Сенбі, 8 Ақпан 2025
«Соқыр» Фемида 123 0 пікір 8 Ақпан, 2025 сағат 14:45

Фентанил Америкаға қалай кіреді?

Сурет: cool-readerc.ru дан алынды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай билігін «фентанилді өндіру үшін қолданылатын химиялық заттардың экспортына тосқауыл қоймады» деп айыптап, қытайлық тауарларға ауқымды баж салығын енгізді.

Америка Құрама Штаттары қытайлық компанияларды әдейі есірткі өндірумен айналысатын топтарға шикізат жеткізеді деп күдіктенеді. Бейжің Трамптың шараларына тарифтермен жауап берді.

Ақ үй сонымен қатар Канада мен Мексиканы қылмыстық топтардың фентанилді АҚШ-қа контрабандалық жолмен тасымалдауын тоқтата алмағаны үшін айыптады.

Трамп екі елге де тарифтер енгізуді жоспарлаған болатын, бірақ екі ел басшылары шекара қауіпсіздігін нығайтуға уәде бергендіктен экономикалық жазаны уақтылы тоқтатты.

Құрама Штаттардағы фентанил дағдарысы қаншалық ауыр?

Фентанил - химиялық заттардың қосындысынан жасалған синтетикалық препарат. АҚШ-тың бақылаушы органдары оны 1960 жылдары ауруды басатын дәрі ретінде медициналық жағдайларда қолдануға рұқсат берді, бірақ содан бері ол Америка Құрама Штаттарында есірткі тұтынушылардың жанын алатын басты тажалға айналды.

Ауруларды бақылау орталықтарының (CDC) мәліметтері бойынша, 2023 жылы 74 000-нан астам американдық құрамында фентанил бар дәрілік қоспаларды қабылдағаннан кейін қайтыс болған.

Ол жиі басқа заңсыз есірткілермен араласады, көптеген пайдаланушылар қабылдап жатқан заттың құрамында фентанил бар екенін білмейді де.

Небәрі екі миллиграмм фентанил дозасы (шамамен қарындаш ұшының өлшеміндей) өлімге әкелуі мүмкін.

Соңғы онжылдықта фентанилді жеткізудің жаһандық тізбегі кеңейіп, құқық қорғау органдары мен саясаткерлердің бас ауруына айналды.

Қытай фентанил өндіру үшін пайдаланылатын прекурсорлық химиялық заттардың негізгі көзі болып табылады

Фентанилдің көпшілігі АҚШ-қа Мексика арқылы кіреді

АҚШ кеден және шекаралық патруль (CBP) жариялаған деректерге сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінен бері Құрама Штаттарда 4500 фунт (2040 келі) фентанил тәркіленді.

Барлық дерлік (98%) фентанил Мексикамен оңтүстік-батыс шекарада ұсталады. Олардың 1% -дан азы солтүстік АҚШ-Канада шекарасында ұсталды. Қалғандары теңіз арқылы немесе АҚШ-тың басқа бақылау пункттері арқылы келеді.

Мексиканың қылмыстық ұйымдары, соның ішінде Синалоа картелі, АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес басқармасының (DEA) мәліметінше, фентанил, метамфетамин және басқа да заңсыз есірткілерді Америка Құрама Штаттарына өндіруде және тасымалдауда маңызды рөл атқарады.

Фентанилді жасау үшін қолданылатын химиялық заттарды Қытайдан сатып алады, содан кейін Мексикадағы зертханаларда соңғы өнімге дейін өңделеді және АҚШ-қа контрабандалық жолмен жеткізіледі.

АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, Синалоа картелі Мексикаға шикізат жеткізу үшін тыйым салынған химиялық заттарды заңды коммерциялық жүктерге жасыру, контейнерлерді жалған таңбалау, жалған компанияларды пайдалану және үшінші тарап елдері арқылы тасымалдау сияқты әртүрлі әдістерді пайдаланады.

Трамп әкімшілігі Мексика үкіметін есірткі картельдерімен келісімге келді деп айыптады. Мексика президенті Клаудиа Шейнбаум бұл айыптауларды "жала" деп атады.

Желтоқсан айында, Трамп Мексикаға тарифтер енгіземін деп қорқытқаннан кейін көп ұзамай Мексиканың қауіпсіздік күштері шамамен 20 миллион дозаға тең фентанилді тәркілегенін жариялады. Бұл тарихтағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Қытай билігі мәлімдемелерінде өздерінде есірткіге қарсы әлемдегі ең қатаң заңдардың бар екенін және бұрын АҚШ-пен бірлескен операциялар жүргізгенін айтумен келеді.

Кейінгі кезде АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес басқармасы Үндістанды да химиялық заттардың негізгі көзі ретінде қарастыра бастады.

2025 жылдың қаңтарындағы АҚШ дерегінше екі үнділік химиялық компания АҚШ пен Мексикаға фентанил жасау үшін қолданылатын химиялық заттарды жеткізгені үшін айыпталған.

Канаданың фентанил саудасындағы рөлі

Президент Трамп Канада мен Мексиканы «көп адамдардың Құрама Штаттарға келуіне және фентанилдің Америка Құрама Штаттарына кіруіне рұқсат берді» деп айыптады.

АҚШ-тың кеден және шекара патрульінің деректеріне сәйкес, АҚШ-қа кіретін барлық фентанил мөлшерінің шамамен 0,2% ғана Канада шекарасында ұсталады, қалғандарының барлығы дерлік АҚШ-Мексика шекарасында ұсталады.

Бірақ биылғы жылдың қаңтарында Канаданың қаржылық барлау бөлімі канадалық ұйымдасқан қылмыстық топтар Қытайдан фентанил жасау үшін қолданылатын химиялық заттар мен зертханалық жабдықтарды импорттап, фентанил өндіруге көбірек тартылғанын хабарлады.

Фентанил саудасы екі бағытта да жұмыс істейді. 2024 жылдың алғашқы 10 айында Канаданың шекара қызметі агенттігі Құрама Штаттарға кірген 10,8 фунт (4,9 келі) фентанилді тәркілегенін хабарлады, ал АҚШ шекара қызметі Канададан келген 32,1 фунт (14,6 келі) фентанилді ұстады.

Желтоқсан айында Канада  фентанилмен күресу және шекара қауіпсіздігін нығайту үшін 1,3 миллиард канад доллары (900 миллион доллар; 700 миллион фунт) бөлуге уәде берді.

Кайлин Девлин, И Ма

Abai.kz

0 пікір