Жұма, 7 Ақпан 2025
Анық-қанығы 88 0 пікір 7 Ақпан, 2025 сағат 14:50

Швейцария Гүлнара Каримованың 182 миллион долларын қайтарады

Сурет: Ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Швейцария Өзбекстанға Гүдлнара Каримованың 182 млн доллар активін қайтаруға келісті. Гүлнара – Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы. Активті қайтару келісімі жөнінде 6 ақпанда Өзбекстан әділет министрлігі хабарлады. Құжатқа Өзбекстанның әділет министрі Акбар Тошкулов пен Швейцарияның Ташкенттегі елшісі Константин Оболенский қол қойған.

Өзбекстан әділет министрлігінің хабарлауынша, қайтарылатын қаржыны "Өзбекстанның жекелеген азаматтары заңсыз иеленген және 2012 жылы Швейцарияның бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың үстінен қозғаған қылмыстық іс аясында толық тәркіленген".

Бұл қаржы Ташкентке Uzbekistan Vision 2030 деген қор арқылы берілмекші. Өзбекстан әділет министрлігі қайтарылатын ақша елдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады деп отыр.

2022 жылғы 16 тамызда осы қор арқылы Швейцарияда тәркіленген заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару туралы келісімге қол қойылды. Бастапқы келісім Өзбекстанға 131 миллион доллар қайтаруды көздейді. Министрліктің хабарлауынша, екінші келісім арқылы Өзбекстанға қайтарылған қаржының жалпы сомасы 313 миллион долларға жетпек.

Abai.kz

0 пікір