СҚО әкімдігі Алаш арыстарына арналған ескерткішті неге қиратты?
БҰЛ - БАРЫП ТҰРҒАН ВАНДАЛИЗИМ!
Мемлекетшіл тұлға, асқан отаншыл азамат Бердібек Сапарбаев ағамыз (жаны жәннатта болсын) 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Бекеңе дейін талай қасқа шалқалап ШҚО-ның төрінде отырғанын білеміз... Солардың алтын Алтай аймағындағы қазақтың айдарын көтеріп, айбынын асыруға қылған қам-қарекеті шамалы. Көбі бүйі тигендей бүрісіп отырды, бүктетіліп биліктен кетті.
Ал, Берағаң барды да іске кірісті. Алдымен қазақтың аспан көк түсті туын төгілдіріп ту биікке тікті. Ешкім ештеңе деген жоқ. Облыстық әкімдік үйінің алдында сәңірейіп тұрған Лениннің ескерткішін алып тастап, биік тұғырға алып Абайдың тас мүсінін тұрғызды. (Иә, саясат үшін орталықтағы кітапхананың алдына жақ сақалын жалбыратып апарып Пушкиннің де ескерткішін қойды). Және ешкім ештеңе демеді. Қаланың күн шығыс бетіндегі таудың төсіне аппақ мәрмәр тастардан тізіп, «ҚАЗАҚСТАН» деп жазды. Тағы да тырс еткен пенде баласы болмады. Болған шығар, бірақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ислам Әбішов сыртқа сөз шығартпады. Айқай-аттан, ұлы сүргінді әкімдіктің айналасынан ұзатпады.
Өскемен...өздеріңіз білесіздер, кержағы кері тартып отыратын өлке. Берағамыз бен Ислам Әбішов солардың тілін тапты, кержақ атаулыны келеге келтірді. Содан бері қарай ШҚО-да ұлт болып ұйысқан елдің салты қалыпқа түсіп келе жатқан сияқты. Ендігі мәселе теріскейде болып тұр...
Солтүстіктегі облыстардың біріне баяғы Қажымұрат Нағымановтан кейін бір ұлтжанды әкім бармағандай, әкім болып тағайындалмағандай көрінеді де тұрады маған (қателессем, қатемді айтып, жазарсыздар).
Қостанай облысы биыл мол астық бастырып, қазынамыздың қамбасын дәнге толтырды. Бәрекелді! Алайда қарының тоқ болғанымен, қадірің жоқ болса, одан не берекет табасың?
Қараңыз: Қостанайда және солтүстіктегі өзге де облыстарда жер-су атаулары мен көше аттары совет өкіметінің кезіндегідей сіресіп тұр. Байырғы халық бабақоныс атажұртында туып, өмір сүрсе де, өгейдің күйін кешуде. Кешегі қара шекпенділер мен тың игергіштердің ұрпағы болса, советикус адамының деңгейінде қалып қойған. Ілгерлеу жоқ. Әншейінде қырық айлалы әкімдік жер-су атауын қалпына келтіру мен көшеге жаңа ат берерде әсіре демократияшыл бола қалады. Оның үстіне заң бұл істі Мәслихаттың шешіміне сүйеп қойған. Бұл - қате әрі қатерлі, қауіпті жайт. Жер-су атауларын тарихи қалпына келтіру жұмысымен Мәслихаттың депутаттары емес, ономастика қызметкерлері мен сапалы сарапшылар шұғылдануы тиіс. Мұның сыртында түсіндіру, насихаттау, ақпараттандыру деген шаруамен жергілікті идеологтар айналысуы керек.
Міне, жаңа Заңғар Кәрімхан бауырымның жазбасынан оқып отырмын, СҚО әкімшілігі жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған Алаш ардагерлеріне арналған кешенді бұзып тастапты. Бұл - барып тұрған вандализим! Ау, ескерткішті бұзып, талқандағандардың әрекеті туралы бұдан өзге не деуге болады? Білеміз, СҚО әкімшлігінің әлгі вандалдық әрекетінің арғы жағында сақтық та жатыр. «Ойбай, алашордашылар тегіс ұлтшыл болған! Ұлтшылдарға арнап қойылған кешен көршіміздің көңіліне келеді, пәлелай да, шәлелай! Ондай кешеннің көзін құрту керек!».
Кешенге шабуылдың себебі - осы, осыдан басқа түк те емес!
Ойымша, еліміз бен жеріміздің тұтастығын ортамызда жүрген ағайындар қазір бек түсініп қалды. Оларды ырың-жырың қылмай, отырсыздықтан түбегейлі арылу ісін жайлап, бірақ табанды түрде жүргізе білсең, ешкімнің көзі шығып, басы жарылмайды. Сондықтан, солтүстіктегі облыстарға, экономика өз алдына, саясатты, мәдениетті, тарихты құрметтейтін, санасында саңлауы бар, отаншыл азаматтар барып, екі тізгін бір шылбырды қолына алуы керек. Ескі кадр, жаңалықтан жұрдай, жалтақ Ақсақалов сияқты әкім-қаралардың ендіге қажеті шамалы.

Сурет: Дәурен Қуаттың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Суретте: Өскемен қаласындағы «Абылай хан шыңы» аталатын кезеңнен жай тапқан «Қазақстан» кешені. Мұны жұрт «Қазақстан тауы» деп те атайды. Кешен Ислам Әбішов қала әкімі болып тұрған кезде жасалған.
Дәурен Қуат
Редакциядан:
Белгілі алаштанушы Заңғар Кәрімхан Солтүстік Қазақстан облысындағы Алаш арыстарына арналған ескерткішті облыстық әкімдіктің бұзып тастағаны туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазыпты. Біз аталған жазбаны қаз-қалпында оқырман талқысына ұсынып отырмыз...

Сурет: Әлеуметтік желі скрині.
1917 жылғы ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жиынынан соң, елді бүліншіліктен қорғау үшін жер-жерде әскерге жігіт жинау ісі басталды. Міржақып Дулатұлы жанында атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы бар екеуі Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде (Әлти қажы Барлыбай баласының қонысы) төтенше жиын ашады. 1918 жылғы шілдеде өткен бұл жиында ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндіріліп, халықты қорғау туралы сөз болады.
107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің, онда да Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының (Нағашыбай Барлыбаев, Ерлан Сатыбалдиевтердің) көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылады.
Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған, биіктігі 28 метр болатын еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған, уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған, бүлінген күйіне тап болады.
Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендердің ойында не бар?
Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кетеді.
Не үшін? Қандай мақсатта орындалды?
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін.
Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты.
Енді не болмақ?
Мұқым қазақ елінің алдында қарабет болмайын десе, облыс әкімдігі жіберген кемшілікті түзеп, ескерткішті қалпына келтіруі тиіс. Кешеннің ашылуын дұрыстап ұйымдастырып, ел-жұртқа паш етіп, Міржақып Дулатұлындай ұлы қайраткерге лайықты құрмет пен тағзымды іске асыруы керек. ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі не дейсіздер?
Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі. Бұл жер Қазақстанның сакральды картасына кіргенін жаза кетейік.
Қадырлы қауым, Бұл жағдайға бей-жай қарамайық. Облыс әкімдігі иек астындағы қыста ұмыттырып, жылы жауып қоя салмақшы.
Заңғар Кәрімхан
Abai.kz