Уолт Уитмен мен Мұқағали Мақатаев
Мәдени, тарихи және географиялық айырмашылықтарға қарамастан, поэзияда ортақ тақырыптар мен идеялардың үндесіп жататыны сөзсіз.
Бұл үндестік адамзаттың ортақ сезімдері, ойлары мен армандарынан туындайды. Мысалы, Америкада тұратын бір ақын көк аспан туралы ойланып жыр жазса, оны көл-көсір әлемге, шексіздікке теңейтіні мұнда тұр. Ал Алматыда жыр жазатын бір ақын да солай ойланары хақ. Бұл әрине гармония заңдылығы. Былайша айтқанда, аспан, ауа, су, от сияқты жаратылыстар бәрімізге ортақ.
Бұл жерде біз табиғат пен адам үйлесімі туралы да ойлануға тиіспіз. Табиғат – әлемдік поэзиядағы мәңгілік тақырыптардың бірі. Ақындар табиғатты тек сұлулықтың символы ретінде ғана емес, адамның жан дүниесімен тығыз байланысты құбылыс ретінде жырлайды. Мысалы, Мацуо Басё Жапон хайку поэзиясында табиғаттың қарапайым көріністері арқылы терең ойлар беріледі:
«Ескі тоғанға
бақа секірді де,
су сылдырады».
Ал ағылшын ақыны Уильям Вордсворт табиғатты адамның жанымен біте қайнасқан тіршілік көзі ретінде жырлады. Біздің Мұқағали Мақатаев Қазақ даласының көріністерін философиялық астармен бейнелеп:
«Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын!», деп үн қатты. Бәрінде де кіршіксіз әуен, кіл сезім бар. Былайша айтқанда, үндестік жатыр.
Уолт Уитмен (1819–1892) – АҚШ әдебиетіндегі ең ірі тұлғалардың бірі. Ол «Шөп жапырақтары» (Leaves of Grass) атты өлеңдер жинағымен танымал. Оның өлеңдерінде еркіндік пен демократия, табиғат пен адам үйлесімі, өмірді, махаббатты дәріптеу, өлең құрылымындағы жаңашылдық көрініс тапты.
Уитмен дәстүрлі поэтикалық үлгілерден бас тартып, еркін өлең (верлибр) стилін қолданды. Оның поэзиясында табиғатпен біте қайнасу, өмірді барынша сезіну, қарапайым халықтың дауысы естіледі. Мысалы, оның «Өзіме ода» атты танымал өлеңі ақынның азаматтық үнін алыстарға, тұтас дүниеге жеткізеді.
«Мен не сезінсем, сен де соны сезесің,
Өйткені, атылған әрбір атом бәрімізге ортақ», дейді. Яғни оның айтпағы бәріміз қара жердің бетінде бір ауамен тыныстап, бір күй кешіп жүрміз. Адамзат баласы бір кеменің үстінде деген ұлы ойдың өлшемі.
Немесе:
«Мен, қазір отыз жеті жаста, денім сау, өмірді қайта бастаймын», дейді. Қазақ бұны «Ештен кеш жақсы» деп шегелеп айтып кеткен. Ал оны Америка топырағындағы ақындар осылай ғана жырлай алды.
Қош. Қалам ұстаған әрбір ақын күрескер болуы тиіс екені дәлелденген шындық. Уитмен де саналы азамат ретінде бұл күрестен айналып өте алмайды. Ол айтады:
«Менің тілім, қанымдағы әрбір атомның түйіршігі,
Осы топырақтан, осы ауадан, осы ата-анадан,
Тіпті олардың ата-бабаларынан бері жалғасқан».
Осы ақынның кітабын оқи келе мен оның азаматтық поэзиясын, күрескерлігін Мұқағали Мақатаевқа ұқсаттым. Әдебиет әлемінде өз халқының жыршысы атанған ақындар аз емес. Олардың қатарында американдық Уолт Уитмен мен қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевты ерекше атауға болады. Бірі – XIX ғасырдағы АҚШ-тың демократиялық поэзиясының негізін қалаушы, екіншісі – ХХ ғасырдағы қазақтың жүрек сөзін жырлаған халық ақыны. Олардың поэзиясы әртүрлі тілде жазылса да, көтерген идеялары, рухани еркіндікке ұмтылысы мен адамзатқа деген сүйіспеншілігі бір-бірімен үндесіп жатады.
«Көрінер, мүмкін, кімге ерсі...
Өміріңді маған бір берші.
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім мына өмірге,
Қайың көзімен қарайын».
Табиғатпен тілдесіп отырып, адамзаттық ой айту деген осы шығар. Поэзия тарихында табиғат ең көп жырланған тақырыптардың бірі. Әртүрлі халықтардың ақындары оны ерекше сезім, өмірдің мәні ретінде алуан түрлі оймен, көзқараспен қарастырады. Еркіндік пен рухани азаттық үні біз сөз етіп отырған екі ақында да басты ерекшелік. Екеуі де өз шығармашылығында халықтың жан дүниесін бейнелеуге, адамзатқа, туған жерге деген махаббатқа, қарапайым халықтың мұңын, қуанышын жырлауға басты назар аударған.
Уитмен сияқты Мұқағалидың поэзиясы да шынайылығымен, өз табиғилығымен ерекшеленеді. Уитмен шығармашылығы негізінен Америкадағы демократияны дәріптеу мен жеке тұлғаның еркіндігіне бағытталған. Ол өзін бүкіл халықтың үні ретінде сезінді. Мұқағали поэзиясында ұлттық (қазақтық) рух басым. Ол қазақтың болмысын, туған жерге, ана тіліне деген махаббатын қағаз бетінде сөйлетті.
Уолт Уитмен мен Мұқағали Мақатаев – екі түрлі дәуірде, екі түрлі қоғамда өмір сүргенімен, олардың жырларында ұқсас сарындар бар. Екеуі де поэзия арқылы адам жанын тануға, халықтың үніне айналуға ұмтылған. Олардың шығармалары – адамзатқа ортақ құндылықтар мен еркіндік рухының айқын көрінісі.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz