Сәрсенбі, 5 Ақпан 2025
Аласапыран 111 0 пікір 5 Ақпан, 2025 сағат 15:25

Иранның ядролық қаруы: АҚШ неге алаңдайды?

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Иранның ядролық бағдарламасы қазір әлем жұрты ызу-қызу талқылап жатқан тақырыптардың біріне айналды. Батыстағы белді басылымдар – «The Telegraph» пен «The New York Times» Иранның ядролық қаруы туралы қатар-қатар мақалалар жариялады. бүгін соларға шолу ұсынбақпыз.

Әуелі «The New York Times» не дейді?

АҚШ-тың сыртқы барлауынан алған мәліметтерді тілге тиек еткен «NYT» өз мақаласында:

«Иран ғалымдары ядролық қару жасаудың жылдам әдісін меңгеруде. Бұл үшін ғалымдар мен инженерлердің құпия тобы жасақталған. Олар ядролық отын қорын бір жылдан аз уақыт ішінде қаруға айналдыру үшін жұмыс істеп жатыр», - деп жазды.

Басылымның жазуынша, Трамптың бірінші президенттік мерзімінде АҚШ Иранмен «ядролық келісімнен» шыққан. Содан бері Иран уранды байыту жұмыстарын қайта бастаған.

Қазір Иранға 4-5 ядролық оқтұмсықты жасау үшін 60%-ға дейін байытылған уран жеткілікті. Ал 90%-дық байыту деңгейіне жету үшін небәрі бірнеше күн қажет.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Тегеранның ядролық қару жасау әрекетіне байланысты: «АҚШ-тың Иранға қысымын арттыру қажет», - деп мәлімдеді.

Ал «The Telegraph» не дейді?

Ұлыбритания сыртқы барлауының деректерін сөзмысал еткен «The Telegraph» басылымы:

«Иран билігі алыс қашықтыққа соққы жасайтын және ядролық оқтұмсықты алып ұшуға қабілетті зымыран жасауда. Зымыран 2900 шақырымды еңсере алады және Еуропа елдері мен Израиль аумағына жетеді», - деп жазады.

«The Telegraph» басылымы Албания мен Францияда қызмет ететін Иранның ұлттық қарсыласу кеңесінің (NCRI) ақпаратына сүйене отырып жазды.

Аталған оппозициялық кеңес Иран билігіне қарсы әрекет етеді және Еуропа барлаушыларына Иранның ЕО аумағындағы тыңшылары жайлы бірнеше мәрте нақты ақпарат берген. Аталған зымыран Солтүстік Кореямен бірлесе отырып жасалуда. Зымыранды жасау ғарышты игеру жобасы ретінде бүркемеленген.

Abai.kz

0 пікір