Сауық тәтем!
Сеніңіздер, сенбеңіздер Сауық Жақанова есімін естіп-білгеніме, қасында жүргеніме тура 60 жыл екен…
Бес жасымда мектепке барып, алтымда заулатып оқып кеттім. Талабыма масаттанған ата мен әжем марқұм поштадан алатын 12 сом пенсиясына маған Алматыдан шығатын газет-журналдар, жаңа кітаптар алдырып беруді бастады. Сөйтіп, оқулықта жоқ сиқырлы әлемнің есігі ашылды. Әуелі күбірлеп, келе-келе дауыстап оқуды шығардым. «Қыпанымның дауысы мұғалімдікіндей, кешке үйге жиналып қалай оқитынын тыңдаңдаршы!» деп маңайда тұратын ата-әжелерді шақырып алатын болды. Ол жарықтықтар: «Қыпандарыңыз мұғалім емес, тура радио сияқты ғой!» деп көңілдерін өсірді.
Сөйтіп, менен басқа алданышы жоқ ата-әжем қанша мал сатқанын білмеймін, зор әурешілікпен үлкен радио сатып алды. Енді өзімізді шалғай ауылда емес, Алматыда тұратындай сезіндік. Ол кездегі «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» дегеннің құдіретін сұрамаңыз...
Оқу - ойды, сөйлеу - тілді жүйелейді деп кім ойлаған?! Күндердің күнінде кітабымды қолыма ұстап, дикторлардың мақамына салып, өзіме-өзім дауыс қою сабағын жүргізуге де жарап қалдым. Сонда ғой, Сауық Жақанова дауысына елітіп есім шыққаны! Қанша ұқсап баққым келсе де, уысыма түспейтін дауыс екенін өте ерте мойындадым. «Алматының апортын жегесін дауысы сұлу шығар?!» деген де балалық ой қылаң берді. Қаншама рет «Ондай болмақ қайда?» дегім келмей, радионың ішіне кіріп кете жаздап, телміре тыңдағаным әлі есімде. Бірақ Сауық Жақанова дауысы үйренуге көнбейтін, жаратылыстан өзіне ғана арнап берілген сый екенін түсіне алмағаныммен, сол үннен алған тәлім-тәрбиенің әсері бүкіл өміріме азық болып келгені шындық.
Ол қандай әсер? Сауық оқыған мәтіндерден жасандылықтың «иісі» шықпайды. Мүлдем! Жағымды-жағымсыз кейіпкердің бүкіл болмысын бүге-шүгесіне дейін өз басынан кешкендей, бірде қуанышты, әп-сәтте аянышты сезіммен жеткізген үні құлақтан кіріп, бойды алады. Табиғаттың төрт мезгіліндей бір тақырыпты оқуға бірнеше көңіл-күйге түсу, оны ой сүзгісінен өткізіп үлгеріп, халық-сыншының құлағына құю - қайдан оңай болсын?! Сол аласапыран сезімдермен арпалысып отырып, алдындағы қақиған микрофоннан қаймықпай сөйлеп бергендегі ішкі қуаттың мықтылығын айтсаңызшы!…
Адалдық та, адамдық та, арлылық та, абзалдық та, ұяңдық та, ұстамдылық та, мейірбандық та, сенгіштік те тыңдаушыға ізгілік ізін қалдырмай қоймайды. Басқаны қайдам, мәнерлі сөзге аузымды ашқызып, көзімді жұмғызып, сілекейімді шұбыртқан, сөйлеу мәдениетіне ғашық қылған - осы, Сауық Жақанова! Ел адамдарынан, мұғалімдерден: «Ол біздің жақтың қызы, мақтанышымыз!» дегенді естігенде төбем көкке бір-ақ елі жетпей, сыныптастарыма әсірелеп көп әңгіме айтқаным да бар.
Тағдырдың жазғаны болатыны рас па деймін. Әйтпесе, Қазақ радиосында қызмет ету - түсіме де кірмеген. Университет бітірерде Қазақ телерадио комитетінің арнайы шақыруымен телевизияға қабылданып, ондағы санаулы қыз журналистердің «сұраныстағысы» болып, «көрініп» келе жатқам…
Өзіме де обал жоқ, рұқсат етілмеген Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жұмыстан шығып қалдым. Содан бір комитет қой, үш жыл бойы Қазақ радиосында атымды көрсетпей, он келілік репартерді арқалап жүріп тегін репортаж дайындап, сенімге кіріп, ақыры ешкім қызықпайтын балалар хабарын дайындайтын редакторлыққа іліктім. Есесіне, ол кездегі жалғыз телеканал «Қазақстаннан» келгенім, үш жылғы тегін еңбегім беделсіз қылған жоқ. Жиырма жылғы еңбек жолымда радиодан тапқан аға-тәтелерімнің көбі - төркін жұртыма айналды. Бұрын араласпай тұрғанда сырттай қалай деп ойлаған Сауық тәтем туған апамдай жақыным болып кетті. Атынан ат үріккендей атақ-мансабына қарамай, аса қарапайымдылығына таң қалатындар мен ғана емес-ті.
Біз о бастан бір-бірімізді қалай бармыз, солай қабылдадық. Үй-ішімізбен араласып, ашық сырласып, бірге қуанып, бірге қиналып жүріп сан сынақтан сүрінбей өтіп келеміз. Көңіл қалыспай, апалы-сіңілілі болып сыйласып, Жаңаарқаның, Қазақ радиосының үлкен қыздары атанып, қатар келе жатқанымызға Аллаға мың да бір шүкіршілік!
Осыдан бес жыл бұрын Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен менің 60 жылдық мерейтойым кең көлемде аталып өтті. Ақылдасу барысында мен Қарағанды мен Жезқазған қаласындағы халықпен кездесуді «Арқаның арда қыздары» деген атпен өткізіп, оған алдымдағы екі апам Сауық Жақанова мен айтулы ғалым Айгүл Ісімақты қосуды сұрадым. Келіскен соң, гүл сыйласаңыздар да сый-құрмет үшеумізге тең болсыншы деуден де ұялмадым. Солай болды.
Бұл екі апам: елден ерте кетіп, сыртта өсіп-өнген мықтылар ғой. Орайы келген осы бас қосудан жерлестерінің сағынышты мейір-махаббатына бөленіп, төркіндеп барған қыздай құлпырып, олжалы оралды. Мен де сол жауапты сапардан кішілік ілтипат жасауға жарай алғаныма қатты қуанып қайттым.
Сауық тәтем өмірде өте жайлы адам. Қонақта да, жолда да, тынығуда да бірқалыпты. Қандай ортада болса да жан-жағына жақсылық нұрын шашып отырады.
Алладан тілерім, жан тәтем осы момақан қасиетімен әдемі қартайып, алдымызда аман-есен жүре берсе екен!
Қымбат Әбілдәқызы
ақын, «Айгөлек» журналының автор-редакторы, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі
Abai.kz