Шығармашылық қауым мемлекет қолдауын сезініп келеді
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/NW0enpwdAIVDIDDlmt2vXujVdCmIipWr6U5DNYnz.jpg)
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов сөйлеп, еліміздегі шығармашылық қауымға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетіліп жатқанын айтты.
«Қазақстанның мәдениет саласын басқарған тұлғалардың бәрі – Темірбек Жүргеновтен бастап біразы көп еңбек сіңірді. Сол мәдениетімізге қазір Аида Ғалымқызы да көп жұмыс атқарып жатыр. Оны не үшін айтып отырмын?! Былтыр 13 желтоқсанда Жазушылар Одағының 90 жылдық мерейтойын өткіздік. Көпшілік бұл жиынның жоғары деңгейде өткенін айтып жатыр. Бұл жиынға ТМД елдерінің бәрінен жазушылар қатысып, риза болып қайтты. Егер Мәдениет министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдірмесе, Одақтың 90 жылдығы өтпес еді. Мен ылғи айтамын: біздің шығармашылық ұйымдар Мемлекет басшысының, Үкіметтің, соның ішінде Мәдениет министрлігінің қолдауын үнемі сезініп келе жатыр. Сондықтан, шығармашылық ұйымдар Үкіметке, соның ішінде өзінің министрлігіне (Мәдениет және ақпарат министрлігі – ред.) күмәнмен қарамауы керек.
Былтыр бірқатар өнер адамына мемлекеттік сыйлық табысталды. Сонда алғандар қуанып, алмағандар айғай шығарды. Артық сөздер айтылды. Сыйлық деген – жарыс. Ең мықты дүниелер ғана марапат алады. Әдебиет саласы бойынша екі қаламгеріміз мемлекеттік сыйлық иегері болды: бірі – Светқали Нұржанов, бірі – Құлбек Ергөбек. Екеуі де лайықты адам. Ендеше, неге бұл марапатты алмаған адамдар оларға күмәнмен қарайды? Неге қуанбаймыз, неге марапат иелерін құттықтамаймыз?! Таңғалатын тағы бір нәрсе, кинематография, театр саласындағы кейбір адамдар мықты-мықты тұлғалардың қолын қойдырып, мемлекетке қызмет етіп жүрген адамдардың үстінен Президентке хат жазады. Міне, осыны тоқтату керек. Тіпті, хатты оқымай қол қоятындар бар. Біреуді осылай нахақтан қаралауға бола ма? Сондықтан, Президентке, үкіметке, министр атына жазылған хатқа қол қоярда оған байыппен қарау керек.
Бізде мәдениет саласының жұмысы жолға қойылды. Облыстық мәдениет басқармаларының жұмысына қазақ жазушыларының кез келгені риза!
Әрбір облыста жазушылар бар. Солар жергілікті әкімдіктің, Мәдениет министрлігінің қамқорлығын көріп отыр. Тіпті, бұрын-соңды болмаған қолдауын сезініп отыр. Әрбіріне стипендия тағайындалып, әрқайсының кітабын шығарып беруге тырысып жатыр. Сондай қамқорлықты көрмеу, көргісі келмеу дұрыс емес деп ойлаймын.
Мәдениетіміз қай жағынан болсын жақсы дамып келе жатыр. Өзім санап шықтым, былтыр республикамызда 5-6 мәрте театрлар фестивалі өтті. Шығыс Қазақстанда, Алматы облысында, Маңғыстауда, Атырауда фестивальдер өтіп, оған қатысқан театр ұжымдары жүлделі болып, қуанып қайтты. Өйткені, Президентіміз мәдениетке ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір бізді басқарып отырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы кез келген жазушы мен оның шығармасын біледі. Кез келген театр адамымен, опера әншісімен сөйлесе алады. Ондай адамды қадірлеуіміз керек. Осылай жұмыс істеп жатқан адамға шамамыз келгенше көмектесуге тырысуымыз керек», - деді Мереке Құлкенов.
Жазушылар Одағының төрағасы елімізде кітап шығару жұмысы да жолға қойылғанын, сондай ақ оған мемлекет тарапынан нендей қолдаулар көрсетіліп жатқанын айтты.
«Елімізде өте сапалы, мазмұнды кітаптар шығып жатыр. Тіпті, арасында «халтура» кітаптар да бар. Бұл ретте Жазушылар одағы да белсенді жұмыс істеп, тек сапалы кітаптардың шығуына атсалысуы керек деп ойлаймын. Облыстағы мәдениет басқармалары бірігіп жұмыс істеуге көмектесуі керек. Осы ретте Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы басқаларға үлгі көрсетіп отыр. Жыл сайын 10 жазушы миллион теңгеден қаламақы алып отыр. Оны қазір Жамбыл мен Алматы облыстары да қолдап кетті. Неге дейсіз ғой? Өйткені, біздің мәдениетіміз өсіп келе жатыр. Осы саланы басқарып отырғандар мәдениет пен әдебиеттің не екеніне басқаша қарайтын болды. Мүмкіндігінше жергілікті таланттарға қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Бұл Қазақ деген халықтың мәдениеті өскенін білдіреді.
Қазір облыстарда бюджет өсті. Оның ішінде мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға қолдау да артты. Кітапханашылардың да жағдайы дұрысталды деп ойлаймын. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларда кітаптан бас алмай отырған жастардың да қатары көбейді», - деді Жазушылар Одағының төрағасы.
Abai.kz