Қазақ көші Мәсімов кезіндегі таз кепешін қайта киді...
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк Кеңесшісі
Е.Т. Қарин мырзаға!
Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтетіні хабарланды.
Осы орайда, Қазақ көшіне қатысты туындаған жағдайларға шолу жасай отырып, өз ойларымды Сіздің назарыңызға тағы бір мәрте салғанды жөн көрдім.
Тоқ етерін айтсақ, Қазақ көші Кәрім Мәсімов заманындағы бұрынғы таз кепешін қайта киді...
Сенбесеңіз, міне, салыстырып көріңіз.
Бірінші, 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде Тимур Құлыбаев: «Егер ереуілшілердің жетекшілері туралы айтатын болсақ, ол жақта Алматыдан барғандар жетекшілік етіп жүрген жоқ. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар. Ол жаққа келетін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді...», - десе;
2021 жылғы «Қаңтар оқиғасы» кезінде қазіргі депутат Абзал Құспан: «…ұсталғандардың арасында Қытайдан келген қандас ағайындар көптеп кездесті…», - деді.
Бірақ, Абзал Құспан сол Қытайдан келген қандас ағайындардың не себепті қамалғанын және олардың саны қанша екенін ашық айтқан емес. Іс жүзінде, Абзал Құспан Тимур Құлыбаевтың сөзін қайталады.
Екінші, 2013 жылы желтоқсан айында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің ықпалымен шеттен оралған қандастарғы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылданса;
2022 жылы 5 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шеттен келген этникалық қазақтарға Үкімет айқындаған өңірлерде бес жыл тұрған соң барып азаматтық берілетін етіп жасалған «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» жариялады.
Үшінші, 2010 жылғы Қызылағаштағы су тасқын кезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Менің білуімше, сол ауылдағы су астында қалған елдің жартысына жуығы – сырттан келген қандастарымыз. Қазақстан – өз қандастарын, оралмандарды алып келіп жатқан әлемдегі бірден-бір ел. Мемлекеттен қаражат шығарып, шақырып, тарыдай шашырап кеткен қазағымыздың басын қосайық деп мен көп шаруа жасап жатырмын. Ол азаматтар, әрине, Қазақстанға әлі еңбегі сіңген жоқ. Қазақстанның бүгінгі өркендеп-өскеніне олардың ешқандай еңбегі жоқ…», -десе;
2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана Тілі» газетіне берген сұхбатында қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», - деді.
Төртінші, 2012 жылы «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының сол кездегі президенті Сауытбек Абдрахманов орынбасарына шеттен оралған қазақтар туралы «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген мақала жаздырып, оны өзі басқарып отырған бас газетке бастырып, алыстан келген ағайынды: «Біз бұл жерде тиесілі квотаны алып, соған сәйкес белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып, артынша келген жақтарына қайтадан қашып кеткен қазақтар туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз...», - деп қаралатса;
Жақында сол Сауытбек Абдрахмановтың орнында отырған Дихан Қамзабекұлы «Abay.live» ютуб арнасына сұхбат беріп, «Шеттен келген ағайынның біразы мәңгі, кешіріңіздер, оралманның рольінде жүргісі келеді...», - деп жала жапқанын бүкіл жұрт естіді...
Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!
Өзіңіз де оқып, ойланып қалған боларсыз, өзінің туған халқы туралы бірінен-бірі аумайтын қаралаулар мен Ұлы көшті тоқтату үшін алдыңғысын соңғысы сол беті қайталаған бұл әрекеттің түпкі мақсаты айтпаса да түсінікті шығар деп ойлаймын.
Бір ғажабы, осыдан он бес жыл бұрын Маңғолияға жай этнограф ретінде сапарлай барып, шеттегі қазақтар туралы: «Моңғолия мен Қытайда тұрып жатқан қазақтар елден тыс өмір сүріп жатқан сияқты сезіледі. Алайда, дәстүр мен ұлттық құндылықтардың формалары елден гөрі сол «елден тыс» жерде өмір сүріп жатқан қазақтарда жақсы сақталған. Бұл - көптеген ұлттардың табиғи болмысында кездесе бермейтін ерекше құбылыс. Біз әдетте оларды «елден тыс» жерде тұрып жатыр деп санаймыз. Бірақ нағыз қазақы ой, қазақы фәлсапа солардың арасында барынша дамыған...», - деп, аузының суы құрып келген Ерлан Қарин мырза бүгін Мемлекеттік Кеңесші болып отырып, сол өзі барып дастарханынан дәм татқан қандастары туралы адам төзгісіз қаралаулар мен жалалаулар айтылып жатқанда бір ауыз сөз айтып, араша түсе алмағаны – мені қатты таң қалдырып отыр.
Әрине, мен бұл жерде екі Президентті де кіналаудан мүлде аулақпын. Екеуіне де қандастары туралы нақты ақпарат жетпеген.
Тұңғыш Президент Өзінің айналасындағы әзәзілдерге алданғанын тез біліп, Көші-қон заңын тез қалпына келтіріп, қандастары туралы тамаша тарихи шешімдер қабылдап кеткені туралы үнемі айтып та, жазып та келемін.
Ал, кеше ғана «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» деп, құшағын айқара ашып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлына да анау кермек сөзді айтқызған – сол бір жақтылы ақпарат екені даусыз!
Не үшін «бір жақтылы ақпарат» деп отырмыз?!
Тағы қайталап айтамын, «Талғар оқиғасы» және осы оқиғаның «бас кейіпкері» болған Қаржаубай Нұрымов пен оның қарындасы Бақыт Реймова туралы Қасым-Жомарт Кемелұлына мүлде нақты ақпарат жетпегені көрініп тұр! Ақордаға баратын, Президент сүйіп оқитын «Егемен Қазақстан» мен «Ана Тілі» газеті дүниені дүр сілкіндірген осы «Талғар оқиғасы» мен ондағы екі бірдей баласынан айрылып қара жамылған жандар туралы бір ауыз сөз жазбаған. Тағы қайталап айтам, он шақты газет-журналды уысында ұстап отырған медиамагнат Дихан Қамзабекұлы бірде-бір журналисін жіберіп, аталған қанды оқиға туралы журналстік зерттеу жүргіздірмеген. Журналистерін жіберіп, зардап шегушілер мен куәгерлерден және құқық қорғаушылар мен жергілікті билік өкілдерінен жеке-жеке сұхбаттар алып, олардың төл сөздерін газет арқылы Президентке жеткізбеген...
Әрине, мұндай жағдайда Президент тек құқық қоғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің бір жақтылы ақпаратына ғана жүгінуге мәжбұр болады. Мүмкін, олар Президентке тек өз мүдделерін қорғайтын деректер беретін шығар...
Бұл туралы алдағы уақытта көлемді мақала жазып, арнайы тоқталатын боламыз.
Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!
Тағы қайталап айтам, Қазақ көші Кәрім Мәсімов заманындағы бұрынғы таз кепешін қайта киді!
Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент болғаннан бастап, бүгінге дейін берген тапсырмалары мен нұсқауларының біреуі орындалған жоқ!
Орындалғанды қойып, керісінше, марқұм Мұхтар Мағауин айтқандай, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов бастаған анти-қазақ саясат жалғасып жатыр!
Мысалы:
- «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы 2023 жылғы 19 сәуірде Сенат мақұлдаған 20-баптың 5) тармағы Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін берілмейтін етіп, оларды қоныстанатын өңірін таңдау құқығынан айырды, сөйтіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын шектеді;
- бұрын бес жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесін отыз бес күнде берілетін етіп, жаңа тәртіп енгізді;
- «Ата-Жолы» картасы жобасын айналымға енгізгенімен, аталған картаны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмеген болып шықты...
Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!
Сізден осы мәселелерді түгелімен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ұсынуыңызды, алда болатын Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысының Үлы көш туралы жаңа шешімдер қабылдауына ықпал етуіңізді сұраймын.
Сондай-ақ, Көші-қон саясатымен ұзақ жыл айналысып келе жатқан белсенді азамат, тәжірибелі маман ретінде төмендегі жобаларды ұсынуды жөн көрдім.
Бірінші, 2021 жылғы 16 қарашада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын;»,-деп, 18 қарашаны арнайы күн белгілеу туралы тапсырма беріп, Үкімет ол тапсырманы аяқсыз қалдырған болатын
Мен аталған датаны «Ұлы көш күні» деген атпен атаулы күндердің тізбесіне ендіруді қайталай ұсынамын.
Екінші, Үкімет бекіткен «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жемқорлыққа бағытталып жасалғаны белгілі болды. Екі жыл өтпей жатып, аталған тұжырымдама бойынша қоныс аудару бағдарламасына бөлінген бір миллиардтан астам теңгенің ұрланғаны туралы Прокуратура ақпарат таратты.
Сондықтан, бұл тұжырымдаманың күшін жойып, кемінде 50 жылға жоспарланған Ұлттық жоба жасалу керек.
Сонымен бірге, «Шегаралық өңір тұрғындарын әлеуметтік қолдау туралы» арнайы заң қабылдауды, сол заңның аясында шегаралық өңірлерде тұрақты тұратын азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне «Шекаралық өңірде тұрады» деген өзгеше мәртебе (статус) беріп, оларға тұрақты түрде берілетін қосымша жеңілдіктер, яғыни базалық коэффиценті, ең аз дегенде, 10 АЕК көлеміндегі төлемдер қарастырылуы өтінемін.
Сондай-ақ, шекарада тұратындардың зейнетақы мен барлық жәрдемақы мөлшері және онда қызмет ететін мұғалімдер мен дәрігерлердің, әкімшілік пен әскери қызметкерлердің еңбекақсы өзге өңірлердегілермен салыстырғанда екі-үш көп болуы тиіс деп есептеймін.
Оның сыртында, шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде өсімсіз немесе төмен өсімді несие, қайтарымсыз мемлекеттік субсидия беруді міндеттеген жөн.
Үшінші, Атажұртына оралғысы келетін қандастар үшін шет елдердегі елшіліктер мен консулдықтардағы ұзаққа созылған виза кезегін болдырмау және депломартиялық қызметкерлердің жұмысын жеңілдеу мақсатында шетелден бір айлық визасыз тәртіппен келген ұлты қазақ азаматтарға Қазақстаннан үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібін енгізу – бүгінгі күннің ең басты проблемасы әрі талабы болып тұр!
Төртінші, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының 8-бабындағы, жоғарыда айтылған, «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.»,-деген норманы «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңы мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңына қатарынан енгізуді ұсынамын!
Бесінші, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 3-бабында көшіп келудің негізгі бес түрі көрсетілген. Бірақ, аталған заңда білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында көшіп келгісі келетін этникалық қазақтарды Қазақстаға шақыру тетігі қарастырылмаған. Сол тетікті заңдастырмай болмайды.
Алтыншы, «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы 2023 жылғы 19 сәуірде Сенат мақұлдаған 20-баптың 5) тармағын алып тастамаса, аталған норма Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың «Қандас» мәртебесін алуын, қоныстанатын өңірін таңдау құқығынан тіпті, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын шектеп отыр.
Жетінші, «Қандас» мәртебесін отыз бес күнде емес, бұрынғыдай бес жұмыс күні ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығын берілетін тәртіпті қалпына келтіру керек.
Сегізінші, «Ата-Жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмесе, онда аталған карта аты бар, заты жоқ жоба болып қалуда...
Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!
Егер, шеттен келетін қазақтар шынымен де Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин айтқандай, «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар екені, бұл [жағдай] олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіретіні, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызатыны» рас болса, онда оны да ашық айтып, алыстағы ағайынды әуреге салмай, Ұлы көшті тоқтата тұрғандарыңыз жөн!
Құрметті Ереке!
Ресей елшісі Алексей Бородавкиннің сөзі мен оның сілтемесі, міне:
«Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады», - деді Бородавкин.
Ауыт Мұқибек
Abai.kz