы, ChatGPT әзірлеуші; Oracle - АҚШ-тағы ірі дата-орталықтар операторларының бірі; SoftBank - технологиялық компаниялар мен стартаптарға инвестициялармен неғұрлым танымал жапондық трансұлттық инвестициялық холдинг компаниясы және MGX - Біріккен Араб Әмірліктерінің жасанды интеллект пен озық технологияларға маманданған инвестициялық компаниясы осы додаға тартылып отырған жайы бар.

Бірінші кезеңде Техаста алып data center (дата-орталықтың) құрылысына $100 миллиард бөлінеді. Бұл қаражат Манхэттеннің ядролық бомба жасау жөніндегі үш жобасына жетер еді. Манхэттен жобасына сілтеме жасауымыз кездейсоқ емес, АҚШ бұл салада бірінші бола білді. Енді өліп тірілсе де, ЖЗ бойынша бірінші болмақшы. Бұл -  АҚШ мәңгілік мұратының шынайы көрінісі. Тек КСРО осы мұратына кезінде ұрлық жасағанындай, Қытайда жымқыру жасауға кірісіп кете ме деген қорқыныш та жоқ емес.

Осыдан біраз уақыт бұрын Palantir компаниясының директоры, ЖЗ саласындағы ең табысты стартаптардың бірін өмірге әкелуші Алекс Карп былай деді: «Жасанды интеллектідегі көшбасшылықты ядролық бомбаға ие болу монополиясымен салыстыруға болады, себебі АҚШ-тың болашақтағы үстемдігі америкалықтардың ешкім ұрлап ала алмайтын үлкен деректерді өңдеу қабілетіне негізделеді». Әрі қарай: «Қазір оны түстеп тану мүлдем қиын, себебі бұл тек бастапқы эксперименттік сынақтар ғана. Үлкен тілдік модельдер дұрыс қолданылмайды және әзірше шын мәнінде жай ғана зерттеу жобалары күйінде қалып отыр. Бірақ, егер сіз іске асырудың қажетті деңгейіне көтерілсеңіз, шынымен де санаулы күндерде өз бизнесіңізді түбегейлі өзгерте аласыз».

Айтпақшы, Stargate құру жоспарына Елон Маск күмәнданып: «Олардың ақшасы жоқ. SoftBank 10 миллиард доллардан аз қаржыны қамтамасыз етті. Менде бұл туралы шынайы мәліметтер бар», - деп өз пікірін алға тартты. Бірақ бұл жерде Масктің бұл идеяға мүлдем қарсы емес екенін түсіну керек. Тек бизнесмен ретінде Алекс Карптың серіктестерінің төлем қабілеттілігіне белгілі бір күмәнмен ғана қарап отыр. Сонымен қатар ол OpenAI-дің тең құрылтайшысы Сэм Альтманмен келіспейді, оны бірнеше рет «түлкі Сэм» деп атады. Дегенмен, Альтман қарап  қалмай, Маскты көпшілік алдында «желөкпе қияли» деп атады. Сондықтан бұл Stargate тұжырымдамасы бойынша түбегейлі келіспеушіліктер емес, тек мүддесі бір жандардың ауздарынан шыққан жеке пікірлер ғана болып табылады. Егер бірлескен бизнес-мүдделер өзара тоғысқан жағдайда бұрынғы суық қабақтылық өзінен-өіз келмеске кетеді.

Масктің күмәндануының астарында не жатыр?

Басқаша айтқанда, бұған көп көңіл бөлудің қажеті жоқ, тек АҚШ-тағы отбасылық дау-дамай ғана. Дональд Трамптың бастамасы Еуропаны «Ұйқыдан ояттатын шапалақ» деп бағаланды. Себебі Еуроодақ осы саладағы жарысқа бөле алатын инвестициялар «АҚШ-та жаңадан жарияланғаннан тұжырымдамасының қасында жіп есе алмайтын деңгейде қалып отыр». Ал әлеуеті жағынан американдық big-tech алыптарымен иық теңестіретін ЕО компаниялары емге де жоқ. Және мұндай ауқымдағы жұмыстар үшін қажетті энергия ресурстарының саны жеткіліксіз, ал ЖЗ- энергияны аса көп қажет ететін пәлекет, бұл әлі де Трамп тарапынан жеңіл айтылған сөз. Бір сөзбен айтқанда, Трамптың бастамасы ЕО арта қалушылығын жоюға деген талпыныс қана. Және еуропалықтар үшін бұл жағдайды түзету мүмкіндігіне мұрша беру. Бірақ жағдайды түзеуді қолға алушылық әзірге мүлдем мүмкін емес.

АҚШ-тың бас ауруына айналған мәселе - Қытай. ҚХР жақында барлық параметрлер бойынша OpenAI модельдерін сан соқтыратын Deepseek AI жүйесін іске қосу үстінде екенін жариялады. Біріншіден, оның құны өте төмен - американдық модельдің 3% -ы ғана құрайды. Екіншіден, ашық кодпен шығарылатындықтан лицензиялық аударымсыз пайдалануға болады.

Демек, енді ғана бастау алған AI саласындағы негізгі жарыстың АҚШ пен Қытай арасында өрістейтіні түсінікті. Бұл бір кездері КСРО-мен Ғарыш саласындағы бәсекені де еске салады. Дәл қазір олар осы саланы қылдай бөлісетін болады. Қалғандарына келсек, «мұнда бөтен адамдар бармайды тек кімнің жағында боласың деген сұрақ қана туындайды. Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік ұзақ әрі табанды болады. Бірақ, бабаларымыз  айтқандай, «асыл пышақ қын түбінде жатпайды». Қандай да болмасын ЖЗ адамзат игілігі үшін қандай шарапаты бар екенін біз әлі көріп білуге үлгереміз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

8 пікір